Егіс науқанына дайындық

Қарағанды облысының ауылшаруашылығы тауарын өндірушілері көктемгі дала жұмыстарына дайындықты бастады. Шаруашылықтарда 100 мың тоннадан астам тұқым қоры әзірленген. Егістік алқаптарына 11 мың трактор, 229 егіс кешені және 10 мыңнан астам сепкіш пен топырақ өңдеу агрегатын шығару жоспарланып отыр. Техниканың дайындығы қазірдің өзінде 96 пайыздан асты.

Дайындық жұмыстары облыстық жедел штабтың бақылауында. Бұл туралы аппараттық кеңесте ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Сырым Бошпанов мәлімдеді.

Ол сондай-ақ өткен жылдың қорытындысын шығарды. 2025 жылдың нәтижесі бойынша өңірдің ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 531,1 млрд теңгені құрады – бұл алдыңғы кезең көрсеткіштерінен жоғары. Өсім егін шаруашылығы мен мал шаруашылығында да қамтамасыз етілді – егіс алқаптарын кеңейту, техниканы жаңарту және мемлекеттік қолдау шараларының арқасында.

Егін шаруашылығында негізгі дақылдардың егіс көлемі мен өнімділігі артты. 1 млн тоннадан астам астық бастырылды, картоп, көкөніс және майлы дақылдардың өнімі көбейді. Бір жыл ішінде суармалы жерлердің аумағы шамамен 10 мың гектарға ұлғайды. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 60 мың гектарға жеткізу жоспарланып отыр.

Мамандардың айтуынша, оң динамика жоғары репродукциялы тұқымдарды, тыңайтқыштарды, қарқынды технологияларды пайдалану және машина-трактор паркін жаңарту есебінен қамтамасыз етілді.

Мал шаруашылығы да өсім көрсетуде: ет пен сүт өндірісі артты, жұмыртқа өндіру тұрақты деңгейде сақталуда. Ірі қара малдың асыл тұқымды басының үлесі біртіндеп көбейіп келеді.

– Оң нәтижелерге қол жеткізудің маңызды факторларының бірі — ауыл шаруашылығы өндірушілерін мемлекеттік қолдау. Жол картасы аясында агроөнеркәсіптік кешенде бір жыл ішінде 31 инвестициялық жоба іске асырылып, 287 жұмыс орны құрылды. «Ауыл Аманаты» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы бойынша 83 займ беріліп, фермерлер мен кооперативтердің жобалары қаржыландырылды, шамамен жүзге жуық жұмыс орны ашылды. Қаражаттың негізгі бөлігі мал шаруашылығын дамытуға және техника сатып алуға бағытталды, – деді Сырым Бошпанов.

Жер қатынастарын цифрландыру да белсенді дамуда. Ғарыштық мониторинг пен геоаналитика көмегімен пайдаланылмай жатқан 146,2 мың гектар ауыл шаруашылығы жері анықталып, мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл жұмыс жайылым тапшылығын азайту мақсатында жалғасуда.

2026 жылы егіс алқаптарын одан әрі кеңейту және өнімділікті арттыру жоспарланып отыр. Негізгі назар майлы дақылдар мен оларды өңдеуге аударылады. Қосымша қолдау шаралары мен өңдеу кәсіпорындарын жеңілдетілген қаржыландыру шикізаттың кепілді өткізілуін және өндірістік қуаттардың жүктелуін қамтамасыз етуге тиіс.

Мал шаруашылығында басымдық мал басын көбейтуге, селекциялық жұмыстарға және жаңа нысандарды – сүт-тауар фермаларын, бордақылау кешендерін және құс шаруашылығы кәсіпорындарын іске қосуға берілмек.

Мәселен, Нұра ауданында 660 сауынды ірі қара ұстайтын «Рамадан» сүт-тауар фермасы есебінен сүт өндірісін арттыру көзделуде. Шет ауданында жаңа технологияларды енгізу, суармалы жерлерді кеңейту және мал басын көбейту арқылы өнімділікті арттыру жоспарлануда. Селекциялық жұмыстарға, асыл тұқымды репродукторлар мен бордақылау алаңдарын құруға, сондай-ақ мамандардың біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінеді. Бұл ретте дрондардан бастап жасанды интеллектке дейінгі заманауи құралдар қолданылмақ.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өткен жылдың күрделі болғанына қарамастан, аграршылар лайықты нәтижелерге қол жеткізгенін атап өтті.

– Мемлекет тарапынан саланы дамытуға қаражат бөлініп, субсидиялар беріліп, инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Биыл барлық секторда өнім көлемінің өсімін қамтамасыз ету қажет. Негізгі шарттардың бірі – агротехникалық мерзімдерде егіс науқанын сапалы өткізу, шаруашылықтарды қаржымен, тұқыммен, тыңайтқыштармен және жанар-жағармаймен қамтамасыз ету, сондай-ақ техниканы уақытылы дайындау. Сондықтан алдағы міндеттерді алдын ала айқындап, нақты әрі тиімді шешімдер қабылдау маңызды, – деп атап өтті өңір басшысы.