Қазақ ұғымында кәрі жіліктің алатын орны ерекше. Ас мәзірінде сыйлы адамға бас тартқанда, жамбас орнына кәрі жілікті ұсыну әбестік болып саналмайды. Сырттай қарағанда еті сіңірлі болып көрінгенімен, шын мәнінде жұмсақ болады. Сол себепті қарт адамдардың несібесі болып есептеледі. Тұрмысқа шықпаған қыздарға, үйленбеген жігіттерге, жалпы жас атаулыға кәрі жіліктің етін жеуге тыйым салынған.
Біздің елде 60 жылға жуық оташы қызметін атқарған, тәжірибелі, елге сыйлы 85 жасқа келген Жанатай Мұқатайұлы деген тамаша хирург бар. Кәрі жіліктің еті – осы кісінің сүйікті асы. Бас, жамбастан кейін үшінші орында тұрған кәделісі де осы кәрі жілік.
Еліміздің кей аймағында қаржілік деп те аталынады. Мүмкін қол жілік болғандықтан шығар. Кәрі жіліктің сүйегі асыл, өте қатты болып келеді. Ертеректе тұрмыстық бұйымдар жасауға қолданылған. Садақ жебесінің ұшы осы жілік сүйегінен жасалған.
Қазақ арасында кәрі жіліктің қасиеттілігі жайында айтылатын аңыздар мен әпсаналар көптеп саналады және бір-біріне ұқсас мәнде айтылады. «Ер жігітті қырық жолдан қағады» деп сенген қазақ, кәрі жілікті далаға лақтырып тастамайды, пәле-жаладан, тосын қазадан, ұры-қарыдан сақтайды деп үйдің маңдайшасына, мал қорасының шыға берісіне, төріне іліп қояды. Бұл ырым көпшілік ауылдарда ауылдарда бүгінгі күнге дейін сақталған.
Бірде ауыл ақсақалына көрші ауылға бару керек болады. Жанына ертіп жіберетін адамның реті келмейді де, еріксізден өзі ғана баруына тура келеді. Жол қауіпсіз емес, жол торыған қарақшылардың маза бермей тұрған кезі. Амалсыздың күнінен Жаратушыға сиынып жолға шығады. Діттеген ауылына аман-есен жетіп, шаруасын тиянақтап, ертеңіне қайтадан жолға шығады. Кешегідей емес, көңілі алабұртып, соңынан адам ілесіп келе жатқандай елес береді. Қарақшылардың торуылдап келе жатқаны рас еді, жолаушының астындағы семіз ата көкейлерін тесіп келе жатқан болатын. Ғажабы сол, шалға жақындай бергенде, ұшты-күйлі жоқ болып кетеді, көз алдары тұманданып, көз көрімде келе жатқан адамды таба алмай қалады. Содан ауылға дейін ілесіп келеді де кері қайтады. Шалдың ақылды келіні атасы мінген аттың қанжығасына кәрі жілікті байлап жіберген екен. Малды ауылға ұрлыққа келген ұрылардың да сан рет тауаны қайтқаны жөнінде айтылатын әңгімелер жетерлік. Соның бәрі кәрі жілікке байланысты. Мал қорасының жан-жағына кәрі жіліктерді байлап қойып, түнгі күзетке адам ұстамайтын байлардың болғаны жайлы айтылатын әңгімелер бар.
1990 жылдың мұғдары. Ұрылар-қарақшылар бірнеше күн бойы ауқатты ақсақалдың үйін торуылдайды. Ақсақал байлығымен қоса, әкім-қараларға сөзі өтіп тұрған, ел ішінде беделі бар аз ғана адамның бірі. Ең қауіптісі сол, бойында тылсым қасиеті бар, үйінде отырғанда ол үйден сабақты ине ұрлап әкету мүмкін емес. Содан ұрының бастығы сол үйдің маңайына қарауыл қояды, ақсақал жол жүріп кеткен күні ойларындағы арам ісін асырмақшы. Күндердің күнінде қаладан көлік келіп, ұрылардың көктен тілегенін жерден беріп, үй иесі сапарға аттанады. Сол түні сайланып келген ұрылар көздеп келген үйінен қайта-қайта адаса береді. Үйге жақындай бергеннен көз алдары мұнартып тұман басып кетеді. Осы жағдай бірнеше қайталанғаннан кейін кері қайтады. Жасап жатқан істерінің бұрыстығын сезеді, өздеріне бір кереметтің бөгет болып тұрғанын анық ұғынады. Артынан сұрастырып білсе, бұлардың торуылдап жүрген көлік гаражының ішкі маңдайшасында тізілген кәрі жіліктер самсап тұр екен. Бұл сабаздар ақсақалдың қымбат көлігін айдап кетпекші болған.
Шет ауданының Қарабұлақ ауылында Смағұлұлы Әбдірақым деген ақсақал өмір сүрді. Соғыс кезіндегі халықтың тұрмысындағы ауыртпалықты сол кездегі әдеби кітаптардан білеміз, жағалай жетіспеушілік. Ұрда-жық бригадирлер егіні орылған алқаптағы масақты алуға рұқсат бермей, реті келсе бір қалта масақ үшін соттатып жіберген оқиғалары әлі де ұмытылған жоқ. Бірақ бала-шағаны сақтау қамымен басын қатерге тігіп, масақ теруге Әбдірақым ақсақалдың барғандығы есіме түсіп отыр. Бригадирі бар, тағы басқа белсенділері бар, ақсақалдың егіс алқабына бет алғанын аңдып жүргендер қылмыс басында қолға түсірмек болады. Дорбасының аузын буып, ауыл жаққа бет алғанын көрген ізшілер ұстайтын болдық деп қуанып, алдыңғы жағын торуылдап, жоспарлы қимыл жасайды. Сол екі ортада жан-жақтарын тұман басып, қайдан келіп, қайдан тұрғандарын білмей қалады. Міне, кәрі жіліктің кереметі.
Ауылда тұрамыз. Есік алдында балта-балға, қысқаш, түрлі кілт-сайман шашылып жататын. Түнемелікке де қалып қоятын кездері аз болмайтын. Сырттан келіп-кетіп жататын ағайындар, маңайымыздағы көршілер таң қалатын: «Үйлеріңнің маңайы шашылып жатады, бірақ ұрланбайды екен», – деп. Оны қалыпты жағдайға балап, аса мән бере қоймайтынбыз. Шын мәнінде үйдің ауласынан ештеңе жоғалмайтын. Бүгін ойланып отырсам, үйдің, мал қорасының, сыртқы тамақ пісіретін сарайдың маңдайшаларында кәрі жілік ілулі тұратыны есіме түсіп отыр. Анамыздың бойында қасиеті бар адам еді, жаңағы тірлік сол кісінің ісі.
Айналып келгенде, кәрі жіліктің кереметтей қасиетін ешкім жоққа шығара алмайды. Аса мән бермегенімізбен, кәрі жілікті босағаға байлау дәстүрі ауылдық жерлерде әлі де бар. Қасиет таза жерге қонады. Ниет дұрыс болу керек. Кәрі жілікті салбыратып іліп қоюмен іс шектелмейді. Адамның күнделікті өмірі, іс-қимылы адамгершілік шеңберінде өрістеген жағдайда ғана нәтиже болмақ.
Аңғар СМАҒҰЛ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі