Дүлдүлдер мен бұлбұлдар ҒАСЫРДЫҢ ҒАЖАП ДАУСЫ

Күнделікті көріп жүргенімізбен, ерекше ден қойып, көңіл аудара бермейтін бір феномен бар: жайшылықта қазақ тілінде сөйлемейтін, тіпті оны кемсітіп, қорлап, мұрнын шүйіріп қарайтын мәңгүрттеріміздің көпшілігі ғайыптан тайып «әу» деп қалса, қазақ әндерін шырқайды. Оның ішінде тағы бір таңқаларлығы – әуені өз алдына, ән мәтінінің бірде-бір сөзін бұзбай айтады. Бұл – сананың астарындағы түйсіктің тылсым сыры ма, әлде алпыс екі тамырды қуалай жүйткіген қанның қуаты ма?! Екеуі де болуы мүмкін. Тағы бір ой айтады – қазақ әнінің құдіреті! Тіпті бодан болған халықтардың мәдениетіндегі метрополияға бөтен үлгілердің бәрін обып, құртқан озбыр империяның мешкей аранынан қазақты арашалап қалған Қаһарман осы ән десек, қателесе қоймаймыз. Ұлттық әдебиет пен баспасөз мыңнан біреудің назарын аударатын ала қағазға, салт-дәстүр «біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп көрсететін экзотикалық жәдігерге айналып кеткен заманда қазақты тегін танымайтын деңгейге құлдыраған шұқша (чукча) болудан сақтаған – ән, дәлірек айтсақ, қазақ әндерін бар бояу-болмысымен, ажар-көркімен жеткізген әншілер. Солардың ішінде бір өзі мыңға татырлық бірегейі – еліміздің халық әртісі Жүсіпбек Елебековтің орны бөлек.

Біз түгілі, алдымызда екі-үш буын бұрын жасаған аға, әке ұрпақтар да Естайдың, Мәдидің, Жаяу Мұсаның даусын естіген жоқ. Біржан сал, Ақан сері тәрізді дүлдүлдердің есімі аңыз болып қана жетті. Ән әкесі Әміренің үні француз кәсіпкерінің әуесқойлықпен жазып алуы арқылы ғана өмірге қайта оралды. Тұтас бір дәуірде ғұмыр кешкен үш-төрт буынды жөргегінен тербетіп, аялап келе жатқан қайталанбас құбылыс – Жүсекеңнің даусы.

ХХ ғасырдың ғажайыбы, хас таланты Жүсекеңнің өнері біздің мақтап-мадақтауымызды қажет етпейтіні хақ. Ол өнер қасиетін білетін тұлғалардан, ең бастысы, ән сүйетін халқынан дер кезінде лайықты бағасын алды. Қазақ ән өнерінің керемет құбылысы жайлы Жүсекеңнің аяулы жары, асыл анамыз Хабиба Қарақбайқызы үш кітап жазды. Ол еңбектер ұлттық өнеріміздің кеңес дәуірінде дамуын, кәсіби деңгейге жетіп қалыптасуын қамтиды. Жүсіпбек жайлы М.Әуезов, А.Жұбанов, Қ.Сәтбаев, Ғ.Мұстафин тәрізді алыптар айшықты пікір айтты. Біздің солғын сөзіміз әрі кеткенде, «Өз айтқанын халқымның қайталадым» деп Мұқағали ақын жырлағандай, жоғарыдағы кереметтердің керім пікірлерінің келіссіз көшірмесі ғана болар мықтағанда. Сондықтан қос ғасыр, қос мыңжылдық түйіскен тұста, Алаш жұрты армандаған азаттығына қол жеткізген дәуірде жұмыр жерді басып жүру пешенесіне жазылған ұрпаққа Жүсекең өнерінің қандай шапағаты тигенін мойындап, замандастар қарызының бір парасынан құтылу ғана ойда бар.

«Адамды заман өсіреді. Біз кешегі өмірдің тұңғыш төлі едік. Адам атын қастерлеп, уақыттың қуаты тез есейтті. Ерте бойжетіп, Жүсіпбекке қосылдым. Қазақ халқының асқақ әншісі Жүсіпбек Елебеков еді ғой ол.

…Ел басына түскен қиындыққа кеудесін тосып, шарықтап Жүсіпбектің әні жүрді. Оның аты бесік жырындай боп жас ұрпақ санасына сіңіп қалды. Сол кездің ұлы адамдарын іздеген жан ең әуелі Жүсіпбек секілді ғажайып талант иелерінің әндерін тыңдап барып ой түйері хақ. Олар – аспанның жарқыраған жарық жұлдыздары. Бір-біріне сүйеніп, иықтасып тұрған асқар таулар. Қанатын кеңге жайған жаңа заманның ғаламат құдіретін, халықтың елдігі мен ерлігін, терең ойы мен адал бейнесін көрсететін қайта тумас азамат ұлдары», – деп жазады Хабиба анамыз.

Өткен күннің күңгірт тартқан елесін санада жаңғыртатын, өміршең жүрекке қуат беретін күш – ән. Естіген жанның жүрегін тербетіп, санасында саңылауы бар жұмыр басты пендені талантымен табындырған Жүсекең даусының мөлдір лирикасы қайшыласқан драмамен буырқана араласып, шығармаға арқау болған оқиғалар көз алдыңда кинолента кадрларындай тізбектеліп тұра қалады. Алуан түрлі ән кейіпкерлері ғана емес, керемет үнге құмарта құлақ салып, тамсана тамашалап отырған Қаллеки, Серке, Шәкен, Елубай сияқты марқасқалардың бейнелері де елес беріп өткендей болады.

«Жүсіпбек «Сұржекейді» бастап кетті. Дауыстың төменгі регистрінде жай ғана басталып, әннің сазын сағыздай созып, тіпті қай жерінде демін алып отырғанын да сездірмейді. Шумақтың үшінші жолына көшкенде кульминацияға қарай бара жатқаны сезіледі. Онда да мелодияның арқауы үзілмей, тек дауыс басқышының жоғары сатысына шығуға өрмелегенін көресің. Басында жай, қоңыр үнде басталғанымен, енді әнші музыканың екпінін қозғай, тездете, қыздыра соқты.

…Әннің бір нотаны созыңқырап тұрып қалған жерінде домбырадағы сүйемел «басын көтеріп» көркем, жаңа бір әуен ойнайды. Бұл сияқты сүйемел тек Жүсіпбекте ғана кездеседі десек, асыра айтқандық болмайды».

«… «Қанатталды» алдында, әннің контексінде бар ма, жоқ, кейін орындаушылар қосты ма, жоғары нотаны айқайлап алу бар екен. Содан кейін ғана әннің өзі басталады екен. Ән «Сұржекейден» өзге, бірден жоғары регистрден басталады. Мұнда салған жерден үлкен толқу – тынымсыздық, серпінді ішкі қозғалыс бар. Өлең шумағының алдыңғы екі жолы бойы тынбастан толқын атқан дыбыс дауылы үшінші жолдың басында басылғандай болып, бірақ тағы жоғары тырмысады. Алдыңғы аласұрудан шаршаған ән қанаты, енді бұрынғыдай самғап жоғары ұшатын әлі болмағандай, тек тауықтың ұшатын биігіндей көтеріліп, қайта «жерге» түседі. Әннің аяғындағы, дауыстың төменгі регистрінде «қорытылатын» бөлігінің әсері айта қалғандай, «Қанатталды» дейтін сөз алдындағы әннің уілдеп, сахнадан әншінің әлі дыбысты үзбегенін ернінің қимылы мен домбыраның сүйемелінен ғана білесің.

Әлден уақытта бұлттан шыққан күндей әншінің даусы естіле бастап, үзілместен «Қанатталды» деген сөзге жалғасады. Әрине, Жүсіпбектің бұл арадағы шеберлігі тыңдаушыларды еріксіз ұйытты. Біз болсақ сотта вече (жарты дауыспен айту) дегенді кітаптан оқып, бірақ оны қазақтың халық әншісінің орындауынан есітеміз деген ойымызда болмайтын. Сол себепті ме, Жүсіпбектің әншілігі басқадан алабөтен артық көрінді. Дыбыс өрнегінің нәзіктігін, «жұқалығын» тек сурет өнері саласындағы акварельмен теңеуге болар еді. Жоғарыда айтылғандай, Жүсіпбектің есту дәрежесінің биіктігі, орындау шеберлігінің күштілігі, жаратылыстан өзінің музыкаға бейімділігі, оның ән айтқанда бүкіл жан дүниесімен беріліп кететіні – оның орындаған әндерінің бәрін де «анасынан қайта туғызды».

Бұл – әйгілі композитор, ғалым, қазақ музыкасын зерттеу ғылымының негізін қалаушы, академик Ахмет Жұбановтың ағынан жарылуы. Ақаң тәрізді өнер ғұламасын таң-тамаша қалдырған Жүсекеңнің әншілігі жайлы ұлы Мұхаң (Мұхтар Әуезов) былай депті: «Жүсіпбек, сен осы «Қанатталды» әнімен өнеріңнің ең жоғары сатысына көтерілгейсің. Сен бұдан кейін де талай жақсы әнді айтарсың, Бірақ «Қанатталды» әні өзінің әсемдігі мен мінсіз нәзіктігі жағынан бәрінен де асып тұрар». Әлемнің небір дүлдүлдері мен бұлбұлдарының даусына құлақ құрышын қандырған тұлғалардың ішкен асын жерге қойғызған Жүсекеңнің мың түрленіп, миллион құбылған ғажап үніне қарапайым пендеңіз қалай тәнті болмасын.

Зерделей қарасақ, Жүсекеңнің өзі де аспандағы аққуға үн қосқан күміс көмей, жезтаңдай әншілердің көзін көріп, біразынан бата алып, сарқытын ішкенін аңдаймыз. Тайға мінген шағында Арқаның ардагері Мәдиді көріп, оның алдында «Қарғам-ауды» үзілдіре шырқаған Көшім бала он жасында Божақанның Ноқасына берілген асқа қатысып, дүйім Қарқаралы оязына қараған елдің жақсысы мен жайсаңдары алдында ән салыпты. Тоқпан мен Желтау, Қу мен Боқты, Кент пен Қарқаралы таулары қоршай жатқан Қоянды алқабындағы әйгілі жәрмеңкеде сауда-саттықпен бірге ән, өнер Меккесінде Қаракөз, Қырықсақина, Бесбілезік тәрізді сұлулардың есімін иеленген қымызханалардың түндігін желпілдеткен сал-серілердің соңғы бір серпілісін көріп үлгереді. Өзі де өміріне жетерлік нәр, кейінгі буынға аманат етерлік үлгі алады. Мәдидің, Үкілі Ыбырайдың әндерін төл авторлардан, Абай әндерін кемеңгердің шекпенінен шыққан Әлмағанбеттен үйренген Жүсекеңнің бақ-талайына өзге өнерпаздардың қызыға да қызғана қарауы ұлы Жаратушының алдында да күнә емес тәрізді көрінеді сондықтан. Әміре, Қали һәм Манарбек сияқты майталмандармен қатар жүрген Жүсекеңнің сол алып тұлғалардан тағы бір асқан жері бар: ол – шәкірттері. Әлемнің сегізінші кереметі деп тануға тұрарлық қазақ әндерін шып-шырғасын шығармаған қалпы, бар құдірет-қуатымен, мың түрленіп, миллион құбылған бояуымен бүгінгі күнге жеткізген алтын көпір болу Жүсекеңнің пешенесіне жазылды. Талғамы таразы Жүсекең де кей сәтте алдындағы ағаларына (Ғаббас, Әміре), ізбасар інілеріне (Жәнібек, Қайрат… қалғандарын тізіп шығу міндет те, шарт та емес) таң қалған, тамсанған.

Жүсекең жүрегін уысында ұстап тыңдаған ағаларының бірі – әйгілі музыка зерттеуші А.В.Затаевич «Қарқаралының Карузосы» деп ардақтаған Ғаббас. Жүсекең: «Ғазиз» әнін әнші Ғаббас Айтбаевтан естігенімде, дүниеде мұндай теңдесі жоқ сұлу ән болмайтын шығар деп ойлап едім», – депті. Ән салудың академигін (А.Жұбановтың анықтамасы) таңдай қақтырған Ғаббастың даусы қандай болды екен деп ойлайсыз.

Зерттеушілер Жүсекеңнің репертуарында үш жүзден астам ән болған еді, оның ішінде тұрақты айтатыны жүздің үстіне шығатын дейді. Біржанның «Жонып алды», «Адасқақ», «Ләйлім шырақ», «Жамбас сипар», Ақан серінің «Құлагер», «Әудем жер», Абайдың «Сегіз аяқ», «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Татьянаның әні», Шөженің «Балқурай», Естайдың «Жайқоңыр», Жарылғапберлінің «Ардақ», Мәдидің «Қарқаралы», Үкілі Ыбырайдың «Майдақоңыр», «Ақылбайдың әні», «Иманжүсіптің әні» тәрізді, кескін-келбеті алуан түрлі шығармаларды бір-біріне мүлде ұқсатпай, ғажайып талғаммен шырқайтын еді-ау. «Сұржекей», «Сарымойын», «Екі жирен», «Жиырма бес» сияқты, тыңдаған сәтте сиқырлы сазымен баурап, тіршілікте сезінген, түйсінген, адами тұрғыда қабылдаған, өзара қайшылықты түсініктеріңнің арасында бітіспес майдан ашатын әндер. Әрине, бұлар Жүсекеңнің орындауында ғана сондай. Әсіресе «Екі жирен». Бұл әннің бірнеше нұсқасы бар, Жүсекеңнің шырқайтыны – керекулік Тоқбай әншінің нұсқасы. Хабиба анамыздың кітаптарында және ауызша айтуында өмірдің соққысын көрген, әсіресе отызыншы жылдардың зобалаңында қатты тауқымет тартқан әншінің тағдыры мұңды әңгімеге арқау болады. Ән де сондай. Бұл – көгорай жастық дәуреннің қызығын кешіп, серілік құрып жүрген алаңсыз, албырт жанның шалқыған көңілі емес, баянсыз бақтан баз кешкен, базары тарқағанын түсінген, «көңілдің жайлауынан ел көшкенін» аңдаған, арыған азаматтың артындағыларға айтқан арызы. Әннің өне бойындағы мұңды әуенде фәни дүниенің өткіншілігіне деген өкініш қана емес, келешектен үміт күту, буырқанып, оянып келе жатқан тың, бұла күшті сезіну бар. Жалпы, Жүсекең орындаған «Екі жирен» – толғанысы терең философиялық поэма.

Ұлы Отан соғысының отты жылдарында, 1942 жылдың қарашасы мен 1943 жылдың қаңтары аралығында, құрамында Е.Өмірзақов, Ж.Елебеков, Ғ.Баубекова, Ш.Тұрымбетова, Л.Г.Атманаки, А.С.Астахиев, Н.Г.Ткаченко, И.И.Басов, Б.И.Львович бар қазақстандық концерттік бригада Ғ.Мұстафиннің бастауымен майдан даласына барып, үш ай өнер көрсеткені белгілі. Сол сапарда Жүсекең соғыстың алдыңғы шебінде жүрген талантты композитор Рамазан Елебаевтың «Жас қазақ» әнін (сөзін жазған – Ғ.Мұстафин) үйреніп келіп, дұрысын айтқанда, өңдеп, қырнап, көркемдеп, тыңдаушы қауымға ұсынғаны көзі қарақты жұртқа аян. Ұлы Отан соғысы тақырыбына жазылған қазақ тіліндегі көркем шығармалардың ішіндегі мінсіз үш туындының бірі (Қасым Аманжоловтың «Абдолла» («Ақын өлімі туралы аңыз») поэмасы, Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романы және осы «Жас қазақ» әні) десек, оқырман қауым бізді жазғыра қоймас. Шын мәнінде, қайталанбас талант құдіретімен, орындаушылық шеберлігімен «Жас қазақты» оптимистік трагедия деңгейіне көтерген әнші десек, ақиқаттан аулақтамаймыз.

«Жас қазақ» – бір өзі операнаң жүгін көтеріп тұрғандай шығарма. Баяу қалқып басталған әуен бірте-бірте күшейіп, зар араласып, ән мәтіні сұрапыл майдан даласының тұтас бір полотносын көз алдыңа алып келеді. Әсіресе қайырмасына келгенде шер төккен, күңіренген, кеңістікті кернеген әншінің зарлы үні емес, заһар шашқан зеңбірек гүрсілі, өлім сепкен сұр аспан күрілі, шынжыр табаны сүйектеріңді шықырлата таптап келе жатқан танк зіркілі естілгендей, төбе құйқаны шымырлатады.

Сөзіміздің басында айтқандай, мыңдаған жылдық мәдениетіміздің мәйегі үзілмей бүгінгі күнге жеткеніне, оның ішінде әсіресе ұлттық рухты түп-тамырымен жойып, байтақ Еуразия кеңістігін орыстандыруға әрекет жасалған Ресей отарлығы дәуірінде тұтастай мәңгүрт болып кетпеуімізге жөргегімізден тербетіп өсірген қазақ әнінің ролі ерекше. Осынау ұлы өнердің аса көрнекті өкілі Жүсіпбек Елебеков. Әрине, маңызды миссияны орындау жолында Жүсекең жалғыз еңбектенді дегеніміз күпірлік болар. Басқа өңірді былай қойғанда, Қарқаралы – Қудың киелі топырағы Жүсекеңмен иықтастырып Қуан Лекеров, Нұғыман Әбішев, Мұрат Толыбаев, Рахия Қойшыбаева, Мағауия Көшкінбаев және т.б. көптеген марқасқаларды туа салғаны тағдырдың ерекше сыйы деп қалай қабылдамассың, қалай мерейленбессің. Дегенмен, «сегіз қызым – бір төбе, Кенженкейім – бір төбе» деген тәрізді, Жүсекеңнің жөні мүлде бөлек екенін қайталап айтқымыз келеді. Ол – жай ғана тамаша орындаушы, талантты тұлға емес, бір-біріне мүлде ұқсамайтын, әрқайсысының дербес қолтаңбасы, ерекше табиғаты бар әншілердің тұтас бір шоғырын тәрбиелеп шығарған Ұстаз әнші.

Ермек БАЛТАШҰЛЫ,

ҚР Мәдениет қайраткері

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *