Айналаңды білмей қалай өмір сүруге болады? Жалпы, қандай да бір құбылысты байқау, оған ат қою, термин жасау ықылым заманнан келе жатқан қалыпты үрдіс. Ежелгі адамдар өз айналасын, жер бедерін тану үшін белгілі бір өзен, су, қырат, бел-белес, ауыл-аймаққа ат қойып, мағына беру арқылы қазіргі тілмен айтқанда терминологиямен айналысқан. Жер-су атауларының белгі-сипатына қарай ат қою терең ғылыми танымдықты, шеберлік пен тапқырлықты қажет етеді. Халық жиі қолданар болса, халық жадында сақталса, онда ол географиялық жаңалыққа айналады.
Жер-су атауларын ғылыми тілде «топонимика» дейді. Бұл – грек сөзі, қазақша аударсақ, «мекен немесе орын аты» деген мағына береді. Мәселен, өңірімізге қатысты «Арқа» сөзінде тағылымы терең тарихи тылсым сыр жатыр. Бұл сөз түркі туыстас немесе көрші халықтардың тілдерінде «солтүстік», «батыс» ұғымдарын береді. Біздің далиған даламыз түркі халықтарының көбірек қоныстанған Алтай төңірегінің батысында орналасқаннан, олар арқамыздағы ел деп танып, осындай атау қалыптаған көрінеді.
Бұдан бөлек тіл білімі ғылымында годоним деген атаулар саласы бар. Годонимдер қысқаша айтқанда, қалаішілік көше, даңғыл, алаң, бульвар, тұйық көше, тағы басқа нысан атауларынан тұрады. Бұл сол жердің тарихы, сол халықтың ұлттық болмысы, этникалық тегі жөнінде маңызды ақпарат беретін өзіндік күрделі сала. Қазіргі күні қалаішілік нысандарды ғылыми тұрғыдан зерттеуге құлшыныс пен қызығушылық танытып жүргендер көп.
Годонимдер – қала кеңістігіндегі урбанонимдік нысандардың ерекше түрі. Өзге нысан табиғатымен салыстырғанда, көше атаулары (годонимдер) өзінің динамикалық қарқынды сипатымен ерекшеленеді.
Жуырда Қарағанды облыстық «Қазақ тілі және мәдениеті қоғамы» қоғамдық бірлестігінің бастауымен, Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөнідегі басқармасының қолдауымен «Қарағанды қаласының годонимдері: ескі және жаңа атаулар» кітабы жарық көрді.
Қарағанды – еліміздің саяси-экономикалық тірегі ғана емес, мәдениет пен өнердің, ғылым мен спорттың, жасампаздықтың жаршысы – жастардың қаласы. Небір тума таланттар мен дара дарындарды дүниеге әкелген қасиетті өлке. Қаламыздың шежірелік сипаты көше атауларын да көрініс тауып жататыны бар. Өзгелерге ұқсамайтын басты ерекшелігі, олар қала тарихымен етене тығыз байланысты келеді. Бұрынғы кеңес дәуірінде жергілікті халықтың қалауынан тыс, үстем саяси көзқарастардың ықпалымен берілген атаулар қаламызда әлі де мейлінше көп.
Туған қаламыздың тарихы, қалыптасып, өсіп-өркендеуі, шежіресі кімді де болса қызықтырары анық. Тарихқа жүгінсек, Қарағанды мекені 1920 жылдардың басында бір-бірінен алшақ орналасқан Үлкен Михайловка, Ескі Тихоновка, Зеленая Балка деп аталған басқа да бірнеше шағын елдімекеннен тұрған. 1931 жылғы 8 ақпанда Қарағанды орталық ауданы Үлкен Михайловка болды, ол кейінірек Қарағанды қаласына құрамына кірді. Аудандық атқару комитетінің өтініші бойынша халықтың білімін көтеру үшін Алматы оқу орындарынан көптеген студентті жіберді. Олардың көмегімен білімді жақсарту бойынша 33 бекет құрылады. Сол жылдың аяғына қарай Қарағандыда 37 мектеп ашылады, оның ішінде 17-сі қазақ мектебі болған екен. Кен техникумы 600 адамға арнап өз жұмысын бастайды. Мектеп пен техникумдерге 150 мұғалім мен оқытушылар келген. Балабақшалар ашылды.
1934 жылдың ақпанында жұмысшы поселкесі Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің Қаулысымен қала мәртебесіне ие болды. Ақпанның 10-ы күні қол қойылған Қаулыда «Қарағанды облысының Тельман ауданындағы таскөмір бассейінін пайдалану жөніндегі мемлекеттік трест құрылысының аумағында пайда болған елдімекенге «Қарағанды» атауы беріліп, қала болып өзгертілсін» делінген. Осылайша әркімнің аузында әртүрлі аталып, бір кездегі жеке-жеке орналасқан Үлкен Михайловка, Ескі Тихоновка, Зеленая Балка болып жалғасып кете баратын поселкелер ортақ қала құрамына еніп, ендігі жерде солардың бәрінің басы қосылып Қарағанды деп аталатын болды. Өндірістің дамуы халықтың тұрмысын, әлеуетін көтерді. 1934 жылы 112 мың адамды құрады.
Кеңес өкіметі заманында көшелерді алып державадағы үкімет басшылары мен большевиктер партиясы көсемдерінің есімдерімен атау белең алған. Сол себепті Қарағандының лингвомəдени кеңістігінен орын алған годонимдердің дені қызыл көсемдердің атымен аталды. Трансантропонимизация үдерісі арқылы жасалған мұндай аталымдар годонимдік кеңістіктің 30 пайызын құрайды. Жəне осы көрсеткіштің едəуір бөлігін жоғарыда аталған идеология жаршыларының есімдеріне телінген. Қаламыздың онимдік кеңістігі Ресей көсемдері, революционер-бүлікшілері есімдерінен толық арылмаса да, елімізге елеулі, халқымызға қалаулы белгілі бір шоғыр жақсылар аттарының да годонимдеріне ие болғандар сол кеңестік идиологияға қатысы барлар еді. Отызыншы жылдары коммунистік тұлғаларға аудан аттары берілген. Мысалы, Ленин, Сталин аудандары, Дзержинский, Ежов көшелері соның айғағы.
ХХ ғасыр басында Қарағанды өңіріне Ресейден келген келімсектер өздерінің орналасқан жерлеріне Михайловка, Тихоновка, Зеленая балка, Новоузенка атауларын алып келді. 1930 жылдары қалада көмір кен орындарына Ураинадан мыңдаған жұмысшы көшіп келді. Бұл жұмыспен қоныстанушылар да қала көше атауларына өз үлестерін қалдырды. Антпропонимдік годонимдердің атауларында Костенко тағы басқа кеншілер тарихта қалды. Қаланың дамуына қарай годонимдер атаулары да өндіріс саласына байланысты Железнодорожная, Заводская, Транспортная, Металлистов, Станочная, Станционная, Трудовая, табиғатқа байланысты Степная, Дальная т.б. аталды. Герман Алалыкин (1886-1960), Корней Горбачев (1881-1936), Калыш Бадин (1913-1987) секілді адам аттарына қойылған көшелер атаулары сол кезден қалған белгілер.
Кітапта қаланы түгел қамтып жатқан ескі-жаңа көшелердің атауы, өзгерсе, өзгеріс енгізілген құжат түрі, ақпарат көзі келтіріледі.
Соңғы жылдары мазмұны тозған, жергілікті ұлттың тұрмысы мен мәдениетіне қатысы аз көше атаулары қазақ халқының төл құндылықтарының атауларымен бірте-бірте ауыстырылып келеді. Туған жер мен тума елдің халық санасына сіңген рухани құндылығының ұлттың қалыптасуында, дамуында айрықша орны бар тұлғаларды заман сұранысына қарай ұлықтай бастадық. Өйткені қазіргі кезең рухани құндылықтарымызды қайта жүйелеп, реттеп, жалпыхалықтық құндылық ретінде қарастыруды қолға алатын уақыт. Кейінгі ұрпақ санасында ұлт арыстарын ұдайы жаңғыртып отыру келелі іс деп білеміз.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Адамға ең қымбат нәрсе – жұрт қамы, жұрт ісі» дейтіні бар. Жұрт қамы үшін жазылған Т.Т.Аршабеков, Е.Е.Серімов, А.Жұмановалардың «Қарағанды қаласының годонимдері: ескі және жаңа атаулар» кітабы жұртшылық кәдесіне жарап, ол арқылы кейінгі ұрпақ өткеннен сабақ алса дейміз.
Елеужан СЕРІМОВ,
облыстық «Қазақ тілі және
мәдениеті қоғамының» төрағасы,
ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясы
тілдік дайындық кафедрасының бастығы,
заң ғылымдарының кандидаты