Халық жадындағы «Жоқшы»

Өткен күнге көз салсақ, жақсылардың өміріне қанығамыз, қиын-қыстау заманда тіршілігін тоқтатпай, тілім, ділім, дінім деген ерлердің өрлігі алдымыздан шығады. Мақалаға арқау болып отырған елін, жерін сүйген Серік Ыбышұлы да еске алып, естелік жазып естілік жасауымызға сұранып тұрған азамат еді.

Өзі де ата-бабасы да елге қызмет еткен жандар. Серік Ыбышұлы 1937 жылы, 11 сәуірде дүниеге келді.  Әкесі Ыбыш Смағұлұлы болса  1856 жылы туған. Тарихта атағы кең тараған Тарпанұлы Құрманбайдың баласы қаракесек-кәрсөн, қозыбақ руынан тараған. Құрманбайұлы Иманбай, Ыбырай мырзалар сегіз ата Кәрсөннің 19-шы ғасырдың ақырғы ширегінде, болысын басқарған.

1937 жыл қиын-қыстау уақыт. 1925 жылдан Ф.Голощекин Қазақ еліне билікке келіп зобалаң басталды.

Бұл қиян-кесті жылдарды тарихшы досым Т.Алланиязов «Шетская трагедия» еңбегінде жазды.

1931-1932 жылдары нәубет қазақ елін, қолдан жасалған «ашаршылыққа» әкеліп, бір жола қырып тастауға кірісті. Кейінгі зерттеулер жазғандай жетпіс пайыз қазақтан, тоқсан пайыз малдан айырылып қалдық. Еліміздің бөлшектері Қырғызстан, Қытай, Өзбекстан, Ресей, Мұңғыл, Ауған тағы басқа жерлерге бас сауғалап тоз-тозы шықты.

Қазақтар дүниежүзінде диаспора (өз елінен еріксіз қашуға мәжбүр болғандар)  ішінде бірінші орында тұр. Менің де үлкен әкемнің ағайындары, басқа да қазақтар сияқты Ресейге, өзбек, қырғыз жерлеріне кетуге мәжбүр болды.

Ыбыш әкеміз 1939 жылы Қырғызстанға Шайке апамыздың бауыры Мұсабек, тағы басқа туыстары тұратын ет колхозына жетіп солардың  қамқорлығында болды.

Смағұлұлы Ыбыштың жұбайы Шәйке апамыз, атақты Ағыбай батыр шыққан  шұбыртпалы руынан. Ыбыш әкеміз қой бағып, Шәйке апамыз сауыншылықпен күн көрген. Көп ұзамай екінші дүниежүзілік соғыс басталады.

Ыбышұлы Серік ағамыз: «4-5 жасымнан қозы, бұзау бақтым, таң атқаннан күн батқанша үлкен кішіде дамыл жоқ. Я, жер ауып, атамекен ел жұрттан аулақ жерде, аш-жалаңаш өткен сол 6-7 жыл менің балғын балалық шағым еді. Осы қасіретті жылдар мені шынықтырды: аштыққа, ыстық-суыққа төздірді, ерте есейтті» деп «Елім менің, жерім менің» естелік кітабында жазады.

1944 жылдың жаз айында, Ыбыштың туған інісі Смағұлұлы Исағали Алматы қаласына көшіріп апарған. Исағали Смағұлұлы, қазір танымалы, кәсіпкер, меценат Смағұлов Нұрланның үлкен әкесі Алматыда Кәсіби техникалық училищеде директор болған. Училищенің қасынан екі бөлмелі пәтер алып беріп, Ыбыш әкемізді плотник  жұмысына тұрғызыпты.

«Жоқшы» Серік ағайымыз қазақша мектеп жоқ болғандытқан 1945 жылы қыркүйек айында, орысша 1-сыныпқа оқуға барыпты. Орысша жап-жақсы үйреніп қалғанымен ауырып қалып, аяқтай алмаған.

Соғыс аяқталған соң 1946 жылы маусым айында Смағұлұлы Исағали атамекені Донғал-Айран стансасына, 7-8 күнде жеткізген.

1946 жылы Босаға стансасына көшіп барып, үлкен үйдің бір жағынан немере туысы Жақыпұлы Ошанның жанұясымен бірге тұрған. Үлкен әкелері Құрманбайұлы Смағұл, Құрманбайұлы Жақып туған бауырлар.

Құрманбайұлы Жақып, Құрманбайұлы Смағұл, Құрманбайұлы Көшімқажы Ақадырдан 10 шақырым жерде бір қорымда жерленген. 1946 жылы 1 қыркүйекте Босаға бастауыш мектебінің 1-сыныбына қазақша оқуға барған. Төрт жылдан сон Босағада бесінші сынып ашылмағандықтан Айғыржал колхозында 5-ші сыныпты жалғастырған. Алтыншы сыныпты Ақадыр стансасында интернатта жатып оқыған. Жетінші сынып Босаға ауылының мектебі, сегізінші сыныпты Нілді орта мектебінде жалғастырған, 9-10 сыныпты Мойынты стансасында үздік бітірген. Қарағанды пединститутының физика-математика бөліміне түспекші болып отырғанда Ыбыш әкесі оқыстан қайтыс болған. 1956 жылы Босағадан Ойран-Доңғал стансасына Ыбыштың бауыры Әбеу Смағұлұлы көшіріп әкелген.

Ыбыш әкеміздің бірінші жұбайы қонырат руының қызы екен, қай жылдары екенің нақты білмейміз, сол анамыздан Қали есімді ұл дүниеге келген. Сол қиын-қыстау жылдары анамыз да, Қали ұлы да  қайтыс болған, қазір қалай неден деп айтатын ешкім жоқ, заманымыз сондай болды ғой.

1956 жылы 10 жылдық мектепті аяқтаған соң Ойран стансасына нұсқаушы болып, 1957 жылы аға нұсқаушы, 1958 жыл станса кезекшісі болып жұмыс істеген. 1960-1961 жылы Ақмолада станса бастығының оқуын бітірген. 1961 жылы «Бүркіт» разъезінің бастығы, 1962 жылы Целиноград қаласында электромеханик болды.

Алматы теміржол техникумында білім алған. 1972 жылдан 1998 жылы зейнетке шыққанша Ойран  стансасының бастығы болып қызмет атқарған. 1986 жылы еңбегі жоғары бағаланып «Тың теміржолының үздік станса бастығы» атағына ие болған.

Зейнетке шыққаннан кейін қоғамдық жұмыспен араласты: жеті мәрте депутат,  Шет ауданының «Құрметті азаматы» атанды.

Тамыры үзіліп кеткен ағайындарды таныстырып біліп жүрсін, кімнен кім тарағанды білсін деген ниетпен шежіре жазуды мақсат етіп елден, қолжазба, ауызша айтылған деректерді жинап, жазуын бастады. 1993 жылы немере ағасы ақын жазушы Әуезхан Көшімұлы қайтыс болғанда, Босаға ауылына жеткізіп, басқа да туыстарымен қонақасын беріп, мазарын көтерді. Сол уақыттан бастап толық Әуезхан Көшімұлының артынан қалған мұрасына ие болды. Өмірден қайтуынан бір ай бұрын, сақталған мұраны, немере інісі Зетханұлы Нұрланға табыстады.

Ел аралап, шежіре жинау үшін Талас өнірің, Шу, Тараз, Қырғыз жеріне кеткен, өзі екі-үш жасында паналаған ауылдардан бастады. Жанында Босаға стансасынан кәрсөн бауыры Қазанғапов Қаріғұл ақсақал, кейін Баймұрат шежіресін жазып шығарды, немере бауыры Тәңірберген Қадыр қажы бірге болды. Қолдаушы, демеуші болған Оспанов Кәкен, Ақадырдың Ақшатау базасының басшысы, немере бауыры, баласы Майқұдық стансасының басшысы Бүркіт Серікұлы.

Оңтүстікке барғанда, туыстығын, жанашырлық қамқорлық көрсеткен Шалғынбаев Марат ағамыз, қазір Қарағанды қаласында тұрады.

Бірнеше мәрте Қазақстанды аралап шежіре жинады, жоқты тауып, бауырлардың түп тамырын тануға зор еңбек етті. Барды жоқты түгендеу онай жұмыс болмады. Атаның жоғала бастаған рухын қайтаруда күн-түн демей еңбек етті. Үш ағайынды бауырлар үшін құны жетпес еңбек болды.

1998 жылы жоспарланған Үш ағайынды Кәрсөн асы өтуіне көп еңбек етті. Доңғал шоқысы, Кәрсөн әруақтары жерленген жер. Тарпанның Доңғал тауларының бауырында әруақтарға ас берілді. Ағайын туыстар жан-жақтан қолдарынан келгенше көмек беруде болды. Немере бауыры «Астана моторс» фирмасының басшысы Смағұлов Нұрлан автокөлік тікті, кейін елін сүйген, жерін сүйген ағамыздың өтініші бойынша, Ақадыр ауданына жастарға спорт кешенін салып берді. Нұрлан Смағұлов демеушілігін осы күнге дейін жалғастырып келеді. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға үй салып беріп, жақсы оқитын үздік окушыларға атаулы грант бөліп отыр.

2001 жылы желтоқсан айында ақын-жазушы Әуезхан Көшімұлы ағамыздың 90 жылдығына орай Ақадыр ауданында Серік ағамыз жоспарлап, Ә.Ермеков атындағы қазақ интернат мектебінде басшысы Сара Аманжолованың ұйымдастыруымен, үлкен шара өтті. Шақырылған қонақтар арасында, таңымалы жазушы Төрехан Майбас, радио журналист Базар Мамыр, жазушы Сәбит Бексейіт, «Сарыарқа» телеарнасынан тағы да басқа қонақтар қатысты. Ресми түрде қысқаша өмірбаянымен марқұм Сәбит Бексейіт ағамыз таныстырды,  еңбектері айтылып  Ә.Көшімұлының шығармашылығынан «Қанбақ шал» пьессасы қойылды.

2003 жылы туыстарымен экспедиция ұйымдастырып, рудың ұраны мен атауына айналған Қозбақ бабамыздың мазарына бардық. Ол бейітті Саттыбаев Абдулла әкеміз 20 шақты жыл бұрын баласы Жәнібек екеуі тауып ішіне тасты қашап жазып кеткен екен. Содан бері ескерусіз қалған. 27 тамыз күні біраз қиналып таптық. Сақталған бейне материал бар, Секен арнайы видеооператор жалдап түсірткен екен. Қазір ол бізге, іздеушіге құны жетпес мұра. Қарағанды қаласынан баласы Бүркіт дайындаған шәрбақпен ескерткіші қойылды. Осы жылдары видеооператор жалданып ата-бабаларымыздың жерленген жерін, күмбездерін, бейнефильмге түсіріп бізге жеткізді. Бүкіл бабаларымыздың бейіттерін білмесекте бірәзін біліп қалдық ағатайымыздың арқасында.

2011 жылы Ақадыр Мәдениет үйінде Серік Ыбышұлы әкеміз Ә.Көшімұлының 100 жылдығын атап өтті. «Орталық Қазақстан» газетіне бірнеше мақала жарияланды.

Ойран стансасының атауы қате қойылған деп Доңғал стансасы атауын қойғызды, үлкен мақтанарлық жағдай болды.

Бабаларымыздың басына ескерткіш белгілер қоюға көп атсалысты. Сонымен қатар қолынан шыққан  «Кәрсөн үш Ата шежіресі» (1993), «Елім менің, жерім менің» (2007), «Жоқшы» (2017) туындылары  тарихты білуге үлкен серпін болып отыр.

Қазіргі күнде белгісі жоқ бабалардың басына балалары мен жақындары қоршау қойып, белгі қоюды жоспарлап, орындап жатыр. «Жоқтаушы» ағамызды Кәрсөн ағайындары, Қазақстанның көп жеріне тараған, естіген, білген достары,  ризашылықпен еске алып дұғаларына қосып отырады.

«Жоқтаушы» ағатайымызға іздеуші керек. Биыл 2025 жылы қатарымыздан кеткелі бес жыл болып отыр. Балалары бес жылдық асын 2025 жылы 11 шілдеде Доңғал ауылында, 2025 жылы 13 шілде айында Қарағанды қаласында бермек болып отыр. Көз көрген, араласқан, дұғаға қатысам деген ағайындарды күтеміз.

Нұрлан Зетханұлы ОШАНОВ,

Әбілқас Сағынов атындағы

Қарағанды техникалық университеті оқытушысы

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *