ХХ ғасырдың аласапыран кезеңінде тағдыр тауқыметін еңсеріп, білім мен табандылықтың күшімен биікке көтерілген қазақ қыздарының бірі – Хадиша Сүлейменова. Ол – Өзбекстанның құқықтық жүйесін қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосқан, шығыс әйелдері арасынан шыққан тұңғыш заң ғылымдарының докторы, академик, мемлекет қайраткері. Ең бастысы – 1964 жылы Өзбек ССР Жоғарғы Сотының төрайымы болып сайланып, әлемде Жоғарғы Сотты басқарған тұңғыш әйел атанған тарихи тұлға.
1913 жылы 3 шілдеде Әндіжан қаласында дүниеге келген Хадиша Сүлейменова қарапайым еңбекқор отбасында өсті. Әкесі Сүлеймен Келгенбаев көп тіл білген, көзі ашық азамат болған. Алайда азамат соғысының қиын кезеңінде әкесінен айырылуы жас Хадишаның өміріне ауыр соққы болып тиді. Анасы Атыншаның қайсарлығы мен білімге деген құрметі балаларына үлкен тәрбие мектебі болды. Осындай ортада өскен Хадиша жастайынан білімге ұмтылып, өз тағдырын ғылыммен байланыстырды.
1935 жылы Ташкенттегі Совет құрылысы және құқық институтын тәмамдап, еңбек жолын халық судьясы ретінде бастайды. Сол жылдың өзінде Өзбек ССР Жоғарғы Сотының мүшелігіне сайлануы – оның қабілеті мен кәсіби біліктілігінің айқын дәлелі еді. 1938 жылы Мәскеу заң институтының аспирантурасына түсіп, профессор А.Н.Трайниннің жетекшілігімен ғылыми жұмысын бастайды. Соғыс жылдарының ауыртпалығына қарамастан, 1945 жылы кандидаттық диссертациясын, ал 1950 жылы докторлық диссертациясын сәтті қорғап, заң ғылымдарының докторы атанды. Бұл – шығыс әйелдері үшін бұрын-соңды болмаған жетістік болатын.
1954 жылы Ташкент заң институтының ректоры болып тағайындалған Хадиша Сүлейменова сол жылы «Өзбек ССР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері» атағын алды. 1956 жылы Өзбек ССР Ғылым академиясының толық мүшесі болып сайланды. 1956-1958 жылдары Өзбек ССР Әділет министрі қызметін атқарып, елдегі сот және құқық жүйесін жаңғыртуға белсене араласты. Кейін Министрлер Кеңесі жанындағы Заң комиссиясын басқарды. Ал 1964 жылдан өмірінің соңына дейін Өзбек ССР Жоғарғы Сотының төрайымы болды.
Оның басшылығымен Өзбекстанда сот жүйесі туралы жаңа заңдар, қылмыстық және қылмыстық-процессуалдық кодекстер, азаматтық және азаматтық-процессуалдық заңдар әзірленді. 1961 жылы қабылданған «Өзбек ССР адвокатура туралы» ережені дайындауға тікелей атсалысты. Сондай-ақ 1958 жылы Ташкентте сот сараптамасы ғылыми-зерттеу институтының ашылуына бастамашы болды. Бүгінде бұл мекеме Хадиша Сүлейменованың есімімен аталады.
1950 жылғы 30 желтоқсанда Ташкент ғылыми-зерттеу криминалистика зертханасы құрылып, 1951 жылғы 1 маусымнан бастап қызметін бастаған. Алғашында зертханада сот-хаттану және техникалық-криминалистикалық сараптамалардың трасологиялық, дактилоскопиялық және сот-баллистикалық түрлері бойынша зерттеулер жүргізілген.
1958 жылғы 24 қаңтарда академик Хадиша Сулайманованың бастамасымен зертхана негізінде Орта Азиядағы алғашқы Ташкент сот сараптамасы ғылыми-зерттеу институты құрылып, 1958 жылғы 1 сәуірден бастап жұмысын бастаған.
1995 жылғы 22 маусымда Өзбекстан тәуелсіздік алғаннан кейін сот сараптамасы қызметін жетілдіру мақсатында Ташкент сот сараптамасы ғылыми-зерттеу институты Республика ғылыми-зерттеу криминалистика орталығына айналдырылды.
2003 жылғы 27 тамызда бұл мекеме Республика сот сараптамасы орталығы болып қайта құрылды.
2010 жылғы 1 маусымда «Сот сараптамасы туралы» Заң қабылданды.
2017 жылғы 13 сәуірде сот сарапшыларының біліктілігін арттыру жүйесін ұйымдастыру туралы қаулы қабылданып, Бухара, Жиззах, Науаи және Наманган облыстарында өңірлік бөлімшелер ашылды.
2019 жылы сот-сараптамалық қызметті жетілдіруге бағытталған бірқатар шешімдер қабылданып, орталықтың жаңартылған құрылымы бекітілді, штат саны ұлғайтылды және жаңа бөлімдер құрылды.
Х.Сүлейменова атындағы Республика сот сараптамасы орталығы — заңды тұлға мәртебесіне ие, Өзбекстан Республикасы Әділет министрлігіне тікелей бағынатын дербес құрылым.
Орталық құрамына Қарақалпақстан Республикасы мен барлық облыстардағы аумақтық бөлімшелер кіреді.
Орталықты Әділет министрінің бұйрығымен, Президент әкімшілігімен келісім бойынша тағайындалатын директор басқарады.
Орталық құрамына:
– директор және ғылыми кеңес;
– директордың орынбасарлары;
– ДНҚ сот-биологиялық сараптама зертханасы;
– материалдар мен бұйымдардың криминалистикалық сараптамасы зертханасы;
– құжаттарды криминалистикалық сараптау зертханасы;
– сот-автотехникалық сараптама зертханасы;
– сот-фонографиялық сараптама зертханасы;
– сот-баллистикалық және ізтану сараптамасы зертханасы;
– сот-тауартану сараптамасы зертханасы;
– өрт-техникалық сараптама зертханасы;
– сот-құрылыс техникалық сараптамасы бөлімі;
– сот-экономикалық сараптама бөлімі;
– архив, ақпараттық-ресурстық орталық, кадр бөлімі, бухгалтерия, сапа менеджменті бөлімі, халықаралық ынтымақтастық және жұртшылықпен байланыс бөлімі және басқа құрылымдық бөлімшелер кіреді.
Ғалым ретінде Хадиша Сүлейменова 80-нен астам ғылыми еңбек жазды. Соның ішінде «История советского государства и права Узбекистана» атты үш томдық іргелі зерттеу, «Правовые вопросы регулирования народного хозяйства Узбекистана», «Советское право Узбекистана в период развернутого строительства коммунизма» еңбектері заң ғылымының дамуына зор үлес қосты. Оның жетекшілігімен 16 кандидаттық диссертация қорғалды. Өзбек тіліндегі қылмыстық құқық бойынша алғашқы оқулықтың жарық көруі де – академиктің табанды еңбегінің нәтижесі.
Хадиша Сүлейменова тек ғалым әрі басшы ғана емес, халықаралық деңгейдегі қайраткер болды. 1956 жылы Амстердамда өткен социологтардың ІІІ халықаралық конгресіне, 1960 жылы Лондонда өткен БҰҰ конгресіне, Софиядағы халықаралық заңгерлер жиынына, Каирдегі Азия және Африка әйелдерінің конференциясына қатысып, Өзбекстан атынан сөз сөйледі. Оның Президент Гамаль Абдель Насырмен кездесуі халықаралық баспасөзде кеңінен жазылды. Бұл – өз кезеңінде Орта Азиядан шыққан әйел үшін үлкен тарихи оқиға еді.
Өзін әлемдегі ең демократиялы мемлекет деп санайтын АҚШ-та әйел адам тек 1981 жылы ғана Жоғарғы Сот құрамына судья ретінде тағайындалды. Ал Хадиша Сүлейменова 1964 жылы-ақ Жоғарғы Сотты басқарды. Бұл дерек оның есімін әлемдік құқық тарихында айрықша орынға шығарады.
1965 жылы 26 қарашада өмірден озған академиктің есімі Өзбекстанда зор құрметпен аталады. Ташкент қаласындағы ғылыми-зерттеу институты мен көшелердің біріне оның аты берілген. Бұл – мемлекет тарапынан көрсетілген әділ баға.
Хадиша Сүлейменова – тек қазақ қызының ғана емес, бүкіл Өзбекстан әйелдерінің мақтанышы. Ол білім арқылы биікке көтерілуге болатынын, табандылық пен адал еңбектің ешқашан елеусіз қалмайтынын дәлелдеді. Оның өмір жолы – қайсарлықтың, ғылымға адалдықтың, мемлекетке қызмет етудің жарқын үлгісі. Осындай тұлғалардың тағдырын кейінгі ұрпаққа кеңінен насихаттау – біздің ортақ парызымыз.
Клара САДЫРБАЕВА,
Өзбекстан қазақ ұлттық мәдени орталығының «Жастарға білім беру және олардың тәлім-тәрбиесі бойынша» бөлімше басшысы, білім және ғылым бөлімінің меңгерушісі

