Өткен аптаның соңында Ақадыр кентінің Мәдениет үйінде елді мекен тұрғындары үшін көптен күткен қуанышты оқиға болды. Ол «Sary Arka Cinema» кинотеатрының салтанатты ашылуы еді.
Айтып өтуіміз керек, мұндай кинотеатрдың ауылды жерде ашылып отырғанының алғашқы қарлығашы. Олар тек облысымыздың ірі қалаларында ғана қызметін көрсетуде. Тіпті бірде-бір аудандардың орталықтарында да ашылмаған.
Кенттегі кинотеатрдың ашылуы Ш.Бейсекқызы атындағы мәдени-сауық орталығының директоры Н.Т.Бесимовтың бастамасымен облыстық «Sary Arka Cinema» кинотеатрының басшысы З.Е.Ержанованың, Шет ауданының әкімі М.С.Мұқтаровтың, Ақадыр кентінің әкімі М.Ж.Қойшыбаевтың қолдауымен іске асқанын атап өтуіміз керек.
Енді кент тұрғындары, әсіресе жастар қауымы, балалар қалаға бармай-ақ өз ауылында әлемнің киноиндустриясына бір табан жақын болады. Шет елдерде және отанымызда шыққан жаңа туындыларды бүкіл әлеммен бірге сапалы түрде көруге мүмкіндік алатыны сөзсіз.
Қызықты шараның алдында облыстық кинотеатрдың командасының сапында келген диджей музыкалық әуендерді ойнатып отырды. Сонымен бірге аулаға жиналған жастар мен балаларға аниматорлар кино әлеміндегі танымал кейіпкерлер Стич, Суперқаһармандар, тағы басқалардың киімін киіп ойындар, сұрақ-жауап викториналарын, би байқауларын ұйымдастырды. Ойындардың жеңімпаздарына арнайы сыйлықтар табысталды. Аниматорлар тарапынан флешмоб көрсетілді. Осы әдемі шараны қаладан келген жүргізуші аса шеберлікпен ұйымдастыра білді.
Кинотеатрдың ашылу салтанатында Шет ауданы әкімінің орынбасары Д.Қ.Кәрсембаев, жергілікті қоғамдастықтың төрағасы Н.А.Сейітов, «Sary Arka Cinema» кинотеатрының директоры Ержанова З.Е. жиналған қауымға құттықтау сөздерін арнады.
Лента қию рәсімі ұйымдастырылып, шашу шашылған соң жүргізуші шараға қатысушыларды Мәдениет үйіне кіргізіп, таныстыру шараларын өткізді. Кент тұрғындары кіреберіс фойедегі небір тәттілерін ұсынған кафенің қызметін көріп, көрсеткен ілтипаттарына тәнті болды.
Мәдени-сауық орталығына қойылған жабдықтардың жалпы бағасы 43 миллион теңгеден асып жығылады екен. Бұл жерде қаражатты «Sary Arka Cinema» кинотеатры жұмсаған.
Ең бастысы кинотеатрдың қызметін атқаруға жаңадан 5 жұмыс орны ашылғанын атап өткен жөн. Жұмысқа қабылданғанның дені аудандық еңбек биржасы арқылы қабылданып отыр.
Кеш соңынан кент қауымына қазақ тіліне сурдоаудармасымен «Чумовая пятница», «Рыжая Соня», «Орудия» фильмдері көрсетілді. Келешекте ана тілімізде отандық кинолар көрсетілмек.
Есігін айқара ашқан кинотеатр өзінің жұмысын әрбір жұма-сенбі күндері жүргізетін болады. «Іңгәлап дүниеге келген» нысанымыздың ғұмыры ұзақ болу үшін отбасыңызбен, достарыңызбен, сүйікті адамдарыңызбен тағылымды, әсерлі әрі қызыққа толы кештерді бірге өткізулеріңізге шақырамыз.
Ақадырлықтар үшін осындай әдемі мүмкіншіліктерді сыйлаған «Sary Arka Cinema» кинотеатрының директоры Ержанова Зарина Ерланқызы ханымға және оның командасына алғысымыз шексіз. Қуанышты күндеріміз көп болсын!
Қалижан БЕКҚОЖА,
Ақадыр кенті.