Жуырда М.Әуезов атындағы орталық қалалық кітапханада ерекше тағылымды кездесу өтті. Шараның қонағы – Қазақстан тарихы мен экология ғылымының көрнекті өкілі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық «Экология» ғылым академиясының академигі, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің Қазақстан тарихы және ҚХА кафедрасының еңбек сіңірген профессоры Торғай Әлімбайұлы Әлімбаев болды.
Кездесу аясында профессор Т.Әлімбаев өзінің ғылыми еңбектерімен және кітаптарымен таныстырып, экология мәселелерінің тарихи және қазіргі замандағы өзектілігіне кеңінен тоқталды. Сонымен қатар, ол Қазақстандағы экологиялық апат аймақтары, олардың пайда болу себептері мен салдарлары туралы жан-жақты мәлімет беріп, студенттермен өзара пікір алмасты.
Шара барысында Торғай Әлімбаевпен оның жаңа еңбегі «Современные проблемы экологии Казахстана» атты ғылыми кітабын кітапхана қорына алу жөнінде екіжақты келісімшартқа қол қойылды.
Кездесуге академик Әбілқас Сағынов атындағы техникалық университеті колледжінің студенттері мен кітапхана қызметкерлері қатысты. Студентер кеш қонағына сұрақтарын қойып, экологиялық мәселелерге қатысты өз ойларын ортаға салды. Ашық пікірталас форматында өткен кездесу жастардың экологиялық сауаттылығын арттыруға, табиғатқа деген жауапкершілігін тереңдетуге өзінің септігін тигізері сөзсіз.
Махаббат Саменова,
кітапхананың қызмет көрсету бөлімінің қызметкері
