Қарағанды облысы құрамасының бес спортшысы ерлер, әйелдер, жастар, ұлдар мен қыздар арасында жүз торлы дойбыдан Қазақстан Республикасының чемпионатында 12 медаль жеңіп алды.
Қарағандылық дойбышылардың қоржынында төрт алтын, төрт күміс және төрт қола бар.
Шымкентте өткен біріншілікке Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Павлодар, Қостанай, Жетісу облыстарынан 60-тан астам спортшы қатысты. Қарағанды облысынан үш санатта 8 адам өнер көрсетті. Негізгі құрам – Абай ауданының БЖСМ спортшылары.
12 медаль жеңіп алған 5 дойбышы үздік нәтиже көрсетті.
Төрт алтын: Мария Костицына (әйелдер – рапид), Оксана Чуприк (жастар – блиц), София Рынгач (қыздар – рапид және блиц); төрт күміс: Мария Костицына (әйелдер – классика және блиц), Малика Мұқаева (жастар – блиц), Диана Шарафисламова (жастар – классика); төрт қола: Малика Мұқаева (классикалық әйелдер), Оксана Чуприк (жастар – рапид), Диана Шарафисламова (үлкен қыздар – блиц және рапид).
– Медальдар жеңіп алғанымызға өте қуаныштымыз. Біріншіден, бұл қыздардың қыруар еңбегі, олардың жеңіске деген ұмтылысы. Дойбы-100 облыста көбірек дамығанын қалаймын. Абай мектебінде секция бұрыннан жұмыс істеп келеді. Балқашта, Осакаровкада үйірмелер бар. Облыс бойынша осы салада мамандардың болмауына байланысты секциялар аз. Жалпы, дойбы-100 өте танымал спорт. Арнайы дайындықтың қажеті жоқ, кез келген жаста кәсіби түрде айналысуға болады, – дейді Қарағанды облысы бойынша қазақстандық дойбы федерациясының директоры Юлия Рынгач.
ҚР чемпионатында бірінші және екінші орын алғандар Қазақстан құрамасына кіріп, сәуір айында Ташкентте өтетін Азия чемпионатына жолдама алды. Келесі жылы ҚР чемпионатының жеңімпаздары ұлттық құраманың құрамына енеді.