Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2025 жыл Жұмысшы мамандықтарының жылы деп жарияланғаны бәрімізге белгілі. Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінің қорында Қазақ ССР-інің Еңбек сіңірген өнер қайраткері Мыңғыш Әбілқасовтың қылқаламынан туындаған, Социалистік Еңбек Ері Нұрбақыт Кабдикаримованың портреті бар. Бүгінгі жастарға осындай еңбегімен елге танылған аға, апаларымызды үлгі ету, олардың еңбегін дәріптеу мақсатында осы портрет жайлы айтуды жөн санадым. Өзі өмірден өтіп кетсе де, еңбек те шыңдалған апамыздың еңбектегі ерлігі әлі де ел аузында.
Социалистік Еңбек Ері Нұрбақыт Кабдикаримова Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, (1 май ) қазіргі Ақжол ауылында 1948 жылы дүниеге келді сол ауылда еңбек етті. Нұрбақыт өскен алақандай «1 Май» ауылынан Қазақстанға белгілі Кеңес Одағының Батыры Мартбек Мамыраев, КСРО Халық артисі Қалибек Қуанышбаев, басқа да өнер, ғылым қайраткерлері шыққан.
Алтын құрсақты аналар тұрғанда қазақ алыпсыз, ақынсыз, батырсыз қалмайды. Бейбіт күннің өзінде ақ адал еңбегімен Қазақстанды жалт қаратып Нұрбақыт Қабдыкәрімова «Социалистік Еңбек Ері» атағын алып, кеудесіне Ленин ордені және «Орақ пен Балға» Алтын жұлдызын қоса қадады. Бұл 1982 жылдың ақпан айының 22 жұлдызы болатын. Сөйтіп қазіргі Ақжол селолық округінде (бұрынғы «1 Май» ауылында) тағы да бір батырдың есімі жарқ етіп шықты. Бұл жолы батырлықтың көгіне қазақ қызы Нұрбақыт Қабдыкәрімова көтерілді!
Осыдан бес жыл бұрын апамыздың көзі тірісінде кездесіп арқа-жарқа болып әңгімесін естіген едік, сол бір жарқын сәтті еске алар болсам:
– Нұрбақыт апамызбен кездесу көптен бері біздің де ойымызда жүрген болатын, осы арманымыздың орындалу сәті де түсті, бұл 2019 жылдың қыркүйек айы еді, біз музей басшысы Бибігүл Сағынтайқызы және ғылыми қызметкерлер Мейрамгүл Елубаева (мен) және Дәмелі Қадырқұлова «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша ғылыми зерттеу экспедициясымен Қарқаралы ауданына барған болатынбыз. Осы апамызбен кездесу жайлы өтінішімізді Қарқаралы тарихи өлкетану музейінің басшысы Назым Болатқызына айтып едік, «қазір» деп телефонын ала салып Ақжол ауылына Нұрбақыт апамызға телефон шалып еді. Ол кісі «Қарағандыға ертең жол жүремін. Әрине ертең таңертең Қарқаралыға барайын, кездесейік» деп келісімін берген кезде бізде қатты қуандық.
Ертеңінде таңғы сағат 9-да басшы Назым Болатқызының кабинетінде отыр едік ақырын басып, байсалды, жымиып Нұрбақыт апамыз есіктен кіріп келді. Сөйтіп Нұрбақыт апамызбен екі сағаттай әңгімелестік. Өте қарапайым, бар өмірін еңбекке арнаған апамыз барлық сұрағымызға байсалды, байыпты, асықпай жауап берді, сөйтіп бізде арманымызға жеттік.
Нұрбақыт мехнизаторлық мамандық әліппесін ең алғаш мектеп қабырғасында жүргенде-ақ меңгеріп алған. Өзінің құрбыларымен бірге осы мамандықты таңдап қиындығына қарамастан, әрі анасының қарсы болғанына қарамастан осы мамандықты игеріп талай рет қыстың аязды күндері, боранында, жаздың аптап ыстығында ерлермен қатар еңбек еткен. Қайратты, жігерлі мықты механизатор болған. Басынан өткен талай қызықты әңгімелерін айтып берді. Бізде тапжылмастан отырып тыңдадық.
Нұрбақыт апамыз өзінің Москва қаласына бірнеше рет барғанын онда 1974 жылы ВЛКСМ-нің 17 сьезінің делагаты болғанын да сөзге тиек етті. Ал 1982 жылы Москва қаласында өткен КСРО Кәсіподақтар комитетінің 17 сьезіне қатысқанын жүзі нұрлана отырып сағынышпен еске алды.
«Біздің ұлан-байтақ елімізде еңбек ерекше бағаланады. Адамды ер атандыратын да құдіретті ұлы еңбек. Байқап отырсам, менің қарапайым өмір жолым осы шындықты әйгілеп тұрғандай…» деп Нұрбақыт апай бір жымиып қойып әңгімесін әрі қарай жалғастырды.
«Өмірде де, еңбекте де осы қағиданы берік ұстаймын. Бұл тұрғыда, он бірінші бесжылдық (Кеңес өкіметі кезінде бесжылдық деп ұран салатын едік) мен үшін табысты болды. Осы бесжылдықта (сол кездегі, бұл 1982ж.) ең жоғары наградағаға ие болдым Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Жерлестерім мені СССР Жоғары Советіне депутат етіп сайлады деп» бір тебірене еске алды.
Әрі қарай сөзін жалғастыра келе апамыз: «Өзімнің күнделікті еңбегімде осынау халық сенімін ақтауға бар күш-жігерімді аямай жұмсадым. Он бірінші бесжылдық тапсырмасын мерізімінен бұрын орындадым. Бесжылдық қоырытындысында межелі 10 170 эталон-гектарды – 13 082 эталон-гектар етіп орындап бесжылдық жоспарын 130 пайызға іске асырдым» деді
Шынымен де еңбегі еленген ерлермен қатар еңбек еткен осындай апаларымыздың еңбегі өмір жолы, қажыр-қайраттылығы әрдайым жастарға үлкен өнеге.
Нұрбақыт апайымыз Социалистік Еңбек Ері тұңғыш механизатор әйел Кәмшат Дөненбаевамен де екі мәрте кездескен екен.
Қай мамандықтың тетігін ұстама, алдыңда үлгі тұтар, тәлім алар ұстазың барын сезіну – бір бақыт қой. Тәжірибесінен тәлім алсам Кәмшат апамды бір көрсем деген арманына Нұрбақыт апамыз 1975 жылы жеткен болатын. Ресейдің Краснодар қаласында механизаторлар слеті өтетін болып оған Нұрбақыт құрметті қонақ ретінде шақырылған сонда Кәмшат Дөненбаева екеуі кездесіп қонақүйдің бір бөлмесінде бірге тұрып сырласып, арманына жеткен екен. Жылы шырайлы адам екен. Краснодардан кеткенге дейін сырласып тіпті апалы-сіңлідей болып кеттік деп еске алды. Екінші рет Нұрбақыт Кәмшат апасын өзі іздеп Қостанайға барған сөйтіп ол кісімен екі рет кездесу бақыты бұйырған екен.
Нұрбақыт Кабдикаримова мен қазақтың тұңғыш ғарышкері, Халық қаһарманы, өзінің жерлесі Тоқтар Әубәкіровпен кездесуі де өте сондай бауырмалдық жылылық пен үлкен махаббатқа толы кездесу болған.
Біздің Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінің қорында Қазақстанның Еңбек сіңірген өнер қайраткері Мыңғыш Әбілқасовтың қаламынан шыққан Нұрбақыт Қабдыкаримованың портретіне қысқаша тоқталар болсам. Бұл портрет 1985 жылы кенепте, майлы бояу техникасында орындалған. Автор өз кейіпкерін пейзаж фонында бейнелеген, осы жерге тән жасыл желек, сия көк түсті таулы өлке, көгілдір сағым, аспан бүкіл композицияны аяқтап тұр. Кейіпкер бұл туындыда үстінде костюм қара түсті пиджак, тік жағалы ақ водолазка. Сол жақ кеудесіне «Орақ пен балға» алтын медалін тағып алған.
Нұрбақыт Алланың жауған нұрымен бақытын еңбектен тапқан адам. «К-700» және «Кировец» тракторының құлағында ойнап, ел ырысының еселенуіне тынымсыз еңбек етіп, ащы терін еселеп төккен нәзік жандыларымыздың бірі.
Айды аспанға шығарған Арқаның ақиық қызы, міне, осындай!
Ол жүріп өткен өнегелі жолдар сайрап жатыр. Нұрбақыт апамыз 2020 жылы бақилық болып кетті. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын, иман нұрына бөленсін дегіміз келеді.
Осындай аты аңызға айналған ата-апаларымыздың еңбек жолын, өмір жолын дәріптеу біздің басты міндетіміз деп ойлаймыз. Осы жолда талмай еңбек етеміз.
Мейрамгүл ЕЛУБАЕВА,
Мәдениет саласының үздігі.
Қарағанды облыстық
бейнелеу өнері музейі
басшысының орынбасары