Көмірлі өлке – өміршең бастамалар мекені

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Ұлттық құрылтайда ел өміріндегі өзекті мәселелерге тоқталды. Рухани, мәдени, ғылыми даму турасында сөз қозғап, елдің әлеуметтік-экономикалық өркендеуі туралы да әңгіме өрбітті. Қарапайым алықтың жағдайын жасауға ерекше назар аударды. Ол үшін әрине экономикалық тұрғыда тұрақтылықты қамтамасыз етіп, соған сәйкес тұрғындардың тұрмысын жайлы ету үшін елдегі инфрақұрылымды дамыту қажеттігін айтты.

Президент өз сөзінде ауқымды жобаларды жүзеге асыруды міндеттеді. «Бізге әжептәуір мультипликативтік нәтиже беретін жобалар қажет. Сол үшін Үкіметке биыл ауқымды төрт инфрақұрылымдық бастаманы жүзеге асыруды тапсырамын. Ең алдымен, қазір жұмыс істеп тұрған 55 жылу орталығын толығымен жөндеу қажет. Ұзындығы кемінде 6,5 мың шақырым болатын инженерлік жүйені жаңғырту керек. Бұл қадам азаматтар мен кәсіпкерлерге көрсетілетін коммуналдық қызметтің сапасын арттыруға мүмкіндік береді», – деді Мемлекет басшысы.

Бұл жұмыс Қарағанды облысында да ауқыммен жүзеге асып жатыр. Жалпы Президент тапсырмасын жүзеге асыруда Қарағанды облысының әлеуеті зор. Бұл мәселені Мемлекет басшысының өзі де Қарағандыға келген сапарында айтқан еді.

«Қарағанды табиғи байлығымен ғана қазыналы деп аталмағаны анық. Сарыарқаның дәл жүрегінде орналасқан аймақтың рухани қазынасы да орасан зор» деген-ді.

Яғни өндірісімен бірге руханиятты да қатар қойды. Президент берген баға әділ. Мәселен, былтыр жарты жылда өндірілген өнеркәсіп өнімінің көлемі 1,8 трлн теңгеге жетті. Алдыңғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11,8 пайызға өсті. Әсіресе өңдеу өнеркәсібінде тұрақты даму қамтамасыз етілді. Яғни экономиканы дамытудың негізгі факторлары өңдеу өнеркәсібі салаларындағы белсенділіктің арқасында қамтамасыз етілді. Салалар бөлінісіне келсек, машина жасауда – 42,6 пайызға, жеңіл өнеркәсіпте – 23,6 пайызға, қағаз және қағаз өнімдерін өндіруде – 11,8 пайызға, фармацевтикада – 9,3 пайызға, құрылыс индустриясында – 7,8 пайызға, қара металлургияда 2,1 пайызға өсім бар.

Президент құрылтайда көлік-логистика саласын дамытуға ерекше көңіл бөлді. «Экономиканы дәйекті дамыту үшін еліміздің бәсекедегі артықшылықтарын түгел пайдалану керек. Қазақстанды Еуразия құрлығындағы негізгі транзиттік хабтың біріне айналдыру үшін батыл қадамдар жасауға тиіспіз. Таяуда біз Сиань қаласында көлік-логистика орталығын іске қостық. Қазақстан мен Қытай болашағы зор бұл жобаны «Бір белдеу, бір жол» атты жаһандық бастама аясында бірлесіп жүзеге асырды», – деді Мемлекет басшысы. Яғни логистика орталықтары мен қоймалар салып, теміржол құрылысының қарқынын арттыру, теңіз тасымалының инфрақұрылымын жақсартып, өзгертуге ыңғайлы тариф саясатын жүргізу туралы сөз қозғады. «Мұның бәрі еліміздің тұрған жерін барынша тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Экономиканың көптеген саласын дамытуға септігін тигізеді», – деді өз сөзінде.

Әрине, Қазақстанның қақ ортасындағы Қарағанды облысының да бұл жобаларды жүзеге асырудағы ролі ерекше. Экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін көлік инфрақұрылымын дамытуға ерекше маңыз беріліп отыр. Бүгінде облыста 31 теміржол бекеті бар. Пойыздар аймақтағы 50-ден астам елдімекенге қатынайды. Бұл үшін 8 әлеуметтік маңызы бар ауданаралық және қала маңындағы теміржол жолаушылар қатынасы желілері жұмыс істеп тұр.  Бұдан бөлек қоғамдық көліңк саны да артып келеді. Мысалы, облыс орталығында ғана жеті тасымалдаушы қызмет көрсетеді. Олар 45 қалаішілік және 8 қала маңындағы маршрутқа күн сайын 400-ден автобусты шығарып отыр. Бұл тұрғындар үшін жайлы тұрмыс ортасын құру мақсатында жасалып отырған жұмыс екені сөзсіз.

Сонымен қатар жайлы тұрмысты қамтамасыз етуде баспанамен қамту тақырыбы өзекті. Бұл бағытта Президент жаңа ипотекалық бағдарламаны іске қосу туралы айтқан еді. Облыста бұл бағытта ауыз толтырып айтарлық жұмыс жүргізілді. Мәселен, былтыр бірнеше қаржы көздерінің есебінен тұрғын үй кезегінде тұрған 900-ге жуық азаматқа пәтер кілті берілді. Бұл мемлекеттік тұрғын үй қорынан беріліп отырған үйлер. Ал жеке тұрғын үй қорынан пәтер жалдап отырған азаматтарға арналған арнайы төлем бағдарламасы іске қосылып, 318 тұрғын осы бағдарлама шеңберінде пәтерақысын төледі. Бұл үшін 23 млн теңге аударылды.

Сондай-ақ бүгінде Қарағанды агломерациясын дамытуға көңіл бөлініп отыр. Үкімет тиісті жоспарды бекітті. Кешенді жоспар 2029 жылға дейінгі уақытты қамтиды. Құжат өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрғыда нығайтып, халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейді.

Агломерацияның орталығы – Қарағанды. Ал құрамына Саран, Шахтинск, Абай қалалары мен  Ақтау, Ақтас, Шахан, Долинка, Новодолинский кенттері, Абай ауданының 5 ауылдық округі, Бұқар жырау ауданының 17 ауылдық округі және Осакаров ауданының 1 ауылдық округі енеді. Агломерацияның жалпы ауданы – 7,7 мың шаршы шақырым. Барлығы 33 елдімекен бар. Бұл елдімекендердің ең алысы Қарағандыдан 30 шақырым алыста жатыр. Халық саны шамамен 870 мың адамды еңсерді.

Қарағанды агломерациясы елдің тура ортасында орналасқан. Сондықтан Орталық Қазақстанның, жалпы Қазақстанның дамуы үшін маңызы зор. Агломерацияны дамыту ірі қалалардағы халық тығыздығын азайтуға.  қала мен ауыл арасындағы өмір сүру деңгейін теңестіруге мүмкіндік береді.

Жалпы, Ұлттық құрылтайда қозғалған мәселелер Қарағанды облысында қарқынмен жүзеге асырылып келеді. Яғни экономиканы өрістете отырып, халықтың жайлы тұрмысына қажетті жағдайдың барлығын жасау көзделіп отыр. Облыстағы жаңашыл жобалар алдағы уақытта да тиісті деңгейде жүзеге аса беретіні анық.

Манас АҚСАРЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *