Еңбек түбі – береке

«Еңбек – ер атандырады» дейді дана халқымыз. Елдің болашағы еңбек салтына тікелей байланысты мәселе екенін терең ескерсек, еңбек адамының қоғамда орны ерекше, абыройы биік. Халық еңбекке бейім болса, ел ырысқа кенеліп, өзгелермен терезесі теңеліп, бақуатты, бәсекеге қабілетті мемлекет болып нығаятыны даусыз дүние. Сондықтан осынау құндылықтарды бағалау, қоғамдағы еңбекқор азаматтардың беделін көтеру мәселелері елдік деңгейде жүзеге асырылуы қажет деп білеміз. Еңбеккерге құрмет көрсету – еңбек салтын дәріптеумен қатар, оларды өнімді еңбек етуге ынталандыру.

Бүгінгі біздің әңгімеміздің арқауы теміржол саласында отыз жылдан артық еңбек етіп жүрген, Ақадыр сигнализация және байланыс дистанциясының электромеханигі Акишев Азамат Қожанәсіпұлы туралы болмақ.

Әлбетте, әрбір жазылған мақалаларымда мен кейіпкерлерімнің шыққан тегінен бастаймын. Әр адамның жарық әлемде айтарлықтай табыстар мен жетістіктерге жетуі шыққан тегінен, ата-анасынан алған тәрбиесінен болатыны анық.

Азамат Қожанәсіпұлы 1968 жылы Қарағанды облысы, Шет ауданы, Өспен ауылында дүниеге келген. Отбасындағы тұңғыш бала.

Әкесі Қожанәсіп Аяпбергенұлы бүкіл саналы өмірін ауылшаруашылық саласына арнаған. Боз жігіт кезінде Қарағанды қаласына барып, көмір шахтасына түсіп, бірер жыл шахтер атанғаны да бар. Тіпті, жұмысында алда болып, елдің көзіне түсіп, қалалық кеңестің депутаты болып та сайланған екен. Алайда, анасының ақылын тыңдап ауылға қайтады. Кеңшарға малшы болып, бойдақ малды бағады. Қарқаралы қаласындағы зооветтехникумға түсіп, зоотехник мамандығын алып шығады. Ұзақ жылдар бойы «Өспен» совхозының №1 бөлімшесінде зоотехник, кейін бөлімше басқарушысы қызметін атқарады.

1995 жылы мемлекетіміздің сол кездегі саясатына сәйкес кеңестік шаруашылық жекешеленуге жатып ұжымшарға айналады. Көп уақыт өтпей ұжымшар да тарап, ондаған шаруа қожалықтарына айналады. Сол кезде Қожекең біршама ауыл еңбеккерлерімен бірігіп, «Нілді» шаруа қожалығын құрады.

Елдің, балаларының сипаттауы бойынша Қожанәсіп Аяпбергенұлы мінезі жайдарлы, ақкөңіл адам болған дейді. Өтірік айтқан, еңбектенуге жалқау адамдарды жеккөрген. Айналасындағыларға көмек беруге әрқашан дайын тұратын, қолындағы барын беруден тайынбайтын қасиеті болған. Сол үшін бүкіл ауылдастарының арасында зор құрмет иесі атанған. Осыдан екі жыл бұрын 77 жасқа қараған шағында дүниеден озады.

Азаматтың анасы Шәмшігүл Қайырқызы бүкіл саналы өмірінде мектепте ұстаздық еткен. Қарағанды қаласының педагогикалық институтын биология мамандығы бойынша бітірген. Мұғалім болса да ешбір жанға дауысын көтермейтін, өте момын адам болған. Балалары түгілі бірде-бір келініне қабақ шытып көрмеген екен.

Әке-анасы үлкен отбасы иесі болып 6 бала, оның төртеуі ұл, екеуі қыз болған. Олардан 17 немере, 16 шөбере сүйген.

Азамат Қожанәсіпұлының балалық шағы туған ауылы Өспенде өтеді. Сұхбат барысында оған сұрақ қойдым.

– Балалық шағыңызға саяхат жасап көрсек. Сол кездерден есте қалған оқиғаларға тоқталып өтсек қалай болады? – деген сұрағыма ол бірден:

– Мен бақытты балалық шақты басымнан өткердім десем артық айтқандығым емес. Әке-анамның қолында, үлкен отбасының құрамында іні-қарындастарыммен бірге өстім. Әрбір қуанышты сәттерімізді, шатты күндерімізді бірге өткердік. Ауылдың табиғаты да тамаша – жасыл желекке оранған саябағымыз, Сарысу өзеніміз, тау-қырларымыз да жоқ емес. Ауылдың сыртында, қалың ағаштың ортасында «Жас ұлан» пионерлер лагері жұмыс жасап тұрды. Мен сонда екінші сыныптан бастап сегізінші сыныпты бітіргенше жылда екі маусым демалатынмын. Лагерь 50 балаға арналған болса, 30 бала өзіміздің ауылдан, ал қалғаны сырттан келетін. Ол жерде Ақадыр кентінен, басқа ауыл, кенттерден, тіпті Қарағанды қаласынан да келіп демалатын.

Лагерьдің директоры өзіміздің мектепте дене шынықтырудан сабақ беретін Абилов Қайролла Нұрабайұлы, ал аға пионер жетекшісі сол кісінің жұбайы Абилова Майра Шолпанқызы болды. Ерлі-зайыптылар жұмысына шынайы берілген, балалармен жұмыс жасауда мол тәжірибесі бар ұстаздар бола білді. Қайрекең спорт жағына ие болса, Майра апамыз өнер жағын ширататын. Жаз бойы олардың көмекшісі ретінде қаланың педагогикалық училищелесінің тәжірибе өтуге келетін студенттер пионер отрядтарымен жұмыс жасайтын. Лагерьдің барлық қызметкерінің арқасында демалған әр күніміз, сәтіміз қызыққа, шаттыққа толы болатын. Күнделікті шараларды бастан кешіп, жазғы каникулымыз қалай тез өткенін байқамай қалушы едік. Әсіресе, Ақадыр ауданының көлемінде Ортау ауылындағы тағы бір пионерлер лагеріне қонаққа барып, көркемөнерпаздар мен спортшылар арасында байқаулар, жарыстарға қатысып, мәз-мейрам болып қайтатынбыз. Содан соң келесі кезекте олар біздің жаққа келеді. Міне, менің балалық шағым осындай көңілді, қызықты болып өтетін, – деп есте қалған сәттерін айтып шықты.

Азамат ауылындағы мемлекет және қоғам қайраткері, сұңқар ақын С.Сейфуллин атындағы мектебіне барады. Сабағында үздіктер қатарында болады. Тәжірибелі ұстаздар Ысқақов Ахметжаннан, Белгібаева Рымжаннан, Тиышбекова Кларадан, тағы басқалардан білім алады. Ең жақсы көретін ұстаздарының бірі жоғарыда аталып өткен Қайролла Нұрабайұлы болғаны белгілі. Өйткені, оқушы бала спортқа бейім болды. Жеңіл атлетикамен айналысып, мектепішілік, аудандық кросстарда 500, 1000 метр қашықтықтарда жекедара озып жүрді. Қазақ күресімен де айналысып, жақсы нәтижелерге жеткені бар. Онымен бірге футбол ойынымен де әуестенді.

1985 жылы орта мектепті бітірісімен арман қуып Қарағанды қаласына барады. Педагогикалық институтқа (қазіргі Е.Бөкетов атындағы Ұлттық зерттеу университетіне) құжаттарын тапсырып, мемлекеттік емтихандарынан сүрінбей өтеді. Ауылдың баласы бір мезетте жоғарғы оқу орнының студенті болып шыға келеді.

Екінші курсқа өтер сәтте әскери комиссариатының шақыру қағазын алады. Ол кезде жоғарғы оқу орнында оқып жүрсең де әй-шайға қарамай әскер қатарына әкете беретін. Отан алдындағы борышыңды міндетті түрде өтейсің. Жас сарбаз Ресей Федерациясы Башқортостан елінің Белорецк қаласына түседі. Бірден алты айлық сержанттар мектебіне жіберіледі. Оқуын аяқтаған соң сержант шенін алады. Взвод командирінің орынбасары қызметін абыроймен атқарады.

Осы жерде Азамат Қожанәсіпұлы ойға беріліп, басынан өткен бір қызық жағдайды айта бастады:

– Ауылда  бала  кезімізден  Қанағат  Нұрланов  деген  жігітпен айырылмас доспыз. Екеуміз түйдей құрдаспыз, бірге өстік, қатар оқыдық. Мектеп бітірген соң келісіп пединститутқа да түстік. Бірақ мен одан жарты жыл бұрын әскерге кетіп қалдым. Бір күні біздің әскери бөлімшеге Қазақстаннан, оның ішінде Қарағанды қаласынан борышын өтеушілерінің жаңа толқыны келді деген хабар жетті. Дереу жаныма бір орыс жігітін ертіп алып сол жерге жетіп бардым. Ойым танитын жерлестерімді көріп қалу болатын. Барсам көптеген тақырбас жігіттер. Әрқайсысының қолында ине, шинельдеріне иық белгілерін тігіп әлек. Басымыздан өткен жағдай.

Мен бері шығып келе жатқан бір солдатты тоқтатып: «Достым, мына жігіттердің ішінде Қарағандының пединститутынан ешкім бар ма? – деп сұрадым. «Иә, бір-екі жігіт бар ғой деймін» деп жауап қатпасы бар ма? Менің жүрегім қылп ете қалды. Таныстарымды, тіпті досымды көріп қаламын деген үмітім ақталатындай. Бір қарап қалсам маған қарсы бірге оқып, жатақхананың бір комнатасында тұрған ұлытаулық Әлімбеков Жанболат келе жатыр. Жанында бала кезден бергі жан досым Қанағат! Екеуі де көзіме оттай басылды. Бір-біріміздің құшағымызға кіріп, қуанышымызды жасырмай сағынышымызды бастық.

Кейін әскери борышымызды өтеп біткен соң бәріміз бірге институтта оқуымызды жалғастырып, инженер-педагог деген мамандық иесі атандық.  Қайда болсақ та бірге жүрген Қанағат досыммен әлі күнге дейін отбасыларымызбен араласып тұрамыз, сырымыз да, жырымыз да бірдей, – деп ойын түйіндеді.

Жоғарғы оқу орнының дипломын қолына ұстаған Азамат Қожанәсіпұлы Ақадыр кентіне келіп, еңбек жолының алғашқы қадамдарын бастайды. Аудан әкімшілігі аппаратының кәмелеттік жасқа толмағандар комиссиясының жауапты хатшысы қызметіне бекітіледі.

Көп ұзамай жұмысын жан-жақты көрсете білген маман жастар ісі жөніндегі комитеттің төрағасы қызметіне ауыстырылады. Бұл жерде аудан жастарымен тығыз байланыста болып, жастарды қолдау мен дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру шараларымен айналысуға тура келді. Бұрынғы кезде мұндай шараларды аудандық комсомол комитеттері жүргізсе, ендігі кезекте олардың орнын әкімшіліктерде құрылған жастар комитеттері атқарды.

1994 жылы Азамат Қожанәсіпұлы теміржол саласына жұмысқа ауысады. Ақадыр сигнализация және байланыс дистанциясының (ШЧ-21) мекемесінде электромонтер мамандығынан бастап электромеханик, инженер-метролог, техникалық бөлімінің жетекші инженері міндеттерін атқарады. Арасында 12 жыл бойы кадрлар менеджері (менеджер по персоналу) қызметінде болғаны бар. Еңбектен қол үзбей М.Тынышпаев атындағы Көлік, коммуникация және инженерлер оқу орнын бітіріп, байланыс жолдарының инженер-электригі мамандығына ие болды. Бүгінгі таңда СОБ (сигнализация, орталықтандыру, бұғаттандыру) электромеханигі болып еңбек етіп келеді.

СОБ электромеханигінің негізгі міндеттері бағдаршамдарды, көрсеткілерді және басқа да электромеханикалық құрылғыларды монтаждау, орнату және пайдалану; СОБ аппаратурасы мен жабдықтарын ауыстыру; аппаратураның электрлік және механикалық параметрлерін қажетті өлшеуді орындау; электрлік және механикалық параметрлерді реттеу; электр монтаждау және кабельдік жұмыстар, соның ішінде кабельдерді төсеу және монтаждау, контактілерді кесу және дәнекерлеу; құрылғылардың жұмыс жағдайларын зерделеу, мерзімінен бұрын тозу себептерін анықтау, оның алдын алу шараларын қабылдау; жөндеу және құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізудің белгіленген тәртібі мен сапасының орындалуын бақылау; электромонтерлерге СОБ құрылғылары мен байланыс құралдарын пайдалану ережелері туралы нұсқау беру, олардың жұмысына басшылық жасау; жабдықтың істен шығуы кезінде ақаулықтарды тез анықтау және жою үшін қажетті шараларды қабылдау, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету; жөндеу және құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізудің белгіленген тәртібі мен сапасының орындалуын бақылау; СОБ құрылғылары мен байланыс құралдарын пайдалану ережелері туралы нұсқауларды орындау; жабдықтың істен шығуы кезінде ақаулықтарды тез анықтау және жою үшін қажетті шараларды қабылдау, поездар қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету; комиссиялық тексерулерге, СОБ құрылғылары мен байланыс құралдарына кешенді тексерулер жүргізуге қатысу.

Зерделеп қарасақ оңай жұмыс емес. Тізбектелген функционалдық міндеттерін орындау үлкен ұқыптылықты, жауапкершілікті қажет ететіні бесенеден белгілі. Соған қарамастан Азамат Қожанәсіпұлы міндеттерін ойдағыдай атқаруда.

Еңбегінің жемісін де көруде. 2004 жылы «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы бойынша «Үздік маман иесі» төсбелгісімен марапатталды. «Қазақстан темір жолына 110 жыл», «Қарағанды темір жол бөлімшесіне 75 жыл» естелік белгілерінің иесі. Ал енді, осы салалардан алған Құрмет грамоталары, Алғысхаттары, бағалай және ақшалай сыйлықтары да жетерлік. 2017 жылы Шет ауданының әкімі «Үздік маман иелері» аталымы бойынша аудан көлемінде өткізген байқауда «Үздік электромеханик» болып танылғаны да бар. Онда да аудан басшысының Құрмет грамотасымен, бағалы және ақшалай сыйлықтарымен құрметтелді.

Азамат Қожанәсіпұлының өмірлік жары Битжанова Толқын Боранбайқызы Жезқазған қаласының Ө.Байқоңыров атындағы университетін қазақ тілі және қазақ әдебиеті пәндерінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірген. Қазіргі уақытта кенттегі Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейінде ұстаздық етеді. Бір кездері жұбайы тәрізді біраз жылдар бойы теміржол саласында жұмыс істеп шықты.

Үлкен ұлдары Бауыржан Қазақ темір жолы университетінің Жезқазған қаласындағы филиалында оқып, электроэнергетика факультетін тәмамдаған. Қазіргі кезде Ақадыр электрмен жабдықтау дистанциясының қосалқы тартқыш станциясында (тяговая подстанция) аға электромеханик болып еңбек етеді. Зайыбы Толғанай Өміржанқызының мамандығы педагог-психолог. Ерлі-зайытылар Әлихан, Нұриман, Хаят, Дарын есімді балаларын тәрбиелеп өсіріп отыр.

Асылхан есімді ұлдары Астана қаласының Л.Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық университетінің «автоматика және басқару» факультетін бітірген. Бірақ осы мамандығымен жұмыс істемеді. Өйткені бала кезінен қазақтың көне ойыны тоғызқұмалақпен айналысып, дүние жүзіне танымал болды. Тоғызқұмалақтан Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Бірнеше дүркін әлем, Азия құрылығының, республикамыздың чемпионы, жүлдегері, әлем Кубогының иегері. Биылғы жылдың тамыз айында есте қалатын үлкен елеулі оқиға болғанын бәріміз естен шығармаған болармыз. Онда осы Асылхан баламыз тоғызқұмалақ ойынынан тарихта алғаш рет жасанды интеллектпен кездесу өткізіп жеңіске жетті.

Асылхан бірнеше жыл Ақадыр кентінің балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы болып еңбек етіп, біршама шәкірттерін дайындады. Бүгінгі таңда Қарағанды қаласының Е.Бөкетов атындағы Ұлттық зерттеу университетінің магистратурасында білім алуда.

Қыздары Аңсаған да ағасы тәрізді Астана қаласының Л.Гумилев атындағы Еуразиялық университетін денешынықтыру және спорт мамандығы бойынша бітірген. Аңсағанның да атағы жер жарады. Тоғызқұмалақ ойынынан Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Екі дүркін әлем біріншіліктерінің жүлдегері, екі дүркін Азия чемпионы, Еуропа, әлем Кубоктарының иегері. Былтырғы жылы Астана қаласында өткізілген V Көшпенділер ойындарында жеңімпаз атанып, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан мемлекеттік награда – «Адал еңбегі үшін» медалін алды. Ақадыр спорт мектебінде аға жаттықтырушы болып еңбек ететін Аңсаған шәкірттерін баулуда. Нәтижелері де жаман емес, облыстық, республикалық жарыстарда биіктерден көрініп жүр.

Үйдің кенжесі Балғын мектеп оқушысы болса да, ағасы мен әпкесі құсап тоғызқұмалақ ойынынан нықты қадамдарын жасауда. Бүгінгі күннің өзінде ересектер арасында Қарағанды облысының чемпионы, өз қатарластары арасында республиканың күміс жүлдегері. Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне үміткер. Болашағынан үміт күттіретін жас спортшы.

Кезінде Асылхан мен Аңсаған туралы «Ұлттық ойынның шеберлері» атты мақаламды облыстық және аудандық газеттерге жариялаған болатынмын. Бүгін міне, олардың әке-анасы туралы жазуға реті келіп жатыр. Ол кездейсоқ нәрсе емес. Осы мақаланы жазарда мен Ақадыр сигнализация және байланыс дистанциясының басшысы Мертай Қуантай Мертайұлына шықтым. Сұрауым бойынша мекеменің бір еңбек адамын жазуға ұсынуын өтінгенмін. Мекеме басшылығының ұсынысы Акишев Азамат Қожанәсіпұлы болды.

Азамат Қожанәсіпұлы тек ғана еңбек озаты емес, ол өзінің отбасының ұйытқысы, тірегі. Еңбекте де, балаларын тәрбиелеп өсіруде де қомақты жетістіктерге жетіп жүрген үлкен жүректі азамат.

Менің білуімше, ең басында балаларын тоғызқұмалақ ойынына баулыған да өзі болатын. Ол үшін ойынды алдымен өзі үйреніп, кейін балаларына үйрете бастайды. Балаларының осы көне ойынына қызығушылығын оятады. Артынан спорт мектебінің жаттықтырушысы Қасқырбаев Балтабай Оқтемірұлына балаларын жетектеп апарады. Балалары жарыстарға қатысқанда жандарынан табылып, олармен бірге жетістіктерге қуанып, жеңіліске ұшыраса сәтсіздіктерді бірге кешіп жүрді. Әкесінен асқан жанкүйер бола ма? Енді бүгінгі таңда сол еңбегінің жемісін көріп отыр. Балалары әке-анасының үмітін ақтап дүние жүзіне танылып отырған атақты спортшыларымыз.

«Еңбектің түбі – береке» деген осы шығар. Еңбекте озат, жанұяда асқар тау әке Акишев Азамат Қожанәсіпұлының өмір жолы осындай!

Қалижан БЕКҚОЖА,

Ақадыр кенті