Фармацевтика маманы

Адам баласының саулығы мен саламатты өмір сүруі – мемлекет ұстанып отырған басты саясаттың бірі.  ХХІ  ғасырда әлемдік медицинаның мүмкіндігі арта түсті. Соның бірі тұрғындарды дәрідәрмекпен қамтамасыз ету саласы.

Бүгінгі таңда Кеңестер дәуірінде орайланған жүйенің орнына фармацевтикалық нарықтық жүйе қалыптасты. Нәтижесінде ірі фармацевтикалық компаниялар, фирмалар және дәріханалық ұйымдар пайда болды.

Осыған орай мемлекет деңгейінде аталған саланы дамытудың жаңа бағыттары айқындалды. Халықтың талабы мен таңдауына сай уақыттың өзі мықты мамандарды алға шығарды.  Бойында білімі мен қабілеті бар мамандар жеке кәсіп ашып, қызмет көрсете бастады. Бұл саладағы бәсекелестікті арттырып, жұмыс сапасының жақсаруына да сеп болды.

Ақадыр кентінде тұрғындарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ететін бірнеше дәріхана бар. Оның үшеуі жекелеген кәсіпкерлерге тиесілі болса, біреуі мемлекеттік яғни әлеуметтік дәріхана. Аталған нысандар дәрі-дәрмекпен тек қана кент тұрғындарын ғана емес, бүкіл Ақадыр өңіріндегі елді мекендердің халқын керекті дәрілермен, медициналық препараттарымен үздіксіз қамтамасыз етеді. Аталған дәріханалардың әрқайсысы туралы тілге тиек етіп, мақтауын жеткізіп әңгімелер жазуға болады.

Бүгінгі әңгімеміз осылардың ішіндегі «Ақсұлу» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі туралы болмақ. Аталмыш серіктестіктің директоры фармацевтика саласының маманы Түсіпова Айгүл Қалыбекқызы.

Айгүл Қалыбекқызы 1959 жылы Қарағанды облысы, Шет ауданы, Қайрақты кентінде дүниеге келген. Әкесі Қалыбек Түсіпұлы ауыл тұрғындары арасында беделі зор, аудан жұртшылығына танымал азамат болды. Еңбек жолын механизаторлықтан, көлік жүргізушіден бастаған ол ширек ғасыр бойы облыс, аудан көлемінде іргелі шаруашылықтың бірі болған «Октябрьдің 40 жылдығы» атындағы кеңшардың № 4 бөлімшесін абыроймен басқарып келді. Өзінің үлкен ұйымдастырушылық қабілетімен, адами мінезі мен қасиеттерімен, ерен еңбегімен ауыл шаруашылық саласының нағыз майталманына айналған. Зейнеткерлікке шыққан соң өмірінің соңына дейін дін саласына белсене араласып, ел арасында діндарлығымен танылды.

Анасы Қайыркүл Амантайқызы Қайрақты сауда кешенінде сатушы, кейіннен наубайхана меңгерушісі болып қызмет етті. Ерлі-зайыптылар қызуқанды еңбектің ішінде жүрсе де, 8 ұл-қыздарын тәрбиелеп өсірді.

Айгүл Қалыбекқызы Қызылту ауылының бастауыш мектебін бітіргенше әкесінің анасы – Ақсұлудың қамқорлығында болады. Одан кейін Қайрақты мектебінде оқуын жалғастырып, орта білім алып шығады.

Негізі, оның бала кезінен арманы – мұғалім  болу еді. Бірақ анасы болмай, дәрігер бол деп ол райынан қайтарады. Шындығында, оның биязы әрі нәзік болмысы, адам баласының бәріне мейіріммен қарайтын жанашыр мінезі тек дәрігер болуға жаралғандай. Алайда бұл міндеттің жауапкершілігі де оңай емес. Осының бәрін ой елегінен өткізе келіп, 1976 жылы Балқаш медициналық училищесіне оқуға түседі. Оқу орнын тәмамдаған соң туған ауылы Қайрақтыға келіп, еңбек жолын медбикеліктен бастайды.

Мамандығын әрі қарай дамыту мақсатында екі жылдан соң Алматы мемлекеттік медициналық институтының даярлау курсына түседі.  Курсты аяқтаған соң жоғарғы оқу орнында таңдауы фармация мамандығына ойысады. Қолына дипломын алғанда,  жолдамамен Жезқазған қаласындағы № 43 дәріханасына жіберіледі. Алайда, көп ұзамай Ақадыр аудандық орталық дәріханаға ауысуға мүмкіндік туады. Кішкене болса да ата-анасына, бауырларына жақын болсам дейді.

Аудандық ауруханада аға провизор қызметін атқара бастайды. Кәсіптері аудандық аурухана мен аудан көлеміндегі учаскелік ауруханаларды, фельдшерлік-акушерлік бекеттерді алдын-ала тапсырыстардың негізінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету. Дәріхана қызметкері (фармацевт) – дәрілік заттарды жақсы меңгерген маман болуы керек. Ол оларды ажыратып қана қоймай, керек болған жағдайда аналогтарды таңдай алу немесе талап бойынша дәрілік пішінді (ұнтақ, әртүрлі пайыздағы ерітінділер, қоспалар немесе жақпа майлар) жасай білу қажет. Сонымен бірге әрбір дәрі-дәрмектің компоненттерін, оның басқа препараттармен өзара әрекеттесуін, жанама әсерлері мен қарсы көрсеткіштерін терең білуі абзал.

Осының бәрін жас маман тез игеріп, фармацевтиканың шынайы маманына айнала бастайды. Мамандығына шынайы берілген оны аудандық дәріхана меңгерушісі ауданға қарасты Көктіңкөлі ауылының № 43 дәріханасының меңгерушісі етіп бір жыл мерзімге іссапарға жібереді.

Іссапары аяқталған соң қайтадан өз орнына қайтып келіп – аға провизор қызметін жалғастырады. 1991 жылы осы дәріхананың меңгерушісі қызметіне тағайындалады. Мол тәжірибе жинаған жаңа басшы енді аудан шеңберіндегі дәріхана меңгерушілеріне, мамандарына ақыл-кеңесін беріп, мамандықтарының қыр-сырын игеруге ықпал жасаумен айналысады. Оның үстіне бір жыл болса да ауылды жерде еңбек еткені бар.

Аудандық дәріханада еңбек атқарған жылдары бір орында отырмай аймақтың шалғай жерлеріне, яғни кент, ауылдарға, қыстақтарға, жазғы жайлауларға барып, сақманда, шөп шабуда, егін оруда жүрген ауыл еңбеккерлеріне көмек көрсету шараларына да қатысқан. Барған арнайы топтың арасында дәріхана мамандары, дәрігерлер, кітапханашылар, көркемөнерпаздар, киномеханиктер, тағы басқа адамдар болған. Сол кездегі жұмысы туралы Айгүл Қалыбекқызы:

— Аудандық атқару комитетінің ұйымдастыруымен арнайы рейдке

шығатынбыз. Құрамымыз әр саланың өкілдерінен жасақталатын. Біз ауыл еңбеккерлеріне дәрі-дәрмек сатамыз, сырқаттарына байланысты дәрілердің дұрыс таңдауы мен қолдануын түсіндіреміз. Басқалары өз салалары бойынша түсіндіру шараларын жүргізеді, кітаптарды, газет-журналдарды үйлестіреді, көркемөнерпаздар ән-күй, билерін ұсынады, киномеханик көркем фильмдерін қояды.

Осындай рейдтерде жүргенде, К.Мыңбаев атындағы кеңшардың жазғы жайлауында айы-күні жетіп тұрған бір жас келіншектің толғағы ұстап қалып, тура сол жерде босандырып алуға тура келді. Онымен бірге ауруларын асқындырып алған азаматтар да кездесіп қалып жүрді. Оларды аудандық ауруханаға бірге ала кететінбіз, – деп есіне түсірді.

Алайда, Кеңес үкіметі құлап, Қазақ елі Тәуелсіздігін жариялап, еліміз нарыққа бет алған заман келді. Қазақстан Үкіметінің қаулысымен дәрі-дәрмекпен айналысатын мекемелер жекешелендіруге жататын болды. Амал жоқ, нарыққа бейімделуге бет бұру керек.

Айгүл Қалыбекқызы 1996 жылы «Ақсұлу» атты жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрады. Серіктестіктің атауын кішкентай кезінен мәпелеп, тәрбиелеп-өсірген әжесінің құрметіне қояды. Аудандық дәріхананың ғимараты, қондырғылары мен құрал-жабдықтары жеке меншігіне өтеді.

Ең алдымен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау Министрлігіне қарайтын Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінен осы салада кәсіпкерлікпен айналысуға рұқсат беретін арнайы лицензиясын алады. Екінші кезекте Республика бойынша құрылған «Аманат» компаниясының Қарағанды облысындағы филиалымен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге келісімшартқа отырады. Кенттік ауруханаға айналған мекеменің басқа жерге көшуіне байланысты дәріханаға да қоныс аударуға тура келеді. Оның қасына келу үшін көпқабатты үйден пәтер сатып алынып, сауда нысанына бейімдеу шараларын жүргізеді.

Бүгінгі таңда серіктестің қатарында өзінен басқа бір фармацевт, бір менеджер, бір бухгалтер-кассир, бір тазалықшы (санитар) қызмет атқарады. Дәріханада дәрілердің алуан түрі бар. Мұнда емдік немесе алдын ала емдеу мақсатында қолданылатын заттар, олардың қоспасы, ауруды емдеу және аурудан сақтандыру үшін қолданатын шипалы заттар, дәрілік заттар, дәрілік препараттар, дәрі-дәрмектер, дәрілер, фармацевтикалық препараттар — аурулардың алдын алу, диагностикалау және емдеу үшін қолданылатын дәрілік қалып, форма түріндегі синтетикалық, табиғи тектес заттар, заттардың қоспалары жеткілікті. Онымен қоса дәріхана қызметкерлері халықтың сұранысына талдау жүргізіп, тапсырған дәрілерін алғызып отырады.

Айгүл ханымға кәсібі жайлы сұрақ қойғанымда:

– Мамандығыма мансабым деп қарамаймын, адамгершілік парызым деп санаймын. 90-шы жылдары еліміз нарық экономикасына ауысқанда дәрі-дәрмек сатудан басқа сауда-саттық дүкенім де болды, тіпті аурухана ішінен кішігірім буфет те аштым. Бірақ, кейін еңбек жолымды саралай келе, өзімнің сүйікті мамандығымнан ештеңе аспайтынын түсіндім. Қазіргі кезде бірыңғай дәрі-дәрмекпен айналысамын және осы жұмысымнан ләззат аламын, – деп жауабын берді.

Айгүл Қалыбекқызы әрдайым ізденіп, жаңашылдыққа ұмтылып жүреді. Жаңадан шыққан дәрілерді зерделеп, қолданыс амалдарын қарайды. Мамандығының біліктілігін жетілдіру мақсатында Министрліктің ұйымдастыруымен Астана және Қарағанды қалаларының медициналық Университеттеріндегі курстарға, семинарларға, тренингтерге қатысады. Олардан алған сертификаттары да баршылық.

Еңбегі де елеусіз қалмаған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы, аудандық аурухана әкімшілігі тарапынан Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарымен, бағалы және ақшалай сыйлықтарымен марапатталған. Бір жылы кент әкімінің арнайы номинациясын жеңіп алып, «Үздік кәсіпкер» де атанды.

– Айгүл Қалыбекқызы, өмірдегі қызық сәттеріңізді айтып бере аласыз

ба? – деген сұрағыма:

– Балқаш медициналық училищесінде оқып жүргенімде Людмила

Анатольевна деген оқытушымыз болды. Өте тәжірибелі ұстаз. Медбикеге оқып жүрген біздерді ота жасау процессіне қатыстыратын. Ең алғашқы отаға қатысқанбыз. Жанымдағы группалас құрбыларымның барлығы ота жасау залынан шыдамай шығып кетті. Біреуінің жүрегі айныды, біреулері есінен танып қалып та жатты. Шәкірттерден мен ғана қалыппын. Ұстазым маған риза болып, кейін сүйкті студентіне айналғаным бар. Сол кісінің көп кеңесін алып, ақылын тыңдап жүрдім. Оқудан кеткенде де ұстазыммен байланыс жасап, жиі хабарласып тұрдым.

Ал енді, ұмытпасам 1983 жылы Алматы медициналық университетінде оқып жүргенімде, біздерді қазіргі Ресей елі, Краснодар өлкесінің Васюринск станицасына өндірістік тәжірибе алуға іссапармен жіберді. Барлығымыз 10 адамбыз. Қолымыз босағанда дүкен, базар аралаймыз.  Сондай бір күнде келе жатсам, базарда адамдардың ұзын өшіреті тұр екен. Сұрай қалсам, ол уақытта таптырмайтын оятқыш сағат (будильник) пен дастархан сатып жатыр. Мен де сапқа тұра қалдым. Өшіретім келіп қалғанда, бір сағат қана қалыпты. Алдымда төрт дон казактары. Даурығысып, бір-бірімен таласа бастады. Әрқайсысы тапшы затты алғысы келеді. Бір уақыта сатушы әйел дауысын қаттырақ шығарып: «Жігіттер, арттарыңызда бір қонағымыз тұр екен. Егер келіссеңдер сағатты сол кісіге берейік?», – дегені бар емес пе? Дон казактары жалт қарап, мені байқап бастарын изеді. Сол сағат өмір бойы бізбен бірге жасап келе жатыр. Үлкен үйде сақтаулы, – деп әңгімесін аяқтады.

Айгүл Қалыбекқызы кәсіпкерлікпен айналысқаннан бері қайырымдылық шараларын жасаудан бас тартқан емес. Әрине, кім болсын жасаған қайырымдылығын айғайлап жарияламайды. Көпбалалы аналарға, жағдайы төмен отбасыларына азық-түлікпен, керек еткенде дәрі-дәрмекпен, ақшалай көмектерін беріп тұрады. Бір отбасы жоғарғы оқу орнында жүрген балаларының оқуына төлей алмағанда, біржылдық төлемін жауып берген.

Қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысады. Біраз жылдар бойы Ю.Гагарин атындағы мектеп – лицейінің ата-аналар кеңесінің мүшесі, төрайымы болып сайланған. Кәсіподақ жұмыстарына жетекшілік еткен кездері де болған.

Өмірлік жұбайы Аяпбергенов Қойшыбай Кәріғұлұлы Ақадыр кентінің тумасы. Еңбек жолын көлік жүргізушіден бастап, кейін ширек ғасыр бойы айналмалы депода (ТД-19) электровоз машинисі, машинист көмекшісі болып қызмет етті. Бүгінгі таңда құрметті демалыста – зейнеткер.

Ерлі-зайыптылар екі бала тәрбиелеп өсірді. Қыздары Айдана, «Қазақстан темір жолы» компаниясы саласында бухгалтер, білімі жоғары.  2 баласы бар. Кіші қыздары Арайлым анасының жолын қуып, Қарағанды медициналық университетін бітірген. Астана қаласының № 11 емханада терапевт – дәрігер, 3 баласы бар.

Иә, саналы өмірін халықтың денсаулығын сақтап, салауатты өмір салтын қалыптастыруға арнаған, өз ісінің білікті маманы Түсіпова Айгүл Қалыбекқызы осындай тұлға.

Қалижан БЕКҚОЖА,

Ақадыр кенті

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *