Қарағандыға Цзилинь университетінің қытай-жапон ауруханасынан мамандар делегациясы келді. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевпен кездесуде денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық әлеуеті талқыланды.
– Қарағанды облысы – бұл Қазақстанның индустриалды орталығы ғана емес, сонымен қатар денсаулық сақтау саласында әлеуеті күшті өңір. Біз медициналық инфрақұрылымды белсенді дамытамыз, заманауи технологияларды енгіземіз және мамандарымызды ел ішінде де, шетелде де оқытамыз. Халықаралық ынтымақтастыққа ерекше назар аударамыз. Цзилинь университетіндегі әріптестерімізбен жұмыс істеу аурудың алдын алу, диагностика және емдеу саласындағы бірлескен жобаларға мүмкіндіктер ашады, – деді өңір басшысы.
Профессор Х.Ж.Мақажанов атындағы көпсалалы аурухананың директоры Еркін-Дәуір Құрманғалиев қытайлық әріптестерімен серіктестік осы жылдың сәуір айында басталғанын айтты. Мидағы операцияларға арналған роботтық жүйе бірлесіп сыналды.
– Апробация кезеңінде біз 11 операция жасадық. Олардың кейбіреулері Қазақстанда алғаш рет өткізілді. Одан әрі де тереңірек ынтымақтастық қажет, – деп атап өтті Еркін-Дәуір Құрманғалиев. – Біздің клиникада терең ынталандыру жүйелерін қолдану тәжірибесі мол. Жоба 2017 жылы іске қосылды. Осы кезеңде 100-ден астам науқасқа ота жасалды. Мақажанов клиникасы – Қазақстандағы нейрохирургияда көшбасшы. Біз өз тәжірибемізбен, жетістіктерімізбен бөлісуге дайынбыз.
Халықаралық байланыстар туралы Қарағанды медицина университетінің ректоры Анар Тұрмұхамбетова айтып берді. Оның айтуынша, Таяу Шығыстың екі жоғары оқу орнымен: Қытай медициналық университетімен және Сиань университетімен ынтымақтастық жолға қойылған. Мақажанов клиникасымен одақтас Цзилинь университетімен серіктестіктің болашағы бар.
– Қазақстан мен Қытай бұрыннан келе жатқан серіктестер. Біз мұнда тәжірибе алмасу, сіздерден бірдеңе үйрену үшін келдік. Бірлесіп жұмыс істейміз деп үміттенеміз, – деді Цзилинь университетінің қытай-жапон ауруханасының нейрохирургия бөлімінің директоры Юфэй Гао.
Ермағанбет Бөлекпаев бірлескен бастамаларды іске асыру үшін қажетті қолдау көрсетілетініне сендірді.