Көкжиекті қызыл-күрең нұрға бояп, күн ару да ұясына қонған кез. Дәл осы уақытта қыз алып қашқан «сабаздар» сар даланы шаңға орып, кеңшардың ту сыртына келіп тоқтады. Биік дөңде тұрған бұларға төменде жатқан ауыл алақанға салғандай көрініп тұр.
– Пау-шіркін! Біз де жеттік! – деді Әли машинаның есігін айқар ашқан қалпы, сай табанында жатқан ауылға алқын-жұлқын көз тастап.
– Қарашы, анау біздің үй ғой. Маңында қараң-құраң адамдар жүр, көліктер тұр. Бізді тосып отыр екен, – деді. Жүргізуші жігіт те «боса болар», дегендей ол да мойнын созып, кешкі ауылдың бұлдырай көрінген сырт пошымына көз тастап, ауылын алғаш көргендей үңіле қалған.
– Айтолқын, – деді осы кезде Әли қыздың назарын өзіне аударуға тырысып.
– Енді екеуміз келісіп алайық. Осыны айтқан ол қалтасынан темекі алып оттығын жақты. Жол бойғы көрген азаптан бір түрлі жүдеп отырған қыздың өңіне тесіле қарап, темекісін құныға сорған ол:
– Не, маған тұрмысқа шығатыныңа өкініп отырсың ба? Өкін, өкінбе, бұл деген тағдыр. Қыз кімге бұйырса, соған тиеді, – деді.
Айтолқын болса, оның сөзінің бірін естіп, бірін естір емес. Әпербақан жігіттің жол бойы көрсеткен құқайынан шынымен ығып, жуасып қалғандай. Көзі боталап ештеңе дей алмады. Институтты биыл ғана бітіріп қалаға жұмысқа тұрған соң ауылда тұратын әке-шешесінің үйіне екі-үш күнге келген беті еді. Мынандай кепке ұшырармын деп ойына келсей-ші?! Өзге қалада бес жыл оқып, аман-сау елге оралғанда, туған аулында осылайша от басармын деді ме!? Ойы сан-саққа жүгіріп, байыз табар емес.
– Сұлуым, – деді Әли оның ойын бөліп, – өзің сондай әдемісің, осынша жыл үйленбей сені тостым,сенесің бе соған? Маған сен ғана керек болдың, – дейді көзі жылтылдап, рабайсыздау күле сөйлеген ол.
– Ағай, біз туысқан емеспіз бе, бұныңыз қалай? – деді Айтолқын бойын билеген қорқынышты әзер тежеп.
– Мәссаған! Туысқаның не? Біз сүйек-жегжат адамдармыз. Құдамыз. Сенің апаң, менің туған жеңгем. Енді ағайым екеуміз бажа боламыз, сендер абысын боласыңдар. Жаман ба? Жақсы ғой, – деп қарқылдап күлген ол әлгідегі адам қалпындағы сөзден ауытқып тағы да есе жөнелді.
– Әли аға, сізге қыз құрып қалды ма, аға-жеңгеңнің бетіне қалай қарайсың!?Не деген масқара адамсыз, – деді қыстыға,ышқына сөйлеген Айтолқын.
– Өй, сен де айтады екенсің! Олардың өздері емес пе, екеумізді теліп жүрген. «Жақсы көретін қызыңды алып қашып әкел» деген де солар ғой.
– Сенбеймін өтірік. Олар олай демейді. Өтірік, өтірік, тура мені алып кел демеген шығар –деп қыз тағы да булыға жылады.
– Аға, – деді Айтолқын көзінің жасын екі алақанымен кезек сүртіп, – мені әпкем мен жездемнің үйіне апарып тасташы. Болған жағдай туралы ешкімге тіс жармаймын, жалынамын! – деп көзіне жас толған қыз Әлиге қиыла, жалына қарады.
– Жоқ, сұлуым, – деді ол қыз жалынған сайын кекірейе түсіп, – өз аяғыңмен барып біздің үйдің табалдырығын аттарсың, оған көнбедің жетектеп апарып аттатамын. Кері шығып кетсең өзің білесің. Ол саған сын. Міне аулдың іргесінде тұрмыз, – деді ол машина әйнегінен төменде жатқан шағын ауылды нұсқап. Ауылдағылар мені «келін әкеледі» деп екі көздері төрт болып отыр. Осыны айтқан ол Сауғабайға қарап:
– Тарт ауылға, бер сиренаңды. Менің қалыңдық әкеле жатқанымды бәрі көрсін! – деп жүргізуші досына бұйыра сөйледі.
Сол-ақ екен, көк машина ауылға қарай ала жөнелді. Ерден ақсақалдың үйіне жақын келгенде машина сигналды үсті-үстіне беріп, еңселі ақ үйдің есігіне тіреле тоқтады.
Біреулер: «Мыналары несі, елді баса ма, кішкене әрі таман тоқтаса қайтеді?!» деп жатты.
Оған құлақ асып жатқан бұлар жоқ, есік көзіне итіне келіп сылық ете түсті. Аулаға көрші-қолаң жиналып, анталап қалған екен. Әли машинадан секіріп түскен бетте қызды сүйреткен қалпы аяғын жерге тигізбей тік көтеріп «бармаймын, босат мені», деген қыздың қарсылығын қаперге ілместен ағаш үйдің табалдырығынан аттап ауызғы бөлмеге кіріп келді.
Тура есік көзінде екі әйел «отқа май құйғызамыз» деп, абыр-сабыр ыдыстарын қолдарына алып қауқылдасып қалды. Әли қалыңдығын солардың алдына әкеліп топ еткізді.
Ештеңенің парқын әлі түсіне қоймаған егде жастағы кейуана:
– Құтты болсын,құтты болсын қадамы, қарағымның ай! – деп даусын әндете созған қалпы қыздың қолына май құйылған бақырды ұстата бергені сол-ды, бойын намыс оты шарпыған Айтолқын қара бақырды қағып жіберді.
– Босатыңдар мені, бұ не зорлық!? – деп өздеріне дүрсе қоя берсін. Елді көріп арқаланып кетті ме, «жіберіңдер мені» деп алқын-жұлқын болып шу көтерді. Мәселенің мәнісін жаңа түсінген әйелдер:
– Ойбу, құлыным-ай! Бәрімізде осындай жолдан өткенбіз, – деп қара бақырда қайта әкеп, келіннің басына орамал жауып бірі оның қолымен отқа май құйғызып, ырымын жасаған болды. Сөйтіп «кетем де кетем» деп жұлқынған қыз табалдырық аттады. Тентек ұл «келін түсіремін» дегеннен бастап жүрегі өрекпіген Әлидің анасы мына кереметті көрген де өң-түстен айырылып, орнынан қозғала алмай қалған. Басқаны күтсе де, мұндайды күтпеп еді.
—Үйбай-ай! Үйбай-ай! Мынау құдаша ғой! – деп бетін шымшыды.Жүгермек келгір- ай! Не істедің?! – деді ішінен. Ерні күбірлеп серейген қалпы тұрып қалды.
Дәл осы уақытта:
– Айтолқын! Сенбісің! – деген, оқыс дауысқа жалт қараған қыз, әпкесі – Айсұлуды көріп ботадай боздап, түр әлпеті өзінен аумайтын аққұба келіншекті шұрқырай құшақтады.
– Айналайын-ау, сен қайдан тап болдың? – деді ол сіңлісін құшақтаған қалпы. Жиналғандардың көбі көрші қолаң ауыл жастары мына жағдайды көріп бәрі де таңырқап қалған. Ей, мынау Сәбітайбектің әйелі Айсұлу ғой, – деді біреулер.
– Ана қыз кім болды сонда? Бәле,есіңде ме, ана жылы ағасының үйіне келіп жүретін кішкентай қыз мынау сол болды. Айсұлудың сіңлісі.
– Е, түсінікті болды, жынды Әлидің жасап жүрген концерт десеші. Қой, кетейік, бүгін бұл үйде той бола қоймас, – деп шеткері тұрған төрт-бес жігіттер кері сырылды. Бұл уақытта Айсұлу сіңілісі Айтолқынды жетектеп оңаша бөлмеге бұрыла бергенде, Әли қалыңдығының қолын босатпай жеңгесіне:
– Айсұлу, саған біздің әулет жаман болған жоқ, бұл әулетке құтты келін болдың, Айтолқынға сенің жолыңды берсін, оның осы үйге келін болып түскені, түскен. Оны менен бөлсең сенімен жақсы болмаймыз, – деп жеңгесіне түйіле, ызғар шаша қарады. Айсұлу әпербақан қайнының жағдайын білетін содан да болар қазіргі сәтте оған сөз қайыруды жөн көрмеді. Әли де одан әрі тәтпіштемей бұрылып кетті.
Мына сойқанның сөзінен соң Айсұлудың дегбірі кетіп, ызадан булығып жанын қоярға жер таппады. Бірге туған сіңлісі, бауыр еті, жүрегі езіліп көзінің жасы мөлт-мөлт үзілген.
Айсұлу табиғатында сабырлы жан еді, қазіргі сәтте де басы артық сөзге бармағанмен жан дүниесі бұлқынып «енді қайтемін» деп тығырыққа тірелген. Ақыры ел аяғы басылған соң қызды жетектеп далаға алып шықты, бірақ өз үйіне апаруға жүрегі дауалар емес. Есер қайнысының сойқан мінезінен қаймықты, оның үстіне отағасы Сәбітайбек үйде жоқ еді. «Енді тұра беруге болмас» деп осында тұратын өздерімен аталас ағаларының үйіне алып кетті.
Бұл екі арада келін түсірді деген Ерден ақсақалдың үйіне елдің бірі келіп, бірі кетіп құтты болсын айтып жатты. Біреулер «түсірген келіндері кетіп қалыпты» десіп, алып қашты сөз де толастамай сағат сайын өршіді.
Әли болса әкесі мен шешесіне «кіргізген келінге ие болмадыңдар, мені ұятқа қалдырдыңдар» деп бұрық-сарық тулап, шал-кемпірді кінәлап үйден безіп кетті. Бұл күні Айсұлу да үлкен үйге қарасын көрсетпеді.
***
Келесі күні Сәбітайбек те іс-сапардан оралды. Ол бірден әкесі мен шешесі отырған үлкен үйге келді. Мына сойқанды сырттай естіп жерге кірерге тесік таппаған ол, шал-кемпірдің қабағын бағып, дұрыс-бұрыс демей күрсінумен болды.
Ақымақ ұлдың ақымақ ісіне ашынып-ақ отыр. Бірақ жасы жер ортасынан ауған әке -шешеге не дейді? Соны ойлап қандай қайла-қарекет жасаса болғандай деп санасы сарсаң. Ерден ақсақал жақсы-жаманды бір кісідей көрген салиқалы адам еді, ақымақ ұлдың бассыз әрекетіне таусыла күйзелген ол: «Қай қазақ өстіп үйленуші еді, арғы-бергіде жоқ қадетті қайдан шығарды бұл? Біреудің алақанына салып отырған баласын жетім тоқты құсатып өңгеріп ала жөнелгені несі?! Мұндайды қайдан көрген, бұ найсап», деп таусыла сөйледі. Бар айтқаны «өз қолыңды, өзің кесесің бе?» болды.
Осы кезде Әлидің Жекен мен Тоқтыбай деген жезделерін ертіп, әпкелері Әния мен Сәния да келді. Сәбітайбектің келгенін естіп бәрі үлкен шаңыраққа тоқайласып, есер бауырларының мәселесін шеуге жиналғандай.
– Сендердің не ойларың бар? – деді үйге кірген қарындастарына назар аударған Сәбітайбек.
– Білмейміз, Көке, сіз қалай айтасыз, солай болады да, – десті олар.
– Сендер оның кімді әкелетінін білі пе едіңдер? – деді көзі қызара кілгірген Сәбітайбек қатар отырған екі қарындасына шола қарап.
– Жоқ, Көке, білсек сіздерге айтпаймыз ба, естіген емеспіз, – деп екеуі азар-безер болды.
– Тіпті ақылға қонбайды, не істеуге болады, – деді торыға сөйлеген Сәбітайбек.
– Балам, – деді осы сәтте Ерден ақсақар,қарлығыңқы даусын кенеп:
– Сендер бұған араласпаңдар, бұны Айсұлуға қалдырыңдар. Сол шешсін. Бауыр соныкі. Алып кетсе бетінен қақпаңдар, осы үйдің келіні деп жетектеп әкелсе қарсы алыңдар. Бұл үшін ол ұялмасын, біз ұялайық. Оның орнында сендер болсаңдар, сендер де солай етер едіңдер. Әркімге өзінің туғаны ыстық, шырақтарым, – деді. Көпті көрген адам ғой бір қарағанда әділ шешім. Бірақ онсыз да жаны күйзеліп, екі оттың ортасында қалған келіндерін тағы да тезге салып тұрғандай ма, әйтеуір, қарияның шешімі «біз шаруамызды тындырдық, ендігі кезек сендердікі» деген секілді саптаяқтан қарауыл қарағандай еді.
Дегенмен мәселе осымен тамам болғандай. Мұны естіген Айсұлуда солай деп ойлаған-ды. Атасының сөзіне иланды, бірақ зорлықпен келген сіңлісін аулына қайтарудың жолы қалай болмақ мұның айып-шамы жоқ дегені ме?! Оны неге ойламады олар? – деп іштей налыған.
Әке шешімін Әлидің естіген-естімегені белгісіз еді, естісе де бетінен қайтар түрі жоқ-ты.
***
Айсұлу, шынында да, өзін екі оттың ортасында қалғандай сезінді. Қарасудағы ата-анасына телефон шалуға бірнеше рет оқталды. Жүрегі дауалар емес, не айтады, қалай жеткізеді. Ақыры жасқана-жасқана телефон құлағын көтерді. Аржақтан шешесінің «уһ»деп қиналған даусы естілді.
– Маматай, не, сырқаттанып қалдың ба? – деп жағдайды бірден сезсе де анасын шошытпайын деп әуелі хал-жайын сұрай бастаған. Қызының даусын естіген анасы «Айсұлу, сенбісің?» – дегенге ғана шамасы келді әрі қарай даусы бұзылып, кемсеңдеп, сөзі естілмей кетті. Мына жақтан Айсұлу: «Алло, алло, Мама, мама…» деп телефон құлағына айғайлап жатыр. Осылайша, екі арадағы әңгіме әрі-сәрі боп, үзіліп кетіп, қайта жалғасты.
– Айсұлу, әлгі қыз жоқ, – деді шешесі телефон дауысы қайта естілген кезде.
– Маматай, сен уайымдама! Айтолқын осында кеше келген, – деді бұл. Соны естуі мұң екен анасы: «Қарағым-ау, не деп тұрсың, Айтолқын сендердікіне барған ба, соны айтып тұрсың ба?» Қызының «иә» деуі мұң екен шешесінің даусы: «А, не дейді?! Үйбай, онда қайдан барған, аман ба?» деп сұрақтың астына алсын.
– Маматай, бәрі дұрыс уайымдама, бүгін қайтады өзім апарып саламын.
– Ойбу, жарығым-ай, ойымызға қай-қайдағы келіп, есіміз танып қалды ғой.
– Көкем қалай?
– Оның несін сұрайсың, құр сүлдесі қалды.Кімге не айтарыңды білмейсің, қарағым-ау! Телефон соқпай ма,айтпай кеткені қалай? Өзі қайда шақыршы, телефонға.
– Өзі қазір келеді, сонсоң хабарласады.
– Айсұлу, сен жасырмай айт, сірә тегін емес-ау,жүрегі түскір орнықпай тұр. Кіммен барған ол жаққа? – деді шешесі жүрегіне батқан жаман ойдан әлі арыла алмай, даусы қалтырап.
– Әлимен келген екен.
– Онысы кім, құдай-ау? – деп кейи сөйлеген шешесі «бұл не сұмдық айтпай кеткені қалай, бізді тірідей өлтірейін деді ме?» деп тоқтамай бір айтқанын қайталап кетті. Бір кезде әлдене ойына түсті ме: «Қарағым ау, ол Әли дегенің кім?» – деді.
Мына жақтан Айсұлу құда баласы екенін түсіндіргенде: «Астапыралла!» – деп шоқ басқандай, шошына тіл қатты.
Маматай, сендер енді уайымдамаңдар, көкеме де айт, көлік тауып өзім апарып саламын. Әңгіме осымен тамам болды.
Шешесі Айтолқынның, әйтеуір аман екенін естіп, соған тәубе дегені болмаса, өзі айтқандай жүрегі орнықпай, аңырып қалған.
***
Қыздың қайда екенін біліп алған Әли де қарап жатпай, шұғыл әрекетке көшкен. Өзі әлде неге іштей қапалы. Қалыңдығының кетіп қалғанын бойына намыс қылып, ызадан жарылардай, өңі өрт сөндіргендей түнеріп кеткен. Кешеден бері үйінің бетін де көрген жоқ. Қасында айтқанынан шықпайтын екі-үш досы салпаңдап жүр. Оларға да ашып айтқан ештеңесі жоқ, әйтеуір әлде біреулерді сыртынан сықпырта сыбап: «Осы қызды алмасам жер басып жүрмейін» деп әншейіндегі жынына-жын қосып, ақиып алған. Ақымақтың басына шайтан ұялайды демекші, бір досының әйелін Айтолқын отырған үйге жіберді. Онысы, сырт көзге мінезі ауыр байсалды, көрінетін Дәржан деген сыптығыр қара келіншек еді.
Қыздың немере жеңгесі Кәкенмен есік көзінде жолыққан Дәржан: «Кәкен тәте қалыңыз қалай?» деп ештеңеден хабарсыз жан секілді амандық-саулық сұрап:
– Мені Айсұлу жіберді, – деді әлгіндегі Әлидің айтқанын қалт етпей.
– Айтолқынды ертіп ешкімге көрінбей тез алып кел, – деді.
– Далада көлік тосып тұр. Осы қазір Қарасуға жүретін болса керек. Соңғы сөзді біреу естіп қоймасын дегендей, сыбырлап айтты.
Мына хабарды естіген Кәкен апай кәдімгідей қуанып: – Е,Құдай-ай,Аллам ай! Өзің жар бола гөр! – деп Айсұлудың хабарын Айтолқынға жеткізіп, көзіне жас алды. Сонсоң «тез барыңдар, тез, тез» деп біреу кеп қалатындай, қызды қолды-аяққа тұрғызбады.
Айтолқын болса, кешеден бері бір қорқынышты түс көріп, содан шошып оянған жан сықылды, тұла бойы дел-сал, ұнжырғасы түсіп, Кәкен тәтесін құшақтап, өксігін баса алмай көзінің жасын сүртуде.
– Айналайын-ай! Қайтейін енді, өзіңді қажай бермеші. Ағатайым мен тәтеме сәлем де, – деп бетіне сүйіп «жолың болсын» айтып, қызды шығарып салды.
Айтолқын отырған машина үйден ұзап барып тоқтады, шамасы бір көше айналып кеткендей болуы керек. Онда да бұлар отырған көлікке көлденеңнен жолыққан екі адам машинаны тоқтатты. Онсыз да көңілі алабұртып мазасыз күй кешкен Айтолқын әуелгіде бұған мән бермеді, «ауыл адамдары шығар» деген, атүсті ойда еді. Сол сәтте жеңіл көліктің артқы орындығында отырған Айтолқынның екі жағына екі жігіт қонжия кетті. Шошына қараған қыз мына сұмдықты көргенде, өз көзіне өзі сене алмай, өңі қашып, дауысы шықпай қалған.
– Не, сұлуым, мені тоспадың ба? Бұл мен ғой, сенің Әлиің. Менен тіріде құтылу жоқ екеніне енді көзің жеткен шығар, – деді. Шынында да, Айтолқын Әлиді танымай қалды. Кешегі қалпы, қайта кісі екен. Мына бүгінгі сықпытын көргенде Айтолқынның жүрегі атұрып алқымына тығылып, сілейіп қалған. Иегі дірілдеген ол алдында отырған әйелге жапақтап, содан бір көмек күткендей, жан-дәрмен ышқына айғайлады: «Жіберіңдер,жіберіңдер!» деп жан дауысы шыға бұлқынды. Бұл кезде үшінші жігіт көзі тасырайып отырған келіншекке «сен неге отырсың, көзің бошалаған сиырдың көзіндей болып, бар құры, үйге қайт», – деді. Көзі апалақтаған әйел соны тосып отырғандай дереу көліктен ытқып шықты. Шамасы, оның өзі оқиғаның бұлай боларын күтпеген тәрізді. Әлидің алдауына түсіп қалған ол: «Бұларың қалай?» деуге жүрегі дауаламай безе жөнелді.
Осылайша, кешегі жағдай қайта басталды. Жыртқыштың тоқты-торымды иығына салып, отардын алып қашатыны бар, бұл да соның кері еді. Айтолқын бұ жолы тулай алмады, қарсыласуға да дәрмені жетпеді. Көзін жұмып, көрдей қараңғылыққа шым батып кете барды. Мүбәда талайына бұйырған жазу осы болса қайтеді, көнбеске шара қане?! Жүрегі шайлығып, өнбойын мұздай мұң басты. Жұмыр басты адам ағаш бесіктен, жер бесікке жеткенше не бір гәпті көреді екен. Соның ең сорақысы, адамның адамға жасаған зорлығы болар. Кеше ғана бақыт жұлдызын тосып жүрген періште қыз – Айтолқын да зорлықтың құрбаны болып, есер Әлиге жар болып таңылды. Жалпақ жұрт көз жұмып тұрды…
***
Арада жылға жуық уақыт өтті. Көктем шыға бастаған. Тоқырауын өзенінің тоңы жібіп, кешелі бері қызыл су жүріп жатқан. Өзеннен ары-беріне өтіп, малға жем тасып жүрген механизатор Әли «Белорусь» тракторымен су керней бастаған арнадан өтіп келе жатты. Қыстай өтіп жүрген жерден өтпей сәл қиыстау түсіп өте шықпақ еді, сол мезет өзеннің мұз табаны сөгіліп трактор доңғалағы бір орнында ызғып, зыр айналды. Сөйтсе, мұз ойылып кеткен екен. Мұз бетімен жайлап есіп жатқан қызыл судың екпіні сәт сайын күшейіп, молая түскен. Әли әрі ышқынып, бері ышқынып қызыл су кеулеген өзен табанынан шыға алмай, арттан келетін көмек күтіп тұрып қалды.
Ал, арнаны керген асау тасқын бірте-бірте кимелеп, су көтеріле берді. Енді қараса, манағыдай емес жөңкілген өзен сәт сайын күш алып, қауіп төндіре бастаған. Осы мезетте жағаға екінші «Белорусь» тракторы жетті.
Олар: «Әли трактордан түспе,түспе», – деп айғайлауда.
Бұл кезде тасыған су трактор капотының үстімен жүріп жатқан. Әли кабинада отыру мүмкін болмаған соң трактордың төбесіне шығып кетті. Айғай-шуды естіп, ауыл жақтан қараң-құраң ел де жиналып қалды. Біреулер арқан әкеліп, біреулер бөрене жеткізіп, Әлиді қалай да құтқарудың қамына кіріскен. Тасыған судың түрі әлем-тапырақ, қорқынышты. «Жазы-қысы ерсілі-қарсылы өтіп жүрген өзіміздің Тоқырауын өзені ғой, одан қорқатын не бар?» дегендей мұның бәрі Әлидің қаперіне келер емес. «Осыдан қорқамын ба?» деді ол. Сонан соң, іштей әлде бір күтпеген әрекетке бел буған ол, басындағы сырты былғарымен тысталған құлақшынын баса киіп, тамақ бауын мықтап байлады. Кеудесіндегі кішірек күртесінің де түймелерін қайта түймелеген ол трактордың кабинасының үстіне тікесінен тік тұрды. Әскерден тағып келген доғабасында бес жұлдызы бар қайыс белдігі болушы еді соны беліне мықтап тартып алған ол жағада ерсілі-қарсылы, абыр-сабыр болғандарға қолын бұлғады.
Жағадағылар бұның не істегелі тұрғанын түсіне алмай қарап қалған. Көптің ішінде Әлидің ағасы Сәбітайбек те, жездесі Жекен де бар еді.
Осы кезде ағасы Сәбітайбек:
— Әли! Әли! Орныңнан қозғалма! Қазір сені құтқарамыз, – деп өңешін жырта айғайлады. Сөгілген мұз кесектері араласқан тасқын су дүркіреп оның сөзін алақашып, жеткізер емес. Түйдек-түйдек күркіреген айғыр жал асау толқындар нөпір күшпен трактордың доңғалағын ұрып, кейде сақ-сақ күліп, бірде лоқ-лоқ желіп, күш алып бара жатты. Тасқынның осы бір қатыгез қияпатына түйіле қараған Әли, кенет долы ағысқа қарсы бірақ сүңгіді. Тасқынды қақ жарып, қарсы жүзетін мұз жарғыш дерсің. Жағадағы ел бірден ішін тартып тына қалды. «Жолбарыс айға шауып мерт болыптының» кері.
– Алла! Алла! – деді біреулер.
– Аруақ жар болсын! – деп кимелеген ел Әлидің тілеуін тілеп улап-шулап, үрпиді де қалды. Тек, Тоқырауын ғана тарпаң мінез танытып, дүбірлеп, дүркіреп кете барды.
Ағасы Сәбітайбек, «Әли, Әли» деп жандауысы шыға айғайлады. Анталаған жұрт қолдарындағы арқандарын ұстап жағаға жүгірісті. Бір жерден төбесі көрінсе, арқан лақтырып тартып алмақ. Жан ұшырған ел өзенді жиектеп жөңкілді. Қай жерден төбесі қылт етер екен деген далбасмен өкпелері өшіп, сарқыраған өзеннің бойын сағалап, ерсілі-қарсылы көп жүрді. Жоқ. Әлидің жалпақ белдікті беліне байлап жатқаны ғана елдің көз алдында қалды.
Жарықтық өзі де лапылдап тұрушы еді. Асау өзеннің алапат тасқынын көзге ілместен жолбарысша оған бірақ ырғыды. Су деген дүлей тілсіз жау ғой. Сорлы жігіт майып болып кетті. Асау өзеннің ырғын тасқыны да сабасына түсті. Көктем кетіп, жаздың да ыстығы қайтты. Суға кеткен Әлидің сүйегі табылмады. Судан шығарып алған көк трактор гаражда қаңтарылғалы қашан? Тек Әли ғана жоқ…
Әлидің өлімін естігенде Айтолқын сұп-сұр болып, көзінен жас шықпай отырып қалды. Мұны көрген үлкендер «жыла, қарағым, жыла, жыламасаң өзіңе жаман болады, ауырып қаласың» деп басу айтып жатты. Сонда ғана ол өзінің бақытсыз ғұмырын ойлап, бейшара Әлиге әйел болғалы бірде-бір рет оған шын көңілін бере алмағанын есіне алып, сорлы жігітті аяғандай болды. Бәлкім, ол бұны шын жақсы көрген болар, бірақ Айтолқын оған сенген емес, сене де алмады. Сенгісі де жоқ. Бірақ имандай шыны өлім тілемеген-ді. «Сенің алдыңда менің кінәм жоқ» деп егіліп жылағаны сол-ды.
***
Суға кеткен адамның мәйітін әуелгіде ауыл болып іздеді. Бақсы балгерлердің де болжамы аз болмады. Бәрінің айтары «табылады, осы маңда» деген сөз. Содан Алматы жағында болу керек, бір көріп кел әулие бар екен, айтқаны айна-қатесіз келеді деген соң тамыз айының басында Сәбітайбек сонда атанды.
Іздеп келген көріпкелі егде жастағы көзі бадырайған ақсұр қазақ әйелі екен. Амандасып болған соң, Сәбітайбекті ауладағы кісі қабылдайтын бөлмесіне кіргізіп:
– Жайғаса бер, қарағым, қазір келемін, – деді. Айтқандай, сәлден соң бөлмеге өзі кірді. Бөлменің бір бұрышында үстіне тықыр кілем жапқан жатаған орындығы бар екен, соған жайғасқан ол:
– Тыңдап отырмын, – деп таспиғын тартып, көзін жұмған қалпы қимылсыз қалған. Сәбітайбек жағдайды баяндап, інісінің тіріде жоқ екенін, мәйтін таба алмай жүргенін айтты.
– Суреті бар ма? – деді көзін ашқан балгер әйел. Сәбітайбек ішкі қалтасынан баурының суретін алып әйелдің алдына қойды.
Балгер әйел суретке алақанын қойып, бірқауым отырды. Сәлден соң:
– Суға сүңгіген бетте басын бір қатты нәрсеге соққан, бірақ сүйегі сау, ажал ғой қарағым. Осыны айтқан кейуана бірқауым үнсіз отырып: «Көз жасына тұншыққан десе болады, қиянаты да көп екен» деді. Мұнысын түсіне алмаған Сәбітайбек көз алдында суға кеткенін айта бастады:
– Аллаһ разы болсын, – деді балгер оның сөзін бөліп, – жағада жүгірген адамдарды көріп тұрмын. Сіз айғайлап тұрсыз, Әли, дедіңіз ғой. Әли баланың аты ма?
– Иә, туған інім, есімі Әли болатын.
– Мәйітін табасың, сол жерден жүз қадам төмен түссеңіз он екі күннен соң бауырыңыздың көйлегінің етегі құм астынан көрініп жатады, – деп суретті кері қайтарып берді.
– Апай, әлгі бір сөзіңізді түсінбедім, «көз жасына»дегеніңіз не жағдай?
– Оны түсінуіңе менің көмегім керек емес. Жолыңыз болсын, – деп көріпкел әйел әңгімені әрі қарай созбады.
Дүниеде бір тылсым күштің бары рас-ау. Әлгі әйелдің айтқаны айна-қатесіз келді. Сәбітайбек көріпкел әйелге барып келгеннен соң інісі суға кеткен жерден төмен қарай жүз-жүз елу қадамға дейінгі аралықты күнде шарлады. Қуыс-қуыс, қалтарыстың бірін де қалдырмады. Бірақ көзге ілігер еш белгі жоқ. Бұл кезде өзен табаны тартылған. Тасқынның астында қалған ағаштардың ырсиған тамырлары, сонадайдан көзге ұрады. Су жайылған жағадан өзен табанына дейінгі апайтөс құмдауыт өзек еш белгісіз бедірейеді.
Айтқанындай, тура он екінші тәулікте қасына екі үш адам ертіп күндегі ізімен тағы да өтіп келе жатып, қиыршық құмның астынан әлде бір шүберектің шеті болар-болмас қылтиып, бұлт-бұлт еткенін байқап қалды. Сол күні күн желтең еді. Құм астынан үлпілдеп көрінген күдікті заттқа бұлар үрпиіп, үрейлене қарасты.
– Аруақ өзің жар бола гөр! – деді Сәбітайбек даусы жарықшақтана шықты. Бұл шынында да Әли марқұмның белгісі еді.
***
Балқаш бағытына қатынайтын шағын автобус тас жолмен заулап келеді. Әли қайтқаннан кейін бір жылдан соң ата-енесінің ұлықсатын алған Айтолқын да осы көліктің ішінде кетіп бара жатты. Өңі сынық, көңілі пәс. Дала келбеті де бұлыңғыр. Тек Тоқырауын өзені ғана бірде ілгері озса, енді бірде қапталдаса жарысып кәрі көлге ол да асығулы секілді.
Айтолқын болса тас жолға телміре қарап ұйқылы ояу ой құшағына батқан. Жас ғұмырының опынған күндерін артқа тастап келе ме, әлде беймәлім өмір айдынының тағы бір тұңғиығына шым батып кете ме, ол жағы Айтолқынға белгісіз.
Аттанар алдында ол Әлидің бейтінің басына барып, «Маған жасаған азарыңды кештім, жаның жай болсын»деп іштей күбірлеп тізесін бүкті. Жылаған жоқ, тек онымен өткен күндердегі, жанкешті тірлігі ойына оралған сайын, өзін аяды. Сол ақ екен, жаны күйзеліп, жүйке жүйесі босап сала берген, парлап аққан көз жасын да елер емес. Мұны көрген былайғы жұрт: «Ей сорлы қайтсін, жастай жесір қалу оңай ма?!» деп өздерінше тон пішсе, енді біреулері: «Етегіңнен тартқан бала жоқ, бағы жансын, байғұстың!» деп тілеулес болуда.
…Жүйткіген жүрдек көлік шулы да, нулы Балқаш қаласына қарай заулап келеді. Сәт сайын шаһарға жақындай түсуде. Арқаның саурында жатқан айлапат қала, әсем Балқаш, талайдың тағдыры тоғысқан бақ пен қыдырдың бесігі болған қасиетті қала, «Маған да мейіріңді төкші!» деген сөз Айтолқынның да көкірегін тербеп, көзінен мөлт-мөлт жас болып үзілуде.
Балқаш қаласы
Жанболат БАШАР, жазушы