Біздің Темкең – құрмет төрінде

Республика күні қарсанында Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданынан қуанышты хабар жетті. Тарихшы, археолог, аймағымыздың өткені мен оның бай шежіресіне байланысты құнды еңбектердің және 200-ден астам ғылыми мақаланың авторы, Қарағанды облыстық ғылыми-техникалық құжаттама жөніндегі архив басшысы, «Arqa Aqshamy» газетінің тұрақты авторы Темірғали Аршабеков «Жаңаарқа ауданының Құрметті азаматы» атанды. Құтты болсын!

Редакциядан

 

Замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді, ескіден жеткен жұқаналарымыз табысты жаңғыртып жүрген азаматтар баршылық. Қазақтың тал бесіктен жер бесікке дейінгі аралығы адамдық пен тәрбие көздеріне тұнып тұрғанын ол баяғыда-ақ білген. Өзегің аршылмай, өзің өз болмайсың дегенді етене түсінген. Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған ғой. Еліңе деген сүйіспеншілік кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген шынайы махаббаттан басталмай ма?!

Ареалдық таныту мақсатында Қарағанды облысы бойынша қаншама энциклопедия, соның негізінде қаншама экспедиция дайындалды. Ол үнемі соның бел ортасында жүреді. Өкшелей өсіп келе жатқан өскелең ұрпаққа үлгі боларлық облысымыздың өлкетану саласында, жеке тұлғалар өмірі, рухани және материалдық мәдениетіне қатысты қаншама еңбек жазып шығарды. Сондай келелі еңбектерінің қатарында «Қазыбек би», «Ұлы дала жырауы» энциклопедиялары бар. Оларда қазақ қоғамының дәстүрлі тұрмысы, құндылықтар жүйесі, саяси-әлеуметтік тіршілік ерекшеліктері жан-жақты пайымдалады. Би-шешен, «көмекей әулие», жырау, дана, абыз, мәмлегерлердің толық болмысы көрсетіледі.

Қарағандының, оның аумақтарының тарихи топонимдерін қайта қалпына келтірудегі, қаладағы идеологиялық тұрғыда ескірген атаулары жаңа тарихи атаулармен алмастырудағы еңбегі ерен. Үнсіз жүріп, көп еңбек тындырады. Бейғам жүрмейді. Өткенде Түркістан әкіміне келешек жастарымызға патриоттық тәрбие беру мақсатында ел тәуелсіздігі жолында тарихи кезеңдерде ұлтқа пана болған баһадүр батыр Нияз Барқыұлы атына көше атын беруді сұрап өтініш жазғаны бар. Жете білмегендер үшін жазалық, Әбілмәмбет ханның сенімді серігі болған Нияз Барқыұлы (1680-1778 жж.) – Арғын тайпасының Сайдалы руынан тарайтын батыр. Сыртқы жаулардың жойқын жорықтарына қазақ сарбаздарын бастап, талай дүркін ерлік әрекеттерге барған қолбасшы, ділмәр мәмлегер. Нияз батыр Абылай ханмен достығы жарасып, жауларын бірге шапқан айтулы тұлға. Бұқар хандығына, Хиуа хандығына, тіпті қырғыз манаптарына қарсы соғысқан. Ташкент шаһарының әміршісі болған. Ұзақ жасап, 110-ға келіп қайтыс болады. Сүйегі Түркістандағы Қожа Ахмет Иассауи кесенесіне жерленген. Ғылыми білімімен бүкіл қазақтың мәртебесін көтерген «Ғасыр адамы» атанған марқұм Темірғали Көкетаев та, біздің негізгі кейіпкеріміз Темірғали Аршабеков те сол Нияз батырдың ұрпақтары. Қос Темкең!

Мен оның туған күнінде былайша пост жазғаным бар. «Ең алғаш танысқанда мен бұл жігіттің үлкен ғылыми атақ, зор болашақ күтіп тұрған ғажайып адам екеніне күмәнданбағам» деп басталатын Мұхтар Мағауиннің «Архив қазынасы» атты әңгімесі естеріңізде ме? Ілкі тарихи құбылыстар мен фактілерді іздеумен әлекке түсетін сол Сембек секілді өз ісіне түгелдей берілген фанатик досым бар. Ол да архивпен жұмыс істейді, ол да адам біліп болмас көне мен ескіге құмар. Бір ерекшелігі Сембек секілді бәрін ішіне сақтай бермейді, жиған-тергенін жыл сайын кітап қылып шығарады. Бұл тұрғыда өнімді-ақ. Кеудесі көріктей, желпіген сайын не бір інжу-маржандар кітап боп құйылып түсіп, тасқа басылып шығып жатады. Ол шын мәнінде ғалым адам екендігін кәсіби тарихшылар іштей-сырттай мойындаған. Оның пышақтың қырындай «Қарқаралы күмбездері» атты алғашқы ғылыми ізденісін дүние қат боп тұрған сонау 90-жылдардың басында кітап қып шығаруға қол ұшын тигізіп, селбес болғаным бар. Келіннің бетін кім ашса сол ыстық дейтіндей, содан бері әлі күнге кездескен сайын маған деген сыйластығымен ықыласы ерекше. Екеуара толық сенімділік орнаған. Темірғали досқа зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, еңбекте жемісті, отбасында бақытты болып, өрелі ойларымен қазақтың тарих ғылымын өркендете беруіне тілектеспін» деп құттықтағам.

«Мукаддимат әл-адаб», «Сот риторикасы» кітаптарым шыққанда алдымен жарнамалап қуанған осы Темкең еді. Міне, сол таңдап тұз алмаған, жағаласып сөз алмаған, нашардың намысын түртпеген, дұшпаны келсе де жамандық күтпеген, жартыны бүтіндеген, көзі жетпегенге қолын созбаған, бір бойында иман, әділет, мейірім, шапағаты (Абай) түгел жан – Темірғали Аршабеков «Жаңаарқа ауданының Құрметті азаматы»  атаныпты. Есімі үлкен әріппен жазылатын азаматын туған елі дөп бағалапты.

Елеужан СЕРІМОВ,

заң ғылымдарының кандидаты,

ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы

Қарағанды академиясының Ғылыми зерттеу институты

ІІО тарихын зерттеу орталығының ғылыми қызметкері

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *