Күлкі көп, мазмұн аз: қазіргі эфир қайда бет алды?

Қазіргі Қазақстандағы теледидар кеңістігіне көз салсақ, ойын-сауық бағдарламалардың басым екенін байқаймыз. Экраннан күн сайын күлкіге құрылған, жеңіл форматтағы жобалар көрсетіледі. Қоғамда жиі сынға ұшырап жүрген, тәрбиелік-танымдық салмағы төмен деп бағаланатындардың бірі – студиялық «жұп табу» шоулары.

Солардың ішінде қоғамда жиі талқыланып, пікірталас тудырып жүрген бағдарламалардың қатарында «QosLike» пен «Сезім бағы» бар. Бұл жобалар өздерін «жұп табуға арналған», «адамдарды жақындастыратын» бағдарлама ретінде ұсынғанымен, олардың шын мәнінде « қоғамға беріп жатқан әсері қандай?» деген сұрақ өзекті болып отыр. Көрсетілетін бұл бағдарламалар көрерменнің назарын өзіне тартып, рейтинг жинап отырғанымен, олардың қоғамдық санаға, мәдени құндылықтарға және жастардың дүниетанымына ықпалы туралы мәселе әлі де терең талқылауды қажет етеді.

Теледидар – жай ғана көңіл көтеру құралы емес. Ол – қоғамдық пікір қалыптастыратын, құндылықтарды тасымалдайтын маңызды әлеуметтік институт. Әсіресе жасөспірімдер мен жастар үшін теледидардағы бейне мінез-құлықтың, қарым-қатынастың, сөйлеу мәдениетінің үлгісіне айналады. Сондықтан экрандағы әр бағдарлама белгілі бір дәрежеде тәрбиелік функция атқарады.

Алайда қазіргі кейбір ойын-сауық бағдарламада бұл функция әлсіреп бара жатқандай. Күлкі мен эмоция алдыңғы орынға шығып, мазмұн екінші кезекке ысырылған. Әзілдің сапасы, айтылған сөздің салмағы, көрсетілген мінез-құлықтың әлеуметтік мәні көбіне ескерілмейді. Мұндай контент көрерменге ой салудан гөрі, уақытша әсер қалдыруды көздейді.

Ғылыми тұрғыдан алғанда, мұны масс-медиадағы культивация әсерімен түсіндіруге болады. Бұл теорияға сәйкес, медиакеңістікте жиі қайталанатын бейнелер мен мінез-құлық үлгілері уақыт өте келе көрермен санасында «қалыпты», «табиғи» құбылыс ретінде қабылданады. Егер теледидардан үнемі жеңіл әзіл, жасанды эмоция, үстірт қарым-қатынас көрсетілсе, ол қоғамдағы мәдени нормаларға да әсер етеді.

Мәселен аталған бағдарламаларда сөйлеу мәдениетінің төмендігі, орынсыз қалжың, бір-бірін кемсітуге жақын әзіл элементтері жиі кездеседі. Бұл әсіресе жас көрермен үшін қауіпті. Себебі ол мұндай мінез-құлықты әлеуметтік ортада қайталауы мүмкін. Бағдарламаның мақсаты – жұп табу болғанымен, бірақ бірін-бірі көрермен алдында ыңғайсыз жағдайға қалдыру секілді сәттер бұл мақсатқа көлеңке түсіреді. Нәтижесінде көрерменде «бұл бағдарламалар шынымен жұп табу үшін бе, әлде халықтың арасына жік салу үшін ғана ма?» деген заңды сұрақ туады. Осылайша теледидар мәдениетті қалыптастырудың орнына, оны біртіндеп қарапайымдандырып, жұтаңдатып жіберу қаупін тудырады.

Тағы бір маңызды мәселе – ұлттық және рухани құндылықтардың экрандағы көрінісі. Қазақ қоғамында отбасы, сыйластық, үлкенге құрмет, сөз әдебі секілді ұғымдар дәстүрлі түрде жоғары бағаланады. Ал қазіргі кейбір ойын-сауық бағдарламаларда бұл құндылықтар терең көрсетілмейді, кейде тіпті формальды сипатта ғана беріледі. Ұлттық мазмұн сыртқы формада сақталғанымен, ішкі мәні әлсіреп бара жатқандай.

Әрине, теледидар толықтай салмақты, ауыр мазмұнға құрылуы тиіс, деу дұрыс емес. Қоғамға ойын-сауық керек, күлкі керек. Бірақ мәселе – қандай күлкі, қандай ойын-сауық екенінде. Күлкі мен жеңіл формат қоғамды біріктіруге, ой салуға қызмет еткенде ғана өз мәнін табады. Ал күлдіреміз деп бүлдіріп алу – бүгінгі кейбір бағдарламаға қатысты айтылып жүрген орынды сын. Егер ойын-сауық адамның ойына, талғамына, мәдени деңгейіне әсер етпесе, ол уақытша көңіл көтеруден аспайды. Ал теледидардың мүмкіндігі бұдан әлдеқайда кең.

Бұл жерде телеарналардың контенттік саясатына қатысты сұрақ туындайды. Рейтинг пен жарнама табысы бірінші орынға шыққанда, қоғамдық жауапкершілік кейінге ысырылады. Нәтижесінде теледидар мәдениет пен тәрбие таратушы құралдан гөрі, тұтынушылық өнімге айналып барады. Бұл – тек бір арнаның емес, жалпы медиа кеңістіктің ортақ мәселесі.

Бірақ бұл жерде мәселені тек телеарналарға ысыра салу да біржақты емес. Иә, телеарналар рейтингке жұмыс істейді. Бірақ рейтингті қалыптастыратын – көрерменнің талғамы. Сондықтан бұл – екіжақты процесс: телеарна не ұсынады және көрермен нені тұтынады. Егер қоғам мазмұнды, ойлы, сапалы бағдарламаларды талап етсе, теледидар да соған бейімделер еді. Сондықтан бұл мәселе – тек телеөндірушілердің емес, тұтас қоғамның ортақ мәселесі.

Қазіргі теледидардағы ойын-сауық бағдарламаларға біржақты тыйым салу немесе оларды толықтай жоққа шығару дұрыс емес болуы да мүмкін. Бірақ олардың мазмұнын, құндылықтық бағытын қайта қарау қажет. Экрандағы күлкі сананы бос қалдырмай, оймен, мәдениетпен, тәрбиемен ұштасқанда ғана теледидар өз миссиясын орындайды. Әйтпесе бүгінгі жеңіл контент ертеңгі қоғамдық ойдың деңгейіне әсер етпей қоймайды.

Аян КЕҢЕСБЕК,

студент