Артына жақсы сөз қалдырып, есімі жұртшылық жадында жатталып қалған тұлғалар болады. Олар ел ісіне араласып, өңірдің, өлкенің дамуына қажырлы қызмет қылған адамдар. Саналы өмірінде туралықты ту етіп, елдік мүддені жоғары қоя біліп, елдің құрметіне бөленген жандар. Олардың есімін жас ұрпақ жаттап өсуі тиіс. Бұл жайында республикалық деңгейде қабылданған «Рухани жаңғыру» бағдарламасында ерекше аталған.
Бүгінгі әңгімеміздің арқауы өңірдің қоғам қайраткері, партия, кеңес органдарының қызметкері болған, мектепте талай шәкірттерге білім мен тәрбие берген, білікті ұстаз, ақын Бимақаш Сейітжаппар Әйкенұлы туралы.
Сейітжаппар Әйкенұлы Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Ақтоғай ауылында 1937 жылдың 5 желтоқсан күні туған. Әкесі Әйкен Әбдиұлы кең иықты, зор денелі, екі иығына екі кісі мінгендей ірі адам болған екен. Өмір бойы мал шаруашылығымен айналысқан. Төрт түлік малдың барлық түрін өсіріп, өнімін отбасының игілігіне пайдалана білген. Зайыбы Мырзабала екеуі 12 баланы дүниеге әкелген. Бала-шағасын асырау үшін ауылдан мал өнімдерін, жолшыбай Балқаш көлінің кептірілген балығын Талдықорған қаласына дейін апарып, басқа заттарға айырбастап әкеліп отырған. Кейін кен өндіріп, тіршіліктің көзіне айналған Ақшатау кентіне қоныс аударады. Ол уақытта бұл елдімекен КСРО басшысы Никита Хрущевтың бастамасымен құрылған Ақшатау өндірістік ауданының орталығы болып тұрған.
Сейітжекең туған ауылынан 18 шақырым жерде орналасқан аудан орталығы – Ақтоғай ауылының М.Горький атындағы орта мектебінде оқып, оны 1954 жылы бітіріп шығады.
Жастайынан физика, математика пәндеріне зерек болған балаң жігіттің өскенде ұстаз болсам, өскелең ұрпаққа білім беріп, тәрбиелеумен айналыссам деген арманы болады. Оның үстіне бала кезінен шығармашылықпен айналысып, өлең, жырларын да жазумен қатар әуестеніп жүрген. Сөйтіп жүрген мектеп түлегі облыс орталығына барып, Қарағанды педагогикалық институтының физика-математика факультетінің студенті болып шыға келеді.
1959 жылы педагогикалық институтты ойдағыдай аяқтап, физика-математика пәндерінің мұғалімі деген классификациясы бойынша дипломын алып шығады.
Алғашқы еңбек жолын Ақшатау кентінің С.Киров атындағы мектепте мұғалімдіктен бастайды. Ол кезде елдімекенде көп ұлттардың өкілі тұрған. Кен қазып, жұмыстың нағыз қайнап тұрған шағы. Бір сөзбен айтқанда, бұл жерді шахтерлер мекені деп атауға болатын еді.
Сейітжаппар Әйкенұлы қызу жұмысқа араласып, еңбекпен шыңдалып, зор тәжірибе жинақтай бастайды. Жас маманның жұмысына тәнті болған аудандық бөлімнің басшылары оны білім бөлімінің инспекторлық қызметіне шақырады. Осы мекемеде жемісті еңбек етеді. Аудан көлеміндегі мектептерге оқу-әдістемелік орталығының, білім беру ұйымдарының әдістемелік ұсынымдарын іске асырып, оқу-бағдарламалық құжаттамамен қамтамасыз етуде және әдістемелік жұмыс мазмұнын жетілдіруде көмек көрсетумен айналысады.
Алайда, үш жылдан соң Ақшатау өндірістік ауданы жабылып, қайта мектепке оралуға тура келеді. Өзінің еңбегін бастаған мектебінде директордың оқу-тәрбие жөніндегі орынбасары қызметін атқаруға тура келеді. Бұл жерде, әрине аудандық білім басқармасында қызмет еткендегі тәжірибесі ескерілгені анық.
1973 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің арнайы Жарлығымен Жезқазған облысы және оның құрамында Ақадыр ауданы құрылады. Жаңа аудан құрылған соң, жаңа кадрлар керек. Сейітжекең бірден Қазақстан Коммунистік партиясының аудандық аппаратының үгіт-насихат бөлімінің меңгерушілігіне шақырылады. Сол жылы Қарағанды қаласының Марксизм – Ленинизм университетінің философия бөлімін үздік бағамен бітіреді.
1975 жылы қайтадан ұстаздық қызметіне оралып Ақадыр станциясындағы №74 теміржол орта мектебіне (қазіргі уақытта Ә.Ермеков атындағы ресурстық тіректі мектеп-интернаты) директоры қызметіне келеді. Қызметін абыроймен атқарған ұстаз 1979 жылдан бастап өмірінің соңына дейін сол мектепте физика-математика пәнінен сабақ берді. Білікті ұстаздың жалпы еңбек өтілі – 54 жылға барып артылды.
Сейітжаппар Әйкенұлының еңбегі елеусіз қалмады. Оқу-ағарту ісіндегі ұстаздық еңбегі ескеріліп, 1989 жылы білім саласындағы ерекше еңбегі үшін «КСРО білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Сонымен бірге Алматы қаласындағы теміржол оқу мекемелері бөлімінің Құрмет Грамотасына да ие болды. 1975 жылдан бері кенттегі өзі жұмыс атқарған мектебінде жас ұрпақты тәрбиелеуде сіңірген еңбегі үшін мектептің педагогикалық кеңесінің шешімімен математика кабинетіне оның есімі берілген.
1985 жылы «Еңбек ардагері» төсбелгісімен марапатталса, 1986 жылы соңғы аттестациядан өткен қатынас министрілігінің «Социалистік жарыс үздігі» белгісінің иесі атанған.
2017 жылы облыс орталығында шыққан «Қарағанды облысының ұлағатты ұстаздары» атты 1-ші басылымында Сейітжаппар Әйкенұлының өмірбаяны мен атқарған еңбегі енгізілген.
Аудандық, кенттік Кеңестерінің бірнеше шақырылымдағы депутаты болып сайланып, сайлаушыларының аманатын орындауда көп еңбек сіңірді.
Ұзақ жылдары бойы кенттік еңбек және соғыс ардагерлерінің ұйымын басқарды. «Қазақ тілі» қоғамының белсенді мүшесі ретінде қазақ тілінің теміржол мекемелерінің арасында кеңінен қолданысқа енгізілуін, жиналыс, жиындарда басшылардың екі тілде баяндама жасауына, қазақ тілінің мәртебесін жоғары қоюға көп еңбек етті. Мекемелерге арнайы барып, басшыларымен кездесіп, олардың қазақ тілін меңгеруіне зор ықпал жасады.
Аудан көлемінде сіңірген көп жылғы ерен еңбегі, белсенді қоғамдық қызметі ескеріліп «Шет ауданының Құрметті азаматы» атағына қол жеткізді.
Сейітжекең өзінің саналы өмірінде шығармашылықпен айналысуды тоқтатқан емес. Өлең, жырлары газет, жорналдарда, атап айтқанда республикалық «Қазақстан мұғалімі», облыстық «Сарыарқа», «Орталық Қазақстан», аудандық «Ақадыр таңы», «Заман», «Шет шұғыласы» газеттерінде жарияланып жүрді.
Көзі тірісінде екі бірдей жыр кітабын жарыққа шығарды. 2001 жылы «Санатты өмір сәтінде» атты өлеңдер жинағы шықса, 2010 жылы «Іңкәр көңіл сүйсінер үнсіз» атты екінші өлеңдер жинағы баспадан шықты.
Ұлы Абайдың 150 жылдық мерекесіне орай өткізген шешендік айтыстың облыстық, аудандық байқауларында жүлделі орындардан көрінді. Бірнеше өлеңі «Шет ақындарының антологиясы» атты кітабына енгізілген.
Елдімекендегі көше тойларын ұйымдастырғанда алдына жан салмайтын. Әсіресе, Абайдың образын сомдағанда, оған қарап тура бір данышпан бабамыз тіріліп келгендей сезімде болатынбыз. Өзі де сол бабасының елі – Тобықты руының ұрпағынан.
Сейітжаппар Әйкенұлымен үй арасында үй жоқ көрші болдық. 1998 жылы менің ұлым Есенкелді мезгілсіз өмірден қайтқанда, бізбен бірге қатты қайғырды, өзінің баласындай жоқтады. Оған арнайы өлең жолдарын арнап, жерлеу рәсімінде жиналған қауымға оқып берді. Содан бір үзінді ұсынуды жөн көрдім:
Он сегізге толмастан,
Бақиға сен аттандың.
Туған-туыс, бауырға,
Аза жыр боп жатталдың.
Абай, Мұхтар суретін,
Кестеледің қағазға.
Арманыңмен үзілдің,
Тәу еттік барып мазарға.
Қарағанды, Жезқазған,
Талантыңа бас иіп.
Жақсы іске жол алған,
Қалдық біз де шын сүйіп.
Жарқ етіп жасындай,
Маңдайға сыймадың.
Топыраққа айналып,
Барша жұртты қинадың.
Алтын ұя мектебің,
Сені іздеп жоқтайды.
Жазмышта мәңгі көктегін,
Атыңды ұрпақ жаттайды…
Осы өлеңін халық алдында оқығанда жыламаған ел болмады.
Бірде маған аты республикамызға мәлім, көрнекті прозаик, Қазақстан Республикасының Жазушылар одағының мүшесі Өмір Кәріпұлы: – Қалижан, сен қазір шығармашылықпен айналысып, Ақадыр өңіріне, кентімізге еңбегі сіңген адамдар туралы жазып жүрсің. Осы соңғы кезде Бимақаш Сейітжаппар Әйкенұлы ұмытылып бара жатқан сияқты. Сен ол кісіні жақсы білесің, жаза да аласың. Сол кісіге бір естелігіңді арнасаңшы, – деп қолқа салған болатын.
Әрине, ол кісінің айтқанын жерге тастауға болмайды.
Негізі Сейітжаппар Әйкенұлы Өмекеңмен бірге игі істерде үзенгілес болып, қасынан табылып, ауданның қоғамдық жұмыстарына белсене араласып жүрген.
Өмір Кәріпұлының бастамашыл тобында ел басқарған Исмақов Серік, Ұлы Отан соғысының ардагері Бөкенов Қоржынбай, ұлағатты ұстаз Жамбылов Темірғали табылып жүрді. Осылардың ішінде белсенділігімен көзге түсе білген Сейітжекеңнің еңбегі бір төбе.
Бастамашыл топ кенттің көшелерінің, мектептердің көбісі орысша аталғандықтан соларды қазақыландыруда, қазақ елінің бостандығы жолында күрескен Ақжолтай Ағыбай, Байғозы, Жарылғап, Күшікбай батырлардың, Ұлы Абайдың, алашордашы, ғалым-математик Әлімхан Ермековтың, мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы, ақын Сәкен Сейфуллинің, композитор Сыдық Мұхамеджановтың, ақиық ақын Свет Оразаевтың, тағы басқа қазақ ұлтына еңбегі сіңген адамдардың есімін бергізуде зор еңбегін сіңірді.
Бір жылдары пойызбен Жезқазғанға сапарлап бара жатқанда купеде бірге келе жатқан бір ақсақалмен таныстым. Ол менің ақадырлық екенімді білген бетте:
– Балам, сен Бимақашев Сейітжаппар деген кісіні танисың ба? Ол кісіні Ақадырда тұрады деп естуші едім, – деп сұрады.
– Әрине танимын. Ол кісі бұрын мектеп директоры болған, қазір мұғалім. Менің көршім, – деп жауап бердім.
Сөйтсе, Сейітжекең 1959 жылы үш-төрт қыз-жігіт бірігіп Жаңаарқаның В.Ленин атындағы мектебіне студенттік тәжірибе алуға келеді. Сейітжаппар ағамыз бойшаң, сұлу мұртты, нағыз жігіттің сұлтаны болыпты. Сол жерде оған жас мұғалім қыздар да, жоғарғы сыныптағы оқушы қыздар да ғашық болып қалған екен.
Бас аяғы екі-үш айдың ішінде Сейітжекең бастаған топ мектепте күрес және көркемөнерпаздар үйірмелерін ашып, күрестен жарыстар өткізіп, мұғалімдер мен оқушылармен бірігіп спектакль қойылымын ұйымдастырады.
Күрес секциясына қазіргі уақытта қазақ еліне белгілі, самбо күресінен Кеңес одағының жеңімпазы, самбо, қазақ күресінен Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы Биткөзов Диқанбай Дүржанұлы да қатысып, көзге түсіп қалса керек. Сонда Сейітжекең елдің көзінше:
– Мына жігіттен түбінде мықты палуан шығады, – деген екен.
Шынында да Диқаңды қазір жалғыз Қазақстан емес, әлемнің біраз елі таниды. Бірнеше жыл өткен соң осы әңгімемді ауылдағы Кәріпұлы Өмір ақсақал да растады. Сейітжаппар Әйкенұлы студенттік тәжірибеге барғанда ол 10 сыныпта, жаңағы Диқаңмен бір сыныпта оқыған екен. Ал енді оның қасындағы студенттер – кейін өзінің сүйген жары болған, ұлағатты ұстаз Байтембаева Роза Жараспайқызы, Ақадыр аудандық білім бөлімінің басшысы, мектеп директоры болған Аскенов Кәкен Аскенұлы, оның зайыбы болған, КСРО «Білім беру ісінің үздігі» Сердалинова Бижамал Сердәліқызы екен.
Институт қабырғасында жүргенде Сейітжекең күрес секциясында шыңдалып, студенттер арасындағы талай додаларда мерейі үстем болған. Спорт шеберлігіне үміткер нормативін орындаған. Үстел теннисінен, шахмат ойынынан облыстық, аудандық жарыстарға қатысып қанжығасын майлап жүрген.
Сейітжаппар Әйкенұлы және зайыбы Байтембаева Роза Жараспайқызы екеуі үш бала тәрбиелеп өсірген. Өмірлік жары да ұстаз болып жемісті еңбек етті. Жұбайы тәрізді математика пәнінің мұғалімі болды. Аудан көлемінде үлгілі ұстаздардың бірі болып, Қазақстан Республикасының «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісін иемденген.
Үлкен қыздары Бәтіш Сейітжаппарқызы да әке-анасының жолын қуып, ұстаздықты таңдаған. Ақадыр кентіндегі Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейінде биология пәнінен сабақ беріп, сол жерден зейнеткерлікке шыққан. Қазіргі кезде Астана қаласында тұрады.
Ұлдары Медет Сейітжаппарұлы Қарағанды қаласының тұрғыны. Байланыс саласының маманы. Бүгінгі таңда жекеменшік мекемесінде жұмыс істейді.
Ал енді ең кішілері Қарлығаш Сейітжаппарқызы Ақадыр кентіндегі Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейінде педагог-психолог болып еңбек етеді.
Осы үш баладан атасы мен әжесі 5 немере, 7 шөбере көрді.
Бимақаш әулеті үш ұрпақтағы педагогтар династиясы. Өйткені, тағы бір немересі Дана Сементайқызы да мұғалімдікті таңдаған. Ол да мектепте ұстаздық етеді. Жалпы әке-ана, бала, немеренің еңбек өтілдерін санағанда 160 жылды құрайды.
Сейітжаппар Әйкенұлы 2012 жылы 75 жасында өмірден озды. 2022 жылы оның жұбайы Роза Жараспайқызы да фәниден бақиға аттанды.
Адам өмірінің қадыр-қасиеті азамат үшін бастан кешкен жылдар санымен емес, тындырған істерінің ауқымдығымен және құндылығымен бағаланады екен. Осындай саналы ғұмыр кешкен, өмірден өтсе де артынан із қалдырған, есімін халқы құрмет тұтқан азаматтарымыз көптеп саналады. Солардың бірі осы Бимақаш Сейітжаппар Әйкенұлы деп ауыз толтырып айтуға болады.
Қалижан БЕКҚОЖА,
Ақадыр кенті