Қарағандыда 400-ден астам адамның қатысуымен «Чемпиондық Рух» атты ауқымды спорттық іс-шара өтті
13 тамыз күні Қарағанды қаласының Орталық саябағында кәсіби спортшыларды, әуесқойларды және белсенді жастарды біріктірген «Чемпиондық Рух» атты кең ауқымды спорттық іс-шара өтті. Қатысушылардың жалпы саны 400-ден асты.
Іс-шараны ұйымдастырушылар — «AMANAT» партиясының облыстық филиалы, «Жастар Рухы» жастар қанаты, Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Полиция департаменті. Іс-шараның негізгі мақсаты — жастар мен тұрғындарды спортқа тарту және салауатты өмір салтын насихаттау.
Шара бағдарламасы мазмұнды әрі қызықты өтті. Таңертең кәсіби жаттықтырушылардың жетекшілігімен зумба және фитнес форматында дене шынықтыру жаттығуы өткізілді. Бұдан кейін қатысушылар асық ату, тоғызқұмалақ, арқан тарту, армрестлинг, үстел теннисі және қолданбалы жауынгерлік өнер бойынша шеберлік сағаттарына қатысу мүмкіндігіне ие болды. Орталық көлді айнала өткен бұқаралық жүгіру де ерекше назарға ілікті — оған ондаған отбасы, студенттер және түрлі мекемелердің қызметкерлері қатысты.
Іс-шара аясында арнайы медициналық пункт жұмыс істеп, тұрғындар өз денсаулығын тексеріп, мамандардан кеңес алды.
Шараның құрметті қонақтары ретінде бокстан әлем чемпионы Аида Әбікеева, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев және Азия ойындарының күміс жүлдегері, батут гимнастикасынан спортшы Данил Мусабаев қатысты. Олар қатысушылармен кездесіп, мотивациялық әңгімелерімен бөлісті. Танымал спортшылардың қатысуы жастарға ерекше әсер қалдырды және іс-шараның мәртебесін арттырды.
Іс-шара барысында ең белсенді қатысушылар бағалы сыйлықтармен, кәдесыйлармен және «Чемпиондық Рух» логотипі бейнеленген естелік медальдармен марапатталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл форматтағы спорттық шаралар алдағы уақытта Қарағандыда ғана емес, облыстың басқа да өңірлерінде жалғасын табатын болады.
«Бұл — Қарағандыда алғаш рет ұйымдастырылып отырған ерекше спорттық іс-шара. Біз мұндай жобаларды облыстың барлық өңірінде өткізуді жоспарлап отырмыз. Таңғы уақыттан бастап жүздеген адамның спортпен айналысуға, сергек көңіл күймен күнін бастауға келгенін көру қуантады. Мұндай бастамалар жастардың денсаулығына деген жауапкершілігін арттырып, оларды белсенді өмір салтына тартуға көмектеседі. Бүгін әрбір қатысушы спорттың жаңа түрлерін байқап көруге мүмкіндік алды. «AMANAT» партиясы мен «Жастар Рухы» жастар қанаты бұқаралық спортты дамытуға және салауатты ұрпақ қалыптастыруға ерекше мән береді», — деді «Жастар Рухы» жастар қанатының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Арафат Мәжітов.
Қатысушылар мен қонақтар іс-шараға оң бағаларын беріп, мұндай спорттық бастамалар тұрақты түрде өткізіліп, өңір тұрғындарын кеңінен қамтуына тілек білдірді.