Халық пен билік арасындағы көпір

Бүгінгі таңда азаматтық қоғамды дамыту мен билік пен халық арасындағы байланыс орнатуда қоғамдық кеңестердің рөлі ерекше. Осындай маңызды құрылымдардың бірі – Теміртау қаласындағы қоғамдық кеңестер. Олар жергілікті жерлерде мемлекеттік саясаттың ашықтығын қамтамасыз етіп, тұрғындардың пікірін ескеруге бағытталған жұмыс атқарып келеді.

Қоғамдық кеңестердің басты мақсаты – жергілікті атқарушы органдардың қызметіне қоғамдық бақылау жасау, халықтың мүддесін қорғау және әлеуметтік маңызы бар мәселелерді шешуге атсалысу. Кеңес мүшелері – түрлі сала өкілдері: ардагерлер, кәсіпкерлер, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, білім, мәдениет және денсаулық сақтау саласының белсенді мамандары.

Теміртау қаласында қоғамдық кеңес азаматтардың өзекті мәселелерін талқылауға ашық алаңға айналған. Мәселен соңғы жылдары кеңес мүшелері экологиялық ахуалды жақсарту, қала көшелерін абаттандыру, жастардың бос уақытын тиімді өткізу және әлеуметтік әділдік мәселелерін жиі көтеріп жүр. Қаланың экологиялық жағдайына қатысты бірнеше қоғамдық тыңдаулар өткізіліп, өндіріс орындарының өкілдері мен жергілікті билік бір үстел басында бас қосқан болатын. Мұндай кездесулердің нәтижесінде нақты шаралар қолға алынды: қала маңындағы жасыл белдеуді кеңейту, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті арттыру бағытында ақпараттық науқандар ұйымдастырылды.

Қалалық Қоғамдық кеңес мүшесі Нұрлыхан Қалқаманұлы «Qarmet» АҚ Этномәдени бірлестігі өкілдерімен және комбинат ардагерлерімен жүздесіп, ортақ алаңда Мемлекет басшысының Жолдауын талқылады.

Кездесуде Жолдаудың басым бағыттары мен стратегиялық мазмұны айтылды. Спикер цифрлық трансформацияның ел дамуы үшін маңыздылығын атап өтіп, жаңа технологияларды енгізу тек экономикалық емес, әлеуметтік салада да тың серпін беретінін жеткізді.

Өз кезегінде қатысушылар Жолдауда көтерілген жастар тәрбиесі, қатігездік көріністерін жою, заң мен тәртіпті сақтау, қоғамдағы татулық пен келісімді нығайту мәселелеріне қатысты пікірлерімен бөлісті. Қатысушылардың ойы ортақ бір мақсатқа – әділетті әрі өркенді Қазақстан құруға тоғысты.

Сонымен қатар, кеңес мүшелері қала тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында да белсенді жұмыс істеп келеді. Мәселен көпбалалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсетілетін мемлекеттік қолдаулардың тиімділігін талқылау жиі өткізіледі. Қоғамдық кеңестің бастамасымен бірқатар қайырымдылық акциялары, ардагерлерге арналған мәдени шаралар және жастарға арналған форумдар ұйымдастырылған.

Кеңестің тағы бір маңызды бағыты – тұрғындардың ұсыныс-пікірін жинау және оларды шешу жолдарын ұсыну. Қала әкімдігіне жолданған ұсыныстардың арасында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жетілдіру, қоғамдық көлік қозғалысын реттеу және жаңа демалыс аймақтарын ашу секілді мәселелер жиі айтылады. Бұл бастамалардың көпшілігі қолдау тауып, нақты іске асуда.

Қоғамдық кеңестердің жұмысында ашықтық пен есептілік қағидаттары басты орында. Әр отырыстың қорытындысы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып, тұрғындар кеңестің атқарған ісімен таныса алады. Бұл өз кезегінде халықтың сенімін арттырып, азаматтардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына жол ашуда.

Қорыта айтқанда, Теміртау қаласындағы қоғамдық кеңестер – қоғамның өзекті мәселелерін көтеріп, шешімін іздеуде маңызды рөл атқарып келе жатқан азаматтық институттардың бірі. Олар билік пен қоғам арасындағы диалогты нығайтып, жергілікті басқарудың ашықтығын қамтамасыз етуде елеулі үлес қосып отыр. Алдағы уақытта кеңес қызметінің одан әрі дамуы – тұрғындардың белсенділігі мен ынтымақтастығына тікелей байланысты болмақ.

Ерболат ЕРБОЛҰЛЫ