Әке өнегесі – ұрпаққа аманат

                                                                    Екі үйдің ұрпағының ақылшысы болған,

                                                                                        ардақты әкеміз Асанға арналады

 

Өз заманында өмірдің қиыншылығын кешіп, ашаршылық дәмін татып, зұлым соғыстың зардабын шеккен бабаларымыз аз болған жоқ. Сол қиыншылықтарға қарамастан,  ештеңеге  мойымай өскелең ұрпаққа ұлағатты тәлімтәрбие беріп, оң жолын сілтеп, үлгіөнегесін көрсетіп, үлкен із қалдырған әкелеріміз жеткілікті.

Менің әңгімемнің өзегі ІІ Дүниежүзілік Ұлы Отан соғысына қатысушы, бейбітшілік уақытында бар өмірін білім саласына, өскелең ұрпаққа білім беруге арнаған Бекқожин Асан Мәлкенұлы туралы болмақ. Бұл кісі менің әкем, дәлірек айтқанда әкемнің жалғыз ағасы.

Асан Мәлкенұлы (азан шақырып қойған есімі Әбіл-Асан) 1918 жылдың наурыз айында Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, қазіргі Ақтау ауыл округінің Бестамақ деген елдімекенінде дүниеге келген. Сол жердегі Арқа өңірінің ең алғашқы мектебінде бастапқы білімін алып шығады.

Ел арасында түрлі деңгейдегі дау-дамайды шешуге атсалысып, билігімен көзге түсіп жүрген Бекқожа әкелері 1929 жылы қайтыс болады. Ағайын-туыс, жекжаттары жан-жақтан: «Бидің отбасысыңдар, Кеңес үкіметі күшейіп келеді, ертең сендерге күн көрсетпейді, басқа жаққа кетіңдер» деп әжемізге, ағайындарға ақыл-кеңесін айтып, ауылдан қашып шығуға қол ұшын береді. Кезінде есімін сұрамаппын, әкелеріміздің жақын ағайынының бірі ортаның малынан ат-арбасымен айғыр ұрлап беріп, түн ішінде ауылдан қашырып жіберген екен.  Содан үлкен әкеміз Бекқожаның бауыры Ілияс, үлкен шешеміз, яғни әжеміз Күлшім, әкеміз Асан, оның інісі, менің әкем Қазкен (шын есімі Әбіл-Ғазым) Ақтау өңірінен солтүстік жаққа бет алып, Ақмола қаласының маңындағы Қызылжар ауылына барып ат басын тірейді. Ол жерде әжеміздің Аманжан деген туған бауыры тұрған. Сол кеткеннен әрі қарай Макинка елдімекенінде, Көкшетау маңайында бірер жыл тұрып, Солтүстік Қазақстан облысының Совет, Ленин (қазіргі кезде Аққайың, Есіл деп аталады) аудандарына қоныс тебеді.

Асан әкеміз Көкшетау қаласының мұғалімдер семинариясын үздік бағамен бітіреді. Озат студент ретінде оған Ленинград қаласының жоғарғы оқу орнында білімін жалғастыруға жолдама беріледі. Алайда анасын және жалғыз бауырын тастап кетуге қимай ол жаққа бармай қалады. Екі ағайынды да Аралағаш ауылының мектебінде ағасы математикадан, ал інісі дене шынықтыру пәнінен сабақ береді.

1939 жылы Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскер қатарына алынады. Ал 1941 жылы ІІ Дүниежүзілік Ұлы Отан соғысы басталысымен, алғашқылардың бірі болып Асан әкем (кішкентайымыздан Ата деп кеткенбіз) қан майданның шебінен табылады. Інісі Қазкен керісінше Кеңес Одағы мен Қытай елінің шекарасына, Қырғызстан Республикасының Ош облысына  борышын өтеуге жіберіледі. Шекарамызды күзететін атты кавалерияның қатарында 1942 жылдан 1949 жылға дейін болады.

Жасынан зерек, білімі ұшқыр Асан әкеміз ІІ-Белорус майданының дивизия штабында рота командирінің саяси-тәрбие жөніндегі орынбасары болады. Сан-қилы шайқастарға қатысып майданда шыңдалады. Соғыста көрсеткен ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз», «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен наградталды.

1942 жылы ақпан айында Могилев қаласының түбіндегі шайқаста ауыр жарақат алады. Әскери госпитальда ем алып жатқан кезінде неміс басқыншылары қоршауға алып, сол жердегінің барлығы фашистердің тұтқынына алынған. Ащы тағдырдың жазуымен әкеміз көппен бірге Германияға айдалып, концлагерьге қамалады. Концлагерьдің жақсысы бола ма, ол жерде біраз зардап шегеді. Қайнаған азаптың ішінде жүрсе де астыртын комсомол ячейкасын басқарып, сырт жақпен байланыс жасайды. Тек 1945 жылы Кеңестер Одағының Армиясы оларды тұтқыннан азат етеді.

Соғыстан аман-есен оралған соң әкеміз бұрынғы ұстаздық қызметіне кіріседі. Бас кезінде «концлагерьде болды» деп құқық орындары қайта-қайта шақырып тергеудің астына алады екен. Әбүйір болғанда, майданға қатысқан әскери полкының құжаттары табылады. Оның шынында да немістердің қоршауында қалғаны жөнінде растайтын айқын дәйектері шығады. Сонымен Асан атамыз қудалаудан біржолата құтылады. Ол кісінің аузынан естігенім, концлагерьлерде болған көп адамдар әскери штабтарының құжаттары немістердің бомбылауының астында қалып, өртеніп, жермен жексен болып кеткендіктен Кеңес үкіметінің жаңа жазасына бостан-босқа тартылған екен. Негізі атамыз ол жақта болғанын көп айта бермейтін.

Осы жерде Асан әкеміз жайлы басынан өткерген бір хикаяны айтып кетуді жөн көріп отырмын. 1939 жылы әскер қатарына аттанар алдында әкеміз Аралағаштың Торғын есімді қызына үйленеді. Екі жас қоштасқанда жұбайы аман-есен келемін деп, зайыбы күтемін деп уағдаласады. Екеуі үш жыл бойы сағынышты хаттарымен алмасып тұрады. Алайда, төртінші жылға аяқ басқанда әкемізден хат-хабар сап тиылады. Өйткені, ол кезде әкемізді немістер тұтқынға алып, концлагерьге қамаған. Көп ұзамай ауылда қалған зайыбына немістермен болған қиян-кескі шайқаста әкеміздің дивизиясы толығымен жермен жексен болды деген хабар да жіберіледі. Ол туралы біз бертінде КСРО архивтерінен «дивизия жауынгерлері толығымен қаза тапты» деген жазбаны көріп, оқыдық.

Майдангер әкеміз 1946 жылы аман-есен елге қайтқанда Смирново станциясынан поездан түседі. Түн ішінде кәшауға (ол кезде ат-шананы солай атаған) мініп, Аралағаш ауылының шетіне түсіп қалады. Үйіне дейін жаяу келеді. Үйге тақала бергенде оған қарсы құйрығын қуана бұлғаңдатып өзінің иті шығады. Сонда сонша жыл өтіп кетсе де, қожайынын танып, екі қолын әкеміздің иығына қыңсылай асқан екен. Қазағымыз «Ит – жеті қазынаның бірі» деп бекер айтпаған ғой! Олардың адамға деген достығына, адалдығына ешкім шүбә келтіре алмас.

Есікті Торғынның өзі ашып, майданнан оралған күйеуін көрген бетте шалқасынан түседі. Төрт жыл бойы одан ешбір хабар ала алмайды. Сонда да әкемізді өлдіге қимай, үмітін үзбей күтеді. Жеңіс жылы да өтеді, әкеміз соғыстан қайтпайды. Содан майданнан келгеннен сәл ғана бұрын соғыстан қайтқан майдангерге тұрмысқа шығып кетеді. Екеуін бірге тұрып жатқанын көрген Асан әкеміз:

– Екеуіңнің қосылғандарыңа сендер кінәлі емессіңдер. Оған кінәлі мына зұлмат соғыс. Сол себептен сендерді кешіремін. Тағдырдың жазуы солай шығар, махаббаттарың берік, бақытты болыңдар! – деп батасын беріп, үйден шығып кеткен екен.

Сонымен майданнан қайтқан әкеміз Солтүстік Қазақстан облысы, Совет ауданының аудан орталығы Смирновода, кейін Арал-Ағаш селосының мектептерінде математикадан сабақ беріп, еңбектен қол үзбей жоғары білім алады. 1953 жылы Коммунистік партия қатарына өтеді. Мектепте мамандығынан тыс қоғамдық жұмыстарға белсене араласып көпшіліктің көзіне де түседі. Басында директордың тәрбие жөніндегі, кейіннен оқу ісі жөнідегі орынбасары қызметтерін атқарады.

Ағайындылар есін жинаған соң енді елге қайтудың қамын, жолдарын ойластыра бастайды. Бірінші болып 1955 жылы менің әкем Қазкен Жаңаарқаның басына көшіп келеді. Келген бетте аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің төрағасы болып тағайындалады.

Бірер жылдан кейін Асан атамыз да елге оралады. Жаңаарқа аудандық білім беру бөлімінің жолдамасымен Көктіңкөлі сегізжылдық мектебіне математика пәнінен мұғалім болып жіберіледі. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дегендей, жай ұстаздықтан бастаған әкеміз өзін жан-жақты көрсете бастайды. Сабақтан тыс уақытында оқушылар арасында радио, фото үйірмелер ашады, оларға бар өнерін үйретеді. Мектептегі әріптестері, оқушылары арасында бедел жинайды.

Ақадыр кентінде әкеміздің Шерәлиев Алдияр деген шәкірті тұрады. Жастайынан радио, теледидар, тоңазытқыш, тағы басқа тұрмыстық техниканы жөндеуде алдына жан салмайтын шебер. Қазіргі уақытта заманға сай компьютерлік техниканы жөндеуді де өте жақсы меңгерген. «Осы жетістіктерім ұстазым Асан Мәлкенұлының үйірмесіне қатысқанымның пайдасы» деп жиі айтып жүреді.

Жалпы атамыздан білім алған біршама шәкірттері үлкен биіктерден көріне білді. Шоқаманов Юрий Қазақстан Республикасының Статистика жөніндегі Агенствоның төрағасының бірінші орынбасары болса, Медеубаев Сағынтай Ақадыр аудандық ішкі істер бөлімінде, Қарағанды облыстық департаментінде, Ішкі істер Министрлігінде жауапты қызметтерде болды. Қилыбаев Мертай Башкенұлы теміржол саласында, атап айтқанда Ақадыр жол дистанциясы бастығы, Қарағанды магистралды желілері мекемесінің басшысы қызметтерін атқарды. Әкемізден сабақ алмаса да Ақадыр аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Колбасин Иван Андреевич оны өзінің ұстазы ретінде санайтынын өз аузынан талай естігенмін.

Ақадыр кентінде милиция саласының ардагері Махмұтов Имлис (марқұм болған) тұрды. Ол кісінің Солтүстік Қазақстан облысынан екенін біліп жүргенмін. Бірде кездескенімізде ол: «Сенің Петропавл жақта туысқандарың бар ма?» – деп сұрады.  «Әкелерім сол жақта тұрған» деп айтып едім: «Ой, Асан, Қазкен деген кісілер маған мектепте сабақ берген» демесі бар ма! Сөйтсем әкелеріміз, біреуі математикадан, екіншісі денешынықтырудан ол кісіге солтүстікте жүргенде сабақ берген екен.

– Ол кісілерге қалай жолықсам? – деп айтып қалғаны бартын. Мен сол кісілерді табыстырамын деп жүргенде Имекең төсек тартып жатып қалды. Көп ұзамай дүниеден озды.

Имлис Махмұтұлы Ақшатау кенттік полиция бөлімшесінің, аудандық паспорт бөлімінің, Ақадыр аудандық ішкі істер бөліміне қарасты тергеу бөлімінің басшысы, аудандық ішкі істер бөлімнің бастығының орынбасары қызметтерін атқарды. Ақадыр өңірінде екінің бірі жете алмайтын «ҚСРО-ның Үздік тергеушісі» төсбелгісімен марапатталған құқық қорғау саласының білікті жалғыз маманы болған.

Асан әкеміз қызмет атқарған, басшылық жасаған ұжымдарда қол астында еңбек еткен әріптестерінің оны ұстаз, тәлімгер ретінде санайтындары баршылық. Олар ұстаздығымен, жазушылығымен аты шыққан Ильясов Төлеухан (марқұм болды), еліміздің спортына, оның ішінде қазақ күресіне еңбегі сіңген, жазушылық, ақындық өнері бар марқұм Асқартегі Тайтөлеу, атақты механизатор, «Құрмет белгісі» орденінің иегері Поник Иван Ильич. Тізе берсем, әрі қарай жалғасын таба береді.

Қажырлы еңбегінің, үлкен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында әкеміз Көктіңкөлі орта мектебі директорының оқу ісіндегі орынбасары, кейіннен сол мектептің директоры лауазымына ұсынылды. Арасында Жаңаарқа аудандық партия комитетінің жолдамасымен Бидайық орта мектебінің директоры, сонсоң Көктіңкөлі орта мектебінің басшылығына қайтадан қайтып келіп, зейнеткерлікке шыққанға дейін қызмет атқарды. Әкеміздің еңбегі үкіметтің назарынан тыс қалмады. Қазақ ССР-і Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, «Кеңес Одағының Білім саласының үздігі», «Қазақ ССР-ің Үздік ағартушысы» төсбелгілерімен, бірнеше облыс, аудан басшыларының Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Асан Мәлкенұлы қайда болмасын тұрған жерінде ауылдастарының, кеңшар басшыларының зор беделіне ие болған аса сыйлы адамы, үйінен қонақ шықпайтын, би түсетін киелі, өнегелі шаңырақтың иесі болды.

Әкеміздің тағы бір үлкен қасиеті – оның бауырмалдығы, туған-туысқа деген жанашырлығы. Әрбір демалыс, мереке күндері үйде отырмайтын. Туысқанның басым бөлігі Жаңаарқада болғандықтан отбасын көлікке мінгізіп, сол жаққа тартып кететін. Өзінен үлкен-кіші ағайындары, бізге әке болып келетін Мұхамеджан, Мағзұм, Үкібас, Қаратай, Дүкенбай, Өксікбай, Өсербай, Өскенбай, Қадыр, Мұхамедқали, тағы басқа туысқандар өз үйлерінде құшақ жая қарсы алушы еді. Мал сойылып, қымыз, шай ішіліп, қарта ойналып әкелеріміз, жеңгелеріміз шат-шадыман думанға бөленетін. Келесі кезекте Көктіңкөлі ауылында думанды кеш жалғасын тауып жатушы еді. Осы ұйымшылдық ағайын-туыс арасында қиын сәттерде бір-біріне қол ұшын беруге, демеп жіберуге үлкен септігін тигізгені анық.

Арасында бала болсақ та, біз де жүретінбіз. Туған-туысымызбен етене араласып, оң-солымызды айыратын тәрбие алып шықтық десем артық айтқандығым емес. Асан атамыз ашық мінезді, кімді болсын аузына қарататын, қай тақырыпта болсын әңгімені өрбітетін абыз адам болды. Шежірені, еліміздің тарихын шерткенде алдына жан салмайтын. «Мұғалімнің білмейтіні жоқ» деген осыдан шыққан болар!

Әкеміздің Сары-Ағаш санаторийінде атақты қолбасшы Бауыржан Момышұлымен бірге түскен суреті бар.

– Елдің барлығы Баукеңді қатал, жанына адам жолатпайды дегені шындыққа жанаспайды. Мен ол кісімен бірге демалдым, қарапайым, кеңпейіл жақсы адам, – деп отыратын. Сонда әкеміз ол кісімен де жақсы тіл табыса алғанға ұқсайды.

Менің әкем Қазкен ағасын «Әтәй» деп, оған қарсы шығып, алдына көлденең келіп көрген емес. Ағасын қатты сыйлап, оны пір санайтын. Әкемізге бір сұрақпен барсақ:

– Әтәйім біледі, содан сұраңдар! – деп ағасына сілтеп жіберетін.

Мен ол кісінің жанында көп жүрдім, қолым қалт етсе әңгімесін, ақыл-кеңесін, әсіресе ру-еліміздің тарихын, шежіресін жақсы тыңдайтынмын. Екі үйдің балаларының, немерелерінің ақылшысы, қамқоршысы сол Асан әкеміз болды. Содан болар, бүгінгі күні менен кейінгі тете інім Өмірзақ қажы дін саласында жемісті еңбек етіп, Қарағанды облысының бас имамы қызметін атқарды, Юржан бауырым Жаңаарқа ауданының әкімі болып қызмет етіп, қазіргі уақытта аудандық мәслихаттың төрағасы. Мен де елден қалыспай ұзақ жылдар бойы мемлекеттің жауапты қызметтерінен кенде болған емеспін. «Әке өнегесі – ұрпаққа аманат» дегендей біздің осы жетістіктеріміз сол әкеміздің берген тәлім-тәрбиесі, жеке басының үлгі-өнегесі деп санаймын.

Міне, Ұлы Отан соғысының ардагері, білікті, әрі ұлағатты ұстаз, өзінің өскелең ұрпағына ғана емес, барша елге өнеге болған әкеміз Бекқожин Асан Мәлкенұлының өнегелі өмірбаяны осындай!

Қалижан БЕКҚОЖА,

Қазақстан Республикасы Журналистер

одағының мүшесі, Шет ауданының

Құрметті ардагері

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *