Өткенді зерделесек, Алаш жұрты ішкі және сыртқы жаулармен үздіксіз шайқасқан. Туған жердің тұтастығын ту етіп, атойлап жауға шауып, ерлігімен есте қалған ерен тұлғалар қазақ тарихында аз емес. Солардың бірегейлері Қаракесек – Кәрсөннен шыққан Баймұрат, Қандықараша және Жантай батырлар туралы не білеміз? Олардың батырлығы, ерлігі, еліміздің тәуелсіздігін жақындатуға қосқан үлестері халық арасында лайықты орын алғаны сөзсіз. Ғасырлар бойы есімдері елдің аузында аңызға айналып ұрпақтан ұрпаққа айтылып келеді.
Менің қолыма Шет ауданы, Босаға ауылының тумасы, қазіргі уақытта Балқаш қаласының тұрғыны, теміржол саласының майталманы Көбдіков Нұрхан Әрімбекұлының жинаған деректері түскен еді. Ол қызметтен қолы босаған жағдайларда еліміздің, ру-тайпалардың тарихын зерделеумен айналысады екен. Жерлесімнің осы жинаған деректері қолыма қалам алып, мақала жазуыма түрткі болды.
Нұрхан Әрімбекұлы жазбаларында: «Бұдан бұрын ешқашан айтылмаған әңгіме, шежірелерді хатқа түсіру менің тәжірибемде болған емес. Бұл жазбаны бастардан бұрын ертеде ақсақалдардан естіген әңгімелер мен әр жерде оқыған әдеби, ғылыми, тарихи жазбаларды есіме түсіріп зерделеп, әрине аздап әсерлеп жазуға тырыстым. Егер де сізге ұнамаған немесе шындыққа кереғар, басқа рудың азаматтарының намысына тиетін жерлері болса кешіріммен қарауларыңызды сұраймын. Қателіктерді түзетуге болмаса тіпті өшіріп жаңаша жазуға да келісемін» деп бастайды.
Хош, сонымен Алданазар баба бес Назардың (олар Алданазар, Бекназар, Байназар, Ерназар, Құлназар) үлкені. Бізге жеткен ақсақалдардың айтуларында Алданазар (Алықұл), Рысқұл бірге туған. Алықұл – Рысқұл деп қатар аталып, Кәрсөннен (Тәңірімбердіден) тараған. Үш ағайынды бәйбіше балалары мен тоқалдан туған бес Назар заманы Әз Тәуке тұсында, біреулердің айтуынша Еңсегей бойлы ер Есім хан заманымен тұстастырады. Арғын – Қаракесектің Ақтабан шұбырындыға дейін Сырдың бойын қоныстанғаны белгілі. Сұраулыдан тараған сегіздің жетеуі Сыр жерінде мәңгілік қоныс тапқанға ұқсайды. Арқаға бет алған көшті сегіздің кенжесі Құлназар баба бастап келіпті. Көш жол-жөнекей талай шапқыншылыққа ұшырайды. Кейінгі буын бес Назар балаларының Алданазар (Алықұл) ересегі Баймұрат Құлназар бабаға серік болып, қиындықта ақылшысы, әрі көмекшісі болған.
Баймұраттың ерлігі мен ақылдылығына риза болған Құлназар баба жаңа қоныста жер бөлу билігін соған берген екен. Ал енді бір соғыста Баймұраттың аяғы сынған. Соғысты тоқтатпас үшін сынған аяғын қанжығасына байлап алып соғысқан деген деректер елдің аузынан біздерге жетті.
Баймұрат баба батырлықтан өзге ақындық, күйшілік, серілік атағымен мәлім болған деседі.
Сонымен бірге Кіші жүздің Жаппас атанатын руында атамыз Баймұратпен аттас батыр бар екені рас. Кейінгі Кіші жүзден шыққан жазушылар Баймұрат бабалары жайында әңгімелерінде Арғын – Қаракесек Баймұрат туралы естіген ерліктерін Жаппас Баймұратқа теңеді. Бір-ақ Баймұрат туралы ерліктер мен өлең жырларда Баймұрат аты Арғынның би батырларымен қатар аталады. Қаздауысты Қазыбек би, Қанжығалы Бөгенбай батыр, Тарақты Байғозы батыр, Каракерей Қабанбай батыр, тағы басқалардың жазбаша тарихи деректерінде Баймұрат есімі тұрғаны анық. Онымен бірге Найманның сұлтаны Көкжал Барақпен де қатар аталады. Баймұраттың қайтпас беттілігі мен сөзге шешендігі айрықша суреттеледі. Көкжал Барақпен тарих сахнасында Баймұраттың қатар айтылуы – бірге жүргендігінің заңдылығы. Өйткені, олар бауыздау құда болды. Көкжал Барақтың қызы Баймұраттың Ақпан деген баласымен атастырылған.
Қазақтың Ресейге бодан болуға қарсыласта Кіші жүз ханы Әбілхайырдың саясатына қарсылық күресте Баймұратты саясаткер және тарихи тұлға ретінде қарастыру шарт. Бұл туралы жазба деректер В.А.Сергеевтің «Петербургский посол» кітабында, Ресей патшасының сол уақыттағы елшісі К.М.Тевкелевтың күнделіктерінде, қазақ жазушысы Әбіш Кекілбаетың «Үркер» романында кездеседі. Сол кездегі Баймұраттың елші Тевкелевтың алдында сөз сөйлеуі осыларға дәлел.
Баймұрат сонымен қатар Орта жүз атынан Қаздауысты Қазыбектің елшісі ретінде қарастырылады. Қарағанды облысының картасында Жезқазған, Ұлытау елдімекендеріне жақын орналасқан ең бір шұрайлы жерлер Баймұрат атымен және өзен аты Қандықараша есімімен аталады. Жер, өзен аттары Баймұрат, Қандықараша есімдерімен атауының өзіндік себептері мынандай:
- Ұлытау, Жезқазған өңірі Бағаналы Найман жері десек, Найман сұлтаны Көкжал Бараққа досы әрі құдасына елге жақын жерден жер беру аумалы төкпелі заманда қажеттіліктен туындаған;
- Ел шетіне жау келсе шұғыл түрде тізе қосып бірігіп жауға аттануға мүмкіндік берген.
Баймұрат бабадан қалған «Асылым қызымда» деген сөз бар. Баймұрат қыздары ер мінезді келеді. Заманында ер-азаматтармен бірге атқа қонып, олар қатарлы жауды аттан түсіріп, билік айтқан. Бұл сөздің екінші мағынасы қыздан туған жиендердің ақылды, атақты болуы. Мысалы әлем таныған Кеңес одағының (КСРО) халық әртисі Сыдық Мұхамеджанов сынды азаматты айтуға болады. Баба ұрпақтары өсіп-өніп сегіз ата Кәрсөн ішінде ғана емес – еліміздің түпкір-түпкірінде ұрпақ жаюда. Бүгінде олардың қатарында аттары қазаққа мәлім небір азаматтар шыққан. Баймұраттың қара шаңырағы Киікті елді мекенінде тұратын оның Сары батырдан тараған ұрпағы Ошақбайда сақталған.
Кәрсөн шежіресінде Алықұл, Рысқұл қатар алалатын болса, Рысқұлдан туған Қандықараша батыр Баймұраттың серіктес інісі. Анасының құрсағынан шыққанда қан уыстап туған дейді. Әкесі Рысқұл «батыр туды» деп ырым санап есімін Қандықараша атаған.
Қандықараша Рысқұлұлы да ағаларымен қатар батырлықпен аты шыққан. Оның есімі Софы Сматаевтың «Елім-ай» трилогиясында бірнеше эпизодта аталады.
Көнекөз қариялардың айтуында Баймұрат руында болған мына оқиға ерекше айтылады. Қандықараша көз тірісінде Алықұл, Рысқұл ұранына айналған. Жорықтан келе жатқан Қандықараша батырға алыстан жалғыз атты көзіне ұшырайды. Сол жолаушы жайбарақат ат үстінде сыбызғы ойнап, жақындаған бетте батыр мен қасындағы жігіттеріне мойын бұрмастан кете барады. Қандықараша бір жігітіне жолаушының кім екенін біліп келуге жұмсайды. Жолаушы қасына келіп жөн сұраған жігітке жауап қатпастан қамшысымен бір-ақ тартып аттан түсіріп кетеді.
Мұндайды күтпеген Қандықараша батыр енді қасындағы жігіттердің бірнешеуін жұмсап, бейбастық жасаған жолаушыны алдына алып келуге бұйырады. Жалғыз атты қасына жеткен жігіттердің оңына келгенін оң жағынан, солына келгенін сол жағынан қамшысымен бір-бір тартып, аттан түсіріп, жолымен жүре беріпті. Ашуға мінген Қандықараша жақындап келгенде, жолаушы батырды қамшысымен тартып жіберген екен. Аттан түсіп қалуға аз-ақ қалған батыр қайта айналып, екінші мәрте оралғанда жолаушы батырға қарап:
– Мына жігіттеріңнен сенің артықшылығың екі қамшылық екенсің, – деген екен.
Қаруын сайлап ұмтылған батырды жолаушы қамшысымен екінші тартқанда батыр аттан түсіп қалыпты. Есін жиып қасындағы жігіттеріне:
– Сендер елге қайтыңдар. Мынау тегін адам емес. Мен кім екенін білмей қайтпаймын, – деп жолаушының соңынан салған екен.
Жолаушы артынан жеткен ат дүбіріне мойнын бұрып, батырды таныған соң:
– Әй, екі қамшылығым келдің бе? Маған еріп үйіме жүріп қонақ бол! – деген.
Жолаушының үйіне келген соң:
– Батырым, есіңде болсын, жапан түзде жалғыз жүрген жолаушы, не астындағы атына сенеді, немесе өзіне сеніп жүреді. Маған жолыққан талай ерлердің ішінде менің бір тартқан қамшымнан аттан түспеген сен ғана, – деген.
Бұл жалғыз жолаушы Найман елінің сұлтаны, атақты Көкжал Барақ болып шығады. Кездесу арты достыққа айналып, достықтың арты құдалыққа ұласыпты. Қандықараша батыр құда түсіп, ағасы Баймұраттың баласы Ақпанға Көкжал Барақтың қызын алып берген.
Сол Ақпаннан және Көкжал Барақтың қызынан үшеу туады: Жабағы, Жантай, Кенже және Болған атты бір қыз бар. Үшеуі ер жетіп, заманының «Үш көкжалы» атанған. Батырлық та, балуандық та, ақындық та үшеуіне де дарыған. Өмір сүрген замандары Кенесары – Наурызбай тұсындағы аласапыран кезеңге тура келеді.
Осындай алмағайып тұста ауылдың жылқысына жау тиіп, тал түсте дүркіретіп айдай жөнеліпті. Үйде отырған Болған қыз мінетін аттың ыңғайы болмай, қолына шаңырақ тірейтін бақанды алып, үй іргесінде шөгіп жатқан атан түйені міне салып, кеткен жылқының артынан салған екен. Жауға елден бұрын жеткен қыз алдына келіп, көлденең шыққан батырдың найзасын денесіне дарытпай қағып жіберіп, бақанман ұрып аттан түсіреді. Ізінше артынан жеткен елдің жігіттерімен жау түсірген қыз «Жантайлап» ұран шақырып, жауды қуып, жылқыны айырып алады.
Қолға түскен тұтқынның есін жиғызып, жауап сұрағанда тұтқын өзін Кенесарының ағасы Саржанның баласы Ержан төре екенін айтады. Ержан төренің тұтқынға түскен хабары жеткен бетте Кенесарының інісі Наурызбай Айыртаудын етегіне келіп, шатыр тігеді. Ойы Жантай батырды өзімен жекпе-жекке шақыру болады. Өйткені, Ержан төренің қыздың қолынан аттан түскенін намыс көріп, төрені Жантай батыр аттан түсірді деген хабар таралған. Жантай батыр ат-шапан айыбын алып Ержан төремен, жауға мінетін тұлпары Аққағаз деген атын жетектеп, сауытын қанжығасына бөктеріп, Наурызбайдың шатырына жаяулап келген екен. Наурызбай Жантайдың бұлай келісінен жекпе-жекке шығуға емес, бітімге келгенін түсініп:
– Уа, Жантай! Атыңды жетектеп, ақсауытты бөктеріп келген екенсін. Бітімге келуге әзірмін. Бір-ақ сен маған батырлығыңды көрсетші, – депті.
Жантай батыр шатырдың ішінде малдасын құрып отырып, шатыр сыртына есіктен көрінетін жерге жаңа сойылған малдың терісін жайғызыпты. Қызыл көрген сауысқандар тері маңайына жиналып шұқи бастайды. Шатыр ішінде отырған Жантай батыр орнынан ұмтыла тұрып, шатыр сыртында жас теріге жиналған сауысқанның екеуін ұрып түсіреді. Батырдың шапшаңдығына жиналған халық тәнті болады. Содан Наурызбай бітімге келіпті деген сөз бар.
Кейін батыр Кенесары – Наурызбайға еріп, ұлт-азаттық соғыста талай ерліктер көрсетеді. Батырдың кесенесі Айса станциясының батыс жағына қарай, Жаман-Сарысу өзенінің бойында. Қандықараша батырдың жанында орналасқан. Көзі тірісінде Жантай батыр ұрпағының ұранына айналған.
Осы мақаламда жазылған батырлар туралы деректер көп емес. Олардың өмірін, ел қорғаудағы қазақ тарихына қосқан үлестерін арнайы зерттеп, ешкім жазған емес. Дегенмен Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер», атақты жерлесіміз Софы Сматаевтың «Елім-ай» трилогияларында, жоғарыда атап өткен Әбіш Кекілбаевтың, орыс жазушысы В.А.Сергеевтің кітаптарында, Ресей елшісі К.М.Тевкелевтің күнделіктерінде олар туралы деректер кездеседі. Елдің айтуынша, тағы бір айтулы жерлесіміз, жазушы, этнограф, шежіреші Төрехан Майбастың батырлар жайлы жазғандары бар деп естідім.
Ендеше келешекте осы жазған мақалам жалғасын тауып, тың деректер табылып, батыр бабаларымыздың ерлігін сипаттайтын жазбалар болады деп сенемін.
Қалижан БЕКҚОЖА,
Қазақстан Республикасы Журналистер
одағының мүшесі,
Ақадыр кенті