Күмбірлеген өмір жолы

Қазақ халқының біздің дәуірімізге дейін сақталып қалған асыл мұрасы – күй өнері. Өткен ғасырларда, нота сауаты жоқ кезде дүниеге келген ән-күй өмірмен бірге қайнап, ауыздан-ауызға, қолдан-қолға көшіп біздің заманымызға жетті. Қазақ халқы өзінің көңіл-күйі мен  арманын, қоғамға деген көзқарасын домбыраның қос ішегі арқылы жеткізе білген. Суырып салма ақындар мен бармағынан бал тамған күйшілер арқылы бізге жеткен назды әндер, ғажайып күйлер халқымыздың музыка мұрасы ғана емес – мәдени  байлығы, рухани азығы болып отыр.

Күй өнерінде еліміздің кең байтақ жерінде әр түрлі жергілікті кәсіби композиторлық және орындаушылық мектептер қалыптасқан. Батыс Қазақстан аумағы домбыралы төкпе күйдің орталық аймағы болса, Сарыарқа аймағы (Орталық Қазақстан) шертпе күйдің эпицентріне айналған.

Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Қазанғап, Дина, Сүгір, Тоқа, Әбікен есімдері тек қана қазақ музыкалық мәдениетінде ғана емес, сонымен қоса әлемдік музыкалық мәдениеттің тарихында ерекше орын алады. Олардың айқын дара стилімен, ерекше көркем құрылымымен және музыкалық мәнерлі құралдарының аясымен ерекшеленетін шығармашылықтары қазақ музыкалық классикасының мақтанышы.

Қазіргі заманда күй өнерін халыққа насихаттап, нақышына келтіріп орындаушылар Шәміл Әбілтаев, Қаршыға Ахмедияров, Секен Тұрысбеков, Малғаждар Әубәкіров, Кеңшілік Мырзабеков, Әзидолла Есқалиев, Жанғали Жүзбай, Ахат Байбосынов, тағы басқа күйшілердің кең тараған күйлері де көпшілік тыңдарманның жоғары бағасын алуда.

Шертпе күйдің шеберлері Шет өңірінде де көптеп саналады. Кешегі Аққыз, Ақмолда, Әбікен, Әбди, Кәрібек, Қыздарбек, Дәулетбек пен Қайролла Сәдуақасовтар, Зәрубай Сүйіндіков күй өнерінде өзіндік іздерін қалдырған жерлестеріміз.

Бүгінгі біздің әңгімеміз әйгілі күйші апалары Дина мен Аққыздың өнердегі  жолын жалғастырған, С.Мұхамеджанов атындағы өнер мектебінің Ақадыр филиалындағы оқытушысы Өтебаева Тоқыман Қонысбекқызы туралы болмақ.

Негізі Тоқыман Қонысбекқызы Жезқазған аймағының тумасы. Қазіргі Ұлытау облысы, Ұлытау (бұрынғы Жезді) ауданы, Сарысу ауылында дүниеге келген. Әкесі Қонысбек Өтебайұлы ауыл шаруашылықтарында кәсіподақ ұйымдарын, ауылдық кеңесінің атқару комитеттерін басқарған. Ауылдастары арасында ақылгөйлігімен, парасатттылығымен, еңбекқорлығымен, қызметіне адалдығымен ерекшеленіп, ел ағасы деген мәртебелі атақтың иесі бола білген. Ал бала-шағаның тәрбиесімен айналысып, шаңырақтың ұйытқысы болған анасы Жібек Сыздыққызы 9 бала көтеріп, «Күміс алқа» иегері атанған.

Бала Тоқыман кішкентайынан қолына домбыра ұстап, күй тартумен әуестенген. Ең үлкен әпкесі Алтынкүл (қазір марқұм) жас кезінен тума дарынды музыкант болған. Домбыра тартып, дәстүрлі әндерді шырқап, күйлерді нақышына келтіріп орындап жүрген. Өсе келе Жезқазған қаласындағы музыкалық училищеге оқуға түседі. Оны бітірген соң Алматы қаласының Құрманғазы атындағы консерваториясына түсіп, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қарабалина Бақыттың класында оқиды.

Апасы Алтынкүл үйге келгенде домбырамен күй тартады екен. Ол кезде 2-3 сыныпта оқитын Тоқыман сіңлісі қасында отырып, тура сол әуенді қолма-қол қаз-қалпында қайталап орындап беріп отырған. Ондай адамдарды ел арасында «құймақұлақ» деп атайтыны бәрімізге белгілі болар. Бауырының осындай ерекше қасиетін апасы үнемі байқап жүреді. Сол себеп болған шығар, 1978 жылы Сәтбаев қаласының  № 27 орта мектебінің 8-ші сыныбын бітірген бетте бір кездері өзі оқыған Жезқазғандағы музыкалық училищеге жетектеп алып келеді. Бала бірден оқуға қабылданады.

Студент атанған Тоқыманға оқу қиынға түспейді. Апасынан үйренгені бар, музыкаға деген ынтызарлығы, қызығушылығы бар, одан салды мектепте оқығанда домбыра үйірмесіне қатысқаны бар, күй орындау шеберлігін одан сайын шыңдай бастайды. Оқу орнының домбырашылар ансамблінің белді мүшесі ретінде Жезқазған қаласындағы концерттерге қатысады. Бірнеше рет Қарағанды, Алматы қаласында өткізілген байқауларға да барып жүреді.

Тоқыман Қонысбекқызының жастайынан сүйсіне орындайтын халық күйлері «Кеңес», «Жастар», «Тепеңкөк», Құрманғазының «Ақсақ киік», «Ақбай», «Ілме», «Серпер», «Аман бол шешем, аман бол», шертпе күйлерден Тәттімбеттің «Сарыжайлау», «Қосбасар», Мағауия Хамзиннің «Жайлау», сонымен бірге Қыздарбек, Тоқа, Алтынай, Динаның күйлері де репертуарынан тыс қалып көрген емес. Әсіресе, сахнаға шығып күй орындағанда, көрермен қауым әрбір күйші нақышына келтіріп орындай алмайтын Әбікен Хасеновтың «Қоңыр» күйін қолпаштап сұрап жатады.

Бұл жерде – училищеде  оқып жүргенде бар өнерін алға салып, шәкіртіне үйрете білген ұстазы Сайжанов Қарасайдың еңбегі зор екенін айта кетпеске болмайды.

Музыкалық училищені ойдағыдай бітірген соң, 1982 жылы апасының жолын қайталап, Құрманғазы атындағы консерваторияға түседі. Дарынды күйші, профессор Дүйсен Орынбайдың жеке класында оқиды. Бұл жерде де домбырашылар ансамблінің мүшесі қатарында республикамыздың облыстарында, жекелеген қалаларында халық алдында өнерін паш етеді. Кешегі жай күйші қыз енді шебер орындаушыға айналады.

Консерваторияны тәмамдаған Тоқыман Қонысбекқызы Жезқазған қаласындағы өзінің шыққан училищесіне қайтып келеді. Осы жолы ұстаздық мәртебесімен. Бірден домбыра үйірмесіне жетекшілік етіп, жекелеген оқушыларын қабылдап алып, оларға училище мен консерваторияда үйренгендерін, түйгендерін үйрете бастайды. Жыл өткен сайын тәжірибесі де молайып, білікті ұстаз қатарына қосылады.

Арада үш жыл өткен соң Тоқыман ұстаз облыс орталығындағы училищеге студенттерді шақыру мақсатында үгіт-насихат жұмысын жүргізуге  сол уақыттағы  аудан орталығы Ақадыр кентіне іс-сапармен келеді. Осы сапар оның өмірлік тағдырын күрт өзгертті дегуге әбден болады. Өйткені, дәл сол жолы өзінің болашақ жары Асубаев Асқар Сұлтанұлымен кездесіп, танысады. Бір-бірімен көңілдері жарасқан жастар көп ұзамай отау құрады.

Енді Тоқыман Қонысбекқызының тұрғылықты жері Ақадыр кентіне ауысады. Аудандық өнер мектебіне жұмысқа орналасып, домбыра үйірмесін ашады. Содан міне, 34 жыл бойы тапжылмастан бір орында қызметін атқарып келеді. Бір жылда 14 балаға жеке сабақ беріп, оқу жылы аяғында 2-3 баладан бітіріп отырады. 100-ге тарта шәкірттерін дайындап шығарса, оның 40-тан астамы облыстық, республикалық, халықаралық деңгейлеріндегі лауреаттар атанған.

Мәселен, 1997 жылы шәкірті Қуанышбеков Қуатжан Алматы қаласында өткен М.Төлебаев атындағы байқауда  Мәменнің «Ақшолпан» күйі мен  Тәттімбеттің «Қосбасарын» фортепианоның сүйемелдеуімен Чайкиннің «Деревня сыртында» атты шығармасын орындағаны үшін дипломант атанды. Сонымен бірге республиканың дарынды оқушылары қатарында Қазақстан Республикасының Президентімен кездесуге қатысып, арнайы жазуы бар алтын сағатты сыйлыққа алған.

Қуатжанның қарындасы Жазира Қуанышбекова республикалық Ғазиза Жұбанова атындағы байқауға қатысып, екінші жүлдеге қол жеткізді.

2010 жылы шәкірттері Имашев Бексұлтан мен Қалиақпаров Жәнібек Чехияның Прага қаласында өткен халықаралық «Жұлдызды жауын» фестивалінде лауреаттар атанды. Еуропаның төрінде олардың орындауында Құрманғазы Сағырбайұлының «Ақсақ киік», «Ілме», Сайдалы Сары Тоқаның «Сарыжайлау», Дина Нұрпейісованың «Науысқы» күйлері қазылар алқасының да, көрермендердің де көңілінен шықты.

Өнер мектебін бітірген соң екеуі де Қарағанды қаласындағы Тәттімбет атындағы музыка колледжін тәмамдап, соңынан ұстаздары оқыған Құрманғазы атындағы консерваториясында оқып шығады. Бүгінгі таңда Бексұлтан мен Жәнібек Қарағанды облыстық № 2 өнер мектебіндегі домбыра үйірмесінде оқушыларға сабақ береді. Бір қызығы, олар да өздерінің ұстаздары тәрізді шәкірттерін түрлі халықаралық, республикплық байқауларға, фестивальдарға апарып, шыңдайды екен.

Қазіргі уақытта тағы бір шәкірті Талғатбек Нұрмұхаммед 5 сыныпқа өткен. 2 сыныптан бастап облыстық байқауларға қатысып, лауреат атанған. 3 сыныпта оқып жүргенде «Ел естімеген күйлер» байқауына қатысып,  «квинта» бұрауында күй орындап «Сары-Арқа дарындары» фестивалінің лауреаттығын жеңіп алды. Аталған шараға онымен бірге Нығыбай Нұрлыбек те қатысып үлкен табысқа жетті.

Осы жетістіктерімен қатар, Нұрмұхаммед екінің бірі жете алмайтын IV-республикалық «Абыз домбыра» атты күйшілер байқауына қатысып, екінші жүлдеге ие болса, ХІХ Халықаралық «Астана – Мерей» конкурсының дипломанты атанды.

Тоқыман Қонысбекқызына өзінің шәкірттері жайлы:

– Қырық  жылға жуық ұстаздық еңбегімде балалармен қоян-қолтық

жұмыс жасаймын. Сабақ өткізгенде домбыраны қолдарына ұстатып, теорияны үйрету бір бөлек. Кейде арнайы хаттар арқылы шақыртулар келіп жатады, кейде жарнамалардан республикамыздың қалаларында өтетін байқау, фестивальдерді біліп аламын да, озық балаларымды соларға алып барамын. Оқушыларымның ата-аналарымен бірге сапарға аттанамыз. Бала болған соң, балалық істері болып тұрады. Кейде керек заттарын қайда қойғанын ұмытып, соларын тайлы-тұяғымызбен бірге іздеумен әлек болып жатамыз. Немесе сахнаға шығар алдында кішігірім күйзеліске түсіп кететіндері болады. Сұрақ қойсаң бетіңе бажырая қарап, ауыздарынан дыбыс шықпай қалады. Мұның бәрі халық алдына шығардағы толқудан, уайымнан болып жататыны белгілі. Осындай сәттерде ата-аналарымен бірге жандарынан табылып, балаларды жұбатып жатамыз. Нәтижесінде мәдени додаларға қатысу маған ұстаз ретінде, балаларға күйшілер ретінде көп пайдасын тигізеді. Шәкірттерім шыңдалады, тәжірибе жинайды, ой-өрістері кеңейеді, дүниетанымы күшейеді. Күйшілік өнерлерін әрі қарай дамытуға, жігерлеріндіруге жол ашады,  – деп жымия ойын жеткізді.

Тоқыман күйші шәкірттерімен қатар, өзі де бірталай конкурстарға қатысып жүрді. Балқаш қаласында өткен Мағауия Хамзин атындағы, Алматыдан кейін Шет ауданында Ә.Хасенов атында өткен «Күй керуені» республикалық байқауында, күйші Дәулетбек Сәдуақасовты еске алуға арналған «Шет өңірі – шертпе күйдің қайнар бұлағы» және ауданымыздың  90 жылдығы аясында Дәулетбек Сәдуақасовтың 80 жылдығына орай өткен байқаулардың лауреаты. Қыздарбек Төребайұлы атындағы аймақтық конкурсында топ жарса, Қарағанды қаласында ұйымдастырылған Халықаралық «Гармонь» аты конкурсын жеңіп алған.

Ұстаздық жолында Тоқыман мұғалім әрдайым ізденіп жүреді. Шәкірттеріне дәріс бергенде ертеден келе жатқан күйлермен бірге жаңадан шыққан күйлердің шығу тарихын біліп айту, оларды орындауда жаңашыл бағыттарды қолдануға үйрету, күйлердің сынын бұзбай, орындаушылық шеберлікпен орындауды қалыптастыру оның күнделікті жұмысы. Бұл бағытта Астана, Алматы, Қарағанды қалаларындағы біліктілікті жетілдіру курстарында оқығаны көп септігін тигізетіні анық. Биылғы жылы Астана қаласындағы Республикалық қосымша білім беру оқу – әдістемелік орталығы ұйымдастырған курста білім алып, арнайы сертификатқа ие болды.

Сонымен бірге облыс және аудан көлемінде өзінің тәжірибесімен әріптестері арасында бөлісіп отырады. Тек қана биылғы жылдың басынан Қарағанды қаласына «Күй өнерін орындау тәсілі» атты вебинар — сабақ жүргізсе, аудан орталығы Ақсу – Аюлыда С.Мұхамеджановтың 100 жылдығына орай «Шаттық отаны» шығармасына арналған мастер — класс ашық сабағын өткізді.

Тоқыман Қонысбекқызының еңбегі елеусіз қалған емес. Білім беру және тәрбиелеу жұмысындағы зор табыстары үшін Білім министрлігінің «Ы.Алтынсарин атындағы» төсбелгісімен, Министрдің Алғыс хатымен, Шет ауданы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Онымен қоса, Шет ауданы көлемінде «Жыл үздігі», Ақадыр кенті бойынша «Үздік ұстаз» номинацияларының жеңімпазы болған.

Тоқыман ұстаздың жұбайы Асқар Сұлтанұлы Ақадыр кентінің тумасы. Бүкіл саналы өмірін темір жол саласына арнап, айналмалы депоның (ТД-19) электровоз машинисі болып абыройлы еңбек етті. Қазіргі уақытта зейнеткерлікке шыққан.

Екеуі екі бала тәрбиелеп өсірген. Үлкен қыздары Марал Қарағанды қаласының политехникалық университетін экономист мамандығы бойынша бітірген. Бір баласы бар. Кіші қыздары Әйгерім де апасы оқыған университетті тәмамдап, дизайнер мамандығын алып шыққан. Жекеменшік фирмада еңбек етеді. Үш бала тәрбиелеп өсіріп отыр.

Күй өнері – халық қазынасы, мұрасы. Күй – домбыраның үні мен жан дауысы болса, домбыра қазақ халқының жан сезімі мен жан серігі. Ендеше күйшілік өнерімен елге танылған, соңынан шәкірттерін ертіп, жеңістерге жетелеп жүрген білікті ұстаз Өтебаева Тоқыман Қонысбекқызына алдағы уақытта да  сәттілік пен толағай табыстар тілейік.

 

Қалижан БЕКҚОЖА,

Ақадыр кенті

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *