Биыл адамзаттың ғарыш кеңістігін бағындырғанына 65 жыл толып отыр. 1961 жылы 12-сәуірде алғаш рет Байқоңыр ғарыш айлағынан Ю.А.Гагариин аттанған болатын. Ғарышқа жол ашқан Байқоңыр ғарыш айлағы мен космонавттар туралы көп айтылады. Алайда сол оқиғалардың көлеңкесінде қалып қойған, бірақ ғарыш бағдарламасының қауіпсіздігі мен дамуына үлес қосқан адамдар да аз емес.
Кеңес дәуірінде ғарыш кемелері ұшырылған сайын арнайы іздестіру және құтқару топтары дайын тұратын. Себебі ғарышкерлер қонғаннан кейін олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қажет жағдайда медициналық көмек көрсету – аса жауапты міндет еді. Кеңес өкіметі кезінде бұл жұмыстар құпия сақталатын. Олардың есімдері ресми хроникаларға енбей қалғанымен де космонавттардың қауіпсіздігі осы кісілердің кәсібилігіне тікелей тәуелді еді. XX ғасырдың екінші жартысында адамзат тарихында жаңа кезең – ғарыш кеңістігін игеру басталып, сол тарихи үдерістің негізгі ошағы қазақ даласы болды. Ал, Қарағанды облысы ғарыш бағдарламасының маңызды бір бөлшегі болды. Зымырандардың ұшырылуы, қонуы, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мұның барлығы күрделі жүйе арқылы жүзеге асырылады. Әсіресе, іздестіру-құтқару қызметтері аса жауапты міндет атқарды. Белгісіз координаттар, кейде Қарағанды табиғатының қатал мінезі, зымырандардың белгіленген нүктесінен алыс қонуы, белгісіз бағыт мұның бәрі олардың күнделікті өміріне айналған еді. 1962 жылы космонавт Андриян Николаев пен Павел Попович алғаш болып облысымыздың территориясына қонғаннан бері бұл үрдіс бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып келеді, яғни, қазіргі Ұлытау облысының аймағына әлі де ғарыш кемелері қонуда.
Бүгінде біздің сөз етпек кейіпкеріміз – Садық Ықымжанов. Ол 1941 жылы Семей облысында дүниеге келген. 1961 жылы Қарағанды медициналық институтына түсіп, 1967 жылы аяқтағаннан бастап әскери дәрігер болып подполковник шеніне дейін көтеріледі. 1978 жылдан бастап ғарышкерлерді іздестіріп, оларға медициналық көмек көрсету қызметінің басшысы болған. 6 дәрігер, 2 медбикеден құралған бұл топтың міндеті аса жауапты еді. Олардың міндеті – космонавтардың қону нүктесінде құрылған шатырларда алғашқы екі сағат көлемінде толық медициналық тексерістен өткізіп, қауіпсіз түрде дайындық орталығына жеткізу болды. Бұл айтуға оңай болғанмен, машақаты көп жұмыс еді. Ол кездерде төтенше жағдайлар да жиі орын алып тұратын, бірақ олар көбіне жарияланбай, құпия сақталды. Мәселен 1976 жылы қазан айында космонавттар орналасқан қону капсуласының жақындау жүйесі істен шығып, Теңіз көлінің үстіне құлайды. Қырсыққанда ауа-райы да күрт өзгеріп, күн суытып, қалың тұман басады. Уақыт түн жарымы. Мұздай ғарыш аппараттының ішінде шарасыз қалған ғарышкерлерге жедел көмек қажет болды. Осы кезде құтқару-іздестіру тобының ұшқыштары өз бастарын қатерге тіге отырып, көлге құлаған апаратты тауып, қауіпсіз жерге жеткізді. Арнайы құтқару жұмыстары кезінде құтқарушылардың өзінің өмірін қиған кездері де болған. Тағы бір келеңсіз жағдай, қолайсыз ауа-райының кесірінен Ұшуды басқару орталығы космонавттарға қонуға рұқсат бермеуге мәжбүр болған. Сонымен бірге қону капсуласының тежеуіші істен шығып, аппарат жерге қатты соғылғандықтан ғарышкер Аксенов айтарлықтай жарақат алады. Осындай оқиғалар кезінде арнайы құтқару тобының кәсібилігі мен жанкештілігі туралы архив құжаттарында бірнеше деректер кездеседі. Біздің бас кейіпкеріміз С.Ықымжанов аса жауапкершілік пен кәсібилікті қажет ететін осы қызметін 1991 жылға дейін, яғни, зейнет жасына дейін жалғастырады. Ғарышкерлерді іздестіру және құтқару қызметіне 14 жылын арнаған Садық Ықымжанов бірнеше мақтау қағаздары мен алғыс хаттармен марапатталған. Ол өзінің 2004 жылы шыққан «Индустриальная Караганда» газетіне берген сұхбатында былай дейді: «Менің алғашқы қарсы алған экипажым Владимир Коваленок пен Александр Иванченков еді. Олар ғарышта екі ай болып келді. Мен ғарышқа өзім ұшқандай толқыдым. Бірақ, сезімге ерік беруге болмайды, өйткені жауапкершілік өте үлкен еді. Кейін халықаралық деңгейдегі экипаждарды қарсы алып жүрсек те дәл алғашқыдай толқитынмын. Себебі, бұл сезімге бой үйрету мүмкін емес еді» . Міне бұл, біздің қордағы тарихқа елеулі үлес қосса да өздері елеусіз қалған тұлғалардың бірі ғана. Тарих осындай қарапайым адамдардың ерен еңбегі арқылы жасалады. Біздің міндет – архив қоймаларында сақтаулы жатқан көлеңкедегі есімдерді көпшілікке жария ету.
Дереккөздер:
- Қ.1580, Т.1, Іс 2
- Қ.1580, Т.1, Іс 3
- Қ.1580, Т.1, Іс 1
- Қ.1580, Т.1, Іс 5
- Фото архив қорынан
Мәмет Мәншүк
Жүнісова Мақпал
«Қарағанды облысының мемлекеттік архиві» КММ
