Елдегі партиялар өкілдері жергілікті жердегі халықтың мұң-назын, өтініш-шағымын назардан тыс қалдырған емес. Ол үшін тұрғындармен тұрақты кездесіп, ұдайы елдімекендерге барып, бұқараның тіршілік-тұрмысымен танысуды дәстүрге айналдырған. Мәселен, «Ауыл» партиясының өкілі Бибігүл Майпасова Саран қаласындағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының жай-күйімен танысты. Сапар барысында партия мүшесі жылу беру маусымының барысына көңіл бөлді.
Бибігүл Майпасова «Горняк» шағын ауданындағы үйлердің жертөлелерін аралап көрді. Оған әкімдік қызметкерлері жол көрсетіп жүрді.
Саран қаласында бір кездері орталықтандырылған жылу жүйесі үлкен мәселеге айналған еді. Орталық қазандықтың жұмыс істеуі салдарынан тұрғындар үйде от жағып, кішігірм автономды қазандықтардың күшімен күнелтіп келген-ді. Қазір қалада қазандық бар. Осыған орай қазандыққа үйлерді қосу жұмыстары қарқынмен жүріп жатыр. Өз кезегінде партия өкілі бұл жұмыстардың партия назарынан шықпайтынын айтты.
Жалпы, «Ауыл» партиясы Қарағанды облысындағы филиалының өкілдері Қоғамдық кеңес жұмысына белсенді түрде қатысып тұрады. Олардың арасында көшпелі отырыстар да бар. Таяуда облыстық ішкі істер департаменті қызметкерлерінің қатысуымен кеңестің бірлескен комиссияларының көшпелі отырысы өтті.
Отырыста учаскелік полиция инспекторларымен өзара іс-қимыл және кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық мәселелері талқыланды.
Осы орайда кеңеске қатысушылар ұсыныс берді. Бұл ұсыныста ауылдардағы учаскелік полицейлердің санын көбейту қажеттігі туралы айтылды. Қазіргі уақытта ауылдардағы кісі санына шаққанда мың адамға бір учаскелік полиция қызметкерінен келеді. Алайда облыстағы ауылдардағы халық саны аз болғанымен, аралары алыс. Сондықтан оқыс жағдай туындағанда немесе басқа да рейдтік іс-шараларға жиі шығу шалғайлық қиындық тудырып отыр. Сонымен қатар олардың материалдық-техникалық базасын нығайту ұсынылды.
«Ауыл» партиясы ұрпақ сабақтастығына ерекше назар аударып келеді. Мәселен, Қарағанды облыстық филиалы «Жасанды интеллект жасқа қарамайды» атты ардагерлер мен жастар кездесуін ұйымдастырды. Іс-шара Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан жасанды интеллект дәуірінде: өзекті міндеттер және оларды цифрлық трансформация арқылы шешу» атты биылғы Жолдауындағы бастамаларды негізге ала отырып, қарттарға күнделікті өмірде жасанды интеллект жетістіктерін қолдана алатындай қарапайым практикалық қадамдарды үйретуді, осы арқылы аға буынның цифрлық технологиялар дәуірінде заманауи трендтерден қалыс қалмауын қамтамасыз етіп, ұрпақтар арасындағы сабақтастықты қалыптастыруды мақсат тұтты.
Кездесу барысында «Ауыл» партиясы Жастар қанатының өкілдері ардагерлерді заманауи жасанды интеллект қосымшалары мен цифрлық технологиялардың күнделікті өмірде қолдану мүмкіндіктерімен таныстырды. Жасанды интеллекттен ақыл сұрау, E-gov, Chat GPT және тағы да басқа қолданбалар секілді тақырыптарды қамтып, практикалық шеберлік сағатын өткізді. Сондай-ақ, қарттарға интернет және телефон алаяқтарына алданып қалмаудың нақты әдістерін түсіндірді.
Маңызды ақпарат пен емір-еркін диалогқа толы жиын соңында ардагерлерге партия басшылығы атынан марапаттар табысталды. Естелік сыйлықтар тапсырылып, қариялар концерттік бағдарламаны тамашалады.
Партия өкілдері өңірлерге жиі сапарлап тұрады. Және барған жерлерінде әлеуметтік салаға көңіл бөледі. Мәселен, жақында «ауылдықтар» Қарағанды облысы әкімі жанындағы Әйелдер істері жөніндегі комиссиямен бірге Балқаш қалалық ауруханасының қазіргі жағдайымен танысып қайтты.
Сапар кезінде партиялықтар қаладағы медициналық қызметтің сапасы, халыққа көрсетілетін көмек көлемі және әйелдер мен балалардың денсаулығын қорғау бағытындағы жұмыстарға назар аударды. Тұрғындармен. аурухана ұжымымен пікір алмасып, өзекті мәселелер мен ұсыныстарды талқылады. Осылайша жергілікті жұрттың пікірін қағазға түсіріп, бұл мәселелер алдағы уақыттағы жұмыс барысында ескерілетінін мәлімдеді.
Ауылдағы денсаулық сақтау саласы да ескерусіз қалған емес. Партия мүшелері Еркіндік ауылында жаңадан ашылған амбулаториялық медициналық пункттің ашылу салтанатына қатысып, жұмысымен танысты. «Әрине, бұл ауыл тұрғындары үшін қолжетімді медициналық қызметтің сапасы жақсарғанының айқын дәлелі» дейді олар. Медициналық пункт тұрғындарға алғашқы көмек көрсетіп, ана мен баланың денсаулығын қорғауда маңызды роль атқарады.
«Ауылдықтар» ауылдағы жаңа кәсіпорындарға арнайы барып, жаңа шаруашылықтардың ашылуына тұрақты түрде ұйытқы болып келеді. Мәселен, партия өкілі Таңсауле Серіков Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келіп, Абай ауданына қарасты Құлайғыр ауылында жаңадан ашылған «Жаңаауыл» ауылдық кооперативінің қызметімен танысты.
Бұл кооператив алдағы уақытта сүт өнімдерін өндіру және сақтау инфрақұрылымын қалпына келтіруді көздеп отыр. «Бастама – ауыл экономикасын дамытуға, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға және жергілікті өнімнің үлесін арттыруға бағытталған нақты қадам» деп бағалады ол жаңа нысанды.
Сондай-ақ партия мүшелері Абай ауданындағы Абай көпсалалы колледжіне барып, білім ордасының тыныс-тіршілігімен танысты. Оқу орнының ұжымымен жүздесіп, саладағы өзекті мәселелерді талқылап, заңнамалық өзгерістер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Қоғамның әртүрлі топтары «ауылдықтар» назарынан шыққан емес. Олардың ішінде мүгедектігі, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы орта құру, олардың әл-ауқатын арттыруға ұдайы көңіл бөліп келеді. Осы мақсатта «Ауыл» партиясының мүшелері мүгедектігі бар адамдардың қол арбаларын жөндеумен айналысатын «ИНВА СТО» сервистік орталығының ұжымымен кездесті.
Бұл орталық — ерекше қажеттілігі бар азаматтарға техникалық көмек көрсететін өңірдегі алғашқы мекемелердің бірі. Кездесу барысында орталықтың қызмет көрсету ауқымы мен арбаларды жөндеу процесі талқыланып, сала мамандарының ұсыныс-пікірлері тыңдалды.
Мұндай сапарлар басқа да салаларға қатысты ұйымдастырылып тұрады. Әсіресе тұрғындарды жұмыспен қамту ерекше маңызды мәселе екені белгілі. Осы бағыттағы жұмыстармен танысу мақсатында партия өкілдері Еңбек мобильділігі орталығының Қарағанды қаласындағы мансап орталығына да барды. Олар ұжыммен кездесіп, орталықтың қызмет бағыттары бойынша пікір алмасты. Сонымен қатар орталыққа жүгінген жастармен еркін форматта әңгімелесіп, олардың сұрақтарын тыңдады. Оларға кәсіби бағдар беру, қайта оқыту және ауылдық өңірлерде жұмыс істеу мүмкіндіктері жайын талқылады.
Жалпы, «Ауыл» партиясы жастарды еңбекке бейімдеуге ерекше назар аударып келеді. Мәселен, Қарағанды облысында студенттік ветеринариялық жасақтар белсенді түрде жұмыс істеп келеді. Жасақ құрамында ветеринария мамандығын меңгеріп жүрген студенттер мен ерікті жастар бар. Бұл бастама жастарды еңбекке үйретуге таптырмас құралға айналғанын айтады партияның Қарағанды облысындағы филиалының төрағасы Руслан Никонович.
– Негізгі мақсат – ауыл шаруашылығындағы мал басын сақтау, түрлі жұқпалы аурулардың алдын алу және халыққа тегін көмек көрсету. Жасақ мүшелері ауыл-аймақтарды аралап, малдарға жоспарлы екпе жұмыстарын жүргізеді, ветеринариялық тексерістер ұйымдастырады. Сонымен қатар, мал иелеріне аурудың алдын алу жолдары бойынша түсіндіру жұмыстарын жасап, кеңестер береді, – дейді Руслан Никонович.
Бұл бастама жастардың тәжірибесін арттырумен қатар, ауыл тұрғындарына да үлкен көмек болып отыр. Осындай студенттік жасақтар өңірдегі ветеринариялық қауіпсіздікті нығайтып, болашақ мамандардың кәсіби шыңдалуына ықпал етуде.
Манас АҚСАРЫ