Қарағанды облысында бір жылда 20 мыңға жуық жұмысшының құқығы қорғалған. Еңбек дауы да шиеленісіп прокуратура араласып барып қана 3 кәсіпорында 995 жұмыскерге 358 млн. теңгеге жуық берешек өтелген. Ал өндіріс ошақтарында тек бір жыл ішінде ғана 115 жазатайым оқиға болып, 66 адам қаза тапқан.
Берешек өтелуде
Әр мекеме келесі айдың 10-на дейін жұмыскердің жалақысын беруі керек. Бірақ, оны орындамайтындар да бар. Оның арты дау-дамайға ұласып жатады. Кейде жұмысшының кінәсі де бар. Келісімшартқа отырмай, артынан опық жеп қалады. Ал ондай жағдайда, өз термен тапқан теңгенді бұлдауға да біраз уақыт кетеді.
Қарағанды облысы прокуратурасы басқармасының аға прокуроры
Ерлан Түсіпов «Прокуратура органдарының басым бағыттарының бірі еңбек құқықтарының сақталуын қадағалау», – екендігін айтады.
Биыл прокуратура тексерулеруінің нәтижесінде 20 мыңға жуық жұмыскердің құқықтарын қорғау қамтамасыз етілген.
– Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, еңбек дауларын шешуге бағытталған ведомствоаралық топтар құрылды.
Кездесулер өткізіп, мәселелерді назарға алып, заң бұзушылықтарға қатысты шаралар қабылдаймыз, – дейді прокурор.
2023 жылы 200-ге жуық кәсіпорын қамтылып, ұжымдарға қолданыстағы заңнаманың нормалары түсіндіріліп, басшылардың назары жұмысшылардың құқықтарының бұзылуына жол бермеуге шақырған.
Прокуратура жалақының уақтылы төленуін ерекше бақылауға алған. Биылдың өзінде жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, 3 кәсіпорында 995 жұмыскерге 358 миллион теңгеге жуық берешектің өтелуі қамтамасыз етілген.
Бүгінгі таңда мобильді топтар және сенім телефоны жұмыс істейді. Жұмыскерлер өз құқықтарын қорғау мақсатында прокуратура органдарына хабарласа алады.
Ал Еңбек инспекциясы да бұл жұмыспен айналысып, істі ушықтырмау жолдарын іздейтіні бар.
66 адам қаза тапты
Қарағанды облыстың өндіріс ошақтарында тек бір жыл ішінде ғана 115 жазатайым оқиға болып, 66 адам қаза тапқан. Бұл жайттар кәсіпорын қабырғасында еңбек қауіпсіздігін қорғау нормаларын бұзу оқиғаларының жиілегенін айғақтайды. Жұмыскердің сауатын арттырып, жұмыс берушілер мен қызметкерлердің қауіпсіздік техникасын сақтауы бағытындағы түрлі іс-шаралар легі ұдайы бақылауда. Облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысы Ирина Любарская «Жазатайым жайттың дені Qarmet (бұрынғы АМТ), «Теміртау электрометаллургиялық комбинаты» және «Шұбаркөл Көмір» сынды ірі өндіріс орындарында тіркелген» дейді.
– Тосын жайдың негізгі себептеріне жұмыс берушілер тарапының жабдықты жаңғырту бағытындағы оңтайлы шешім қабылдамауы, құрылымдық бөлімше персоналдың қажетті штат санымен жасақталмауы, жұмыс берушінің көбі қызметкерлерді міндетті медициналық тексеруден, ауысым алдындағы медициналық куәландырудан өткізбеуі сынды бірқатар факторларды жатқызамыз. Өндірістегі жазатайым оқиғалар әдетте үш жылға дейін жұмыс өтілі бар жұмысшылар арасында болады. Бұл – жазатайым оқиғалардың 48%-ы. Қауіп нүктелері жұмыс берушінің тиісті бақылауы, тәлімгерлік жүйесі немесе еңбекті қорғау қауіпсіздігі бойынша нұсқаулығы жоқ нүктелеріне тән болуы мүмкін, – деді Ирина Любарская.
11 айда жазатайым оқиғаларға қатысты 170 арнайы тергеу жүргізілген. Барлық материалдар полиция органдарына жолданып, қазіргі уақытта істердің бір парасына сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. 75 іс қараусыз қалдырылып, ал, 87 дерек бойынша қылмыстық істер тоқтатылды. Тағы екі материал уәкілетті мекемеге жолданған.
– Осы уақыт ішінде Еңбек инспекциясы 3 309 өтініш қарастырып, онда еңбек заңнамасының нормаларын бұзу жайттарын анықтаған. Өңір кәсіпорындарында 669 тексеру амалы жүргізілді. Барлық тәртіп бұзушылық турасында тиісті нұсқама беріліп, ал тексеру қорытындысы бойынша 100 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Салынған айыппұл сомасы – 16,9 миллион теңге. Бүгінде бұл қаражат көлемінің 91%-ы өндірілді. Өндірісте жарақаттану жайттарын азайту жөніндегі жұмыс Үкіметтің қаулысымен бекітілген, сондай-ақ, «Қауіпсіз еңбек» бағдарламалары шеңберінде іске асады. Қазақстанда бір жарым жыл ішінде министрлікпен уәкілетті органдар тарапынан 2030 жылға дейін елде қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы әзірленді. Бұл іргелі істер кешені жұмыс орындарындағы кәсіби тәуекел деңгейін төмендетуге, еңбек қауіпсіздігін қорғау саласындағы құзыреттілікті арттыруға, еңбек жағдайларын жақсарту бойынша экономикалық ынталандыруды күшейтуге мүмкіндік береді. Осылайша еңбек талаптарын қорғауды үйлестірудің ұлттық жүйесі жетілдіріледі, кәсіби тәуекелді интегралды бағалаудың жаңа моделі енгізіледі және оның негізінде кәсіпорындардың цифрлық картасы жасақталады. Осы тұжырымдамаға сәйкес, мысалы, құрылыс алаңында, еңбек шартын қорғауды жұмысты ұйымдастырушы, яғни, бас мердігер жүргізеді, – деп түсіндірді ведомство басшысы.
Өндірістік жарақаттану жайттарын барынша азайту үшін кәсіпорындар халықаралық, ұлттық стандарттарды енгізе отырып, Visual Zero нөлдік жарақаттану тұжырымдамасына белсене қатысады, әрі «Халықтық бақылау» жобасын іске асырады.
1 140 өндірістік кеңес құрылған
Облыста 1 600 техникалық инспектордың қатысуымен еңбек қауіпсіздігі жөніндегі 1 140 өндірістік кеңес құрылған. Өндірістік нысандарды аттестаттау да жүргізілуде. Бүгінге дейін 405-і аттестатталды. Егер кәсіпорын өкілдері үш жыл ішінде еңбек заңнамасының нормаларын бұзуға жол бермесе, оларға сенім сертификаттары беріліп, нысан тексеру амалынан босатылады. Ал өндірістік жарақаттанудың өсуіне жол бергендер профилактикалық бақылауға енгізіледі. Осы жылдың басынан бастап, 12 кәсіпорын тиісті бақылауға алынған екен. Бұған қоса, кәсіпорындар атаулы кезең-кезеңімен жұмыстың электрондық форматына көшуде. Бірақ тау-кен металлургиясы саласында осы үдеріс әзірге төмен деңгейде.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ