Қарағанды ЖЭО-3-те биыл үш қазандық агрегаты мен екі турбинаны күрделі жөндеу жоспарланған. Едәуiр сома 1977 жылы станция негiзi қаланғаннан бері жұмыс iстеп келе жатқан №1 қазандықты жаңартуға көзделген. ЖЭО-1-де екі қазандық және бір турбина күрделі жөндеуден өтпек. Сондай-ақ, энергия көздерінде негізгі және қосалқы жабдықтарға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
«Инвестиция орнына тариф» бағдарламасы туралы «Қарағанды Энергоцентр» компаниясында айтылды.
2025 жылғы 1 ақпаннан бастап жылу және электр энергиясын өндіруге арналған жаңа тарифтер күшіне енді. Өзгерістерді тиісінше Табиғи монополияларды реттеу комитеті мен ҚР Энергетика министрлігі бекітті.
Өндірістік шығындардан басқа тарифтер күрделі жөндеулерге, инвестициялық бағдарлама бойынша жабдықтарды жаңғыртуға арналған шығыстарды қамтиды.
– 2025 жылы жөндеу науқанының құны 23,8 млрд теңгені құрайды. Бұл қаражат жабдықтардың сенімділігін қамтамасыз етуге, экологиялық тазалықты жақсартуға және қуаттылық бойынша шектеулерді алып тастауға жұмсалады. Барлығы екі станцияда шамамен 26 бірлік жабдық жөндеумен қамтылады, – деп хабарлады «Қарағанды Энергоцентр» ЖШС бас директоры Флюр Гарипов.
Ол бұған дейін «Инвестиция орнына тариф» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылған ірі жобаларды еске салды. 2012 жылы ЖЭО-3 жаңа турбина іске қосылды, 2016 жылы жаңа энергоблок салынды. Жыл сайынғы күрделі жөндеулермен қатар бұл станцияның тозуын төмендетуге мүмкіндік берді.
Компания басшысының айтуынша, соңғы бес жылда қызметкерлердің жалақысы 100%-ға өсті. ЖЭО-3-те 900 адам, ЖЭО-1-де 300 адам жұмыс істейді. Кадрлар тапшылығы мәселесін ЖЭО-3 базасында оқу орталығын ашу және өңірдің колледждерімен дуальді оқытуды дамыту арқылы шештік, деп атап өтті Флюр Гарипов.
ЖЭО-3 директоры Константин Пятков ескі қазандықтың алдағы күрделі жөндеуі туралы толығырақ айтып берді.
– Жөндеу жұмыстарының ең үлкен көлемі осы қазандық бойынша. Қазандықтарды үлгілік жөндеу кезеңділігі төрт жылды құрайды. Ал биыл аса күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Қазандықтың оттық камералары толығымен ауыстырылады – бұл шамамен 150 тонна металл. Сондай-ақ жылыту беті мен су экономайзері жаңартылады – бұл тағы 40 тоннаға жуық. Бұдан басқа, газ тазарту жабдықтарын қайта жаңарту көзделген. Екінші буын эмульгаторы үшінші буын жабдығына ауыстырылады. Бұл тазарту дәрежесін арттырады, сәйкесінше қоршаған ортаға шығарындыларды азайтады. Ал жалпы күрделі жөндеу нәтижесінде жабдықтардың сенімділігі, жұмыс тұрақтылығы артады, – деп түсіндірді ол.
Спикерлер қажетті жабдықтарға шетелде тапсырыс берілетінін және оны жасау 90 күннен бастап жарты жылға дейін созылатынын айтты. Сондықтан барлық жөндеу науқанын бір жыл бұрын қалыптастырған. Биылғы жылыту маусымы аяқталғаннан кейін 2026 жылға арналған бағдарлама дайындалады.
Бұдан басқа, энергия тапшылығы проблемасын шешу үшін ЖЭО-3-те кеңейту жөніндегі жобаны іске асыру басталды. 2028 жылға дейін жаңа энергоблок орнату жоспарлануда. Бұл станцияның электр қуатын 140 МВт және жылу қуатын 180 Гкал/сағ арттырады.
– Барлық шартқа қол қойылды: жобалау, жабдықтарды жеткізу және құрылыс-монтаждау жұмыстары. Құрылыс үшін жер телімін дайындадық. Жобаны іске асыру нәтижесінде қосымша 55 жұмыс орны құрылады, – деді Флюр Гарипов.
Сондай-ақ, 2027 жылдан бастап іске асырылатын турбиналық жабдықтарды жөндеу бағдарламасы әзірленді.