ІСІМЕН ЕРЕКШЕЛЕНГЕН

1985 жылдың қараша айында мені Ақадыр аудандық партия комитетінің бірінші секретары Иван Андереевич Колбасин өзінің кабинетіне шақырып алды. Ол кезде мен аудандық комсомол комитетінің екінші секретарымын.

Бірінші басшы болған Алейник Виктор Митрофанович облыстық комсомол комитетінің аппаратына ауысып жатқан.

Иван Андреевич бірден:

– Қалижан, менің саған екі бірдей қызметке ұсынысым бар. Біріншісі аудандық комсомол комитетінің бірінші секретарлығына, екінші аупарткомның ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушы қызметіне. Осы екеуінің біреуін таңдап, таңертең шешіміңді айт,  – деді.

– Жақсы, – дедім де аудан басшысының кабинетінен шығып кеттім.

Жұмыстан үйге қайтқан соң ал келіп ойланайын.  Аудандық комсомол комитетінің бірінші секретарлығына ұсынылатынымды бұрыннан ішім сезіп жүрген. Оны облыстық комсомол ұйымының басшысы да, аудандағы басшым да жиі айтып жүретін. Жастар ұйымын басқару әрине абыройлы іс. Аупарткомның бюро мүшесіне өтесің, астында көптеген мекеме басшылары жете алмай жүрген судай жаңа «Нива» автокөлігі бар. Ал енді екінші ұсыныс бойынша аупарткомның нұсқаушысына өту, оның ішінде ұйымдастыру бөліміне бару, қызмет етсем деген адамның арманы болатын.

Түнімен ұйқым шала болды. Жастар ұйымын басқара берсем жасым 29-да. Әрі кетсе үш жылдан соң жасым келгендіктен комсомолдан кетуім керек. Ол кезде маған қандай қызмет ұсынылады? Ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы қызметі дайын тұрмайтын шығар? Не керек сонымен бір шешім қабылдадым.

Таңертең жұмысқа ерте келдім. Бірінші секретардың қабылдау бөлмесінде аудан басшысын тостым. Кабинетте оңаша болдық.

– Иван Андреевич, мен сіздің аппаратқа ұйымдастыру бөліміне барайын деп шештім, – дедім.

– Өзім де солай ойлап едім. Ендеше облыстық партия комитетіне құжаттарыңды дайында. Қызметіңнің бірі ретінде аудандық жастар ұйымының жұмысын басшылыққа аласың.

Бірінші және екінші секретарлыққа кандидатураларыңды қарастыра бер, – деп кабинетінен шығарып салды.

Сонымен не керек, әп-сәтте жастық шақтан кетіп, қызметім ауысып шыға келдім. Аудандық партия комитетіндегі жұмысым мен үшін ауыр болмады. Комсомолдан алған тәжірибем көп көмегін тигізді. Жастармен жұмыс жасағанда ұйымдастыру бөлімін де, идеология саласын да басқарғанмын.

Аудан басындағы кәсіпорын, мекемелердің партия ұйымдарымен жұмыс жасау оңайырақ болды. Теміржол торабының партия комитетінен басқасы жұмыстарын қоғамдық негізде жүргізетін.

Қиыны аудан орталығынан тыс жердегі елді мекендердегі партия ұйымының жұмысы болатын. Ақшатау кен-байыту комбинаты, Мойынты теміржол торабы, 10 кеңшардың (кеңестік шаруашылық) партия ұйымдарының жұмысын секретарлары кәсіби негізде жүргізіп отырды. Ол кезде партия ұйымдарын Переров Василий Захарович, Шоқпаров Нұрқанат, Жуасбаев Өкен Жуасбайұлы, Творищук Владимир Ильич, Жәнібеков Ертай Жарылғапұлы, Хишауов Төлеген, Төребеков Ұзақбай Әлиұлы, Сепбосынов Совет, Түсіпов Батай Түсіпұлы, Секербеков Мұхамедқадыр басқарып жүрді. Бірінен-бірі өткен, тәжірибелері мол, жұмыстың қыр-сырын әбден меңгерген мамандар еді.

Осындай партия ұйымдарының жетекшілерімен ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы, кейіннен бөлім меңгерушісі ретінде бес жылдай бірге қызметтес болдым.

Сол кезде солармен қатар партия қызметінде тәжірибелі, беделі зор, ауданымыздың беткеұстар басшылардың бірі ретінде «Ақшатау» кеңшарының партком секретары болып Жақсыбеков Социал Жақсыбекұлы абыройлы жұмыс атқарып жүрді.

Аудандық комсомол комитетінде, аупартком аппартында да қызмет атқарып жүргенімде ол кісімен жұмыс бабымен етене араласып жүрдім. Ал енді ұйымдастыру бөлінің нұсқаушысы ретінде ұжымшарға тікелей іссапармен баратынмын.

Ол уақытта іссапарларымыз атүсті, аз уақытқа болмайтын. Барсақ, үш-төрт күнге бірақ сайланып баратынбыз. Сол күндер ішінде партия ұйымының жұмысымен жақын танысып, жақсы жерлерін басшылыққа алып, кемшіліктер болса түзетуге тырысатынбыз. Бір сөзбен айтқанда практикалық көмегімізді де беріп кететінбіз. Өйткені, осы бағыттағы іссапарға барғанда әр дүйсенбі күні аппараттық жиындарда бірінші хатшының алдында толық есебімізді беретінбіз. Не көргенімізді, қандай істер атқарғанымызды тәптіштеп жеткізетінбіз. Егер көрген кемшілігімізді түземей кеткен жағдай болса басшымыз сол

адамды қайтара сол жерге іссапарға жіберетін. Орын алған кемшілікті түзеп қайтпай ол адамды жұмыс орнына қайта кіргізбейтін. Алайда, Социал Жақсыбекұлы жұмысында кемшіліктер жібере қоймайтын. 15 жылдан астам уақыттан бері партия комитетін басқарып келген. Мамандығы агроном бола тұра, Сәкең тек коммунистермен ғана емес, үлкенді-кішілі ауыл тұрғындарымен де жақсы тіл табысатын басшы болды.

Олардың арасында беделінің биіктігімен, өзіне жүктелген міндеттерін орындаудағы жауапкершілігімен, табиғатынан берілген үлкен ұйымдастырушылық қабілетімен ерекшеленеді.

Партком секретары өзінің міндетін атқарумен қатар шаруашылықтың жұмыстарына да басшылық жасауы керек. Бұл ретте кеңшар директорымен тіл табысып, біріге жұмылып жұмыс жасау оңай болмайды. Сол уақыттағы кеңшар директоры Оспанов Байәділ Оспанұлы ширек ғасыр уақыттан бері шаруашылықты басқарып келді. Отыз мыңға жуық қой малын өсірген шаруашылықтың қиындығы да жететін еді. Кеңшар орталығынан шалғай жерде орналасқан қыстақтары қаншама?

Көктемде қой төлдейді, сақман науқаны жүреді. Одан кейін қой қырқу басталады. Жаз бойы шөп шабу науқаны жүреді, дайындалған азықты қыстақтарға жеткізіп, мая қылып үйеді. Малды қыстан аман-есен шығару тағы бар. Осындай жауапты кезеңдер жүргенде адам күші жетіспей қалады. Бүкіл ауыл болып шаруаларға жұмылдырылады. Ал енді жаз-күз айларында жыл бойы жасалған еңбектің жемісі көрінеді. Бұл уақытта әрбір шаруашылық ет өнімі мен қой жүнін мемлекетке тапсыра бастайды. Яғни жаз бойы бордақылаған қой малы ет комбинатына өткізіледі. Осындай қызу еңбектің басы-қасында партком секретары Социал Жақсыбекұлы да табылып жүрді. Мұны айтқаным, Ақшатау ауылына жұмыс бабымен барып жүргенде партиялық жиналыстарына, партком отырысына, кеңшар директорының жиындарына қатысамын. Ауыл тұрғындарының мұң-мұқтажы мен ұсыныстары арқылы ауыл тынысын, партия ұйымының ықпалын біліп отыратынмын.

Шаруашылықтың жұмыстарынан басқа партком секретарымен бірігіп мектептің, балабақшаның, мәдениет үйінің, селолық аурухананың, сауда орнының жұмыстарын қадағалап, шешімін таппай жүрген мәселелерімен де айналысып жүрдік.

Ақшатау (қазіргі Жарылғап батыр ауылы) ауылына барып жүргенде Сәкеңнің үйінде болып, қонақжайлығын көріп, қазіргі уақытта марқұм Назым жеңгеміздің қолына талай рет дәм таттым. 5 бала өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, олардан ондаған немере-шөбере сүйіп отырған бақытты әулет иелері деп ауыз толтыра айтар едім.

Кейіннен Жақсыбеков Социал ағамыз партия жұмысынан ауысып, он жыл бойы «Ақшатау» кеңшарының бас экономисі қызметін абыроймен атқарды. Міне, ісімен ерекшеленген еңбек майталманы Сәкең ағам – осындай адам.

Қалижан БЕКХОЖИН,

Шет ауданының «Құрметті ардагері», ҚР Журналистер одағының мүшесі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *