Сеңкібай батыр сауыты атақты Жақып Ақбайұлының қолынан өтіп бүгінге жетті деген сөз бар. Қазақ тарихында би ата аталған Сеңкібай батыр қандай қастерлі болса, Жақып Ақбайұлының есімі де сондай ардақты болса керек. Біртуар, кесек тұлға Алашорда үкіметін құрушылардың бірі ғана емес, бірегейі әрі қазақ мемлекеттігі жолында қажырлы іс атқарып, құрбан болған арыстардың атаулысы. 1876 жылы Қарқаралы уезінің Берікқара болысында (бүгінгі Ақтоғай ауданы) дүниеге келген Алаш арысының туғанына биыл 150 жыл толып отыр. Бұл мемлекеттік деңгейде аталып өтілуі тиіс мерейтойлар қатарында екенін еске салғымыз келеді.
Екінің бірі өзін алаштанушы танытып жүрген бүгінде жақыптанушы бар ма, білмедік. Еңбектері, қалдырған мұрасы, атқарған ісі республика аумағын былай қойғанда, осы Ақтоғай ауданы, Қарағанды облысы көлемінде насихатталып, дәріптеле ме деген сұрақ туады. Иә, біз Жақып Ақбайұлының атын білеміз, Алаш арысы екенін шырамытамыз, Әлихан Бөкейхандар бастаған қайраткерлер қатарындағы тұлғалар ретінде шығар деп шамалаймыз. Одан артық танитынымыз шамалы. Демек, жақыптану жолға қойылған жоқ деген сөз. Ол кім еді, қандай бағытты ұстанды, нендей істер атқарды, қазаққа қызмет ету жолы нені түсіндіреді, саяси көзқарасы, таным-түсінігі қай бағытты меңзейді? Осылардың бәріне егжей-тегжейлі жауап бар ма?
Жақып Ақбайұлы сауатын Қарқаралыдағы қазақ интернатында ашып, кейін Омбы гимназиясына түседі. Гимназияда оқу сол дәуірдегі қазақ жастары үшін сирек мүмкіндік еді. Білімін жетілдіріп, 1898 жылы ол Ресей империясындағы ең беделді оқу орындарының бірі – Санкт-Петербург университетінің заң факультетінің студенті атанды.
Жақыптың тарихи тұлға ретінде қалыптасуын оның туған ортасынан немесе кейінгі саяси күресінен ғана іздеу жеткіліксіз. Империя астанасындағы университет қабырғасында Жақып тек кәсіби білім алып қана қоймай, саяси дүниетанымын қалыптастырды. Оқу ордасында азаматтық және қылмыстық құқық, философия, экономиканы терең меңгерді. Сонымен қатар Археология институтында да қосымша дәрістер тыңдап, тарих ғылымына да бойлады. Бұл оның ой өрісінің кеңдігін, бір саламен шектелмегенін аңғартады.
Ең қызығы, Жақып Ақбайұлы студент кезінің өзінде-ақ әлеуметтік әділет мәселесіне бейжай қарамаған. Патша өкіметінің салық саясатын сынап, баспасөз бетінде мақала жариялайды. Саяси санасы әлдеқашан қалыптасқан ол заңды билікке қызмет етудің құралы емес, әділетсіздікті әшкерелеудің тетігі ретінде қабылдады.
1903 жылы Санкт-Петербург университетін бірінші дәрежелі дипломмен тәмамдаған жас Омбы сот палатасында, кейін Семей, Тобыл, Сырдария өңірлерінде қызмет етті. Жер дауы, алым-салық, болыстар мен атқамінерлердің озбырлығы – сол кезеңдегі қараша халықтың жанайқайына айналды деуге болады.
Оның қызмет жолында қудалау тым ерте басталды. Бірнеше рет қызметінен қуылып, қамауға алынды, жер аударылды. Саналы ғұмырында бұғауда жатқан халқын босатамын деп патша үкіметі кезінде де, Совет дәуірі кезеңінде де теперіш көрген дегдар тұлға ешқашан мұқалған жоқ.
Осыдан 120 жыл бұрын, 1905 жылғы саяси толқулар тұсында Жақып Ақбайұлының қоғамдық қызметі жаңа деңгейге көтерілді. Дәл осы кезеңде елдіктің іргесі қаланған «Қарқаралы» петициясын әзірлеуші қазақ зиялыларының көш басында болды. Бұл құжат – қазақ халқының отарлық езгіге қарсы заңды, саяси жолмен қойған алғашқы талаптарының бірі еді. Петицияда жер мәселесі, діни еркіндік, білім беру, сөз бостандығы, қазақ өкілдерінің Мемлекеттік Думаға қатысуы секілді түйінді мәселелер көтерілді. Құжаттың құқықтық тұрғыдан сауатты, дәлелді тілмен жазылуы да кәсіби заңгер Жақыптың ықпалында.
Әлбетте, бұл бағытта Жақып Ақбайұлы Әлихан Бөкейхан бастаған қазақ зиялыларымен бірлесе әрекет етті. Басын бәйгеге тіккен олардың бұл батыл қадамының салдары да ауыр болды. Петициядан кейін Жақыпты патша әкімшілігінің ерекше бақылауына алып, көп ұзамай қызметінен қуады. 1906 жылы тұтқындалып, Семей түрмесіне жабылды, кейін жер аударылды. Дегенмен бұл қуғын-сүргін Жақып Ақбайұлының жігерін жасыта алған жоқ.
Жақып Ақбайұлы жөнінде белгілі алаштанушы, заңгер-ғалым, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті басқарма төрағасы – ректоры Нұрлан Дулатбеков архивтік деректер мен естеліктерге сүйене отырып, оның тұлғасын тек саяси қайраткер ретінде ғана емес, әлеуметтік-гуманистік болмысы терең азамат ретінде бағалайды. Ғалымның пайымдауынша, Жақып үшін ұлтқа қызмет ету ұранмен емес, нақты іс пен адамға деген жанашырлық арқылы өлшенген.
«Сондай адамгершіліктің ерен үлгісінің бірі – ауылға келген сапарларының бірінде болған оқиға. Жақып аға Ресейден, Омбы шаһарынан оралып келе жатып, түрлі дәрі-дәрмектер сатып алады да, ауылға жеткен соң бір топ қара сирақ қазақ балаларын жинап алып, зайыбына олардың аяғын жуғызады екен. Содан соң әлгі дәрі-дәрмектермен ем-дом жасатады.
Осы көрініске қыр басында ерекше пейілмен қызықтай қарап жатып, өзі: «Киікбайдың балалары, маған разы шығарсыңдар, Бекметовтің қызына аяқтарыңды жуғыздым, одан артық сендерге не керек?» – деп әзілдейді екен.
Ал Жақып ағаның өмірлік серігі Гүлбаһрам Бекметова – Қарқаралы өңіріне белгілі, ауқатты көпес Халиолла Хамитұлы Бекметовтің қызы, текті әулеттен шыққан, қала мәдениетін көрген, еуропаша тәрбие алған жан болатын. Соған қарамастан, оның қарапайым қазақ балаларына осылайша жанашырлық танытуы – сол заманның әлеуметтік шындығын ескерсек, ерен адамгершіліктің айқын көрінісі еді.
Ілгеріде сөз еткеніміздей, ол бірнеше мәрте абақтыға қамалып, айдауға жіберілді. Ату жазасына да кесілді. Бірақ осының ешқайсысы оның азаматтық ұстанымын шайқалта алған жоқ. Совет үкіметі тұсында да сот, білім, әкімшілік салаларында қызмет атқарып, ел ішіндегі тәртіп пен әділеттілікті орнықтыруға күш салды. Алайда денсаулығы сыр беріп, ұзақ жылғы көрген теперіш өз ізін қалдырды.
1934 жылы Алматы қаласында дүниеден өткен Жақып Ақбаев – мансаппен марапатталған тұлға емес, тағдырымен күрескен қайраткер болып тарихта қалды.
Жақып Ақбайұлының өмір жолы бүгінгі тәуелсіз Қазақстан үшін де айрықша маңызға ие. Өйткені қазіргі құқықтық мемлекет идеясының түп-тамыры дәл осындай Алаш арыстарының өнегелі өмірі мен тағылымды жолында жатыр.
Бүгін біз Жақып Ақбайұлына қарап, өткеннің ғана емес, болашақтың да бағытын көреміз. Заңға адалдық пен адамға жанашырлық қатар тұрған жерде ғана елдік мұрат баянды болмақ.
Ерлік ТӘУЕКЕЛ
