Облыста экономиканың барлық саласында өсім бар. Өнеркәсіптік кәсіпорындар 9 айда 3 трлн теңгеге жуық өнім өндірді. Өткен жылдың сәйкес кезеңіне инвестиция 14,6%-ға артып, 680 млрд теңгеге жетті. Жыл соңына дейін үш мыңға жуық жұмыс орны ашылып, он жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Аймақтың фермерлері алғаш рет рекордтық астық жинады – өнім миллион тоннадан асты.
Облыстың дамуы туралы Saryarqa телеарнасында тікелей эфирде аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев айтып берді. Ол бизнестің іскерлік белсенділігін арттыру үшін қандай жұмыстар жасалып жатыр деген сұраққа жауап берді.
«Іскерлік ахуал» тәуелсіз рейтингін бағалау бойынша Қарағанды облысы елімізде жетінші орында тұр.
Шағын және орта бизнесті қолдау және қолайлы бизнес-климат құру – басым міндет, деп атап өтті облыс әкімі.
– Республика деңгейінде көптеген бағдарлама әзірленді. Қаржылық қолдауды кеңейту үшін Даму қорымен бірлесіп «Кәсіпкер» өңірлік бағдарламасы әзірленіп, іске асырылуда. Жақын арада біз несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау түріндегі қолдауды бірнеше есе арттыруды көздеп отырмыз. Өңдеу өнеркәсібі, туризм жобаларына ерекше назар аударылады, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Сонымен қатар, барлық қажетті инфрақұрылымы бар шағын өнеркәсіптік аймақтарды құру басталды. Онда бизнес өз өндірісін ең төменгі жалдау шартымен орналастыра алады. Мұндай алғашқы индустриялық алаңдар Қарағанды мен Саранда іске қосылды. Бұл тәжірибені басқа қалалар мен аудандарға тарату міндеті тұр, деп атап өтті облыс әкімі.
Өңір басшысы елімізде бірінші болып Қарағанды облысы бөлшек сауда салығын 4-тен 2%-ға дейін төмендеткенін еске салды. Нәтижесінде арнайы салық режимін қолданатын салық төлеушілер саны 16 есе өсті. Тартымдылықты көріп, облысқа басқа аймақтардан салық төлеушілер келді. Бұл қазынаны едәуір толықтыруға мүмкіндік берді.