Көмірді өңдеп, жаңа өнім алуға кірісті

Көмірді өндірумен қатар, оны әрі қарай өңдеуден өткізіп, түрлі өнімдер алу маңызды. Сондықтан Қарағанды облысында көмір химиясын дамытуға барынша көңіл бөлініп отыр.

Яғни, көмір өнеркәсібі жаңа бағыттарды игеріп, көмірді байытып, барынша терең өңдеуге бағдарланған жаңашыл технологияларға бет бұруда. Тиісінше, отандық бірнеше кәсіпорын сүбелі жобаларды жолға қойды. Бұл қатарда қарағандылық алпауыттардың шоқтығы биік көрінгені заңды, әрине.

«Шұбаркөл Көмір» АҚ – өнеркәсіп ошақтарын энергетикалық көмірмен қамтып отырған кәсіпорындардың бірі. Алдағы уақытта өндірістік қуаты еселене түспек. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, компания жылына 200 мың тонна арнайы кокс өндіретін жобаны жүзеге асыруда. Соның арқасында зауыттардың өндірістік қуаты 400 мың тоннаға дейін артады.

Бұдан бөлек, кәсіпорын екі жыл бұрын белсендірілген көмірді өндіру жобасын бастаған. Діттеген меже – 280 тонна.

Ел экономикасында белсендірілген көмірге сұраныс зор. Гидрометаллургия, алтын өндірісі, фосфат өнеркәсібі, су тазарту сынды салаларда кеңінен қолданылады. Осы уақытқа дейін шет елдерден тасылып келген-ді. Ендігі басты мақсат – импортты алмастыру.

Тағы айта кетері, кәсіпорын алдыңғы жылы көмірден гуминді тыңайтқыш алуға кірісті. Шұбаркөл кен орнында тәжірибелік-өнеркәсіптік қондырғы жұмысын бастады. Зауыт жылына 900 тоннаға дейін өнім алуға қауқарлы.

Сондай-ақ, айына 1800 тонна кокс көмірін беретін зауыт іске қосылды. Бұл жобаны «Шұбаркөл Премиум» АҚ-ы мен «Теміркокс» ЖШС бірге қолға алды. Былтыр екінші кезек жұмысын бастап, өндіріс қуаты еселеніп, бір айда 3600 тоннаны еңсерді.

Сонымен қатар, былтыр жыл соңына дейін Sherubai Komir мен «Құлан көмір» серіктестіктері көмір кенішінде ұсақтау-сұрыптау кешенін қолға алды.

Kazakhmys Coal ЖШС-де көмір химиясын ілгерілету ісіне белсене атсалысуда. Кен өндіру келісімшартын ұзарту шеңберінде «Көмірді зерттеу, тәжірибелік өнеркәсіптік қондырғы дайындауға конструкторлық шешімдер әзірлеу және Борлы кен орнындағы көмірді байытуға арналған фабрика салу» жобасын іске асырды.

«Қармет» компаниясы ауқымды жобаларды қолға алды. Жаңа жобалар комбинат жұмысын тұрақтандырып, компанияның «5-9-5» бағдарламасының орындалуына жол ашады. Қазір бекітілген стратегиялық жоспарға сәйкес кәсіпорын 2028 жылға қарай жылына 5 миллион тонна болат шығаруды, 9 миллион тонна көмір және 5 миллион тонна темір рудасы концентратын өндіруді жоспарлап отыр. Бұл 2023 жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда орта есеппен 66 пайыз артық өсімді қамтамасыз етеді.

Айта кетейік, облыстың өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, бүгінде облыс аумағында 11,2 миллиард тонна тас және қоңыр көмір қоры бары мәлім. Республика көлемінде өндірілетін көмірдің үштен бірі және кокс көмірі толығымен Қарағанды облысына тиесілі.

Манас АҚСАРЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *