Қарағанды облысының Қоғамдық кеңесі аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелерді талқылауда белсенді қызмет етіп келеді. облыс орталығындағы жиналыстардан бөлек, өңірдегі қала-аудандарға шығып, көшпелі отырыс өткізу дәстүрге айналдырған.
Мәселен, сондай жиналыстардың бірі Балқаш қаласында өтіт. Балқаштың облыстағы негізгі туристік аймақтардың бірі ретінде таңдалғаны белгілі. Қазір қалада жағажай туризмін дамыту бойынша көшелі істер қолға алынған. Былтыр қалада туристер үшін 219 орындық жеті жаңа демалыс аймағының құрылыс қолға алынды. қазір қалалық жағажайдың жағалау аймағын қайта жаңарту жұмысы жүріп жатыр. Сондай-ақ туристік әлеуетті дамыту үшін 2023 жылы қала аумағына Ақтоғай ауданының екі ауылы – Шұбартүбек және Тораңғылық ауылдары қосылды. Бұл екі ауылдың жалпы ауданы 9 мың гектарға жуықтайды. Туристік инфрақұрылым құру үшін ауылдарда су құбыры желілері құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді. Аталған жұмыстар республикалық бюджет қаржысына салынбақ.
– Жаз маусымында 20 қонақүй және 54 демалыс аймағы жұмыс істейді. Жағалауды ұтымды пайдалану үшін жер учаскелеріне түгендеу жүргізілді. 120 гектар бос жер анықталды. Сонымен қатар туристер тарапынан қызығушылықты көбейтіп, аймақтың танымалдылығын арттыру үшін түрлі шаралар басталып жатыр. мәселен, бүгінде «БалқашTourfest» фестивалі дәстүрге айналды, – дейді Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаев.
Сумен және жылумен жабдықтау желілерін жаңғырту – Балқаштағы тағы бір басым бағыт. Бүгінде қаланың кейбір учаскелерінде коммуналдық желілердің 75-80 пайызы тозған. Бұл мәселені шешу үшін 124 шақырым су құбырларын ауыстыру қажет.
Туристер тек көлге келіп, суға түсіп кете салмай, Балқаш қаласына да ат басын бұратыны сөзсіз. Бұл тұрғыдан келгенде қаладағы тазалыққа баса назар аударылды. Аталған мәселелерді қоғамдық кеңес мүшелері де назардан тыс қалдырған жоқ. Себебі, «Келгенше қонақ қысылады, Келгеннен кейін үй иесі қысылады» дегендей келген меймандардың алдында ұятқа қалмау – баршамыздың ортақ абыройымыз” дейді кеңес өкілдері. Отырыста қала тұрғындары сөз алды. Олар қалада қалыптасқан түйткілдерді ортаға салып, шешімін табуға қолдау көрсетуді сұрады.
Көшпелі отырыстар өңірдегі басқа қалалар мен аудандарда жалғасты. Мәселен, Саран қаласындағы қоғамдық кеңес отырыста кеңестің қалада арнайы отыратын ғимараты жоқтығы көтерілді. Ал Қарқаралы ауданындағы кездесуде тұрғындар ауыз су, жол мәселелерін қозғады.
Қазір Қарқаралы ауданында жол сапасын жақсарту бойынша жұмыс жүріп жатыр. Аудандағы маңызды жобалардың бірі – Қарағанды – Аягөз – Бұғаз автожолын, Қарқаралы ауданынан Бұқар жырау ауданына дейінгі учаскені асфальттау еді. Бұл жолдар сапасы көптеген жылдар бойы автокөлік жүргізушілері тарапынан талай мәрте сынға ұшыраған еді. Тіпті кейбір жолдар көктем сайынғы су тасқыны кезінде су астындағы қалып, әбден бұзылған. Былтыр бұл жолдарға суық ресайклинг әдісімен жаңа асфальтбетон жабынын төсеу қолға алынды. Және төрт су өткізгіш құбырды ауыстыру жүргізілді.
Ауыл ішіндегі жолдар да назарда. Қарқаралыдағы Әубәкіров көшесі қайта жаңартылды. Мұндай жұмыс бұрын-соңды жасалған емес. Тек шұңқырды жамап-жасқап, орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жол бойына нөсер ағарлар салынып, тротуарлар төселеді. Жоба былтырдан биылға ауысты.
– «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша Жарлы, Тегісшілдік, Аппаз ауылдарындағы жолдарды жөндеу жоспарланды. Ақжол – Қоянды учаскесіндегі жұмыстар аяқталды. Қарқаралы – Талды аудандық маңызы бар жолға да күрделі жөндеу жүргізіледі, – дейді аудан әкімі Әділжан Арғынов.
Бүгінде Үлкен көл жанындағы 5,5 шақырым жол жөнделіп жатыр. Тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында «Жарлы – Қарқаралы» топтық су құбырының құрылысы басталды. Былтыр алты ауылда жаңа су құбыры желілерінің құрылысын бастау жоспарланды. Бұдан бөлек, тоғыз ауылда блок-модульдік сорғы станцияларын жоспарланды. Бұл мәселелер қоғамдық кеңес отырысында жан-жақты талқыланып, тұрғындарға тиісті бақылау болатыны жеткізілді.
Су мәселесі Шет ауданында да өткір тұр. Қоғамдық кеңестің Шеттегі отырысында тұрғындар осы мәселені көтерді. Өз кезегінде жергілікті жұрттың арыз-шағымы, өтініш-тілегі кеңесте қарапы, қолдау тапты. Мәселе таяу уақытта шешілуге тиіс.
Жалпы, биылғы жылдың сәуір-қыркүйек айларында Қоғамдық кеңестің 4 отырысы және 5 көшпелі отырысы өткізілді. Онда 10 мәселе қаралды. Қаралған мәселелердің барлығы өзекті. Мәселен, кеңесте Ұлы Жеңістің 80 жылдығына дайындық және оны мерекелеу мәселесі жан-жақты пысықталды. Сонымен қатар кеңес отырысында 2024 жылғы облыс бюджетінің атқарылу нәтижелерін келісу, өңірдегі медициналық қызметтердің сапасы, оның ішінде ӘМСҚ мәселелері, ауылдық аудандардағы денсаулық сақтау саласының жағдайы, биылғы жылға арналған денсаулық сақтау нысандарының құрылысы және дәрілік заттарды сатып алу саласындағы жұмыстың орындалуы сынды мәселелер талқыланды. Сонымен қатар басқармалардың есептері тұрақты тыңдалып отырады. Мәселен, осыған дейін қаржы, денсаулық сақтау, мәдениет, мұрағаттар және құжаттама, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт, кәсіпкерлік және өнеркәсіп, туризм, экономика және бюджеттік жопарлау, мемлекеттік сәулет-құрылысты бақылау, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу, жер қатынастары, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармалары, көлік прокуратурасы мен қалалар-аудандар әкімдері есеп берді.
Жалпы, бұл тақырыптарды жан-жақты қарап, кем-кетігін анықтау үшін біліктілік керегі белгілі. Сондықтан кеңес құрамына өз саласының мықты мамандары тартылған. Қазір кеңесте 36 азамат мүшелікке тартылған.
– Қоғамдық кеңес құрамында 5 комиссия бар. Олар – өнеркәсіп, шағын және орта бизнес, ауыл шаруашылығы және жер мәселелері, экономика және бюджет мәселелері, құрылыс, көлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және экология мәселелері, әлеуметтік сала, халықты әлеуметтік қорғау және қоғаммен байланыс мәселелері, заңдылық, адам құқықтары және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссиялар. Бұлардың барлығына өз саласын барынша меңгерген азаматтар жетекшілік етеді, – дейді кеңес төрағасы, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Қарағанды облыстық филиалының директоры Серікжан Байбосынов.
Қоғамдық кеңес алдағы уақытта да келелі тақырыптарды, түйткілді мәселелерді қарауды жалғастыра бермек. Кеңестің көздегені – бұқараның базынасын ескеріп, олардың мәселелері дер кезінде шешімін табыуына жәрдемдесу екені анық.
Манас АҚСАРЫ