Қарағандыда облыстық форумға ауыл әкімдері жиналды. Оларға мемлекеттік сатып алу саласындағы өзгерістер, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама туралы айтылды. Тұрғындармен кері байланысты тиімді ұйымдастыруға да назар аударылады.
Ауыл әкімдерінің форумы: Қарағанды облысында «AMANAT» партиясының қолдауымен алқалы жиын өтті. 130 ауыл әкімдері қатысқан ауқымды шараның басты мақсаты – еліміздегі саяси реформаларды жүйелі жүзеге асыру, ауыл халқын толғандыратын өзекті мәселелерді ашық талқылау және оны шешу жолдарын қарастыру.
Алқалы жиында «AMANAT» партиясының Хатшысы Ержан Жылқыбаев Президент «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа Жолдауында еліміздегі саяси реформаларды жаңғырту мақсатында ауыл әкімдері сайлауын өткізу жөнінде тапсырма бергенін және бұл шешім ел тарихындағы маңызды оқиғаға айналған атап өтті.
– Тұрғындар тұңғыш рет жергілікті атқарушы билік басшысын тікелей сайлау мүмкіндігіне ие болды. Осылайша, Қарағанды облысындағы 167 ауылдық округте 159 ауыл әкімдері сайланды. Оның ішінде, партиямыздан ұсынылған 139 (87%) кандидат жеңіске жетті. Сондықтан, бүгінгі форумда айтылған ұсыныстар мен идеялар, тың бастамалар «AMANAT» партиясы атынан сайланған ауыл әкімдерінің табанды жұмысы мен кәсіби шеберлігіне жаңа серпін береді деген сенімдемін, – деді ол.
Форум барысында қатысушылар мемлекеттік сатып алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамадағы өзгерістерді талқылады. Тұрғындармен кері байланысты тиімді ұйымдастыруға да назар аударды.
– AMANAT партиясының облыстық филиалы ұйымдастырған Форум Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформаларын жүзеге асыру жолдарының бірі. Кездесу жемісті болатынына сенімдімін, қатысушылар өздерінің күнделікті жұмысында табысты пайдалана алатын жаңа білім мен дағдыларға ие болады, – деп атап өтті Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Өз кезегінде, «AMANAT» партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков ауылдық елді мекендерді дамытудың мәні мен маңызына тоқталды.
– Ауыл – қазақтың алтын бесігі. Елге еңбегі сіңген көрнекті тұлғалар да, осында отырған көпшілік азаматтар да ауылдан түлеп ұшты. Ауылдың жай-күйі – бәрімізге ортақ. Оның алдағы күндері қай бағытта дамитыны сіздер мен бізге байланысты. Яғни, біз іші де, сырты да бүтін ел болуымыз керек. Сондықтан ауыл әкіміне артылатын жауапкершілік жүгі – әркез ауыр. Ауыл азаматтары сіздерге айрықша үміт артады, – деді ол.
Форум AMANAT партиясының облыстық филиалы базасында өтті.
Форум ауыл әкімдерінің жұмысын жетілдіру алаңына айналды.
– Бұрын мен ауылда кәсіпкерлікпен айналысқанмын, ал тоғыз ай бұрын мені Шет ауданының Талды ауылдық округінің әкімі етіп сайландым. Осы уақыт ішінде көптеген жұмыс атқарылды: электр желілері қалпына келтірілді, наубайхана мен әлеуметтік дүкен ашылды, орталық саябақ пен аллеялар абаттандырылды, әкімдік жөнделген ғимаратқа көшті. Берекет ауылында су құбыры, жаңа ФАП құрылысы басталды, мектеп жөнделуде, стадион абаттандырылуда, – деді форумға қатысушы Нұрлан Әбжанов.
Ол қоқысты шығару мәселелерін де көтерді. Оның айтуынша, бұл мәселені ауыл әкімдігінің қарамағында болатын арнайы техниканы сатып алу шешеді.
Басқа ауыл әкімдері де өз ұсыныстарын білдірді. Олардың ешқайсысы назардан тыс қалмайды.
Бұл кездесу халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасын іс жүзінде іске асыруға және сайып келгенде ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға ықпал ететін болады.
Манас АҚСАРЫ