КӨЗ ЖАСЫ

Жайма шуақ жаз айы. Шағын ауылдың ішін ерсілі-қарсылы шаңдатып жүрген қорапты көк машина әлде бір көше қилысына жете бере кілт тоқтады. Кабинада отырған екі жігіт көшенің арғы басында келе жатқан жас қыздан көз алмай қарап қалған. Қарауылға алғандары соған ұқсайды.

– Әні,әні! Қарашы! Мен іздеген қыз, өзі келе жатыр! – деді жерден жеті қоян тапқандай лепіре сөйлеген қараторы кексе жігіт,қуанғаны сонша рөлде отырған серігін иығынан бір нұқып жіберді.

– Қара, қара! – деді ол екпінін баса  алмай, құстың қауырсынындай үлпілдеп келе жатқан жас сұлуға жанары байланып.

– Жолымыз болды, деген осы!  Сауғабай! – деді ол жүргізуші досына бұрыла сөйлеп:

– Машинаға мінгізу маған серт, ауылға жеткізу саған міндет. Ал, дайындал!Аттың басын бұрып, қамшы басуға әзірлен! Осыны айтып болғанша қыз да қол созым жерге жақындап қалған. Сол сәтте: «Іске сәт!» деп  машинадан жылдам түскен әлгі жігіт қызға қарсы жүрді.

– Пау,шіркін! Өз көзіме сенбей тұрмын, Айтолқын, сенбісің!? – деді. Мына дауысқа жалт қараған қыз ордаңдап алдынан шыққан тығыз денелі, кеспелтек адамға шошына қарады. Жігіт болса қызды ішіп-жеп көз алар емес. Күн қағып, жел кемірген кескіні де сояудай қара екен.

– Бәрекелді, танымадың ба!? Мен Әли ғой. Сәбітайбек, Айсұлу деген әпке, жездең есіңде ме? – деді. Сонда ғана қыздың өңі  жылынып, қорқып қалғанын жасыра алмай:

– Аға, мен сізді мүлде танымай қалдым,   кешіріңіз, – деп ақталғандай болды.

– Оқасы жоқ. Біз деген ауыл адамы, күнде көрмеген кісі тосаңсиды, – деп қыздың алды артын орап, күле сөйлеп:

– Мен үйлеріңді ұмытып қалыппын. Әйтеуір, бір келгенім есімде, осы маңда шығар деген, жоба ғой… Көп болды мұнда ат ізін салмағаныма, жұмыспен жүр едік. Құда мен құдағиға сәлемдесейін дегем. Құр амандық, басқа шаруа жоқ, – деп жан-жағына қарап, қолдарын сермеп, даусы құбылып, желпіне, даурыға сөйледі.

– Онда үйге бара беріңіздер. Папам да, мамам да үйде. Мен дүкенге шыққан едім. Қазір келемін. Біздің үй анау сұр шатырлы, мына қатардағы үшінші  үй, – деді даусы сыңғырлай сөйлеген қыз әлгінде өзі келген жақтағы қатар түзеген үйлерді нұсқап. Жігітте қыздың сөзін іле жөнеліп:

– Сені тоса тұрайық, Айтолқын. Бірге барамыз, асығыс емеспіз, – деді қыз алдында әрі ұстамды, әрі сыпайы көрініп.

– Онда өздеріңіз біліңіздер, – деп қыз енді бұрыла берген де:

– Айтолқын, қайда кеттің, машинаға мінсей-ші. Шаңдатып жаяу жүресің бе?! – деді сөзі де, өзі де салмақты көрінген ол, «Машинамен тез барып келесің», – деп қамқорсып, қызды арбағандай болған. Оның үстіне қалтасынан темекі алып шылымын тұтатып жатты. Қимылы мен сөзіне қарағанда өзі машинаға мінбейтін секілді, солай екен деп қалған, Айтолқын сәл бөгеліп барып, «жарайды, боса босын, онда тез барып келейін» деп машина кабинасына отыра кетті. Осы сәтті тосып тұрған Әли де қызды өкшелей келіп, кабинаға жармасты.

– Ой,Айтолқын, кездескенің қандай жақсы болды! – деп,өзімси сөйлеп, қызды жанамалай шайы көйлектің етегін баса қонжиған ол, көзі ұшқын атып, жүргізуші досына «бас қамшыны» дегендей белгі берді.

– Қалай, Айтолқын оқуың бітті ме? – деп қыздың таңырқауға да, күдіктенуге де шамасын келтірмей лепіріп келеді.

– Иә, аға оқуым біткен. Қырқүйектен бастап жұмысқа кірісемін.

– Жұмыс деген жақсы ғой,тұрмысқа шығу ойыңда бар ма? – деді ол әлгіндегі сыпайы қалпын жиып қойып, қызға сүйкене, қулана қарады. Мына сөзді көңіліне кіді алған жас қыз, сәл тосылып үнсіз қалған. Сонда да сыпайылық сақтап:

– Әли аға,әзірге ондай ойым жоқ,бірер жыл ата-анама көмектесем, қалаға көшіріп алсақ деймін.

– Тосып жүрген біреуің бар шығар, сендей сұлу құдаша бізге де керек, – деп әңгіменің тұздығын қоюлатқан Әли, көмейін тескен мерез ойын өзінше жұмбақтай жөнелді. Мына сөз қыздың көңіліне тікенше қадалды, содан да болар, ол төңірегіне жалтақтап:

– Ағайлар, сіздер қайда барасыздар? Дүкен ана жақта қалды ғой,..

Бұл уақытта бос қорабы даңғырлаған көк машина  ауылдың иір-иір жолын қуалап келіп қырға, ұзын күрежолға бет түзеген.

Әли болса қыздың сұрағына жауап беруден жалтарып, ананы-мынаны айтып сырғыта берді.

Жігіттердің оспадар қылығына ренжи бастады қыз:

– Бұларыңыз не? Қайда барасыздар? – деді.Осы сөзді естуі мұң екен Әли қыздың үлбіреген жүзінен көз алмай, жанары жымыңдап, күн қаққан қарақошқыл өңіне күлкі жүгіріп:

– Айтолқын, жаным, мен сені алып қашу үшін келгем, басқа мақсатым жоқ, – деді өзінің әпербақан шартпа-шұрт мінезіне басып. Жігіттің мына сөзіне сенер сенбесін білмеген Айтолқын айналаға абдырай көз тастап: «Қайда? Неге!? Қойыңызшы», деп Әлиге жаутаңдай қараған.

Ол болса: «Жігіт қызды не үшін алып қашады: жар ету үшін. Сен енді менің нақсүйерім, жарым, әйелім боласың, кішкентай басыңа осы жетті ме?» – деп жанары жасаурай бастаған қыздың зәресін одан әрі ұшыруда.

Мына сөзді естіген Айтолқынның құлағы шыңылдап кетті. «Шынында да бұл не пәле!?»

– Мүмкін емес, – деді ол: – Әпкем мен жездем тұрғанда сіз олай жасай алмайсыз.

– Бірақ мен алып қаштым емес пе?! Енді табалдырық аттауың ғана қалды.

– Сауғабай, – деді ол жүргізуші жігітке бұрылып, – сен қарап отырмай өлең айт. Той жырын айт. Аңыратып айт. Әли сері айдай сұлуды  Айтолқынды алып қашып келеді, деп сар даланы әнге бөле! – деді. Ойын-шыны аралас әмір бере сөйледі.

Айтолқын болса мұның біріне де сене алмады. Сенбейін десе ауылдан ұзап кетті. Сол-ақ екен ойына қай-қайдағы келсін. Жүрегі тулап, бойын үрей алды. Өмірде мұндай құбұжықтың құрсауында кеткен арулар аз ба?

– Жоқ! Жоқ! – деді ол шыңғыра дауыстап.

– Сіз, не деген адамсыз? Тоқтаңыз! Түсір, түсір, мені! – деп бұлқына тулап, рөлге жармасты. Мұнысы Әлиге тіпті ұнап кеткен секілді, ол қызды айқыра құшақтап, аяқ-қолын тыпыр еткізбей қолтығына қысып алды. «Басына ноқта тимеген асау құлындар секілді не деген тентексің», дейді. Жанұшыра бұлқынған қызды біражола баурына тартып, емірене қысып:

– Не деген тентек едің! – деп өзінше айналып, мекіреніп келеді. Қыздың жылағанын, тулағанын еститін де, елейтін де емес, меңіреу адам сықылды, қайта қыздың құлағына, «енді осы құшағымыз өлмей ажырамасын», деп сыбырлай сөйлеп, торғайдай бүріскен қызға біржола мәтіби болып алған. Өмірі мұндай гәпті көрмеген Айтолқынның жүрегі жылап, жаны жеркеніп, мына албасты құшақтан шыға алмай бұлқына-бұлқына күші сарқылып, денесі ұйып, сүлесоқ күйге түсті.

Бұл кезде елсіз өңірге шығып кеткен көк машина боз көденің бетін ақ бөрте шаңмен кестелеп, белгісіз бағытқа заулап келе жатты. Ұшы қиыры жоқ иен даланың көк жиекпен шендесер тұсында сағым ойнаған биік тау сілемдері көзге еміс-еміс байқалғандай. Дала жолының қалтарыс бұлтарысына мәттақым болып алған жүргізуші жігіт көделі алқапты көктей өтіп, тақтайдай жолға түсті. Көзі күлімдеп аузы әннен босамай келе жатқан салпы ауыз, шойын қара ала бөтен көңілді еді. Бірі тұнжырап, бірі меңірейген қыз бен жігітте оның шаруасы жоқ секілді. Сөйтсе де сол екеуінің көңілін аулағаны ма, қайдам, той жырын аңыратып келеді.

«Той үстінді тәтті күндер, тәтті күндер,

Жас жұбайлар шат күліңдер шат күліңдер,..»

Қыздың қабағы ауыр, жанарынан аққан жас  көзінің бояуын жуып, жүзін айғыздап тастаған. Бір түрлі еңсесі езіліп, тауы шағылғандай. Өкіреңдеген Әлидің сөз түсінер халі жоқ. Өзінен мүшелі жас үлкен бұ дүлейге қалай кез болғанан Айтолқын  біле алмай дал. Осы мезетте алдарынан  жалғыз киіз үй көрінді. Иен далада отырған малшы аулы болса керек. Көк машина  әлгі  үйдің қатарына жете бере жүрісін жайлатып  барып тоқтады. Шәу етіп үрген малды ауылдың маң төбеттері, жолаушыларға арпылдап үріп көлік үйдің қасына жетіп тоқтағанда «Осы да болар» дегендей жайларына кетті.

Жолаушылар «бұл кімнің аулы болды екен» деп жан-жақты барлап есік алдында тұрып қалды. Қыз болса көліктен жылдам түсіп, жүгірген бойы киіз үйге сүңгіп кеткен. «Мына ауылдың адамдары араша түсер, алып қалар» деген үміт сәулесі бойын билегендей. Мұны көрген үй иесісі егде жастағы ашаңдау әйел үркіп қашқан еліктің лағындай бейтаныс қызға әрі таңырқап, әрі шошына қарады.

– Төрге шық қызым,аманшылық ба? Қайдан жүрсіңдер? – деп қыз балаға назар аударғанша:

– Тәтет-ай! Тәтет-ай, мені құтқара көріңіз! Мені зорлықпен алып қашып келеді.Тәтет-ай, құтқарыңызшы!.. Осыны айтқан қыз киіз үйдің ішіне жалт-жұлт қарап алды да, іргедегі  көрпе-жастық жиналған темір кереуеттің астына тырмыса кіріп кетті.

– Астапыралла! – деді  мұны көрген әйел адам. Қыз болса«Тәтет-ай, айта көрмеңіз!» деп зар қағуда. Сөйткенше екі жігіт үйге кірді.

Екеуі түк болмағандай әуелі аман-саулықты  сұрасты, сонсоң:

– Апай бір суық су болса таңдай жібітсек,жолда келе жатыр едік, – деді. Сөздері де, жүздері де қыздың зәре-құтын алардай емес. Дастарханға жайғасқан жолаушыларға сусын ұсынған үй иессі:

– Жолдарың болсын қарақтарым, қай жақтан келесіңдер?

– Қарасудан  келеміз, апай. Ауылға, Калининге жол тартып барамыз.

– Е,мына өзіміздің  Калининді айтасыңдар ма? Онда кім боласыңдыр? – деді әйел адам жігіттерге әлі де сенімсіз секемдене қарап.

– Мен, Ерден деген кісінің баласымын. Естуіңіз бар ма? – деді Әли үйдің ішін тінте қарап алып.

– Бәрекелді,мына өзіміздің Калининдегі май сататын Ерден ағатай ма? – деп әйел адам ескі танысын кездестіргендей бұларға еңсеріле бұрылды.

– Дәл өзі, апай,өзіңіз кім болдыңыз?

Бұлардың сұрағына жауап беруге асықпаған үй иессі, сусын құйған тостағанды Әлиге ұсынып жатып:

– Е, өзімнің баурым екенсің қой, қарағым. Ерден ағаның балаларын жасырақ кездерінде көргем. Сен қай баласы боласың?.

– Мен сол кісінің кіші ұлы Әли боламын, өзіңіз де біліп отырсыз.

– Бәле, білмеген де, ертерек жылдары сіздердің үймен біздің әкелеріміз жақсы араласып тұрған, онда сендер жас едіңдер, – деді ол дастарханға нан, май қойып жатып «тамақ алыңдар» деп әңгімесін әрі жалғады.

– Е,одан бері талай уақыт болды ғой, ана жылдары совхоздар құрылғанда  Ерекен ағалар Калининге көшті. Біз осында қалып қойдық. Сен онда  бес-алтыларда шығарсың. Білем, білем. Мен Ақшаның қызымын, осындағы жалғыз үй керейдің келіні – Майса деген апайың боламын, айналайын, өзімнің бауырым екенсің. Сусын алыңдар, – деп жігіттердің босаған тостағандарына қымыз толтырды.

Сусындарын ішіп болған жолаушы жігіттер шығуға беттеді.

– Ал, жақсы, апай сау тұрыңыз, – деді Әли соны айтқан ол шұғыл бұрылып:

– Әлгі қызымыз қайда кетті? Ат-түйедей қалап әкеле жатқан қалыңдығым ғой, тәтесі-ау. Сіздей туысқанымның үйіне келетінімді білгенде, құдай ақы, келінді осында-ақ түсіретін едім, – деп әйел адамға кеңкілдеп күле қараған.

– Бауырым ау,өз ықтиярымен келе жатқан бала ма? Денесі дірдек қағып, жүрегі ұшып кеткелі тұр. Зорлап әкеле жатсаң обалына қалма, қарағым. Кім баласы өзі?

– Апатай,бірінші рет тұрмысқа шыққан қыз осындай болмағанда қандай болады. Әрине, қорқып келеді. Асылы, сіз ол жағын білмей ақ қойыңыз. Жолда аздап ренжісіп қалған едік тулап жүргені сол. Сұлуым, мына үйде сен тығылатын жер де жоқ екен өзің келе бер, тәтесі жүріңіз, – деп үй иессін сыртқа ертіп шыққан ол серігіне «әйелді алдандыр» дегендей белгі берді, сөйтті де өзі дереу кигіз үйге жүгіре басып қайта кірді.

Бұл уақытта көрпе жастық жиналған темір кереуеттің астына тығылған қыз, қолға түскен  киіктің лағындай дірдектеп, бір шөкім болып бүрісіп жатқан. Әли сөзге келместен қызды темір төсектің астынан сүйреп шығарды. Темір кереуеттің жақтауы қыздың денесін оңдырмай сүріп кеткеніне де қарар емес.

Қыз болса «апатай, көмектесіңіз-ші, жалынамын» деп ышқына, шыңғыра айғайлады.

Қыздың жанұшырған даусын естіген  әйел адам үйге қарай тұра ұмтылған еді жүргізуші жігіт оның жолын кескестеп:

—Тәтесі-ау, қайтесіз, өздері шешсін, – деп бөгей берген. Сөйткенше болған жоқ, қарулы жігіт қызды дедек қақтырып әкеліп, машинаға бірақ сүңгітті.

Сәлден кейін қыз алып қашқандар жолды-жолсызбен өрдегі ауылдарына маңдай беріп,  жүйткіп жөнелді.

***

Сол күні ауылдастары да келін әкеле жатқан есер Әлиді «Әні келеді, міне келеді» деп сабыр-тақаттарын таусып, мазаң күйге түскен-ді. Отыздың алтауынан асса да бас құрамай, әулеттің кішісі болып тайраңдап жүрген есер жігіт келін түсіремін дегеніне әке-шешесі сенер-сенбесін білмей «мынау не дейді» дегендей бір-біріне қарасқан. Артынша тез сергіген кемпір-шал жүздеріне нұр ойнап, өздерінше  арқа-жарқа қуанысып:

– Құтты болсын! – десті екеуі жарыса сөйлеп. Айтарын айтса да кемпір-шалдың көңілі күпті. Арты қалай болады дегендей бүгежектеп қалған.

– Бағың ашылсын, айналайын! Біз танимыз ба? Кім баласы, әке-шешесі бар ма? – деді анасы ұлының мына қадамын қуана қоштағанымен, көңілі әлде неге алаң. Ерден қарияның да көкейіне оралған осы сауал  еді, ол да баласының аузын бағып, бүкіл кеудесімен еңсеріле қарап қалған.

– Бөтен емес, өздерің білесіңдер, – деді Әли тура сөзге бармай қысқа қайырып.

– «Қашан келін түсіресің, қашан, қашан?» деп құлақтың етін жеуші едіңдер, енді оның «атасы кім, анасы кім» деп қазбалайсыңдар. Әйтеуір бір шүйке бас әкелсек болмай ма?!— деп кемпір шалды жасқап тастады.

Ердекең аузындағы насыбайын төгіп, баласы үйден шығып кеткен соң бәйбішесіне бұрылды:

– Ағасын шақыр, мынаумен сөйлессін, не ойлағаны бар, – деді қария, баяу сөйлесе де көңілі әлде неге алабұртып.

Ағасы Сәбітайбек сол күні іссапарда болып інісімен сөйлесудің орайы болмады. Оның есесіне  өзінен үлкен екі апасы бірдей келіп, тентек ұлды ортаға алып, ананы-мынаны сұрап, өздерінше сыр тартқансы-ды. Апаларына ол ойындағысын жасырмай айтты. Қаншасы рас, оны өзі біледі. Сөзіне қарағанда қалада хабарласып жүрген қызы бар екен, онысы биыл ғана оқу бітіріп келсе керек, уәде бойынша соны алып келмекші. Әке-шешесі бар. Әкесі зауытта еңбек етеді, шешесі мұғалім, қорықпаңдар, – деді ол апаларының көңілін орнықтырып. Мұны естіген апалары Әния мен Сәния:

– Әли,айналайын, рас айтасың ғой, рас па? Әйтеуір анау емес қой, – деп бауырларының бетіне бажайлай қараған.

– Жоқ дедік қой, қайдағыны айта бермеңдер. Оданда тойға дайындалыңдар, – деп шамдана сөйлеген Әли әңгімені созбай түрегеп кетті.

Апалары «әйтеуір анау емес» деп соған қуанды. Өткен жылы ғана осы кеңшарда тұратын бала шағасы бар әлде бір жесір әйелмен әуей болып, соған үйленемін деп бәрін әбігерге түсіріп, аяқтарынан тік тұрғызған. Әли үйленемін дегенде бұлардың қауіп қылғаны сол –ды. Одан аман екен, апалары соған қуанды. Әйтседе «атымның сыры өзіме мәлім»демекші бауырларының әлпілай сөзіне бірде сеніп, бірде сене алмай, солай болса солай шығар, деп нақты пайымдауға тиянақ таппаған екі апасы бір-біріне қарасты. Тек тойға дайындалу керек деген сөз ғана құлақтарында тұрып қалғандай.

Сонымен не керек, келін түсірудің қарбалас дайындығы басталып кетті. Әли болса, совхоз басшысына кіріп үйленетінін айтып, қалыңдығын алып келу үшін қалаға баруға  көлік сұрады. Оған өзінің жынды досы – Сауғабайды беруді өтінді. Шаруашылық басшысы есер неменің сөзіне кәдімгідей иланып, бір күн әрі, бір күн бері қалаға барып келуге Әлидің сұрағанын берген болатын.

Кабинетінен шығып бара жатқанда директор Әлиді тоқтатып:

– Әй, Әли! Сен шын үйленесің ғой, ә, – деді.

Есік тұтқасына қолын соза беріп, жалт бұрылған Әли:

– Әбеке, бұрын мұндай шаруаға сізден көлік  сұраған емеспін, – деді жанары ұшқындап, даусы да нық-нық естілді. Мына сөзден соң бастықтың басқаша ойлауға шүбәсі қалмағандай:

– Жарар, жарар, – деп қолын көтерген директор, «Жолың болсын!» айтып қала берді.

Жанболат БАШАР, жазушы

Жалғасы келесі санда

    Балқаш қаласы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *