Социалистік Еңбек Ері атақты шопан Шалғынбай Ынтықбаевтың өмірі мен еңбек жолы жайлы айтатын болсақ. Шалғынбай Ынтықбаев 1936 жылы Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Өркендеу ұжымшарында дүниеге келген. «Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл-көсір» демекші 1964 жылдан бастап Ақтау совхозының Айшырақ бөлімшесінде шопан болған. Ақтау совхозы негізінен қой шаруашылығымен айналысатын сол 1964 жылы құрылды.
Қажырлы еңбегі мен теккен терінің арқасында 1964 жылы «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталған. 1965 жылы Социалистік Еңбек Ері атағын алған. 2 мәрте Ленин орденінің, Алтын Жұлдыз медалінің иегері атанды. Бірнеше медаль, грамоталармен марапатталған. Жаңаарқа ауданының құрметті азаматы. 1995 жылы отбасымен «Батыр ауылы» шаруа қожалығын құрып, мал шаруашылығымен айналысты. Қазір әке еңбегін балалары жалғастыруда. Шалғынбай атамыздың жұбайы Жақсыбала апамыз екеуі 12 бала тәрбиелеп өсірген. Жақсыбала апамыз 2004 жылы «Алтын алқа» алқасымен марапатталған «Батыр ана». Атамыз 2014 жылы дүниеден өтті.
Ақтау өңірінде туып-өскен, осы шаруашылықтың қалыптасып-дамуына еселеп еңбек сіңірген адамдары, атпал азаматтар жөнінде сөз еткенде даңғайыр шопан Социалистік Еңбек Ері Шалғынбай атамыздың есімі алғашқылардың бірі болып ауызға алынады. Кезінде қой санын 50 миллионға жеткіземіз деп меже қойып, сол тұрғыда бүкіл еліміз жұмылып тер төккен жылдары еңбегі еш, тұзы сор шопандар қауымына ерекше көңіл бөлініп, құрмет көрсетілгені белгілі. Осы орайда әріптестері арасында бағы жанып, шоқтығы биік шығып еліміздің ең басты наградасы Социалистік Еңбек Ері алтын жұлдызын кеудесіне қадаған Ш.Ынтықбаев есімі кезінде аудан-аймақ тұрмақ, бүкіл Қазақстанға танымал болды. Ақтаудың табиғаты сұлу, жері бай, тарихы терең ырысты өлке. Осындай тамаша табиғат аясында өмірінің соңына дейін шопан болып еңбек етті. Бүгінгі күнде әкенің ақ таяғын қолына алып балалары әке жолын жалғастырып мал шаруашылығымен айналысуда.
Жирнов Николай Андреевичтің «Социалистік Еңбек Ері Жаңаарқа ауданы, Ақтау совхозының шопаны Шалғынбай Ынтықбаевтың портреті» деп аталатын 1967 жылы кенепте, майлы бояумен жазылған жұмысы біздің музей қорында сақталған.
Бұл шығармада суретші еңбек адамы Социалистік Еңбек Ері Ынтықбаев Шалғынбайдың портретін бейнелеген. Шопан аттың үстінде отыр сол қолымен аттың тізгінін, оң қолымен қамшы ұстап отыр, алдында ер тоқымның үстінде құрық көлденең жатыр. Бұл еңбек адамы бар өмірін осы қиыны мен қызығы мол шопандыққа арнаған.
Кеңес заманы кезінде Жаңаарқа ауданына қарасты Ақтау совхозы (1964 ж. құрылған) қой шаруашылығымен айналысқан. Былтырғы жылы 60 жылдық мерейтойын атап өтті. Кең жайлауда тау бөктерінде қой бағып жүрген шопан бейнесі көз қырағымен алысқа көз салып тұрғанын көруге болады. Сол Совхоз құлдырамай тұрған кезде қыстың боранды аязына, жаздың аптап ыстығына қарамай бар өмірін осы шопандыққа арнап қой төлдетуде әр 100 саулықтан 113-тен төл алып бүкіл Одаққа белгілі болып Социалистік Еңбек Ері атағын алған атамыздың бейнесі.
Сол кезде барлық суретші Еңбек адамдарының бейнесін сомдауға тырысқан, әрине бұл еңбек адамдары бүгінгі күнде, өздері бұл өмірде жоқ болғанымен ұрпақтары бар. Бұл кісілердің еңбегі әрдайым ұрпаққа үлгі. Көк аспан тау бөктерінде жайылып жүрген бір отар қой, жазғы жайлау көрінісін суретші тамаша бейнелеген.
Жирнов Николай Андреевич бұл шығармасы арқылы еңбек адамдарына деген құрметті көрсетікісі келген, әрі қарапайым ғана ауыл адамдарының осындай дәрежеге өз еңбектері арқылы жеткендігін көрсеткен. Тамаша табиғат көгілдір аспан, тау бөктерлері, кең жайылым, бір отар қой бағып жүрген шопан бұл ауылдың күнделікті тұрмысы.
Шопан болып қой бағу оны аптап ыстық, қыстың боранына қарамай шығынсыз алып шығу, қой малын төлдету еті мен жүнінің сапалы болу үшін талай еңбек, тер төгуге тура келеді. Әрине Шалғынбай атамыз 1952 жылдан 1995 жылдар арасында 43 жыл өмірін қой соңында өткізген қажырлы да қайратты азамат болған.
Қыстық қаһарына төтеп, ақ түтегімен бетпе-бет келіп, табиғат дүлейімен арпалыста таразы басын өз жағына аударып шыңдала түсті. Бір қыс қана емес, бірнеше қыстар бойы тау беткейіне отарды өргізіп, ат үстінен түспейтін күндері аз болған жоқ.
Осы жерде атамыздың кезінде Жаңаарқа газетіне берген сұқбатынан үзінді келтірсем деймін «…Алланың бергені шығар Жақсыбала (жұбайы) екеуміз он екі бала тәрбиелеп жеткіздік, барлығының өз қолдары өз ауыздарына жетті, үйленді, бала-шағалары бар. Құда-жекжаттарыммен қатынасым жақсы, арамызда қатысатын жорғамыз болмаса да, дорбамыз үзілмейді. Сый-сырымыз бір. Алматы, Астана, Қарағанды, Ақтау, Қызылорда, Жәйремде тұратын балаларым бар. Өзімнің оқып алған білімім жоқ болғанымен халқымның ортасында сый-құрметтен кенде қалған жерім жоқ. Үлкендерге жасымда жақсы іні бола білген шығармын, қартайғанда өзімді аға деп сыйлайтындар бар сияқты. Бұған мың мәрте шүкіршілік етемін. Жасымда жанымды сақтау үшін, үйленген соң қатарымнан қалмау үшін, балалы-шағалы болған соң оларды жеткізіп жетілдіру үшін-өзім көрген жетімсіздік пен жетімдікті оларға сездірмеу үшін табысы мол, бейнеті көп жұмысқа жегілдім. Еткен еңбек, төккен тер абырой әперді, – деп сөзін аяқтаған екен. (Жұмаділдин А. Жаңаарқа. Дерекнама. – Алматы: Кенже-Пресс-Медиа,2003.).
Әрине атаның ақ таяғын серік еткен балалары мен немерелері, ата жолын жалғастыруда.
Фотосуреттер отбасы архивінен алынды
МЕЙРАМГҮЛ ЕЛУБАЕВА,
Мәдениет саласының үздігі.
Қарағанды облыстық
бейнелеу өнері музейі
басшысының орынбасары