Елдік пен ерлікті ту еткен Нұрбай батыр

Баба рухын мәңгі есте сақтау үшін оған ескерткіш орнату да уақыт талабы

Ең алдымен ұлттық тұлға деген ұғымға келсек, тарихи тұрғыдан ұлт үшін, халық үшін орасан маңызы зор, тарихи мәні терең іс-әрекетке барған, немесе аса жауапты тарихи сәттерде халық тағдырында айрықша орны болған адамға халықтың өзі осындай ұлттық, тұлғалық деңгейге көтеретін баға беріп отырған. Қазақ тарихының әр кезеңдерінде осындай орасан зор халықтық мәні бар тарихи оқиғаларға араласқан, немесе осы тарихи оқиғаларды басқарған,  ұйымдастырушы, дипломат болған немесе асқан ерлік көрсеткен азаматтар – халық батыры атанған. Ұлттың тұлғасы атанған. Қазақ ұлтының бағына орай әр ғасырда жаужүрек, батыр ұлдары мен қыздарын мол жаратқан. Ұлт содан аман қалған. Қазақ тарихындағы сондай баһадүр батырларымыздың бірі – Нұрбай  батыр.

Жердің тұтастығы, елдің бірлігін сақтап қалу жолында және қасиетті қазақ жеріне көз алартқан ұлтарақтай жер үшін сыртқы жаумен өмір бойы шайқасып өткен Нұрбай Алтайұлын тарихтан жақсы білеміз.

Арғын Нұрбай батыр – Есім  хан мен Жәңгір хандардың сенімді, жаужүрек батырының бірі болған. Ол шамамен XVII ғасырдың басында 1609 жылы туып, 1675 жылы дүниеден өткен. Оның есімі қалың Алтай руына ұран болған. Аса қырағы батыр Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданы Ақтау елдімекенініен әрірек Шажағай өзенінің бойында кіндік қаны тамған. Шамамен 1675 жылы сол өңірдегі Қопай деген төбенің басына жерленген. Нұрбай батыр мазарын Жаңаарқа өңіріндегі Қаражал қаласында 20 жылға жуық бірінші хатшы болған, мелекеттік қайраткер, геолог Қаратай Тұрысов, археолог Әлкей Марғұлан  екеуі 1959 жылы көргендігін айтады.

«Arqa Aqshamy» газетінің  №23 санында, яғни, 2025 жылы 19 маусым айындағы нөмірінде философия ғылымдарының кандидаты Мағжан Садыханұлының «Арғынның Нұрбай батыры» атты мақаласы жарияланған болатын. Осы мақалаға байланысты газетіміздің көптеген оқырмандарынан хаттар келіп түскен еді. Соның біразын жариялауды жөн көрдік.

 

Ғабиден Есенбеков, өнертанушы, мәдениет қайраткері:

– Арғын Нұрбай батырдың ұрпақтары Жаңаарқаның жанындағы «Қарауылтөбеде»  2017 жылы ас бергенде мен болған едім. Тамаша ұйымдастырған. 25 киіз үй тігіліп, ат жарыс, палуан күрес, аламан бәйге сияқты ұлттық ойындарды жұртшылық керемет тамашалады. Астың шымылдығын айтыскер ақын Аманжол Әлтаев ашты. Нұрбай батыр жөнінде аудан әкімінің сол кездегі орынбасары Қанат Қожықаев баяндама жасады. Мен «Arqa Aqshamy» газетінен «Арғынның Нұрбай батыры» деген мақаланы оқып көңілім толды. Олай дейтінім, осыдан 185 жыл бұрын Нұрбай батыр туралы құжаттың Омбы тарихи архивінен табылуы тарихымыз үшін үлкен олжа дер едім. Енді Нұрбай батырды тарихи тұлғалар тізіміне енгізу – республикалық  аномастикалық  комиссияның  парызы деуіміз керек.

Нұрбай батыр ұрпақтары өз қаражаттарына батыр бабаларына арнап ескерткіш салуды қолға алып жатыр деп естідім. Ескерткіш дегеніміз елдіктің белгісі емес пе? Мемлекет басшысы айтқандай, жөн-жосықсыз, дерек-дәйегі тарихта расталмаған туғандарына көше атын немесе Кеңес одағы кезінде трактор айдаған Ленин орденді туысына ауылдың атын беруді талап еткендер болғандығын жасырмауымыз керек. Ондай нәрсеге, тосқауыл қою керек деп Мемлекет басшысы Көкшетауда өткен Ұлттық Құрылтайда дұрыс айтты.

Ал енді  елі үшін жанын пида еткен Нұрбай батырдың жөні бөлек емес пе?

«Arqa Aqshamy» газетінен Нұрбай батыр жөнінде архивтен дерек табылғандығы жөнінде оқығынымда қатты қуандым. Бұл тарихымыздың жаңғырып жатқандығын көрсетеді. Қазақ үшін зерттеуді ізденісті қажет ететін дүниелер әлі де көп. Сондықтан, Нұрбай батыр тарихи тұлғалар тізіміне уақыт талабы. Халықтың ырыс-несібесін ұрлап сотталған Қайрат Боранбаевтың атақты адамдар тізіміне кіру масқара емес пе?

 

Қайыржан Күзембаев, Абай облысы, Абай аудандық музейінің директоры:

– Мен Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келген едім. Танысымның үйінен «Arqa Aqshamy» газетін қарап отырып оның ішкі бетінен Нұрбай батыр туралы мақаланы оқып, шын қуандым. Әсіресе деректің табылуы – нағыз құндылық. Омбы тарихи архивінің 1987 жылы алынған деректі растап, архив директоры Л.Чекалинаның «көшірме дұрыс» деп хат жіберуі керемет дүние.

Мұражайда талай жылдар істеп келе жатқан мен үшін архив дерегі бұлтартпас ақиқат. Сондықтан екі ғасырдан кейін табылған дерек негізінде Нұрбай батырды Мәдениет министрлігі сөзсіз  тарихи тұлғалар тізіміне енгізетіндігіне еш күмәнім жоқ.

Жалпы, Нұрбай батыр Ұлытау облысы, Жаңаарқа ауданында туғандығынан хабардармын. 1995 жылы «Ана тілі» газетіне журналист Мағжан Садыханов жазған «Нұрбай батырдың ерлігі бұрмаланбауы тиіс» деген мақаласын оқып Нұрбай батыр Ұлытау облысы, Жаңаарқа ауданында туғандығынан хабардармын. Тағы бір айтайын дегенім, егер батыр ұрпақтары өздерінің жеке қаражаттарына Нұрбай батырға ескерткіш салып жатса, жергілікті әкімшілік қолдау көрсетуі қажет деп ойлаймыз. Өйткені, Ескерткіш мәдени мұра болып мәңгілікке қалады емес пе?

 

Серік Негимов, филология ғылымдарының докторы, профессор:

«Arqa Aqshamy» газетіне Нұрбай батыр туралы шыққан мақала мені қатты ойландырды. Себебі екі ғасыр өткен соң мұндай деректің  табылуы жақсы жаңалық. Менің ойымша Омбы тарихи архивінен батыр Нұрбай Алтайұлы туралы деректің табылуы жалпыұлттық құндылыққа жатады. Олай дейтінім, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ономастика саласында белгілі тарихи тұлғалар мен қатар, жалпыұлттық құндылықтар да назардан тыс қалмауы тиіс» деген болатын. Демек, тарихи тұлғалар тізіміне Нұрбай батырдың енгізілуін толық қолдаймын. Оның үстіне Мәдениет министрлігі тарапынан қолдау болатындығы сөзсіз.

Арғын Нұрбай батыр жай ғана батыр емес, ол елдің тұтастығы мен ұлтарақтай жері  үшін қасықтай қанын аямай жаумен  күрескен қолбасшы ретінде мәңгі жадымызда қалуы керек. Батыр ұрпақтары өздерінің қаражаттарымен Нұрбай батырға ескерткіш орнатса құба-құп болар еді. Өйткені, ескерткіш қазақтың мәдени мұраларын мәңгілікке апаратын төте жол. Нұрбай батыр бабамыздың қадірлеудегі мақсат – жас ұрпаққа азаттықтың, бостандықтың, тәуелсіңздіктің құны мен қадірін жете түсіндіру арқылы оларды отансүйгіштікке тәрбиелеу емес пе?

 

Жанғали Жансейтов, тарих пәнінің мұғалімі:

– «Arqa Aqshamy» газетінен Нұрбай батыр туралы деректің табылғанына ерекше қуандым. Себебі, Нұрбай батыр туралы 89 жасқа келіп өмірден өткен Асаубай атам жиі айтып отыратын. Алтайға ұран болған Нұрбай батырдың ұраны «Шежекөз» болған дейтін. Алсайдың Бәйеш деген батыры, Жау қолына түскенде «Шіркін-ай, Нұрбайдың бес жігіті болғанда жау қолына түспес едім» деп өкініпті деп атам айтушы еді.

Біз Нұрбай батыр туралы табылған дерекке өткен тарихымыздың тағылымды өлшемі және  біртұтас тарихи идеологиямызға қосылған құндылық деп қарауымыз керек. Батыр тұлғаларымызды біліп, дәріптей алмасақ ел болғанымыз қайсы? Туған елі үшін толарсақтан саз кешкен тарихи тұлғалардың ерлік рухын білу – баршамыздың   парызымыз. Оны жас ұрпақтың бойына сіңіріп, дарыта білу – біздің  міндетіміз. Жастарымыз  Нұрбай батыр өмірін өнеге тұтып өссе, нұр үстіне нұр емес пе?  Арғын шежіресінде Нұрбай батыр туралы толыққанды айтылады.

«Ашынғанда шығады ащы дауысың» демекші жақында интернетте Уикипедияны қарап отырсам, танымал қазақтар тізімінде хандарымыз бен батырларымыздан кейін атақты кәсіпкерлер деп екі адамның Тимур Құлыбаев пен олигарх, миллиардап ақша жеп сотталған Қайрат Боранбаев тұр. Жағамды ұстадым. Сонда бұлар тарихи тұлғалар ма? Айтыңдаршы, ағайын? Тарихи тұлғалар тізіміне ыждаһатпен, жауапкершілікпен қарайтын кез келді. Ал, енді комиссия екі ғасырдан кейін табылған Нұрбай батыр дерегі негізінде бабамызды тарихи тұлғалар тізіміне  кіргізеді деп ойлайымыз. Нұрбай батырға ескерткіш орнатылса нағыз елдіктің белгісі болар еді. Өйткені, елдіктің белгісі-ескерткіш деп тегін айтылмаған.

 

Серік Оспанов, әнші, мәдениет қайраткері:

– Нұрбай батыр туралы деректің Ресейдің Омбы тарихи архивінен табылғандығы жөнінде «Arqa Aqshamy» газетінен оқып іштей таң қалдым. Мен бала кезімнен Нұрбай батыр туралы жақсы білемін. Бір жағы Нұрбай менің ұлы нағашым болып келеді. Әжемнің аузынан Нұрбай батыр ерлігі туралы талай әңгіме естіген едім. «Ештен кеш жақсы» дегендей Нұрбай батырды тарихи тұлғалар тізіміне кіргізіп, оған ескерткіш орнатсада артық болмайды.

Ұлылыққа негізделген ұлы тұлғалар, яғыни, кезінде жаумен шайқасып өткен қазақтың батырларын ешқашан ұмытпауымыз керек. Есім ханның сенімді батыры болған Нұрбай батыр жастыққа басы тимей, оның өмірі ат үстінде өткендігін жақсы білеміз. Ұрпақ сабақтастығы ұлы міндеттерге бастайды емес пе? Демек, Нұрбай батырды тарихта қайта тірілту дегеніміз – оны тарихи тұлғалар тізіміне енгізу. Тарихтағы батырлар есімі – бізді  батылдыққа, ержүректіккее үндейтін ұран болуы тиіс.

Нұрбай батырдың 18 жасында қалмақтың хас батыры Барғаймен жекпе-жек шығып оны өлтіруін үлкендердің әңгімесінен талай естігенбіз жас кезімізде. Қисалардан да оқыдық. Баяғыда ақсақалдар жас балаларды көріп, «өскенде кім боласың» деген сұрағына «Батыр болам!» деп нық сеніммен айту дәстүрге айналған болатын. Үлкендер мұны тегін сұрамаған ғой. Батыр бол деген сөздің астарында  туған елдің патриоты бол деген сөз жатқан жоқ па? Шындығында солай.

https://arqaaqshamy.kz/ar-ynny-n-rbaj-batyry-nemese-38-zhyldan-kejin-rasstal-an-zhat/

Бақтыбай Жұмадилдин, публицист, Қазақстанның құрметті журналисі:

– «Arqa Aqshamy» газетінен «Нұрбай батыр» туралы мақаланы толық оқып шығып өз ойымды газет арқылы білдіруді жөн көрдім. Талай жаугершілікті бастан кешіріп, о шеті мен бұ шетіне құс қанаты талатын казіргі кең байтақ өлкемізді, құтты қоныс, атамекенімізді ұлы жорықтарда батыр бабаларымыз білегінің күшімен, найзасының ұшымен қорғай жүріп бізге аманаттап қалдырды.

Осы еңбегі үшін халық биікке көтерген, ардақтап, аттарын аңызға айналдырған батырлардың ішінде, әсіресе, Абылайханның бас қолбасшылары саналған Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай болғандығы тарихтан мәлім.

Енді,  Есім ханның сенімді қолбасшысы болған Нұрбай батырдың да ерлігі ұрпаққа ұран болғандығына бүгін көз жеткізіп отырмыз. Сондықтан қазақтың айтулы батырларының бірі – Нұрбай  батыр ел тағдырындағы тарихи орнымен жасаған ерлік жорықтарының мәнімен маңызы бірнеше ғасырлар бойында ел жадында қалуы өз алдында, ал бүгінгі күнге архив деректеріміен бізге жетуі – ерекше  құбылыс. Сондықтан батырдың есімін тарихи  тұлғалар тізіміне енгізу қажет деп санаймын.

 

Түйін

Қазақ батырларының білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап қалған қасиетті, кең байтақ қазақ жері – бізге, бүгінгі ұрпаққа мұра болып қалған басты игілік деп білуге міндеттіміз. Осы, қазақ батырларының қаны тамған киелі жеріміздің қойнауындағы бар байлығымыз, тағы да осы батырларымыздың бізге аманат қазынасы – байтақ  жеріміз. Осыны біз бүгін көздің қарашығындай сақтай білуіміз парыз. Қазақ батырлары және олардың ел тағдырындағы тарихи орны дегенде, біз біріншіден, олардың тереңнен тамыр тартқан туған жер, Отан туралы идеясын бірінші қатарға қоюымыз қажет. Батырлар туралы бірде-бір халық мұрасы бұл идеяны айналып өтпеген. Туған жерді қорғау, сақтау, келер ұрпаққа аманаттау, ел бірлігі, ел ынтымағы идеясы – бізге  жеткен барлық тарихи мұралардың алтын арқауы. Қазақтың мың сан батырларымен бірге Нұрбай батырдың ерлігін, қаһармандығын  бүгінгі  күнге паш ету, ұрпақ сабақтастығына бастайтын төте жол.

Тарих дегеніміздің өзі зерттеу, өткен оқиғалар туралы әңгіме дегенді білдіреді емес пе? Сондықтан тарихи тұлғаларды үнемі насихаттап, тәуелсіздікпен сабақтастырып отыру – өмір талабы. Жалпы қазақ батырлары ұлттық рухтың қуатын, елдік пен ерліктің мұратын, батылдық пен ержүректікті  танытып кетті. Сол батыр бабамыздың бірі – Нұрбай  батыр екендігі тарихтан мәлім болып отыр.

Олай болса, ерлігі ұрпаққа ұран болған Нұрбай батыр баба есімін мәңгі еске сақтау мақсатында жоғарыдағы тарихшы ғаламдардың пікірі өте орынды деп білеміз.

Жаңаарқа ауданы әкімшілігі мен мәслихаты осыдан төрт жыл бұрын Нұрбай батыр бабаны мәңгі еске сақтау мақсатында оның атына көше берді және ауданнан шыққан тарихи тұлғалар тізімі жазылған мәрмәр тасқа батыр есімінің қашап жазылуы Нұрбай батырға деген тағзым деп түсінуіміз керек.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ            

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *