Денсаулық – әр адамның ең қымбат байлығы. Бақытты өмір сүрудің, еңбек етудің және армандарға жетудің басты шарты – салауатты өмір салтын ұстану.
Спорт – адам өмірінің ажырамас бөлігі және денсаулықтың негізгі кепілі. Спортпен шұғылдану арқылы адам өз ағзасын шынықтырып, өмір сүру сапасын жақсартады. Қазіргі заман талабына сай, дені сау, шыныққан, белсенді тұлға қоғамға да, өзіне де пайдалы.
2025 жылдың қарашасында «Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті» КеАҚ «Күміс университет» бағдарламасы негізінде 50 жастан асқан қызметкерлері мен профессорлық-оқытушылар құрамына «Денсаулық фитнесі» курсы ұйымдастырылған. Курстың мақсаты – тек дене шынықтыру емес, адамның өмірге деген көзқарасын жақсартып, жан мен тәннің үйлесімін табу. Сондықтан спорт – саулықтың, сергектіктің және табыстың негізі деп ойлаймыз.
Тұрақты түрде дене жаттығуларымен айналысқан адамның иммунитеті күшейеді, қан айналымы жақсарып, жүрек пен өкпе қызметі дұрыс жұмыс істейді. Күн сайын таңертеңгілік жаттығу жасау немесе жаяу жүру – денсаулыққа зор пайда әкеледі.
Денсаулығы мықты адам – елдің қуаты, қоғамның тірегі. Әр азаматтың денсаулығы – елдің экономикалық, әлеуметтік және рухани дамуының басты кепілі. Денсаулығы жақсы, белсенді адам қоғам өміріне толық қатысып, өз еңбегімен елдің өркендеуіне үлес қосады.
Салауатты өмір салты – бұл дұрыс тамақтану, тұрақты спортпен шұғылдану, зиянды әдеттерден аулақ болу және таза ой, таза өмір қағидатын ұстану. Әр күнді өз денсаулығыңызға қамқорлық жасаудан бастаңыз: таңертеңгілік жаттығу жасаңыз, таза ауада серуендеңіз, табиғи тағам тұтыныңыз, уақытылы демалыңыз.
Сондықтан бүгіннен бастап салауатты өмір салтын қалыптастырыңыз, себебі «Денсаулық – зор байлық!».
Гүлмира САҒАТОВА,
«Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті»
Қазақ тілі және мәдениеті кафедрасының аға оқытушысы,
педагогика ғылымдарының магистрі
