Ғылым мен технологияның тізгінін тең ұстап, инновациялық даму жолын меже тұту – заман талабы екені белгілі. Ұлттық мүддені сақтай отыра, халықаралық талап пен талғам үдесінен шығу қашан да өркениетті елдер көздеп, жүзеге асырған белес десек, жаңылыса қоймаймыз. Осы жолғы Ұлттық Құрылтайда Президент маңыз беріп отырған мәселе осылардан бастау алады.
Жаңа білімді қалыптастыру және енгізу үшін сапалы ғылыми зерттеулер қажет. Бұл тек зерттеулердің мазмұнына, ғылыми зерттеу жұмысының нәтижелерін енгізу әдістеріне емес, ең алдымен, ғылым мамандарын даярлау сапасымен анықталатын зерттеушілердің біліктілігіне де байланысты. Ғылым мамандарын молайту бізде білім беру ұйымдарында магистратура және докторантура арқылы жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша жүзеге асырылады. Осы тұрғыда біз ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлаудың кей мәселесін қарастырып, шетелдік тәжірибені талдау негізінде бүгінгі таңдағы тиімді шешу жолдарын ұсынуды жөн көрдік.
Біріншіден, елде ғалымдар өте аз. Ғылым жөніндегі Ұлттық баяндама деректеріне сәйкес 2022 жылы зерттеулермен және әзірлемелермен айналысатын персоналдың саны 22 456 адамды құраған, оның ішінде кәсіби түрде ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстармен айналысатын, сондай-ақ тікелей жаңа білім құруды жүзеге асыратын қызметкерлер – 18 014. Осыған сүйене отырып, экономикада жұмыс істейтін 10 мың адамға шаққанда ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерге орта есеппен 20 адам тартылады, бұл Германия (233 адам), Жапония (180 адам), Қытай (81 адам) сияқты елдермен салыстырғанда өте аз.
2022 жылы докторантураны бітірген 1 536 адамның 234-і ғана диссертация қорғап, ғалымдар қатарын толықтырды, ал 2021 жылы 642 докторант диссертация қорғаған болатын. Барлық жоғары оқу орнында кадрлар, оның ішінде ғылыммен белсенді айналысатын зерттеушілер тапшы. Бұрынырақта 600-ге жуық ғалым жұмыс істеген ғылыми зерттеу институттары қазір сол штаттың үштен бір бөлігін де қалпына келтіре алмай отыр. Егер мұндай үрдіс одан әрі жалғаса берсе, мемлекет инновация жасауға қабілеті бар ғылыми топтардың азғантай шоғырынан да айырылады. Тіпті ғылым бюджетінің жыл сайынғы ұлғаюы да қажетті нәтиже бермейді, қарапайым себеп бұл қаражатты тиімді игеретін ешкім жоқ. Ғылыми кадрларды өсірудің тиімді механизмі қалыптаспаған.
2010 жылы аспирантура мен докторантура арқылы ғылыми кадрларды даярлаудың екі сатылы нысанын бір сатылы PhD-ға ауыстырған алғашқы реформаторлардың табандылығын атап өту қажет. Ерте ме, кеш пе, біз бұған келетін едік. Алайда Болон үдерісі бағытындағы жоғары білім мен ғылым реформаларының негізгі қателігі белгілі бір институттарды құру идеяларын терең түсінбестен, іске асырудың ішкі тетіктерін зерделемей, тиісті инфрақұрылымдарды дайындамай, халықаралық тәжірибені көшіруі болды. Біз жаңа нысандарға ескі мазмұнды енгіздік. Мысалы, PhD дәрежесін енгізе отырып, оның не екенін түсінетін ғалымдар мен реформаторлардың өздері некен-саяқ болды. Тіпті PhD өзі бастапқыда ғылыми дәреже ретінде, содан кейін академиялық дәреже ретінде айқындалды, бүгінде Қазақстанда бұл жай PhD дәрежесі.
Ғалымдар санын көбейтудің келесі жолы – докторантураға «бүйірінен кіру». Студенттік кезінен бастап ғылыммен айналысатын және жоғары дәрежелі ғылыми басылымдардағы жарияланымдары бар адамдар докторантураға жеңілдетілген ережелер бойынша, тіпті қысқартылған бағдарлама бойынша түсуі керек. Мысалы, Ұлыбританияда бакалавр дәрежесімен сіз магистр дәрежесін алу қажеттілігін айналып өтіп, бірден докторға оқуды жалғастыра аласыз және т.б. көптеген мысал бар, соның ең оңтайлысын таңдау керек.
Жоғары оқу орындарындағы зерттеушілер санын арттырудың тағы бір мүмкіндігі – адам докторантурада оқып, өндірістен қол үзбей, мысалы, оқытушы ретінде жұмысын жалғастыра отырып, ғылыми дәреже алуға мүмкіндігі бар. Кейбір елдер үшін бұл – докторлар даярлаудың негізгі жолы. Мысалы, Германияда немесе Ұлыбританияда университеттің аға оқытушылары оқытушылық қызметті диссертация жазумен біріктіреді. Бұл сондай-ақ мемлекеттің PhD даярлауға жұмсайтын шығындарын қысқартады.
Бүгінгі таңда жоғары оқу орны магистратураға қабылдаудан шеттетілді, түсу емтихандары уәкілетті орган бекіткен ұйымда ҰБТ қағидаты бойынша тапсырылады, болашақта докторантура да осындай ауыртпашылыққа тап болуы мүмкін. Мұндай жағдайда адамның зерттеу қызметіне дайындығын кім немесе не анықтайды? Мұны тек емтихан немесе тест нәтижелері бойынша анықтау мүмкін емес, өйткені ғалымды цифрландыруға болмайды. Жастардың зерттеушілік талантын тек тәжірибелі ғалым ғана байқай алады. Сондықтан магистратура мен докторантураға түсу кезінде, ең алдымен, жетекші ғалымдардың ұсыныстарын басшылыққа алу керек.
Жамбыл Жұмабеков,
тарих ғылымдарының кандидаты