Облыста «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық жобасы аясында кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Игі бастама тек сенбіліктермен шектелмей, қоғамның экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды қозғалысқа айналғаны белгілі. Соның арқасында өңірде қоршаған ортаны қорғау және тұрғындардың жауапкершілігін арттыру бағытында нақты нәтижелер байқалып отыр.
Биыл облыста «Таза Қазақстан» акциясы аясында ауқымды сенбіліктер ұйымдастырылды. Соның бірі 4 сәуірде жалпы облыстық тазалық күні өтті. Бұл күні мыңдаған тұрғын, мемлекеттік қызметкерлер, жастар және еріктілер көшелерді, саябақтарды және аулаларды тазалау жұмыстарына белсенді қатысты. Сонымен қатар, өңірде «Таза бейсенбі», «Тазару күні» сияқты тұрақты экологиялық акциялар дәстүрге айналып келеді. Бұл шаралар тұрғындардың тазалыққа деген көзқарасын өзгертіп, күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналуда.
Жастар белсенділігі басты қозғаушы күшке айналды. Студенттер мен мектеп оқушылары түрлі сенбіліктерге, ағаш отырғызу акцияларына және түсіндіру жұмыстарына белсенді қатысуда. Мысалы, колледждер мен оқу орындарының студенттері оқу орындарының аумақтарын абаттандырып, экологиялық мәдениетті насихаттауға белсене атсалысып жүр. Жастар арасында өткізілген кездесулер мен ашық диалог алаңдары арқылы экологиялық жауапкершілік идеясы кеңінен таралуда.
Жоба аясында тек тазалық жұмыстары ғана емес, экологиялық тәртіпті бақылау да күшейтілген. Жыл басынан бері аймақта жүргізілген экологиялық рейдтер барысында 4 мыңнан астам құқықбұзушылық анықталды. Атап айтқанда, қоқысты заңсыз төгу, аулаларды уақытында тазаламау, коммуналдық талаптарды сақтамау жағдайлары тіркелді. Заң бұзған азаматтармен қатар, мекеме басшылары да жауапкершілікке тартылып, айыппұлдар салынды.
Сонымен бірге, дрондар мен әлеуметтік желілер арқылы мониторинг жүргізу тәжірибесі енгізілген. Бұл бақылау шаралары экологиялық тәртіпті нығайтуға ықпал етуде.
Өнеркәсіпте жаңа технологияларды енгізу де аймақ экологиясы үшін маңызды. Себебі Қарағанды облысы – ірі өнеркәсіптік аймақ. Сондықтан «Таза Қазақстан» жобасы өндірістік экологияны да қамтып отыр. Бүгінде өңірдегі 8 ірі кәсіпорында өндірістік қалдықтарды нақты уақыт режимінде бақылайтын автоматты жүйелер енгізілген. Мұндай технологиялар зиянды шығарындыларды бақылауға, экологиялық қауіпсіздікті арттыруға және ашықтықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл мақсаттарға қомақты қаржы бөлініп, экологияны қорғаудағы заманауи тәсілдердің нақты көрінісіне айналды.
Иә, «Таза Қазақстан» тек тазалық акциясы емес. Бұл – қоғамның экологиялық санасын өзгертуге бағытталған идеологиялық жоба. Яғни, басты мақсат – адамдардың табиғатқа, қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыру. Аймақтағы мекемелерде өткен кездесулерде су ресурстарын үнемдеу, қалдықтарды сұрыптау, табиғатты қорғау мәселелері кеңінен талқыланып келеді. Ол кездесулерге мыңдаған адам қатысып, өздерін толғандырған сұрақтарды ортаға салуға мүмкіндік алды.
Бастысы – бұл жоба қоғамда жаңа мәдениетті қалыптастыруда. Тазалық енді бір реттік акция емес, әр азаматтың күнделікті өмір салтына айналып келеді. Тұрақты сенбіліктер, жастардың белсенділігі, қатаң экологиялық бақылау және жаңа технологиялардың енгізілуі өңірдегі экологиялық ахуалды жақсартуға ықпал етіп отыр.
Манас АҚСАРЫ
