Ерік НАРЫН — ақын, «Мөр» кітабының авторы, Қазақстан Жазушылар одағының, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
ҚАРА ШАПАН
Қара шапан –
Жауында әкем, сауында шешем киген,
Сол шапанның қойнына шекер де үйгем.
Жамау-жамау біз көрген балалықтай
Қайда қалды шапаным көшерде үйден.
Әкем – қойшы,
«қойшының таяғынан»,
Ат үстінде күн жүдеп, ай арыған.
Қара шапан ішінде талай қозы
Көзін ашып, нық тұрған аяғынан.
Біз де солай…
Бөлмемізге бас сұқса ұрыннан күз,
Қара шапан ішінде жылынғанбыз.
Қара шапан ішінде сыз әлемге,
Мейіріммен қарайтын суынған жүз.
Қара шапан секілді жаным – жамау,
Сағыныш боп кеудемде жағылды алау.
Жұлдызы көп мына түн сондай жылы,
Жамау-жамау шапанды жамылған-ау?!
АЯЛДАМА
Ақтоғайдан Айыртас ауылына барар жолда бір аялдама бар. Ол аялдамада жолаушы көлік күтпегелі он жыл өтіпті.
Жолдың бойы
Аялдама жалғыз-ақ,
Бұлтпен бірге тұрады ылғи зар жылап.
Жылайтыны – ең соңғы бір жолаушы,
Қала жаққа кетіп еді таңда ұзап.
Дәрігерден оралар
Бүлдіршіндер күтпейді енді анасын.
Нанбасыңа не амал бар, нанасың!
Сұлулар да сарбаздарын қарсы алып,
Бауырлары күтпейді енді ағасын…
Жалғыздыққа көну қиын
Ал, дауылға төзбес кім?!
Жалғыздыққа ұйқы бердім, шер кештім.
Аялдама тағдырласым боп шықты,
Күтпейді онда сағынғанын енді ешкім!
Маңайында,
жусандары бұлттың жасын қылғытып,
Күре жолдан ай мен жылды жылжытып,
Жалғыз өзі күре жолдың бойында,
Аялдама әлдекімді тұр күтіп!
***
«Қазығұрттың басында кеме қалған»,
Бұлаңдайды күдігім белең алған:
Бір кемеге жол бастап барады анық,
Көз алдымда суылдап жебе жалған.
Түйсігімнің түбінен жымыңдап от,
Қорқынышым сендірді-ау ырымға көп!
Адамзатты жарылқар аян түгіл,
Бір мұңлықты жұбатар жырым да жоқ.
Келер күнім мейірім береді деп,
Көкірегімде шоқ үміт келеді үдеп.
Топан мұңның тербелсін толқынында,
Ақ желкені жыртылған кеме жүрек.
Аулақ ұстап өзді-өзін былықтардан,
Сол жүректе не түрлі тұныпты арман.
Шер-күйіктің кемесі адасып кеп,
Қазығұрттай кеудемде тұрып қалған!
***
Ақында адамзаттан дос болмайды…
Мағжан Жұмабаев
Аярға да мұңын шаққан жат болмай,
Қайран көңіл аңқылдаған ақ маңдай!
Күнде бір дос тапқаныма қуанам,
Бір атадан соңғы тұяқ тапқандай.
Өлең оқып мейірімнің атынан,
Мәңгі серік жалғыздықтың атынан,
Досым көп деп өз-өзімнен мәз болып,
Барда жалғыз отырам.
Серік іздеп көтерілер Күн өрден,
Көкірегінде шер сүрленіп, мұң өлген.
Бұл жалғаннан тең таппаған өзіне,
Анау Күнмен тағдырласпын, білем, мен!
Күн – құдірет!
Құдіретке тағдыр тәйірі жүк пе екен?!
Күмән бе екен, көңілдегі күп пе екен?!
Тағдырына шыдай алмай өртенді ол,
Мен дегенің мықты екем!
ПЕРЗЕНТ ЖЫРЫ
Демалыста барам десем ауылға,
«Ешкім сені сағынған жоқ» дейді анам.
«Жан бар ма» деп осы мені сағынар,
Мұңға батып ойланам.
Түсінші, ана,
Көзге жас ап, отқа оранып кеудесі,
Топырағын сағынады кейде адам.
Сағынбаса сағынбасын мейлі онда,
Ең бастысы, мен сағынсам болғаны!
Күтер мені сағынып,
Туған жердің қалың елдей орманы.
Тамыр болып бітіп кеткен тәніме,
Ауылыма апарар,
Кең даланың тарам-тарам жолдары.
Айбыны асқақ қарсы алғандай патшаны,
Қарағайлар сап түзейді мен десе.
Тауларымның түсер биік еңсесі,
Айлап, жылдап бет-жүзімді көрмесе.
Ана, сенің сыздағандай жүрегің,
Таулардың да сыздайды ғой жүрегі,
Перзенті іздеп келмесе!
ТАЛДЫ ӨЗЕНІ
Өзендейін өмірдің тар кезеңі,
Тар кезеңде талайдың талды өзегі.
Тар кезеңге біздерді жәутеңдетпей,
Жағасында ойнатты Талды өзені.
Жағасына ой қуып жиі барғам,
Жағасында бал шақтың күйі қалған.
Төменге аққан ағысқа көз қадасам,
Төмен жақтан арбайтын биік арман.
Таппаса да қалауын жадау жанның,
Ауыл жұрты бар болса алаңдар кім?!
Сол өзеннің арнасы бір кездерде
Пейіліндей кең еді адамдардың.
Уақыт өтті, тарылды арнасы оның,
Қай жерінен үзілді жалғасы оның?
Арқалатып кетті ме толқындары,
Жағасында жайқалған бауға сорын.
Өзен жаққа мұңайып қарайды анам,
«Өмір сүреді екен ғой солай да адам!
Тар кезеңде кең болған арнасы оның,
Бар кезеңде тарылды қалай, балам?!»
СЕЛЕУ
Жатқан кезде түндік шетін от қауып,
Жүруші едік кең далада шөп шауып.
Ағам бір ән бастайтын-ды ыңылдап,
Көңілінің түкпірінен шоқ тауып.
Сары майдай сыр айтатын едік біз,
Оянып ап тыңдаушы еді келіп күз.
Сырымызды дауыстап-ақ айтатын
Сары күзге ақ жүрекпен сеніппіз.
Ағамдыкі – кеше кіммен сүйісті,
Ал, менікі – көзім кіммен түйісті.
Мөлдірліктен көкжиектей қызарып,
Нәзік қылдан төгілетін күй ішкі.
Оның жыры – үлкен өмір, жанталас,
Менің жырым – сол қыз еді парталас.
Титтей жүрек асқақ, ұлы сезімге,
Қарсыласа алмайды ғой – қауқар аз.
Уақыт өтті, талай гүлді көрдік біз,
Ұйқы қашқан талай түнді көрдік біз.
Мұңымыз бен жырымыз да бөлек боп,
Есейгелі сыр айтпайтын болдық біз.
Есейткелі тоқтауы жоқ жылдарым,
Сырларымды біледі тек жырларым.
Селеу болып шаншыйды кеп кеудемді.
Жан ағама айтпай жүрген сырларым.
АЛТЫН ТАУ
Ауыл жұрты тау ішінен бөтен көліктерді жиі аңғарады екен. «Олар – алтын іздеушілер» дейді.
Кент тауының бауыры,
Сары алтынға толы екен.
Көп қарағай тамыры,
Сол алтынға жол екен.
Алтыны көп бабамның,
Жаулары да мол екен.
Алтыны бар даламның –
Тау дегені соры екен.
Сейілмейді тұманы,
Жүрер жолы тар екен.
Адамның да жыланы,
Сол алтынға зар екен…
Ұға да алмай жүрміз көп,
Әр тасында қолтаңба.
Періштелер жұлдыз боп,
Жауады ылғи сол тауға.
Қасиетіне бас ұрар,
Кетпес оны тастап ел.
Әттең алтын жасырар,
Таппаған ба басқа жер?!
Мынау байтақ даламда!
ҚАСЫММЕН СЫРЛАСУ
Шындық біткен бұлқынып кермелерде,
Қаңқудай боп таралып елден-елге.
Жатыр және азалы ғасыр аунап,
Құрт меңдеген жаралы кеуделерде.
«Ар» дейміз-ау, сол ардан аттап алып,
Бөлеміз кеп жалғанды ақ-қара ғып.
Мына біздің құдықтай көкіректе,
Шәкәрімдей бір шындық жатқаны анық…
Айтар сөз көп, кімде не сабыр қалды,
Айтар едім, сөзде не қадір қалды?!
Кеудем – Қарлаг*, жүрегім – шерлі тұтқын,
Соққылайды түнімен қабырғамды.
Мінбелерден айқайлап ез, жасығы,
Түрмелерден түсе алмай көзге асылы,
Өжеттігі әлдене бүлдірер деп,
Рэмбоны* да қаңғыртқан өз ғасыры.
Көшелерден неше рет шеру көшті, ей,
Сонда да бір толмай жүр көңіл мешкей.
Айтармыз деп күтеміз бір уақытты,
Ашынасын сағынған көңілдестей.
* Қарлаг – саяси тұтқындарға арналған Қарағанды лагері
* Жан Николя Артюр Рэмбо – француз ақыны
АҢСАР
Жәутеңдей қарап көп белге,
Елестеп көзге гүл мүсін,
Жеткізбей қойған көктемге,
Күндерге налып жүрмісің?
Толады білем кейде ішің,
Ақтарылғың кеп ақпанға.
Күндерді өтпес деймісің,
Ғасырлар өтіп жатқанда!
Көп күндер көп ой түюмен,
Жол сілтеп кейде жолсызға,
Сүймейтін жанды сүюмен,
Жатыр ғой өтіп онсыз да!
Сағынып шықсаң бел бір шың,
Шын сүйсең байтақ әлем жыр!
Көктеміңді аңсап сен жүрсің,
Өткенін аңсап әжең жүр!
Күндер бар жылдай созылар,
Жылдар бар өтер бір күндей!
Жүрекке бәрі жазылар,
Шер болып қатып – күлдірмей!
Күттірді-ау сонша көктемің,
Төзімің бекем о, қалай?!
Аңсатса бір күн өткенің,
Қайтер екенсің, ботам-ай?!
Қайтер екенсің, ботам-ай?!
ҚАҒАЗ ҰШАҚ
Қағаз ұшақ,
Армандарым жазулы қанатыңда,
Ғашығымның есімі қанатыңда.
Ғұмыр әнім, қалықтап жүр екенсің,
Көк аспанның нешінші қабатында?!
Маған бір сәт үңіліп қарасын деп,
Тырмаланған жазсыншы жарасын деп,
Қанатыңнан төгіліп мөлдір жасың,
Өр таулардың шыңына қонасың кеп.
Қандай ғажап,
Арман көгін кезе алсаң бала құсап.
Сор боп бітпей басыңа саналы шақ.
Өсек-аяң, зұлымдық, күншілдіктен,
Бәрінен де биік ұш, қағаз ұшақ!
Құстың жолы –
Сен ұшатын айлақ ол,
Боялған тозаң нұрға.
Арқау болып қаншама ғазал жырға,
Шоқ жұлдызға тұтанып қос қанаты,
Сан мың ұшақ ағады көз алдымда.
Сен құлама!
ҚАҒАЗ КЕМЕ
Сағыныш шырқау шегінде,
Тірлікті жүрмін елемей.
Жүрегім нәзік менің де,
Кішкентай қағаз кемедей!
Қиял көп мені арбаған,
Самал жоқ мені өппеген.
Төменге қарай заулаған,
Оралмай кетті-ау көп кемем!
Жетелеп алға жел елер,
Дұға деп өлең арнадым.
Қайда екен сол бір кемелер,
Желкені – бала арманым.
Бұлт болып өтіп төбемнен,
Жалынан ұстап сағымның,
Айналып соғар сенем мен,
Жағалауына жанымның.
Күтумен алтынкүректі,
Талай да мұңмен ауырғам.
Кемедей нәзік жүректі,
Сақтай да жүріп дауылдан.
Балалық өтті, әй, қалай,
Жылғаны бойлап түнердім!
О, бәлкім, ойнап, байқамай,
Кемеге салып жібердім!
***
Шашыңды сенің көрпе қып,
Ұйқыға кетер тіршілік.
Отыңа лаулап, өртеніп,
Келеді тағы Күн шығып.
Гүлдер де саған еліктеп,
Әр таңда билеп жайқалар.
Нөсерін бұлттар төгіп кеп,
Өзіңді көріп жай табар.
Сені ойлап өтсе бір күнім,
Кеудеме дүрсіл сыймайды үн.
Бақыттың теріп түр-түрін.
Өзіңе гүл ғып сыйлаймын.
Толқиды көңіл көлдері,
Оның да сырын түн білген.
Өзіңді, жаным, көргелі,
Қанатсыз ұшып жүрмін мен!
ҮЗІЛГЕН ҮМІТ
Өткен түні,
Көз жасына толтырып түнек ішін,
Хабар күтті ол сенен, білемісің?
Үзбе десем тамырлы гүл үмітін,
Тәкаппарым, миықтан күлемісің?!
Ең болмаса xабарлас өтінемін,
Сен деп соққан жұп-жұмыр жүрегі үшін.
Көрмедің бе,
білмеймін білмедің бе,
Саған деген сезімнің сәуле, нұры,
Шашылатын жымиып күлгенінде.
Өкініш пен мұңдардан букет жасап,
Өксік келіп сөз салған сол мұңлыққа,
Әлдекімге сөз салып жүргеніңде.
Ер шын болса – жары мен күтер елі,
Бір жыл болсын, о мейлі, он жыл болсын,
Үміт берсең ол сені күтер еді.
Сені күткен азапты сағаттарда,
Сен біреуге сыйлаған раушан гүлдің,
Жүрегін кеп шаншиды тікенегі.
Терезеден қарсы алып мұңлы күзін,
Шықпай жүр деп естідім бөлмесінен.
Жылатпаса маxаббат өр несімен?
Біреулерге қырдан гүл үзіп жүріп,
Үзіп алдың үмітін кеудесінен!
ӘСЕМ
Ұйқым менің –
Тырнағына түндердің ілінбеген,
Сені ойлаған күнім мен түнім де өлең.
Түнгі аспаннан жұлдыз боп ағып түсіп,
Тілегіңді естиін күбірлеген.
Ғашықпын мен,
Жыларымды білмеймін күлерімді,
Бір тәтті мұң ішімде дүр өрілді.
Көзіңдегі ғажайып тұңғиыққа,
Жұлып тастай салдым мен жүрегімді!
Қарашада
Доғармадым ойлауды сені мүлде,
Қарашада желіккен желігім не?!
Қарашаға жанымды аманаттап,
Қар боп еріп кетейін ерініңде!
Көп қарайсың,
Аспандағы Ай ол сенің серігің бе,
Ал, жүрегің жердің қай бөлігінде?
Тәкаппарлау қарайсың көкжиекке,
Ол, себебі, өзіңнің ерініңде.
Күн сәулесін,
Кірпігі деп шеңбердің менсінбейсің,
Зау көгінен түссін не сөнсін дейсің.
Ажарымды тәрк етсе байтақ әлем,
Кірпігіме ілініп көрсін дейсің.
Төрт мұxит та
Қайтаруға байлығын салған күшін,
Солардыкі ғажайып маржан тісің.
Талай-талай аралдар қыршын кетіп,
Су астында сен үшін қалған, түсін!
Жаныңа егіз
Армандарың нәп-нәзік гүлге мәлім,
Сыбырыңды жеткізер жұлдыздарға,
Тозаң гүлдер.
Үрле бәрін!
Қолдарыңмен кеудеңді құшып тұрып,
Сыбырлай ғой,
аманат – түнге жаным!
ТАУ ЕТЕГІН ЖАЙЛАҒАН АУЫЛ
Қырдың басы толыпты молаларға,
Қарсы тұрар уақытқа шама бар ма?!
Куәгері әр қаза әр қайғының,
Қарт таулар мен қарқ еткен қара қарға!
Тағы біреу қауышты қара жермен,
Қаралы көш көрінді ала белден.
Тағы біреу қоштасып бара жатыр,
Ауылынан сән кеткен алаң елмен.
Асқақ таулар өрлікті ұран етіп,
Шыңдарынан ақ сәуле бұлаң етіп,
Ақ сәлдедей оранып ақ бұлттарын,
Аруақтарға тұрғандай құран оқып.
Бой көтеріп әр мола тау тасынан,
Орын тепкен қырлардың арқасынан.
Асқақ таулар қайысып зор қайғыдан,
Құламай тұр қалайша шалқасынан?!
Тас жүрегі таулардың соғар дүркін,
Болса да өршіл тауға да обал, жұртым!
Шыдай алмай таулар да тау қайғыға,
Жанартау боп атылар олар бір күн.
Түбі келер келгендей заман ақыр,
Бұрынғы ауыл сақталып санада тұр.
Тау етегін жайлаған ауылымды,
Жылдар жылжып, жер жұтып бара жатыр.
СҰР ҚОЯН
Түмен-түмен бұлт көшті төбемізден,
Желтоқсанның сызы өтті денемізден.
Қарағанның түбінде сұр қоян бар,
Алдымызда үш тазы келеді ізбен.
Шашақ құлақ үшеуі сары асықтан,
Біздерге еріп ақ асық бала шыққан.
Ұзақ жүрдік. Жалт беріп бара жатыр,
Сұр қояндай бір үміт қарашықтан.
Аңшылардың жүздері сорлы, күпті,
Қоян кері қайтатын жолды күтті.
Үш тағанды іздерге жәутеңдеумен,
Біз қояннан айырылдық болды, бітті!
Қанжыға бос,
Әнге бөлеп келеміз құла түзді,
Күн сәулесі айқындап тұрады ізді.
Үш тағанды із салып адастырма,
Ей, сұр қоян дүние, мына бізді!
ОН СЕГІЗІМ
Өмір деген – Күнді айналу…
Серік Ақсұңқарұлы
Жетім қылып қауқарсыз аңқау елді,
Жесір қылып гүл толы арқа-белді,
Әне, батып барады жарық Күнім,
Талақ қылып мен жүрген жарты әлемді.
Мән бермейді айқайға бұл жарық Күн,
Жарық Күнге мұң шағып шын жалықтым.
Суық, тайғақ, қатыгез, мұз әлемде,
Күн нұрынан жүр дейсің нұрланып кім?!
Күннен болар, түседі жарық көктен,
Шамшырақтың көлемі алып неткен!
Талайлардың дәуренін ептілікпен,
Осы ұры Күн – Батысқа алып кеткен!
Күннің сырын алдым-ау біліп қайдан,
Шындықты естіп салдым мен күдікке ойран.
Менің бала шағымды осы ұры Күн,
Батыс жаққа апарып тығып қойған!
Мына өмірді кекетіп қара бақыр,
Қанға толы ұяға қонады ақыр.
Батар Күннің қан тамған тырнағында,
Он сегізім ілініп бара жатыр!
