Көрісу күні – татулық пен бірліктің бастауы

Қазақ халқының салт-дәстүрі – ұлттың рухани байлығы, тәрбиенің қайнар көзі. Сол құндылықтардың бірі – 14 наурызда аталып өтетін Көрісу күні. Бұл күн – адамдардың бір-бірімен қауышып, амандық-саулық сұрасатын, өкпе-ренішті ұмытып, татулыққа шақыратын ерекше мейрам. Сондықтан Көрісу күнін татулық пен бірліктің бастауы деп атауға толық негіз бар.

Бұл күн – батыс өңірлерде ежелден тойланып келе жатқан, адамдардың бір-бірімен қауышып, амандық-саулық  сұрасатын ізгі дәстүрлі күні.

Көрісу күні кей жерлерде Амал мерекесі деп те аталады. Бұл күннің мәні – қыс мезгілінен аман-есен шығып, жаңа жылмен, жаңа күнмен қауышу. Қазақ халқы ертеден «Бір жасыңмен!» деп құттықтап, үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге ізет білдірген.

14 наурыз – тек амандасу күні емес, бұл – татулық пен бірліктің, сыйластық пен мейірімділіктің мерекесі. Ағайын-туыс, көрші-қолаң бір-бірінің үйіне барып, қол алысып, төс қағыстырып көріседі. Үлкендер батасын беріп, ақ тілектерін арнайды.

Бұл дәстүрдің түп-тамыры тереңде жатыр. Көшпелі өмір салтын ұстанған халқымыз үшін қыс ауыр кезең болған. Сондықтан көктемге аман жету – үлкен қуаныш. Көрісу күні – сол қуаныштың белгісі.

Қазіргі таңда Көрісу күні еліміздің көптеген аймақтарында қайта жаңғырып, кеңінен аталып өтуде. Әсіресе Қазақстан халқы бұл дәстүрді ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып келеді. Бұл – ұлттық құндылықтарымыздың сақталып, рухани жаңғыруының айқын көрінісі.

Бұл дәстүрдің тәрбиелік мәні өте зор. Біріншіден, ол адамдарды сыйластыққа, мейірімділікке, кешірімді болуға үйретеді. Екіншіден, туыстық қатынасты нығайтып, ағайын арасындағы байланысты бекемдейді. Үшіншіден, ұлттық салт-дәстүрімізді сақтауға ықпал етеді.

Көрісу күні – татулық пен бірліктің бастауы ғана емес, ұлттың рухани тұтастығын сақтайтын құндылық. Әрбіріміз осы дәстүрді қадірлеп, оны жас ұрпаққа үлгі етуіміз керек. Бірлік бар жерде – тірлік бар. Ал Көрісу күні – сол бірліктің жарқын көрінісі.

Қарлығаш НҰРЖАНОВА,

«Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті» КеАҚ

Қазақ тілі және мәдениеті кафедрасының аға оқытушысы,

педагогика ғылымдарыныңмагистрі