Интернет-алаяқтық саны кеміді

Интернет-алаяқтықпен Қарағанды облысында ымырасыз күрес жүріп жатыр. Мәселен бұл бағытта бірнеше жыл бұрын арнайы киберполиция құрылды. Аталған бөлімше интернет желісіндегі алаяқтықпен күреседі. Киберпол жұмысы өз жемісін бере бастады. Биыл интернет-алаяқтық фактілерінің саны 271 жағдайға дейін төмендеді.

Әрине, қылмыс деңгейінің төмендеуіне Қарағанды облысы полициясының жүйелі әрі кешенді ақпараттық-түсіндіру жұмысы да өз нәтижесін беріп отыр. Қазіргі уақытта полиция департаменті қала тұрғындарын интернет-алаяқтардан сақтандыру үшін түрлі арна арқылы ақпараттық кампанияны жүзеге асырып отыр. WhatsApp-тағы статустар, әлеуметтік желілер, кинотеатрлардағы және LED-экрандардағы бейнематериалдар, қоғамдық көліктердегі жадынамалар мен QR-кодтар – барлығы осы бәр мақсатты көздейді.

– Бүгінде қоғамдық көліктерде мыңнан астам алаяқтық схемалар туралы ақпаратқа қол жеткізуге болатын QR-кодтары бар парақшалар орнатылды. Сонымен қатар автобустар тақырыптық баннерлермен безендірілді. Бұжан бөлек әлеуметтік желілер мен жолаушылар тасымалдайтын көліктерде бейнероликтер көрсетіліп келеді, – дейді Қарағанды қалалық полиция басқармасының бастығы Шахназар Салин.

Киберқылмыстың алдын алуға бағытталған шаралар тек медиакеңістікте ғана емес, білім беру және медициналық мекемелерде де жүріп жатыр. Мұнда алаяқтық схемалары мен жеке мәліметтерді қорғау жолдары бойынша семинарлар жиі өтеді. Сондай-ақ бірнеше қаржылық мекемеме, яғни Ұлттық Банк, екінші деңгейлі банктер, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, прокуратура өкілдерімен кездесулер ұйымдастырылды.

Алдын алу шаралары ірі кәсіпорындар мен сауда орталықтарында да өткізіліп келеді. Мәселен банкоматтар маңына полицейлердің арнайы ақпараттық мүсіндері қойылып, алаяқтықтың алдын алу туралы кеңестер беріледі. Жақында осы алдын алу жұмыстары нәтиже берді. Яғни такси жүргізушісі өзінің мазасы кеткен жолаушысын полиция бөлімшесіне жеткізді. 60 жастағы жолаушы әйелдің айтуынша, өзін «басшылықтанмын» деп таныстырған белгісіз адамдар 1,5 млн теңге аударуды талап еткен. Алаяқтар оның есепшоттары «терроризмді қаржыландырып отыр» деп кінә таққан. Полицейлердің жедел әрекетінің арқасында бұл қылмыстың алды алынды. Дегенмен ойлары жүзеге аспай қалғанын көрген алаяқтар әйелді және оған көмек көрсеткен адамдарға қоқан-лоқы көрсетіп, қорқытуға тырысты. Бұл да киберқылмыстың қалай етек жайғанын көрсетіп отыр.

Сондай-ақ таяуда Қарағанды облысының киберпол қызметкерлері 1 млн теңгені жымқыруды ойлаған алаяқтардың жолын кесті. Абай аудандық полиция басқармасының киберполиция бөліміне «Қазақстан Халық банкі» АҚ жергілікті филиалының басшысы бөлімшеге келіп-кеткен 65 жастағы аудан тұрғынына қатысты күдікті жағдай туралы хабарлайды. Белгілі болғандай, оның ұялы телефонына беймәлім нөмірден қоңырау түскен. Алаяқтар өздерін «Қазақстан Халық банкі» қызметкерлері ретінде таныстырып, сенімге кіріп, әйелді жақын маңдағы банк бөлімшесіне баруға мәжбүрлеген. Әңгіме барысында олар психологиялық қысым көрсетіп, қылмыстық жауапкершілікпен қорқытып, 1 млн теңгені «қауіпсіз шотқа» аударуды талап еткен. Полиция қызметкерлері жағдайға араласып, азаматтың алаяқтармен әңгімесін тоқтатып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Полиция мен банк қызметкерлерінің жедел әрекеттерінің арқасында ақша аудару әрекетінің алдын алынып, қаражат жәбірленушінің депозиттік шотына қайтарылды.
Жалпы, кибералаяқтар тұрғындарды алдауда жалған телефон нөмірлерін пайдаланады. Сол үшін SIM-карталарды тәркілеу жұмыстарының маңызы зор. Осы уақытқа дейін тәртіп сақшылары 24 мыңнан астам SIM-карта тәркіленді

Полицейлердің айтуынша, Sim-box жабдықтарының орналасу географиясы ұлғайып келеді. Егер бұрын мұндай құрылғылар негізінен ірі қалаларда тәркіленсе, қазір қаскөйлер оларды тұрғындары аз аймақтарда да орналастыра бастады. Тек бір күнде Балқаш, Тараз, Екібастұз және Петропавл қалаларында киберполиция бөліністері прокуратурамен және ұялы байланыс операторларымен бірлесіп, Sim-box жабдықтарының заңсыз жұмысын әшкерелеу бойынша шаралар жүргізді. Операция барысында төрт адам ұсталды. Олардың екеуі – көрші мемлекеттің азаматтары. Тінту кезінде алты Sim-box құрылғысы, 24,5 мыңнан астам SIM-карта және перифериялық жабдық тәркіленді.
Ұсталғандарға интернет-алаяқтарға көмектескені үшін 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді. Sіm-box қылмыскерлерге әлемнің кез келген жерінде бола отырып, алаяқтық қоңыраулар жасауға мүмкіндік береді. Ол үшін жабдықтың өзі сол мемлекетте орналасып, жергілікті байланыс операторларының трафигін пайдаланғаны жеткілікті.

Манас АҚСАРЫ

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *