Эрудит конкурстарының негізгі мақсаты – қатысушылардың білім деңгейін арттыру, ой-өрісін кеңейту және интеллектуалдық қабілеттерін дамыту. Сонымен қатар, жастарды ғылымға, білімге қызықтырып, өз ойын дұрыс әрі мәдениетті жеткізе білуге үйрету.
2026 жылдың 13-наурызында «Эрудит. Онлайн» порталында «Лингвистика» бойынша ұйымдастырылған «Сөйлеу мәдениеті» Халықаралық конкурсына Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің ЛОГ-25-2 тобының студенті Ярослав Белоус 1-орын (пән оқытушысы К.К. Нуржанова), ГДМ-25-2 тобының магисттрі Александра Сивухина 2-орын (пән оқытушысы К.М. Хамзина) қатысып, жүлделі орындарды иеленді.
Аталған байқауға әртүрлі елдерден қатысушылар қатысып, өз білімдері мен біліктерін сынады. Конкурс барысында қатысушылардың тіл нормаларын сақтау, ойды анық әрі жүйелі жеткізу, сөз әдебін орынды қолдану дағдылары бағаланды. Бұл – тек теориялық білімді ғана емес, сонымен қатар практикалық сөйлеу дағдыларын талап ететін күрделі сайыс.
Бұл жеңіс студенттің сөйлеу мәдениеті саласындағы терең білімін, жауапкершілігін және үздіксіз ізденісін дәлелдейді. Сонымен қатар, бұл жетістік студенттің ғана емес, оны дайындаған оқытушы еңбегінің жемісі екені сөзсіз.
Сөйлеу мәдениеті – тек тілдік нормаларды сақтау ғана емес, ол – адамгершілік, әдептілік, құрмет пен қарым-қатынастың негізі. Осындай байқаулар арқылы жастар өз ойларын дұрыс жеткізуді, көпшілік алдында еркін сөйлеуді және тіл байлығын тиімді қолдануды үйренеді.
Бұл жетістік алдағы уақытта да жаңа белестерді бағындыруға жол ашады және тіл мәдениетін дамытуға қосылған маңызды үлес болып табылады.
Қорытындылай келе, эрудит конкурстары – білімді тереңдетуге, интеллектуалдық дамуға және тұлғалық өсуге бағытталған маңызды шаралар.
Болашақта да осындай жетістіктер жалғасып, білімді, бәсекеге қабілетті мамандар қалыптасады деп сенім білдіреміз.
Гүлмира САҒАТОВА,
«Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті»
Қазақ тілі және мәдениеті кафедрасының аға оқытушысы,
педагогика ғылымдарының магистрі
