Футбол академиясының құрылысы басталды

Қарағанды облысында заманауи футбол академиясының құрылысы ресми түрде басталды. Жаңа спорт нысаны балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға серпін бермек.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін бірнеше рет әр облыс пен аудан орталығында, ауылдарда заманауи футбол алаңдары салынуы тиіс екенін атап өткен. Сондай-ақ ол демеушілердің қолдауымен жаңа футбол стадиондарын тұрғызуды тапсырған болатын.

Осы тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында биыл шілде айында Қарағанды облысы әкімдігі мен Freedom Holding Corp. компаниясының бас директоры Тимур Турлов арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Соның нәтижесінде аймақта футбол академиясының құрылысы қолға алынды.

– Қарағанды облысында бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріледі. Спорт, әсіресе футбол – тек жеңіс пен рекорд қана емес, ол адамның әлеуетін ашуға, белсенді өмірлік ұстанымын көрсетуге мүмкіндік береді. Біз балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға бағыт ұстап, мемлекет пен жеке сектордың күш-жігерін біріктіруге дайынбыз, – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев. – Бұл жоба ауқымды, әрі тұрғындарға шын мәнінде зор сый болады деп сенемін.

Жобаны Freedom Holding Corp. қаржыландырады. Қарағандыда футбол академиясын салуға 12 миллиард теңге бөлінеді. Академия «Шахтёр» футбол клубының болашақ ойыншыларын дайындайтын негізгі базаға айналады. Сонымен қатар, инвестор аймақтағы бұқаралық футболды дамытуға қосымша 6,5 миллиард теңге бағыттайды: ауылдар мен қалаларда шағын футбол алаңдарын салу, мектептер мен балабақшаларда спорттық бағдарламаларды енгізу, турнирлер мен фестивальдер ұйымдастыру көзделген. Әйелдер футболы мен жасөспірімдер футболына да ерекше назар аударылады.

Алдын ала есеп бойынша, 2029 жылға қарай аталған бағдарламаларға 40 мыңнан астам оқушы мен 3,6 мың студент тартылады. Футбол бастамалары аймақтағы 100-ден астам оқу орнында жүзеге асырылады. Сондай-ақ резерв дайындау және жаттықтырушылардың кәсіби деңгейін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілмек.

Академия 9,6 гектар аумақта салынады. Ғимараттар мен нысандардың жалпы аумағы 28 мың шаршы метрден асады. Жоспар бойынша мұнда: 3500 көрерменге арналған стадион, жыл бойы жұмыс істейтін жабық манеж, жылыту жүйесі бар толық өлшемді жаттығу алаңы, ұлдар мен қыздарға арналған интернат, жаттықтырушылар кабинеті, оқу сыныптары, медициналық бөлімдер, асхана, душ, сауна және бассейні бар әкімшілік кешен бой көтереді.

Қазіргі таңда құрылыс алаңында құнарлы топырақ қабаты алынып, аумақты егжей-тегжейлі жоспарлау жұмыстары жүргізілуде.

– Қыс айларында да құрылыс жұмыстары Құрылыс нормалары және ережелері талаптарына сай, барлық технологияларды қатаң сақтай отырып жалғасады, – деді учаске бастығы Тахир Ходжамбердиев.

Бүгінде облыста 32 мыңнан астам адам футболмен тұрақты шұғылданады. Оның ішінде 10 мыңнан астамы ауылдық жерлерде тұрады. Өңірде 100-ден астам команда бар. Соңғы жылдары жеке инвестициялар есебінен үш жабық манеж, ал бюджет қаржысына 161 футбол алаңы салынды. Тек өткен жылы төрт заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *