Инновация дәуіріндегі мамандық таңдаудың маңызы

Мамандық – адамның өмір сүру көзі ғана емес, сонымен қатар оның қоғамдағы орнын айқындайтын маңызды таңдау. Әрбір адам өз болашағын қалыптастыру үшін мамандықты саналы түрде таңдауы қажет. Қазіргі заман – технология мен инновация дәуірі болғандықтан, техникалық бағыттағы мамандықтардың маңызы артып келеді. Солардың бірі – автоматтандыру және басқару саласы.

Автоматтандыру және басқару – өндірістік және техникалық процестерді адамның қатысуынсыз немесе аз қатысуымен басқаруға арналған жүйелерді әзірлеу және енгізумен айналысатын сала. Бұл бағыттың негізінде математика, бағдарламалау, электроника және инженерлік білім жатыр. Осындай кешенді білім арқылы мамандар заманауи технологиялардың дамуына үлкен үлес қосады.

Автоматтандыру – әртүрлі процестерді өздігінен орындауға мүмкіндік беретін техникалық жүйелерді қолдану. Оның басты мақсаты – өнімділікті арттыру, қателіктерді азайту және адам еңбегін жеңілдету. Ал басқару – белгілі бір жүйенің жұмысын мақсатқа сай реттеу процесі. Ол автоматты немесе қолмен жүзеге асуы мүмкін.

Бұл саланың қолданылу аясы өте кең. Автоматтандыру өнеркәсіпте (роботтандырылған өндіріс желілерінде), энергетикада (электр станцияларын басқаруда), көлік саласында (автопилот жүйелерінде), ақпараттық технологияларда сондай-ақ тұрмыста) кеңінен қолданылады.

Автоматтандыру жүйелері бірнеше негізгі бөліктерден тұрады. Оларға сенсорлар, басқару құрылғылары, атқарушы механизмдер және бағдарламалық қамтамасыз ету жатады. Бұл элементтердің барлығы бірлесе отырып, жүйенің тиімді әрі дәл жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.

Автоматтандыру және басқару мамандығының басты артықшылығы – оның жоғары сұранысқа ие болуы. Қазіргі таңда барлық өндіріс орындары мен технологиялық жүйелер автоматтандыруға көшуде. Сондықтан бұл саланың мамандары әрдайым қажет. Сонымен қатар, бұл мамандық логикалық ойлауды, жауапкершілікті және шығармашылық қабілетті талап етеді.

Қорытындылай келе, автоматтандыру және басқару – болашағы зор, заманауи және перспективалы мамандық. Бұл бағытты таңдаған жас маман тек өз болашағын ғана емес, елдің технологиялық дамуына да үлес қоса алады.

Техникалық білімге құштар болсаңыз, «Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті» КеАҚ сізге теориялық білімді тәжірибемен біріктіріп, бәсекеге қабілетті маман болуға жол ашады.

Гүлназира ШАИХОВА

«Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті»

«Жоғары математика» кафедрасының т.ғ.к.,

қауымдастырылған профессор