Қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымы. Бұл құбылыс тек жеке адамның денсаулығына ғана емес, бүкіл қоғамның әлеуметтік, экономикалық және рухани дамуына кері әсерін тигізеді. Сондықтан есірткісіз қоғам қалыптастыру – әрбір азаматтың, әсіресе жастардың басты міндеттерінің бірі.
Осы саладағы негізгі құқықтық құжаттардың бірі – Қазақстан Республикасының «Есірткі құралдары, психотроптық заттар, олардың аналогтары мен прекурсорлары және олардың заңсыз айналымы мен теріс пайдаланылуына қарсы іс-қимыл шаралары туралы» Заңы. Аталған заң есірткі заттарының айналымын бақылау, олардың заңсыз таралуына жол бермеу және халықтың денсаулығын қорғау мақсатында қабылданған.
2026 жылдың 02 сәуірінде «Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті» КеАҚ, «Көлік, логистика және инженерлік экономика» факультетінің ЛОГ-25-2, ЛОГ-25-2с тобының кураторы Қ.Қ. Нұржанова «Құқықтық мәдениет негіздер» білім беру курсының күнтізбелік жоспарына сәйкес «Есірткі құралдары мен психотроптық препараттардың заңсыз айналымы» тақырыбына шеберлік кураторлық сағат өткізді.
Жастар арасында есірткіден сақтану – тек бір мекеменің емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Жүйелі және кешенді түрде жүргізілген шаралар ғана тиімді нәтиже береді.
Есірткіге қарсы күрестің маңызды бағыттарының бірі – алдын алу жұмыстары. Жастар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, салауатты өмір салтын насихаттау, білім беру мекемелерінде арнайы бағдарламалар енгізу – бұл мәселені шешудің тиімді жолдары болып табылады. Себебі есірткіге тәуелділік көбіне жасөспірімдер мен жастар арасында кең таралады.
Заң талаптарын сақтау, зиянды әдеттерден аулақ болу және салауатты өмір салтын ұстану арқылы ғана біз қауіпсіз әрі дені сау қоғам қалыптастыра аламыз. Жастардың өзін-өзі дамытуы үшін өмірлік мақсат қоюға бағыттау; көшбасшылық қасиеттерін дамыту; жауапкершілік сезімін қалыптастыру керек.
Жастар арасында есірткіден сақтану шараларына арналған шеберлік сағаты өзекті мәселені көтеріп, қатысушылардың бұл бағыттағы білімін арттыруға ықпал етті. Іс-шара барысында есірткінің зияны, оның алдын алу жолдары және құқықтық жауапкершілік туралы маңызды мәліметтер берілді. Қатысушылар өз ойларын ашық айтып, мәселенің маңыздылығын терең түсінуге мүмкіндік алды.
Нәтижесінде жастардың салауатты өмір салтына деген көзқарасы қалыптасып, зиянды әдеттерден аулақ болудың қажеттілігі айқындалды. Осындай алдын алу шаралары жас ұрпақты дұрыс бағытқа жетелеп, есірткісіз қоғам құруға негіз болатыны анық.
Алма АҚЫНЖАНОВА
Татьяна ТИМОХИНА
