Энергетика саласында ауқымды жобалар бар

Облыста энергетика саласын нығайтуға баса көңіл бөлініп отыр. Бұл бағытта өңірлерде бірнеше қазандық жаңадан салынып, турбоагрегаттар жаңғырылуда. Ауылдық елдімекендерде де тиісті жұмыс қарқын алды. Мәселен Бұқар жырау ауданының Қушоқы кентінде жаңа модульдік қазандықтың құрылысы басталды.

Кенттегі қазандықтың жұмыс істеп тұрғанына жарты ғасырдан асты. Яғни 1971 жылы қолданысқа берілген. Жаңа қазандық осы ескі орталықты алмастыруды көздейді. Қазір ғимараттың металл конструкциялардан жасалған қаңқасы тұрғызылды. Және әрқайсының қуаты 4 МВт болатын бес қазандық орнатылды. Енді қазандыққа көмір беріп, одан күл шығаратын жүйе тартылып жатыр. Құрылыс жақын уақытта аяқталуға тиіс. Одан кейін қазандық сынақтан өтеді. Аудан әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, жаңа нысан кенттегі жылумен қамту жүйесінің нығайтып, жылыту маусымын ойдағыдай өткізуге мүмкіндік береді.

Жалпы, облыста энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асып жатыр. Бұл әрине, күн санап өсіп келе жатқан қалалалар үшін маңызды. Облыс әкімдігінің ақпараты бойынша былтыр магистральдық жылу желілерін жаңғырту нәтижесінде тозу деңгейі 64,3 пайыздан 60,3 пайызға дейін төмендеді. Қарағандыда ұзындығы 22 шақырым болатын 3-ші жылу магистралі қолданысқа берілді. Соның арқасында 21 мыңнан астам пәтер тұрақты жылумен қамтылды. Бұл жоба аймақтағы инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы ауқымды жобалардың бірі деп бағаланып отыр.

Жаңғырту жұмыстары энергетика кәсіпорындарында да қарқынмен жүзеге асты. Мәселен «Топар» ГРЭС-інде №3 турбина толық ауыстырылды. Теміртаудағы «Qarmet» АҚ-ның ЖЭО-2 нысанында №7 қазандық агрегаты жаңадан қойылды. Ал Қарағандыдағы №3 жылу-электр орталығында кәсіпорынның қуатын арттыру жұмыстары басталды.

Сондай-ақ облыста 171 шақырым болатын электр желісі қайта тартылды. Нәтижесінде, электр желілерінің тозуы 68,6 пайыздан 68,3 пайызға дейін кеміді. Энергия қуатының ұлғаюына жаңартылатын энергия көздері де айтарлықтай үлес қосты. Жыл ішінде 514,5 млн кВт/сағ электр энергиясы өндірілді. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 2 пайызға артық.

Ал газдандыру бағытына келсек, облыста 6 902 тұрғын үй көгілдір отынға қосылды. Мұнда Қарағанды қаласында – 4 723 үй, Теміртауда 2 179 үй газға қол жеткізді. Сонымен қатар облыстық бюджет есебінен газдандыруға пайызсыз несиелер беріліп, 513 отбасы қаржылай қолдауды пайдаланды.

Сумен жабдықтау  инфрақұрылымын жетілдіру мақсатында облыс қалаларында 104 шақырым су желісі тартылды. Ал 12 ауылда 45 шақырым су құбыры салынды. Бұдан бөлек, 91 шақырым су құбыры қайта жөндеуден өтті. Ауызсудың сапасын арттыру мақсатында 45 ауылда кешенді блок-модульді тазарту қондырғылары орнатылды.

Ауқымды жұмыстар туристік шаһар Балқашта атқарылды. Мұнда қала салынғалы алғаш рет инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту жүріп жатыр. Екі жыл ішінде қалада 80 шақырымнан астам коммуналдық желі жаңартылды. Сорғы станциялары жаңадан қойылып, ескі кәріз коллекторы қайта жаңғыртылды. Қала әкімі Сапар Сатаевтың айтуынша, соның арқасында апат саны азайды.

Жоба шеңберінде магистральдық жүйелер мен орамішілік желілерді қалпына келтіруді қоса алғанда 32 шақырым жылу трассасы жөнделді. Былтыр тағы 24 шақырымды жаңарту жоспарланып, жүзеге асты. Сондай-ақ, 44 шақырым су құбыры желісі жаңартылды. Ал биыл тағы 23 шақырымды ауыстыруды аяқтау көзделген.

Тағы бір айтып өтері, басты сорғы станциясы жөндеуден өтті. Трансформаторлар ауыстырылып, ұңғымалар жөнделді. Бұл электр берудегі өнімділікті арттырып, энергия шығынын қысқартуға мүмкіндік берді.

– 2024 жылы облыстық бюджеттің қолдауымен кәріз коллекторын қайта жөндеуден өткізіп, жеті шақырымнан астам желіні жаңарттық. Жылдар бойы шешілмей келе жатқан су бұру жүйесіне қатысты проблемала шешілуге тиіс. Бұл жұмыс жалғасады, – дейді Сапар Сатаев.

Былтыр 12 шақырым желі жаңартылып, сегіз трансформатор ауыстырылды. Ал инженерлік жұмыстар аяқталған жерлерде жолдар да ретке келтіріліп жатыр. Былтыр он көшеде 16 шақырым жол жөнделді.

Облыстағы ауқымды жобалар биыл да жалғасады. Бұл шаралар облыс әкімдігінің жіті бақылауында.

Манас АҚСАРЫ