Кәсіп ашамын десеңіз…

Қарағанды облысында шағын және орта бизнес қарқынды дамып келеді. Бұл салада жұмыспен қамтылғандар саны 230 мыңнан асты. Бұл мемлекеттік қолдау арқасында екені сөзсіз. Грант, пайызы аз несие де кәсіпкерлер санын арттыруда.

– Қарағанды тек көмір және болат шығаратын алып өндіріс ошағы деген стереотип қалыптасты. Бірақ соңғы 10 жылда экономика құрылымы жаңаланып өзгерді. Бүгінгі таңда Қарағанды – сауда мен қызмет көрсету саласының жоғары үлесі бар үлкен орталық, агломерацияның негізіне айналды. Біздің облыста жұмысы бар екінің бірі кәсіпкерлік саласында, – деді   облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Облыс әкімі мысал ретінде «Іңкәр 1» металл өңдеу кәсіпорнын келтірді. Мемлекеттің көмегі арқасында ол бес жұмыс орнын 115-ке дейін көбейте алды.

– Біз елімізде алғашқылардың бірі болып бөлшек салықты 2% — ға дейін төмендеттік. Нәтижесінде жеке кәсіпкерлердің, бөлшек салық төлеушілердің саны 16 есеге өсіп, 2,5 мыңға жетті. Осы жылдың 8 айында ШОБ салықтық түсімдері 16%-ға өсті, – деп толықтырды Ермағанбет Бөлекпаев.

Шағын және орта бизнесті қолдау үшін  Республика деңгейінде көптеген бағдарламалар әзірленді. Қаржылық қолдауды кеңейту үшін Даму қорымен бірлесіп «Кәсіпкер» өңірлік бағдарламасы әзірленіп, іске асырылуда.

«Жақын арада біз несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау түріндегі қолдауды бірнеше есе арттыруды көздеп отырмыз. Өңдеу өнеркәсібі, туризм жобаларына ерекше назар аударылады», – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Ирина Любарская айтуынша

9 ай ішінде бірыңғай кешенді бағдарлама бойынша 847 жаңа бизнес жобасы қаржыландырылған.

Мемлекеттік қолдау алған жобалардың ең көп саны өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Әлеуметтік маңызы бар жобалар да іске асырылуда. Мысалы, Теміртауда мемлекеттік қолдаумен жаңа жеке емхана ашылады. Қарағандыда бизнес-мектеп құрылды.

«Бір ауыл – бір өнім» жобасының жеңімпаздары мен әлеуметтік кәсіпкерлер 5 млн теңгеге дейін өтеусіз гранттар ала алады. Биыл комиссия өңдеу, білім беру, денсаулық сақтау саласындағы 12 жобаны мақұлдады.

Мемлекеттік қолдау алғаннан кейін бизнес қосымша міндеттемелер алады. Олардың орындалуын «Даму» Қоры қадағалайды.

Жеңілдетілген несие, қайтарымсыз грант секілді тиімді тетіктері бар бизнес бағдарламары баршылық. Әсіресе, «Бастау Бизнес» жобасы көптеген кәсіпкерге жол ашты.

Бұл бағдарлама арқылы көпбалалы отбасындағылар да, мүмкіндігі шектеулі жандар да, асыраушысынан айырылғандар да грантқа қол жеткізіп, кәсіптерін дөңгелетіп, басқаларға да жұмыс беріп отыр.

Биыл грантқа ие болғандар жетіп артылады. 178 жаңа кәсіпкер қайтарымсыз гранттың қайырымын көріп отыр. Оларға жалпы 262,5 млн қаржы бөлінген. Әр кәсіпкерге ең көбі 1 480 000 теңге қаржы тағайындалған.

Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова бұл жолғы гранттың көбін көпбалалы отбасындағылар алды дейді.

– «Бастау Бизнестің» гранты өз кәсібін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашып, өндірісін жолға қойып, оны дамытып, сол арқылы өзін тұрақты табыспен, өзгені жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр. Биылғы гранттың дені көпбалалы отбасындағыларға бұйырды. Нақтылап айтсақ, 106 отбасы грантқа қол жеткізіп, өздерінің түрлі кәсібін жолға қойып отыр. Қалған 44-і – мүмкіндігі шектеулі жанға, 18-і – ерекше балаларды өсіріп отырған ата-анаға, алты грант асыраушысынан айырылғанға, төртеуі атаулы әлеуметтік көмек тағайындалғандарға үлестірілді, – дейді Әсем Айтжанқызы.

Биылғы грантты иеленгендер жиһаз цехы, этнокиім тігін орталығы, сән салоны, кондитер цехы, ысталған ет, тез тамақтану орыны, автобөлшек дүкені, сабын цехы, мал бордақылау алаңы, металл құрастыру цехы, медицина кабинеті, массаж кабинеті, спорт клубы, аяқ киім шеберханасы, жылыжай, наубайхана, шаштараз, сүт өнімдері, шұжық, ветеринариялық дәріхана, құс шаруашылығы, пластикалық терезе мен есік өндірісі, монша секілді халық сұранысына ие кәсіптерін дөңгелетеді.

Тіпті, кәсібіне кірісіп, нәсібін тапқандар да бар. Мәселен, шағын гранттың шарапатын Бұқар жырау ауданы, Доскей ауылының тұрғыны Данияр Татығұлов көріп отыр. «Бастау Бизнестен» оқыған сертификаты серпін беріп, «2024-2029 жылдарға арналған еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасы» шеңберінде мемлекеттік грант алған. Бірден өзі ойластырып жүрген құс фермасын қолға алды. Грант қаражатына шаруасына қажетті сыйымдылығы екі мың жұмыртқа болатын инкубатор, етті ыстап, оны пісіретін пеш, мұздатқыш сатып алған. Кәсіпкер қазір бөдене өсіріп жатыр.

– Әрекет етсеңіз, берекеті болады. Келіншегімізбен ақылдаса келе, еті үнемі өтімді құс фермасын ашайық деп шештік. Мемлекеттің қолдауы ойымыздың жүзеге асуына кәдімгідей сеп болды. Сөйтіп, тәртіп-талабына сай құжаттарды өткізіп, конкурсқа қатысып, 1 476 800 теңге алдық. Біз бөдененің етін тұздап, ыстап, саудалап көреміз. Шағын кәсібіміз дөңгелеп жатса, ауылдағы бір-екі адамға жұмыс береміз. Ауылдағы естіп-білгендер қазірдің өзінде өнімімізді сұрап жатыр. Соған қарағанда кәсібіміз өркен жаяды деп отырмыз, – дейді Данияр Татығұлов.

Кәсіп ашып, нәсібің көрмек болғандарға мемлекеттен көмек көп. Тек ниет пен жұмысқа деген адалдық керек…

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *