Хакім қазынасы – рухани қуат

Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойын атап өту аясында Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті мен «Қазақстан Республикасы Судьялар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қарағанды облыстық филиалының бастамасымен ұлы ойшылдың рухани және мәдени мұрасын насихаттауға бағытталған тақырыптық іс-шара ұйымдастырылды. Оған судьялар мен сот мамандары, сондай-ақ арнайы шақырылған қонақтар қатысты.

Шара барысында Абайдың поэзиялық және философиялық мұраларынан үзінділер оқылып, оның әділдік, заң, мораль және адамдық қадір-қасиетке деген көзқарастары талқыланды.

Сонымен қатар Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығына, қазақ әдебиеті мен қоғамдық ой дамуына қосқан үлесіне арналған театрландырылған қойылым көрсетілді. Қойылым ерекше мазмұнда өтті. Бастауына хакімнің қара сөздеріндегі мораль, әділетті ту еткен қоғамдық ойлары негіз етіп алынды. Қазақ танымындағы әділет ұғымы данышпан Абай дүниетанымы арқылы көпшілікке жол тартты. Әділдік жолында таңдау жасау әр адамның қасиетті борышы екенін өзек еткен қойылым көзі қарақты көрермен көңілінен шықты деген ойдамыз.

Мәселен, театрландырылған қойылым барысында Абайдың өмірі мен мұрасынан сыр шертіліп, терең ойға жетелейтін көріністер сахналанды. Абай бейнесін  сомдаған – сот әкімшілігі Департаментінің құжат айналымы бөлімінің бас маманы Бейбіт Ерболатұлы ақынның ойлы кейпіне ене алды. Сондығынан болар, ол дана Абайдың болмысын нанымды жеткізіп, көрермен ықыласына бөленді.

Сот әкімшілігі департаментінің ішкі қауіпсіздік бөлімінің бас маманы Сағын Қуатбаев болса, Абайдың 14-ші қара сөзін ерекше тебіреніспен оқыды. Адам кейде өзі оқығанын сахнадан көргендей қабылдай алмауы мүмкін. Ал алдарында жанды бейне ретінде Абай кейпіне еніп, оның сөздерін өз мәнінде әңгімелеп бергендегі әсерді айтып жеткізу мүмкін емес. Бұл орайда біз Сот әкімшілігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті мен «Қазақстан Республикасы Судьялар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қарағанды облыстық филиалы ұжымының еңбегін ерекше атаймыз.

«Сот саласының мамандарының сахна төрінде Абай әлемін шебер жеткізуі – олардың тек кәсіби емес, сондай-ақ мәдени-рухани бағытта да белсенді екенін көрсетті. Бұл бастама ұлы тұлғаға деген құрметтің айқын көрінісі деп ойлаймын.

Абайдың 14-қара сөзінде жүрек тек адамның өмір сүруін қамтамасыз етіп қана қоймай, адамдың рақымшылық, мейірімділік, жақсылық жасауы, аяушылық танытуы да осы жүректің әсерінен болатынын түсініп өмір сүруге ұмтылуымыз керек» деді Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы, заң ғылымдарының кандидаты, профессор Мирлан Қызылов.

Абай атамыздың қара сөздері әр қазақтың жүрегін толғандырары сөзсіз. Сондықтан Сот әкімшілігіндегі мұндай қойылым өте маңызды деп білеміз. Сөзіміздің айғағындай, Департаменттің құжат айналымы бөлімінің бас маманы Серік Игембаев Абайдың 22-ші қара сөзін шынайы ықыласпен жеткізіп, жұртшылыққа ой салды. Оның сабырлы, терең мағыналы оқуы Абай сөзінің мәнін ашып, тыңдаушыны рухани толғанысқа бөлегендей әсерде қалдырды.

Ал, Абайдың 29-қара сөзі – терең тұжырымға толы өнеге. Оны осындай сахна тілінде өз мәнінде жеткізу үшін салмақты сөздер тізбегін түсіну қажет. Сот әкімшілігі департаментінің Соттардың инфрақұрылымын дамыту бөлімінің бас маманы Мадияр Жүзенов бұл үдеден шыға алды деп ойлаймыз. Оның байсалды үнмен, жүрекпен жеткізген оқуы көрерменге терең ой салғандай.

Данышпан Абай атамыздың «Әсемпаз болма әрнеге» өлеңінде де «қайрат пен ақыл», «әділет пен шапқат» рөлі өзгеше өріледі. Бұл туындыны мәнерлеп оқыған – Сот әкімшілігі департаментінің Соттардың инфрақұрылымын дамыту бөлімінің бас маманы Тұрсын Айдос. Оның жарқын үнімен шебер жеткізген жыр жолдары тыңдаушылардың жүрегіне жол тапқандай. Сонымен қатар, Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты әкімшісінің басшысы Назира Кашкеева, Теміртау қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты әкімшісінің басшысы Райхан Төлеутаева, Қарағанды қаласындағы Абай атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы Сұлтан Санжар кемеңгердің жекелеген өлеңдерін мәнерлеп оқып, елге жеткізді.

Шара соңында Абайдың әндері шырқалып, қатысушыларға алғыс хаттар табысталды.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *