Даладан дарыған өнер

Әнші Ержан Базарбеков жайлы мөлтек сыр

           Өнердің бәрі киелі hәм қасиетті ғой. Соның ішінде ән дегені – әдемі құс сияқты. Таңдаған адамына қалықтап келіп қонатыны да рас. Осындай ән қонған өрелі өнерпаздың бірі – Ержан Базарбеков бауырымыз. Ержанның ерекшелігі – өнер өзіне ғана емес, әулетіне де қонған секілді. Өйткені Базарбековтердің бәрі өнерлі, түгелімен сөзге  ұста, асабалықты да игерген жан-жақты жандар. Ержанның өнерпаз болуы, әрине, туған топырағынан. Киелі Сарыарқаның Жаңаарқа аймағы ежелден әннің бұлағы екендігі баршаға мәлім.

Сол Жаңаарқадағы Иманақ тауының етегінде дүниеге келген ұлдың ұлы өнерге еркін бойлауы табиғи заңдылық та шығар. Бүкіл қазаққа өзінің сұлу сәнімен, толағай өнерімен таныс болған сері Сәкеннің туған жері, өскен елі де осы аймақ қой. Сәкен шығармашылығындағы Есен өзені Иманақ тауын бойлап, Ержан туған ауылдың түбінен өтеді екен. Бұл ауыл қазір сұңқар Сәкен атымен аталады. Сарысу, Нұра, осы Есен өзендері суреткер Сәкеннің жаз жайлайтын жайлаулары болса керек.

Бір ғажабы, осы шағын ауылдан Ғабдолла Құлқыбаев, Темірғали Көкетаев секілді академиктердің шығуы да тегін емес. Әрине, құнарлы топырақ тұлғаларды да, таланттарды да туғызары сөзсіз. Сәкен ақын жырлаған алтын аймақтың табиғатына ерекше сұлулық беріп тұрған Иманақ тау жотасы. Оның ғажаптығы – бауырынан жаралған өнер иелерін өзіне ұқсатып, дара қасиеттерін, жеке болмыстарын аңғартып тұрғандай. Табиғаты тұнған, саф ауасы жан сарайынды ашатын мерейлі мекенде өмір есігін ашқан Ержан бала күнінен домбыраға әуес болып, ән өнеріне құмартып өседі. Әкесі де ауылдың алты ауызын айта алатын өнерге жақын жан болғаны, аталас туысы қазақтың белгілі әншісі Қайрат Байбосыновтың көптеген әндерін үйдегі кішкене радиодан жиі тыңдауы да бала Ержанды өнер өлкесіне жетелеп әкелгендей. Баласының өнерге бейімділігін сол кезде аңғарған сезімтал әке қалаға барған сайын Қайрат Байбосыновтың, басқа да әйгілі әншілердің әнтабақтарын (ән жазылған пластинка) үйге алып келеді екен. Осылардың бәрін тыңдап өскен өнерге ғашық өрен үкілі үмітін биікке көтеріп, оған деген өзіндік шырағын жағып еді.

Ержанның репертуарында Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан шолақ, Мәди, Естай секілді халық композиторларының бірнеше әндері бар, сондай-ақ, Сәкен Сейфуллин, тағы басқа жерлес әнші-сазгерлердің туындылары да жеткілікті.

Дәстүрлі ән өнерінің туын тік көтерген алдыңғы толқынның ізін жалғаған талантты әнші арнайы музыкалық оқу орнында оқымаса да, табиғи дарынымен hәм өзіндік ізденіс-еңбегімен кәсібилігін шыңдап келеді. Ұстаздарынан алған тәлім-тәрбиесін бұл күнде артынан ерген шәкірттеріне беруде. Ұлттық өнер дәстүрі бізге осылай жетті, кейінге де солай кете бермек. Қазақтың дәстүрлі әні мен күй өнері бағзы заманнан бізге жеткен өнердің төресі десек, еш қателеспеспіз. Өйткені ән мен күйде ғасырлардың запыран-зары, мұң-шері, өршіл іс-әрекеттері толық көрініс табады. Тарих әрі шежіре болып келетін осынау өнер туындыларының өн бойында ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрып та қиюласып, көбірек сақталған. Қазақ ән өнері туралы біздің Ахмет Жұбанов және қаншама өз зерттеушілерімізбен қоса, басқа ұлт өкілдері де көбірек зерттегені таңқалдырады. Анау А. Затаевич, Е. Брусиловскйй, Б. Ерзакович, тағы басқалары бар… Г.Потаниннің: «Маған қазақ даласының бәрі ән салып тұрғандай елестейді», «Мен үшін бүкіл қазақ даласы әндетіп тұрғандай» деген сөздері де керемет қой. Классик жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов: «Мен – ең әуелі қазақпын. Менің осынау бүкіл жаратылысқа, бүкіл тіршілікке деген көзқарасым мына жарық дүниеге келген сәттен, былайша айтқанда, жөргегімнен ана тілімнің әсем әуезі, боз далада бозала таңнан шырылдап, шырқырап ән салатын бозторғайдың үні, садағаң кетейін, қазақ даласының боз жусанының ащы исі мен ән-күйі арқылы ғана қалыптасқан» депті бір толғанысында. Осынау ұлттық колорит Ержанның салған әр әнінде әдемі көрініп, өрнектей өрілген. Бұған қоса Ержанның өз болмысында да даланың дегдарлығы, серілерге тән бекзадалығы басым. Ол ұлттық киім киіп, домбырасын қолына алып сахнаға шыға келгенде бұрынғы дұрыс қазақтың сән-салтанаты көз алдыма елестейді. Бұл ойыма бір дәлел, 2006 жылы қаңтар айында «Азамат» дейтін газетке берген сұхбатында академик Ғабдолла Құлқыбаев: «Сәкен Сейфуллиннің бойындағы бекзадалығы, өнердегі сұлулығы – біздің Ержан баламызға қонғандай. Ержан Базарбеков – тура Сәкеннің өзі» деген пікірін білдіріпті. Көрермен hәм тыңдарман ретінде менің  бір байқағаным, Сәкеннің «Тау ішінде», «Көкшетау», «Біздің жақта» әндерін, Ілия Жақановтың «Арқаның аруы» әнін Ержан төгілтіп айтқанда керемет әсерге бөленіп, тебіреніп кетесің. Ән-құдіретке, оны жүрекке жеткізе білген әншіге алғысыңды жаудырып бағасың. Ал Мәдидің «Қаракесегі» мен «Үшқарасын» қалықтатқанда жандүниеңде күн күркіреп, найзағай ойнап, рух жарқылдайды.

Осындай дархан даланың кең тынысты керім әншісі Ержан Базарбеков – биыл ердің жасы елуге келді. Мерейлі мерейтойында еліне есеп ретінде шығармашылық ән кешін өткізейін деп отыр. Өнерпаз бауырымыздың туған күні мен мерейжасын құттықтай келе, алдағы өміріне зор денсаулық, отбасына амандық-бақыт беруге және ұрпақ қызығы мен еңбектерінің жемісін көруге бір Алла нәсіп етсін!

Ән көгінде әдемі қалықтап, ғасырлық ғұмыр кеш деген игі тілегімізді білдіреміз. Ән кешіне ақ жол мен сәттілік болсын!!!

                                                                         Әлімжан ҚҰТЖАНҰЛЫ,

                                                           Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *